Ауғанстан Ислам Республикасы. Әлемдегi кедей елдердiң қатарына жататын ауған халқының саны 32 миллионнан асады. Оның жартысына жуығын қыз-келiншектер құрайды. Әйелдер үшiн ең қолайсыз мемлекеттердiң тiзiмiнде Ауғанстан екiншi орын алады.
Бастарынан әлдеқашан тыныштық кеткен, соғыстан көз ашпаған ауған мемлекетiнiң әйелдерiнiң жағдайын Қазақстанның қыз-келiншектерiмен немесе басқа да шетелдiк әйелдермен салыстыру қисынға келмейдi.
Соғыс зардабы ең алдымен жас балалар мен әлсiз әйел қауымына тиiп жатқаны ақиқат. Жазықсыз жапа шегiп, жазатайым тиген оқтан өлiп кеткендерi қаншама?! Ал, тiрi қалғандары зорлық-зомбылыққа ұшырап жатады. Жерiнен қан-төгiс үзiлмеген елдiң кедей елдер қатарына кiруi әп-сәтте-ақ. Ауған халқының көргенi көбiне аштық, жұмыссыздық. Бұдан соң әйел тұрмақ, еркектерiнiң өзi iлiм-бiлiм iздеуiне мұршасы жоқ. «Жоқшылық, оның үстiне рухани аштық нәтижесiнде отбасылық кикiлжiң мен зорлық-зомбылық өршiп тұр» дейдi сарапшылар.
Бұл елдiң қыз-келiншектер қауымына деген қалыптасқан қатаң тәртiбi әйелге деген құрметтен гөрi қатыгездеу қоғамға көбiрек келедi. Жергiлiктi халықтың ұстанымы бойынша қыз бала сегiз жасқа толғаннан-ақ сырт келбетiн жасырын ұстайды. Әке-шешесi мен туған-туысынсыз көшеге өз бетiмен шығуына рұқсат жоқ. Мұның бөгде еркектермен бетпе-бет келiп қалуынан сақтануы айтпаса да түсiнiктi. Қыз-келiншектерi көзге түсер жылтыр, сәндi, ашық киiмдер киiп, боянып жүре алмайды. Көлiк тiзгiндемейдi. Мұндай ұсақ-түйектен бөлек, ауған әйелдерiнiң үлкен арманы – бiлiм алу, жұмыс iстеу, әлем аралап саяхаттау.
Өзектi мәселенiң бiрi – халықтың бiлiм алуға қолының жетпеуi. Ауған қыз-келiншектерiнiң бiлiм алуы – сирек кездесетiн жағдай. Олардың 12 пайызы ғана кiтап оқып, жаза алады екен. Мамандар, бiлiм саласынан бөлек, медицина саласында әйелдердiң үлесi аз, ер-азаматтардың саны анағұрлым басым екенiне қынжылады. Себебi, халықтың ұстанатын әдеттерiне сай әйелдер бөтен еркектiң алдында ем-дом алып, ауырған тәнiн емдетпек тұрмақ, жеке қалып, сөйлесiп, тәнiн көрсетуiне тыйым салынған. Жағдайы жақсы, әлеуметтiк жағдайы жоғары жандар науқас әйелiн немесе анасын шетелге апарып, әйел дәрiгерге көрсетiп, емдетуiне мүмкiндiк бар. Ал, мұндай мүмкiндiкке қолы жетпеген жандар аурудың ұзақ уақыт зардабын тартары өкiнiштi.
Ауғандық қыз-келiншектердiң тұрмыстық зорлық-зомбылықтан, өз жақындарынан көрген құқайлары, жаға ұстатар оқиғалары жетiп артылады.
2011 жылы Гүлназ есiмдi ауған қызының тағдыры шетелдiк БАҚ беттерiн шарлап кеттi. 19 жастағы бойжеткендi жездесi зорлап, кейiн аяғы ауыр екенi көпшiлiкке мәлiм болады. Осыдан соң ғана қылмыстық iс қозғалады. Гүлназға екi жыл түрмеге отыруға үкiм шығарады. Қайта шағымданғанда, жаза мерзiмiн 12 жылға өсiрiп жiбередi. «Мен ештеңе iстегенiм жоқ. Мұншама жыл түрмеде не үшiн отыруым керек?» деп күйiнедi ол. Зорлықшы еркектi де 12 жыл түрмеде отыру жазасына кесiп, аппеляция 7 жылға дейiн қысқартады. Ислам шариғатына сай деген уәжбен ақырында екеуiн некелесуге көндiредi. Бұған дейiн жәбiр көрген Гүлназ некеден бас тартқан екен. Яғни оның алдында екi таңдау болды: зорлаған жездесiне тұрмысқа шығу немесе 12 жыл түрме. Сөйтiп, таңдауын жасап, сотталып кете барған ол қызын тар қапаста босанады.
2009 жылы 18 жасар ауған қызы Биби Аишаның (шын есiмi Аиша Мохаммадзай) жан шошырлық жағдайы әлем халқының назарында болған едi. Өз тиран-күйеуiнiң қолынан бiр күнде құлағы мен мұрнынан айрылады. АҚШ әскерилерiнiң көмегiмен ауған жерiнен қашып шыққан ол АҚШ-тан пана тапты.
Time журналының ұжымы оның фотосын журнал мұқабасына жариялады. Өжет қыз әлем халқының алдында қысылған жоқ. Оқиғаның қалай болғанын Аишаның өзi журналистерге баяндайды:
«Мен әр күнiмдi күйеуiм мен оның отбасы тарапынан көрсетiлетiн қысымға шыдаумен өткiздiм. Олар менi сөзбен қорлап, тiптi күш көрсететiн дәрежеге жеттi. Бiр күнi ебiн тауып, қашып құтылған едiм. Бiрақ күйеуiмнiң туыстары тауып алып, менi 5 айға түрмеге қамады. Сот отырысынан соң менi қайта күйеуiме қайтаруға шешiм шығарды. Маған қолы жеткен күйеуiм дереу тауға алып кетiп, қол-аяғымды байлап, құлағым мен мұрнымды кесiп тастады». Қазiр Аиша АҚШ-та өмiр сүредi. Көрген түстей уақыт зымырап өтiп жатыр. Сол оқиғадан соң 3 жыл өткенде оның мұрны мен құлағына пластикалық ота жасалып, бет-әлпетiн қалпына келтiрудiң сәтi түстi. Ол қазiр өзiн жақсы сезiнетiн көрiнедi. Жер бетiндегi барлық әйелдерге «ешқашан берiлмеңдер және үмiттерiңдi үзбеңдер» деп кеңес бередi.
Бұл оқиғадан соң Аишаға көмектескен ауған жерiндегi әйелдерге көмектесетiн ұйымға қарсы қысымның көбейгенi белгiлi болды. Ал, Аиша тағдырлас қыз-келiншектердiң басқа барар жерi, басар тауы қалмай барады.
Қыз-келiншектердiң денi шетелге шығып, сонда тұрақтап қалғандары ғана қалаған iсiмен айналысып, ел алдына шыға алады. Түрлi сұлулық сайыстарына қатысып, эстрада және кино жұлдызы болып жүргендерi де баршылық. Бiрен-саран кiтап жазып, жазушы болып танылғандар да кездеседi.
Әсiредiншiл көзқарас қалыптасқан ауған қыз-келiншектерiнiң тағдырына бүгiнде бүкiл әлем болып алаңдаушылық бiлдiруде. Әртүрлi бағдарламамен олардың бiлiм алуына жағдай жасап, грант қарастырып отырған мемлекеттердiң қатарында Қазақстан да бар.
2020 жыл