Татулығымен тәнті еткен абысындар

Қызылорда облысында бір әулеттiң 13 келіні «Абысын тату болса» деп аталатын клуб құрып, бір-біріне білмегенін үйретеді екен. Татулығымен жұртты сүйсіндірген келіндер карантин кезінде де ватсап желісі арқылы ортақ чат ашып, ақыл-кеңес алмасуды тоқтатпаған. «Ақ босаға» газетінің редакциясына хабарласқан осы клубтың жетекшісі Лиза Нұрғазықызы бізге топ жұмысы туралы әңгімелеп берді:
– Мен 1981 жылы Тереңөзек кентінде дүниеге келдім. 2002 жылы жоғары оқу орнын бітірген соң мектепте мұғалімдік жұмысымды бастадым. Бір жылдан соң Қызылорда қаласындағы Сейтмағамбетовтер отбасына келін боп түстім. Жолдасым Жеңіс екеуміз екі ұл, бір қыз тәрбиелеп отырмыз. Отбасының шырайын кіргізіп, айрандай ұйытып отыратын әйелдер екені белгілі. Біздің отбасымыз қарапайым, қазақи дәстүрді ұстанған. Үлкенге құрмет көрсете білген ата-ене мен абысындарымның ізін жалғай отырып, ағайындармен туысқандық байланысты жоғалтпау үшін абысындар бір-бірімізбен тығыз қатынастамыз. Сейтмағамбет атамызбен бірге туған Бермағанбет деген атамыз болыпты. Осы екі атадан тараған ұрпақтар, әулеттегі келіндердің ұйымдастыруымен түрлі жиындар өткізіп тұрамыз. Келіндердің міндеті енелеріміз көрсеткен тәбиені әрі қарай жалғап, кейінгі жас абысындарға жол көрсету. Біз әлеуметтік желіде ұлттық салт-дәстүрімізді, отбасылық құндылықтарды насихаттауда да белсендіміз.
Лизаның айтуынша, «Абысын тату болса» тобында он үш абысын бар. Олар: Айнұр Досымова, Гүлнұр Умербекова, Лиза Кулманова, Эльмира Мустаяпова, Дана Ақдәулетова, Майра Тажмұратова, Айгерім Бақытбекқызы, Салтанат Мұқтарқызы, Қайырлым Саржанқызы, Әсем Қайратқызы, Айнұр Абилдаева, Лиза Күдебаева және Лиза Нұрғазықызы.
Он үш абысынның барлығы жоғары білімді, кейбірі қос диплом алған. Бірі инженер болса, енді бірі мектепте мұғалім. Арасында отбасы шаруасымен қатар жеке кәсібін қатар алып жүрген пысық келіншектер де бар.
Қызылордалық он үш абысын биыл «Ақ босаға» газетіне түгел жазылыпты. Оны да Лиза Нұрғазықызының аузынан естідік. «Ауылымызға жыл сайын келін түседі. Әр отбасында қандай қуаныш, той болсын, барлығымыз барып, қызметімізді жасаймыз. Осы әулеттің келіндері екенін ел білуі үшін бәріміз бір түсті, арнайы киім тіктірдік. Өзімізден кейін түскен жас келіндерге ақылымызды айтамыз. Үлгі-өнеге көрсетеміз. Негізгі мақсатымыз – бір-бірімізбен байланысты үзбеу, сыйластығымызды арттыру. Құдайы тамақ, тойлардан бөлек, абысындар айына бір рет өзіміз жиналып, шай ішетін дәстүріміз де бар. Жаңалықтарымызбен бөлісіп, әпке-сіңлілер сияқты сырласамыз» дейді Лиза.

 

Сізге де ұнауы мүмкін

«Үмiт бесiгi» Еңбекшiқазақта
Қарттарға кезексіз қызмет көрсетілмей ме?

Автор

Меню