ХIХ ғасырда дүниежүзiне идеологиялық өктемдiгiн күшейткен Еуропаның Азия елдерiне жасаған ықпалы тарих бетiнде сайрап жатыр. Губернияларда ашыла бастаған орыс мектептерiне қажет деген сылтаумен қазақ жастары орысша бiлiм алуға насихат арқылы көндi. Бұл жүргiзiлген ұлттық сана-сезiмдi басып-жаншып, қазақты қазақтығынан айыру едi. Сол орысша хат танып, «сауаттанған» қазақ қыздарының қалай өзгергенiн Б.Майлиннiң «Раушан – коммунист» повесiнен бiлерсiз.
Шашын күзеп, келте көйлек киiп, орысша сөйлеп, мейрамханаларда темекiнi бұрқыратып отырған бойжеткендер қазақтың елдiгiнен айырылып бара жатқандығының бiр белгiсi едi. Батыстың әсерiмен мәжбүрлеу арқылы жүзеге асқан ұлтты «бұзу» әрекетi алдымен ағартушылық реформаларынан көрiндi. «Шет елдiң бiлiм жүйесi қандай екен, көрейiк» деп Еуропа мен Америкаға баласын жiберген талай жапон бармағын тiстеп қалған жайы бар. Қазiрдi айтпағанда ХIХ ғасырда Америкада оқыған жапон жастары елiне ана тiлiнен айырылып қайтқан.
1600 жылдан 1868 жылға дейiн бөтен жұрттың кiсiсiн елiне кiргiзбей, өз адамын сыртқа шығармай, шекарасына жан жуытпаған жапондар ХIХ ғасырдың екiншi жартысында Батысқа есiк ашуға мәжбүр болды. Ақырында сауда-саттық келiсiм-шартын алдыға тартып, түртпектеп, маза бермеген Америкамен, Еуропа елдерiмен байланысуға келiседi. Келiскеннiң белгiсi 1871 жылдың 12 қарашасында Мэйдзи үкiметi 107 адамнан құралған экспедициясын АҚШ-қа жiбередi. Экспедицияның мақсаты – экономикасы өркен жайған мемлекеттi өз көзiмен көрiп, жақсысын үйрену. Бұл шет елге шыққан алғашқы жапондар едi. 107 адамның 43-i жас қыздар болатын. Ел басындағылар оларды әдейi тiлi мен ғылым-бiлiмiн үйренсiн деген ниетпен жiберiп отыр. Қырық үш қыздың iшiндегi Цуда Умеко деген жетi жасар бүлдiршiннiң әкесi шенеунiк болатын.
Жапонияны модернизациялап, Еуропамен бәсекелес деңгейге жеткiзу үшiн алдымен қыздарды Америкада оқытып алуды жөн санаған ел үкiметi әр үйдiң есiгiн қағып, «оқытатын қыздарың бар ма?» деп сұрайды. Ешкiм келiсе қоймаған соң билiк тiзгiнiн ұстағандар мен шенеунiктердiң қыздары жiберiледi. Шет елге 5-10 жылдық оқуға кеткен оларға императордың бәйбiшесi «Барған елдерiңде Жапонияға қажет мәлiметтердi жинай жүрiңдер, ешкiмнен қарыз алмаңдар, шет елдiкпен ұрсыспаңдар» деген ақылын айтады. Сонымен қатар, оларға азаматтығы мен дiнiн айырбастамау, шет елдiкке тұрмысқа шықпау қатаң тапсырылады.
Қыздардың ең кiшiсi Умеконың отбасында 12 бала болатын. Әкесi Цудасен кезiнде Эдо үкiметiнiң шет елдегi өкiлi қызметiн атқарған. Сонымен мұхиттың ар жағына оқуға жiберiлген қырық үш қыздың екеуi бiр жыл өтпей қайтып оралды. Бiреуiнiң көру қабiлетi нашарлап кеткен, екiншiсi денсаулығын жоғалтқан. Ал, Умеко Вашингтон маңындағы Жоржтаунда тұратын Чарльз Ланмен дегеннiң қарауына берiледi. Жапон елшiлiгiнде жұмыс iстейтiн Чарльз Ланменнiң баласы болмағандықтан жетi жасар Умеконы асырап алды десе де болады. Жапон қызы алты жыл американ мектебiнде бiлiм алып, он төртке толғанда «Арчар» деген арнайы мектепке қабылданады. Сөйтiп, Америкада он жыл оқып, оқу мерзiмi аяқталған Умеко Отанына оралу керек болады. Чарьз Ланмен әйелi екеуi Умеконы он жылдың iшiнде амарикандық етiп тәрбиелейдi. Кейiн Умеко өз естелiгiнде: «Ерлi-зайыпты Ланмендер қайда барса да мен солармен бiрге болатынмын» деп жазған. Умеко Жапонияға қайтқысы келмейдi. Тағы бiр жыл қала тұруды өтiнедi.
