БҰҰ-ның әйелдерге қатысты дискриминацияға қарсы комитетi өткен жылдың аяғында Тәжiкстан өкiметiн нәзiк жыныстылардың некеге тұрар алдында абыройын тексерудi тоқтатуды талап еткен едi. Өйткенi, бұл елде 2016 жылдан берi заң бойынша әрбiр жас некеге тұрмас бұрын медициналық тексерiстен өтуi тиiс. Медициналық анықтама болмаса, неке қиюға да рұқсат жоқ. Тегiн қан тапсыру арқылы туыстық байланыстың бар-жоғын анықтайтын генетикалық сараптамадан өтiп, ВИЧ, гепатит сияқты жұқпалы сырқаттарға да тексерiлуге мiндеттi болып отыр. Егер қан тобының сәйкес келмеуi сияқты айтарлықтай кiнәрат анықталып жатса некеге тұруға рұқсат етiлмейдi екен. Дегенмен, көпшiлiк тек денсаулықты ғана тексертiп қоймай, қыздың арының сақталған-сақталмағанын да медициналық жолмен тексертудi де жазылмаған заңдылық етiп алған тәрiздi. Кейбiр мәлiмет көзi абыройынан айырылған деп жазғырудың және соның салдарынан орын алатын отбасындағы зорлық-зомбылықтың кесiрiнен бұл елде кем дегенде күнiне бiр әйел өзiне-өзi қол жұмсайды деген жантүршiгерлiк дерек келтiрiптi. «Қыздық перденiң сақталуы – ХХI ғасырда адам абыройының бiр белгiсi болып есептелмеуi керек, әр әйел таңдау жасауға ерiктi» дейтiн пiкiрдi ұстанатын құқық қорғаушылар тәндi ғана емес, жанды да күйзелтетiн бұл медициналық тексерiстiң қажетi жоқ деп есептейдi.
Душанбе қаласының сот-медициналық сараптатама орталығында жыл сайын жүздеген жан абыройына нұқсан келгенiн айтып, шағымданады екен. Көбiне-көп қайынжұрт тарапынан «бұзылған» деп айыпталып, төркiнiне қайта келген қыздың ата-аналары шағым түсiретiн көрiнедi.
Иә, шығыс халықтарында қыз баланың ар-абыройына қатты мән берiлетiнi ықылым заманнан белгiлi. Басқасы басқа, ата-бабамыз да «қызға қырық үйден тыю» деп, қыз тәрбиесiне сақтықпен қараған. Қазiр ғой, ел алдында шешiнiп тастаудан ұялмайтын қыздардың көбейiп бара жатқаны. Өз сымбатына өзi сүйсiнiп, видеоға түсiрiп алып, әлеуметтiк желiге салатын ақымақтар «атың шықпаса жер өрте» дегендi ұстанатын болу керек. Күнi кеше ғана басына сәукеле киiп, қазақы әшекей тақса да, үстiне бiр метр шүберек iлмей, қос анарын қолымен жауып видеоға түсiп, әлеуметтiк желiге жүктеген қыз көптiң талқысына түстi. Сүп-сүйкiмдi бойжеткен артынша бұл қылығы үшiн кешiрiм де сұрады.
Одан қала берсе, қоғамдық жұмыстарда белсендiлiк танытып жүр деген Динагүл Тасова есiмдi модельдiң халықаралық сахнада төсiн көрсетiп шыққаны көрер көзге ерсi едi. Өз жұмысын мүлтiксiз атқарғанын айтып ақталса да, бұл оған абырой әкеле қоймады. Тiптi сол үшiн 5 жыл жүрген жiгiтiнен таяқ жеген. Ол оқиғасын Динагүл өзi жария етiп, көгерген денесiмен суретке түсiп, тағы көпке көрсетiп отырғанына қарап, не ойларымызды бiлмедiк.
«Әйел – нәзiктiк, әйел – сұлулық, оны қорғау керек» деген сайын басқа шығудың қажетi жоқ. Еркелiк пен есерлiктiң шегiн ажырата бiлейiк, қыздар!
2019 жыл