Мақпал Жүнісова, Қазақстанның Халық әртісі: Құрметті «Ақ босаға» газетінің ұжымы! Сіздерді 30 жылдық мерейтойларыңызбен құттықтаймын!

Мақпал Жүнісова, Қазақстанның Халық әртісі, Мемлекеттік сыйлықтың иегері:
Құрметті «Ақ босаға» газетінің ұжымы! Сіздерді 30 жылдық мерейтойларыңызбен құттықтаймын! Ана-апаларымызға, қыз-келіншектерге, өсіп келе жатқан бойжеткендерге арналған отбасылық газеттің атқарып келе жатқан еңбегі орасан. Басылым беттерінде тәрбиелік мәні мен тағылымы мол көптеген пайдалы мағлұматтар жарияланып тұрады. Кезінде осы газетті жеке барып сатып алып, оқитынмын. Қазір, ақпарат көзі көп заман ғой. Интернет, әлеуметтік желілер деген бар. Сол себептен мерзімді басылымдарды сирек оқитын болдық. Оны жасыра алмаймыз. Дегенмен, кітап оқуды үзген емеспін. Әнші болғаннан кейін, поэзияға жақынмын, ақын-жазушылардың кітаптары мен дүниелерін көп оқимын. Ал, жастарға «Ақ босаға» секілді ақыл қосар, жанашыр газет өте қажет. Сондықтан, бұл басылымға: «Жазарларыңыз бітпесін! Жақсы жаңалықтардың жаршысы болып, тәрбиелік мәні бар мақалаларыңыз шыға берсін. Көп балалары аналар мен отбасын жаңа құрып жатқан сіңлілерімізге қажетті ақыл-кеңестеріңіз, жақсы сұхбаттарыңыз көп болсын» — деп тілегім келеді.
Мерекеден мереке болайын деп тұр ғой. Алда 8-Наурыз – аналар мерекесі, одан кейін 22 Наурыз – Жаңа жыл келе жатыр. Құтты болсын! Алдымыздағы аналарымыз аман болып, болашақ аналардың ұрпақтары көбейе берсін. Өкінішке орай, 2020 жылы халқымыз біраз қиыншылықтан өтті. Енді келер жаңа жылда елімізде жақсы жаңалық көп болсын. Баршаңызға баянды бақыт тілеймін. Арман деген таусылмайды. Сол арман алға жетелей берсін. Елдің іргесі аман болып, мерекелі, берекелі жыл болсын дегім келеді.

2021 жыл

Сізге де ұнауы мүмкін

ҒАСЫР ЖАСАҒАН БЕСІК
4 баласы барлар көп балалы отбасыға жата ма?

Автор

Меню