Адал ақша, ақ ниет
Өмiрiмiздiң басты бөлiгi жұмыс жасаумен өтетiнi рас. Дәл қазiр ақшасыз күн көру тiптi мүмкiн емес. Алайда, жоғарғы оқу орнын бiтiрiп жұмыссыз жүргендер жетерлiк. Әсiресе, қыз баласына оқуға түсу, жұмыс жасау қиын. Себебi, бiрi оқуға түспей тұрмысқа шығып, ендi бiрi оқуын бiтiрмей «тұрмысқа шығамын» деп жұмыссыз қалады. Ал, дәл осындай жағдайдағы қыздар қандай және қайда жұмыс жасауы мүмкiн? Осы сұраққа жауап iздеп, шалғай ауылдың тұрғыны Гүлзираға жолықтым. Ол мектептi ғана бiтiрген екен. Жоғарғы оқуға түсуге мүмкiндiгi болмағандықтан тұрмысқа шықпақшы болып шешiм қабылдапты. Әңгiме барысында қыз баласының тағдыры қиын екенiн қайталай бердi.
– Басымнан өткен бұл жағдайды көпшiлiкке айтқаным дұрыс не дұрыс емес екенiн бiлмеймiн. Сол үшiн өзiм туралы нақты ақпарат бере алмаймын. Кейiн ата-анам немесе туыстарым оқып, менiң қиналғанымды бiлгенiн қаламаймын. Бiрақ оқырмандарға ниетiң ақ болса, адал ақша табуға болатынын айтқым келедi. Тұрмысқа шыққанымда жасым небары 17-де болды. Оң-солымды танып үлгiрмеген балғын қыз едiм. Ата-анама қиындық тудырмайын деп жiгiтiме тұрмысқа шығуға келiсiмiмдi бердiм. Әрине, өзiммен жасты қыздарға қарап қызығамын. Мен де үлкен қалаға барып, белгiлi бiр маман иесi атанып, жаңа ортаға түскiм келген. Алайда, пешенеме басқа нәрсе жазылса керек. Мен тағдырыма ризамын. Ерте тұрмысқа шыққаныма еш өкiнбеймiн. Қыз бала – қонақ. Сондықтан, ертерек өз орнымды тапқаным өзiм үшiн өте жақсы болды. Менi жұбайымның үйiндегiлер жылы қарсы алды. Жас болғандықтан бәрiн өздерi үйреттi. Әрине, бастапқыда басқа отбасына сiңiсiп кету сондай қиын көрiндi. Үй тiрлiгiнiң бәрi өз мойныңда. Әсiресе, ауылдың тiршiлiгi бiтпейдi ғой. Дегенмен, ата-енеме алғыстан басқа айтарым жоқ, менi қолдап отырады. Қызылорда облысына қарасты бiр ауылда тұрып жатырмын. Адам ниеттенсе, бәрi оңынан болатынына сенемiн. Себебi, ешқандай оқу бiтiрмесем де ел қатарлы ақша тауып жүрмiн. Күнделiктi көршi әжейдi бағамын. Уақыт тауып үйiме де қарайласамын. Әжемдi ұйықтатып келген соң үйiмдi жинаймын, тамағымды әзiрлеймiн. Қазiр жасым жиырмада. Айтпақшы, кiшкентай қызым бар. Келiн болғандықтан бәрiне үлгеруге тырысамын. Бастысы – адал жолмен ақша тауып жүрмiн. Ауылда 75 мың теңге деген қомақты ақша. Жұмысым да өзiмнiң жағдайма ыңғайлы. Үйiме жақын. Өзiме қатты ұнайды. Ата-енем де менiң ел қатарлы ақша тапқаныма қуанады. Шындығында, қалада бұл бiр өз алдына мамандық болып есептеледi емес пе? Сондықтан, көршi әжемдi қарауға барғанда өзiмдi сондай бақытты сезiнемiн. Бала күнiмде тәрбиешi болғым келетiн. Балалар мен қарттардың көңiлiн көтеретiн iспен айналысқым келетiн. Сол себептi, өзiмдi қалаған iсiммен айналысып жүрмiн деп есептеймiн.
Қыз бала тәрбиесiнде ананың орны ерекше. Сол себептi, енем өзiнiң қыздарына айтқан ақылды маған да айтады. Дәл қазiр атам туған әкемдей, енем анамдай болып кеттi. Әрине, әке-шешемдi, бауырларымды қатты сағынамын. Ауыл арасы жақын болғандықтан, мүмкiндiк болса барып тұрамын. Бiр сөзбен айтқанда қандай қиындық болса да бақытты қыз, бақытты жар, бақытты келiнмiн.
Әйел адамдардың төзiмдiлiгiнде шек жоқ. Осындай жап-жас қыз ата-ененiң жағдайын жасап, келiндiк мiндетiн абыроймен атқарып, өмiрге сәбиiн әкелiп, жарына да көңiл бөлгенiмен қоймай, егде жастағы кейуананы да күтiмге алған. Иә, шынында да, ниет болса, екi қолға бiр күрек табылары рас па деймiн.
Мейiрiм Бақытбек