«Ақ көйлек кимедiм»

«Сәлеметсiң бе, «Ақ босаға»! Жасым 22-де. Сiздерден кеңес сұрайын деп едiм. Тұрмысқа шыққаныма екi жылдан асты. Күйеуiм екеумiз бiр-бiрiмiздi сүйiп қосылдық. Шүкiр, бақыттымыз. Өз келiсiмiм бойынша алып қашты. Үйлену тойымыз болмады. Тойымыздың болмау себебiн де бiлемiн. Бiрақ, сол менiң өкiнiшiм боп келедi. «Ақ көйлек кимедiм» деп қатты қынжыламын. Тойға барсам, өз-өзiммен iштей арпалысып кетемiн. Көкiрегiм ашып, бiртүрлi боламын. Жыламауға тырыссам да, көзiмнен жас ерiксiз шығады. Тойдағы ақ көйлек киген жас келiндерге қызығып та, қызғанып та қараймын.
Дүркiретiп той жасамаса да, бақытты өмiр сүрiп жатқан талай отбасыларды көрiп жүрмiн. Саналы түрде бәрiн түсiнсем де, өзiмнiң ақ көйлек киiп, қалыңдық болмағаным есiме түссе жылап қаламын. Өзiмдi қалай жеңсем болады?
Бақыт.
Оқырманымыз Бақыттың хатын психолог Серiкгүл Сәлиге көрсеткен едiк. Психологтың айтуынша, Бақыттың iшiнде күйеуiне айтылмай қалған шағымы мен сөзi бар. Жас келiншектiң санасында «Менi жақсы көрсе, былай iстесе болар едi ғой» деген ой мықтап орнығып қалғанға ұқсайды.
– Қыз баласы пубертат (әйел мен еркек жыныс ағзаларында репродуктивтi жүйе қызметiнiң құрылуы) кезеңiнен бастап, ақ көйлек киiп, тұрмысқа шығуды армандайды. Армандағаны соншалық, ертең тұрмысқа шығатындай сезiмдi бастан өткередi. Мiне, дәл осы бала арманы орындалмаған соң, жағдайды дұрыс қабылдай алмай әлек болады. Әлi күнге дейiн үйлену тойының болмағанын ойынан шығарғысы келмейдi. Бұндай мәселе жас жұбайлар арасында үнемi кикiлжiң тууына себеп болып жатады. Сондықтан да, бұндай жағдайдан шығу үшiн қыздарға психолог бiрнеше кеңестi ұсынады. Егер осы әдiстi күнделiктi өмiрде қолдана бiлсе, бәрi жақсы болады.
1. Ашық әңгiмелесу. Iшiндегi айтылмай қалған сөзi мен ренiшiн күйеуiне жасырмай, ашық айту;
2. Алмастыру. Бала арманын басқа мақсатпен алмастыруы керек. Мысалы, үйленгендерiңiзге 5-10 жыл болған сәттегi тойдың сценарийiн жазыңыз. Үш балаңыз болса да, дене сымбатыңыз сол қалпында екенiн елестетiңiз. Ақ көйлек киiп, жарыңыз екеуiңiз өз еңбектерiңiзбен той жасауды армандаңыз;
3. Компенсация (өтемақы) жасау. «Тойымыз болмаса да, менде мына нәрсе бар, мынауым артық» деп немесе болашақта болатынына сену. Күйеуiңiздiң сiз үшiн жасаған әрбiр әрекетiн бағалаңыз. Мысалы, тойыңыз болмаса да, баспанаңыз бар немесе жарыңыздың әрекетi басқалардан өзгеше екенiне назар аударыңыз. Қолыңызда бар нәрсенi бағалаңыз және шүкiр айтуды ұмытпаңыз;
4. Гаштельт әдiсi. Болмай қалған тойдың орнына күйеуiңiзге басқа қалауыңызды орындату.
Жеңiс – соғыстың нәтижесi. Адам мәселенi шешу үшiн ең әуелi өзiмен келiсiмге келу керек. Тойдың болуы – белгiлi бiр сезiмдi бастан кешiру. Болмай қалды екен деп өкiнiшпен өмiр бойы арпалысудың қажетi жоқ, – дейдi психолог.
Ал, филолог Айжан Мүсiрәлиева: «Той жасау артық шығын әрi босқа шашылған ақша мен даурықпа бәсеке», – дейдi.
– Ақ көйлек киiп, тойы болған кез келген жас келiншек тойының болғанын аса бағаламайды. Тойға жаратылған ақшаны депозитке құйып немесе шетелге барғаным артық едi деген пiкiрде. Мен де солай ойлаймын. Себебi, той бiр күнде өтедi де, кетедi. 5-6 сағат үшiн қаншама қаражат жұмсайды. Мысалы, камера, баннер, әншi-бишi бәрi-бәрi – шығын. Қала берсе, күннен-күнге тойдың форматы да өзгерiп жатыр. Әр адам өзiнше түрлендiрiп өткiзгiсi келедi. «Ой, оны ана тойда жасады ғой, бiз басқаша iстеуiмiз керек», – деп елден асып түсу үшiн артық ақша жұмсап, әуреге түсу қажет емес. Одан да ақша жинап, үй алыңыз. Шетелге барыңыз, қыдырыңыз, – дейдi Айжан Бақытбекқызы.
23 жыл бұрын тұрмысқа шыққан, бүгiнде салиқалы ана, ардақты әже атанып отырған Зарина Нышанбекқызы:
– «Ақ көйлек кимесе не бопты?» деп айту, сырттай баға беру оңай, әрине. Десек те, ақ көйлек кимеген қызға оның қалай әсер ететiнiн бiлемiн. Өзiм де оны басымнан өткергенмiн. Дегенмен, өмiрдiң қызығы мен ләззатын сезiну үшiн той көйлегi маңызды емес. Ең бастысы, екi жас бiрiн-бiрi сыйлап, құрметтесе одан артық нәрсе жоқ. Қазiр немере бағып отырған жайымыз бар. Ақ көйлек киiп, күштi той жасап үйленгендердiң ажырасып кетiп жатқандарын көргенде тәубеме келгенмiн, – дейдi.
Иә, бақытты болу – ақ көйлек кигенге байланысты емес. Өмiрдiң мәнi – отбасың мен дүниеге әкелген ұрпаққа байланысты. Бала – көңiлдiң гүлi, көздiң нұры. Олар миллиардтаған ақшадан, гауһар жүзiктен де бағалы. Сондықтан, ақ көйлек кимей-ақ бақытты болуға болатынын жас қыздарымыз ұғынса болғаны.
Сымбат Айдархан
2020 жыл

Сізге де ұнауы мүмкін

Баласынан безген әйел
Тiлiмiз қалай?

Автор

Меню