Тiл мамандары мен дiн өкiлдерiнiң назарына
Қазiргi тiлге байланысты мәселелерге орай менiң де айтар уәжiм бар едi. Алдымен сөздердiң айтылуы мен жазылуынан бастайын. Мысалы: туу, туылу, туған, туылған деген сөздердiң мән-мағынасында аспан мен жердей айырмашылық бар. Соған мән берiп жүрмiз бе? Жаңа туылған балаға туылғандығы туралы берiлетiн куәлiктiң сызық (графа) жолындағы «туған айы, жылы» деген жерге көз салсақ, «туған жылы 2018» делiнген делiк. Осы жерде «туған» сөзi дұрыс қолданған ба? Менiңше, дұрыс емес. Оның орнына «туылған» деп қолдану (жазу) дұрыс болар едi. Бұл сөз туылған балаға ғана тиiстi. Яғни, бұл жерде анасының туған немесе туылған уақытын емес, баланың өмiрге қашан келгендiгiн, яғни, туылғандығын бiлдiредi емес пе?
Сондай-ақ, «Нұротан», «Нұрастана» сөздерi «Нұр Отан», «Нұр Астана» боп бөлек жазылып жүр. Бұл ереже-қағиданы дұрыс деп санасақ, онда президентiмiздiң аты да Нұр Сұлтан делiнiп бөлек жазылу керек сияқты. «Елбасына» сөзi «елбасыға», «қазiр» сөзi «кәзiр», «жаңағы» сөзi «жаңагi» деп айтылып та, жазылып та жүр. Қос сөздерде: жекпе-жек, қарама-қарсы, тап-таза, ап-анық, т.б. осындай сөздер де сызықшасыз (дефиссiз) жазылуда. Сызықша демекшi, қолжазбаларда сөздi буын арқылы тасымалдауда да кемшiлiктер кездесiп жатады. Әрбiр адам, мұғалiм, ұстаздар да осыған мән берсе екен. Тасымал (перенос) қысқалау сызық арқылы тасымалданатыны белгiлi. Бiрақ, соны кейде тасымал белгiсi – сызық па, әлде сызықша ма(-), соны ажырату (мектеп оқушылары үшiн) қиындыққа соғып жатады. Баспада, кiтаптарда ол белгiлi. Сондықтан, қолжазбада сызықты ұзындау бiр сызықпен, ал, сызықшаны қысқалау екi сызықшамен(=), яғни математикадағы теңдiк белгiсi сияқты берсе дұрыс болар едi. Бұл типографиялық, полиграфиялық ереже.
Сызық туралы тағы бiр жағдай: теледидардан «Астана это я» делiнген жазуды көрген боларсыз. Осындағы сызық керек пе? Менiңше, жоқ. Өйткенi сызық «это» сiлтеу есiмдiгiнiң алдына қойылмаса керек. Яғни, сызық «это» сөзiнiң орнына қолданылады емес пе?
Ендi аударма сөздерге келсек, бұнда да бұл қалай дерлiк жағдайлар баршылық. Қала көшелерiндегi жарнамаларға, теледидардағы, газет-журналдардағы, оқулықтардағы сөздерге көзiңiз түссе, әттең-ай деп қаласыз. Қазiр кейбiреулер, тiптi сауатты деп саналатын тiл мамандары мен журналистер де жаңалық ашып, сөйлемдегi сөздердi бұзып сөйлейтiн болып жүр. Мысалы: «Менiң жиналысқа қатысуым керек» сөйлемiндегi «керек» сөзiне «пiн», «сiң» дегендi қосып: «Мен жиналысқа қатысуым керекпiн» деп жүр.
Ендi сөздердiң дұрыс қолданылмайтынына тағы да оралайын. Мысалы: арқасында, қызық, себебiнен дейтiн сөздердiң қолдануларын көрейiн. Теледидардан тележүргiзушiлер қандай да бiр келеңсiз оқиғаларды хабарлағанда үзiлiс жасап: «арнадан алыстамаңыз, қызық әлi алда» деп хабарлап алып, сөзiн жалғастырады. Қызық деп отырғаны жоғарыда айтылғандай жағымсыз iс-әрекеттер, оқиғалар: ұрлық, зорлық-зомбылық, адам өлiмi сияқты, т.б. Бұндай iс-әрекеттердi қызық деуге бола ма? Ондайлардың несi қызық?
Арқасында деген сөзге келейiк. Мысалы, «ұрлық, зорлықтың арқасында байлыққа қолы жеттi» дейтiндей сөздер айтылып жатады. Осы жерде «арқасында» сөзi дұрыс қолданылған ба? Бұны еңбегiнiң арқасында деп қолданса дұрыс болар едi ғой. Тiзбектеп айта берсек, бұндай қателiк толып жатыр.
Айтпақшы, Абайдың да 45 қара сөзi туралы ойымды бiлдiргiм келедi. Абайдың сөздерiнiң мәнiсiне қазiргi заманның жастары былай тұрсын, сауаттымын дейтiн кiсiлердiң өздерi де ойланып қалады. Солардың бiрi өзiммiн. Өйткенi, Абайдың тiлi – өз заманының тiлi, сөзi. Яғни, арабша, парсыша, шығыс ғұламаларының тiлi. Оны толық түсiну үшiн Абайдың өзi болу керек. Айтайын дегенiм: осыны жастарға қазақтың қазiргi қарапайым сөзiмен жазып түсiндiрсе дегiм келедi.
Және бiр нәрсе: кiтаптың аталуын орысша «Книга слов» деп аударыпты. «Размышление Абая» десе қалай болар едi?
Ендi дiни тақырыпқа тоқталайын. Мешiттi көпшiлiк, тiптi дiн өкiлдерi, имамдар да «Алланың үйi» деумен жүр. Осы дұрыс па? Қасиеттi құранда Алла жалғыз. Ол iшпейдi-жемейдi, бала-шағасы, отбасы, серiгi жоқ, бiр өзi құдiреттi жаратылыс деп айтылғанын ескерсек, әлгi «Алла үйi» дегенiмiз қалай? Осы «үйi» сөзi Алланы адам-пендеге теңегенге жатпай ма? Мешiттi қасиетті орын деген сөз дұрыс емес пе?
Қабыл Ырзаев,
Қаскелең қаласы.
2019 жыл