Он сегiз жасында, 1882 жылдың қазақ айында Жапонияға қайтып келген Умеко ана тiлiнде бiрде-бiр сөз бiлмейтiн болып шығады. Тiптi шешесiмен тiлдесе алмайды. Умеконың үлкен әпкесi аздап ағылшын тiлiн бiлетiндiктен екеуiн сөздерiн аударумен жүредi. Умекоға жапон үйiндегi дәстүрлi тiршiлiктiң бәрi жат боп көрiнедi. Үйге аяқ киiммен кiруге болмайды екен. Ал, Америкада бөлмесiне туфлиiн шешпестен кiре салатын. Жапон тағамын аузына алмайды. Бiр сөзбен айтқанда, Умеко өзiн американдық ретiнде сезiнедi. Туған үйiне сiңе алмай, әбден қиналады. Өзiнiң осындай «азапты өмiрге» түскендiгi туралы Ланменнiң әйелi — Аделинге жазған хаттарында баяндаған.
Жапон қызы Америкада сол жақтың ұғым-түсiнiгiн әбден сiңiрген едi. Умеко өз елiнде американ идеологиясын белсендi түрде жүргiзедi. Алдымен Цуда деп аталатын әйелдерге арналған институт құрады. Ол мекеме әлi де бар. Жиырма төрт жыл бұрын Цуданың шатырынан Умеконың Америкадағы «шешесi» — Аделинге жазған жүздеген хаттары табылған. Умеконың барлық хатын Аделин кабинетiнде сақтаған да, көз жұмған соң ол жазбалар Жапонияға жiберiлген екен.
Умекоға жапон әйелдерiнiң жағдайы тым төмен боп көрiнедi. «Гендерлiк теңсiздiк орын алған. Көп әйел алушылық әлi де бар. Бұны жою керек» деп есептеген ол. Умеко Аделинге жазған бiр хатында былай дептi: «Жапонияда әйелдердiң жағдайы еркектерге қарағанда төмен. Мен әйелдердiң қоғамдағы белсендiлiгiн арттырғым келедi». Жапониядағы гендерлiк саясаттың тетiгiн алғашқы боп ұстаған Умеко өмiр бойы жапондық өмiр салтқа бейiмделе алмай, ана тiлiнде сөйлемей өткен. Оның бар мақсаты жапон әйелдерiн америкаландыру едi. Ол 1889 жылы АҚШ-тағы Бринмар университетiнде де оқыған. Бұл — карьера қуған әйелдерге арналған оқу орны болатын. Умеко Бринмарда оқи жүрiп Озвигор деп аталатын педагогикалық колледжде бiлiм алады. Америка университетi жапон қызына зерттеушi ретiнде қалуға ұсыныс жасайды. Жапониядағы iсiн жүзеге асыруды ойлаған Умеко екi жылдан соң елiне оралады. Ол Цуда институтын құрмас бұрын әйелдерге арналған ағылшын мектебiн ашады. Бүкiл өмiрiн жапон әйелдерiн американдық үлгiмен сауаттандыруға арнаған Умеко алпыс бес жасында дүниеден озған. Жалпы Умекомен бiрге оқыған жапон қыздарының барлығы америкалық иедологияның бiр-бiр тармағын ұстанған. Бiрақ ерлердiң қоғамдағы рөлi үстем болғандықтан олар өз мақсаттарын толық жүзеге асыра алмады. Қалай дегенмен, Жапония қырық үш қызын жоғалтқаны анық. Қырық үш қыз дегенiмiз қырық үш ана, қырық үш отбасы. Жоғалған емей немене, болмысы бөтен, тiлi жат, аты жапон болғанмен, заты басқа.
Бүгiнде Батыс елдерiнде ағылшын тiлiнде бiлiм алып, тiптi сол жақта күйеуге тиiп қалып жатқан қазақ қыздары қаншама? Санадық не, санамадық не? «Ұл-қызым Америкада» деп, ата-ана мәз. «Сол ұл-қыз қазақы болмысын сақтап қала ма?» деген сұраққа жауап бар ма? Бар болса жолдаңызшы.
Айғаным.
2019 жыл