Кiшкентай жүректерге жеткен жылу
Тұмаққа тегiн тықпаған…
Дүниеге денi сау, шекесi торсықтай ұл немесе қыз бала алып келемiн деп үмiттенiп жүрген әйел кейде аяқ астынан толғағы қысып, ерте босанып қалып жатады. Алақанына ғана сиятын кiшкентай балапанының жанын аман сақтап қалу үшiн ана байғұс шырылдап, кiмнен жылы қабақ күтерiн бiлмей, дал болады. Оған медициналық тұрғыдан да, қаржы жағынан да көмек керек. Жанына жалау болар ақылшы да қажет. Тiптi, бүкiл әлемнiң шапағатына зәру.
Бүгiнгi таңда осындай әйелдер өзiнiң туыс-туғанынан басқа да арқа тұтар адамдарының бар екенiн сезiне алады. Жақын күндерде сондай асыл жандардың бiр тобымен танысу бақыты маған да бұйырды.
Өзiн Карла Нур деп таныстырған замандасымыз адамдардың аялы алақанына зәру осындай сәбилерге жүннен шұлық, бас киiм, кеудеше тоқып беру iсiнiң бастамашысы болып, шырылдап жүр.
«Осы мәселе менiң өз отбасымда орын алмаса, бұл iске кiрiсер-кiрiспесiм белгiсiз едi. Екi жыл бұрын менiң сiңлiм 600 грамм қыз туды. Сол қыздың адам болар, болмасы белгiсiз болып жатқанда шешем – Аделяның нағашы әжесi – ешкiнiң жүнiнен шұлық, кеудеше тоқып апарып бердi. Жүзiнен тiршiлiк белгiсi бiлiнбей жатқан шақалақ бiр-екi сағаттан кейiн көзiн ашып, қозғала бастады. Сол сәттен бастап жүннен тоқылған киiмдердiң адам денсаулығына пайдалы екендiгiн сездiм. Бүгiнде жиенiм екi жаста. Былдырлап, алдымызда жүгiрiп жүр», – дейдi Карла.
Содан кейiн ол жүннен тоқылған киiмдердiң пайдасы туралы интернеттен, кiтаптар мен журналдардан iздестiре бастайды. Iсiне белсене кiрiскен Карлаға ниеттес адамдар да табыла кетедi. Астанадағы № 3 перзентхананың неонотология қызметi бас дәрiгерiнiң орынбасары Бектұрған Карин де балаларға жүннен, акрильден шұлық, бас киiм тоқып кигiзудi тәжiрибеге енгiзiп жүр.
Салмағы аз болып туылған балаға ең бастысы, денесiнiң жылуын жоғалтып алмау. Мiне, осы орайда жүннен тоқылған киiмнiң пайдасы зор.
Қой жүнiнiң пайдасы
Салмағы кемшiн болып туылған сәбилердi қойдың жүнiнен жасалған төсекке жатқызса, жылдам ет алады. Әрi iшiнiң желденуi де аз кездеседi. Қой жүнiнен жасалған төсекте ұйықтаған бала аллергиямен аз ауырады, түрлi вирустық және бактериялық аурулар жұқпайды. Ол тыныс алу жүйесiне де ерешке әсер етедi. Сондықтан, бала жақсы ұйықтап, тынымды болады. Әрi жүннiң қылшықтары денесiн жыбырлатып тұрғандықтан, баланың жүйкесiне әсер етiп, оның тыныс алуды ұмытып кетпеуiне жағдай жасайды екен.
Жалпы, табиғи жүннiң ауруды басатын, бактерияға қарсы, қабынуды жоятын қасиетiн қазақ ежелден бiлiп, кеңiнен пайдаланған. әсiресе ортопедиялық, аллергиялық, астматикалық (бронх) аурумен ауыратын, қан айналысы нашар адамдарға пайдасы зор екенi белгiлi.
Жүннiң қылшықтарының арасында миллиондаған ауа қабыршақтары бар, олар адам денесiнiң буланып, терлеуiне кедергi келтiредi. Соның арқасында тұмау және басқа да аурулардың алдын алады.
Жүннiң өзiн-өзi тазалап тұратын құдiретi де бар. Ауа тұрақты айналып тұратындықтан, жүннен жасалған бұйымдардың арасын шаң баспайды, түрлi микроорганизмдер өмiр сүре алмайды.
Жүн басқа материалдарға қарағанда ылғалды жетi есе көп сорады. Сондықтан дененiң құрғақ болуына әрi жылы тұруына ықпал етедi. Өзiне сорып алған ылғалдың есебiнен жылу шығару арқылы қан айналысын жақсартады.
Адам кез-келген аурумен ұзақ уақыт ауырса, оның электр шығару әлеуетi төмендейдi. Ал, қой жүнiнiң электр қуатын түзетiн қасиетi бар, бұл ертерек сауығуға мүмкiндiк бередi.
Жүннiң осы қасиеттерiн зерттеп бiлген шетелдiктер жүннен жасалатын тоқыма заттарды шала туылған балалардың күтiмiне бiрнеше жылдан берi пайдаланып келедi екен. Өз ата-бабамыз жылдар бойы қолданып келген осы бiр қасиеттi затты шетелдiктер арқылы таныған бiздiң отандас дәрiгерлерiмiз де кеңiнен насихаттай бастады. Осыған дейiн өздерiнiң жеке қаражатына жiп, шалма бiз сатып алып, зейнеткер әжелерден көмек сұрап, шұлыққа тапсырыс берiп келген.
Қазақстандағы барлық неонатологиялық мекемелердi медициналық жабдықтармен қамтамасыз ету үшiн жыл сайын өте үлкен қаражат бөлiнiп отырады. Мысалы, 2010 жылы шала туылған және денсаулығы нашар балаларды емдеу мен күтiп-баптау үшiн 2 168 000 000 теңгеге, ал 2011 жылы 2 512 000 000 теңгеге медициналық жабдықтар сатып алынды. Әрi бұл сан жылдан жылға өсiп келедi. Дегенмен, бұл соманың iшiнде баланың дене жылуын сақтап тұруды қамтамасыз ететiн жүннен жасалған бұйымдарға кететiн қаражат қарастырылмағаны белгiлi. Тiптi бұл мәселенiң қаражаты шешiлген күннiң өзiнде салмағы 500, 600 грамм немесе одан сәл жоғары болып туылған балаға дүкендерден не базардан киiм таба қою да күрделi iс. Ал, қолдан тоқу үшiн перзентхананың штатына киiм тоқитын қызметкер алудың да қисыны жоқ. Сондықтан, iзгiлiктi iспен айналысатын қарапайым адамдардың көмегiне мұқтаждық туындайды.
Iзгiлiктi iстер
Журналистика саласында қызмет ететiн Карла шала туылған сәбилердiң мәселесiн көтеру үшiн № 3 перзентхананың неонотология қызметi бас дәрiгерiнiң орынбасары Бектұрған Кариннен сұхбаттасу кезiнде жүннен шұлық тоқу iсiн халықтың талқысына салуға ұсыныс жасайды. «Менiң VOXPOPULI.kz сайтына шыққан фоторепортажымды оқыған адамдар дәрiгерлерге көмектесу керек деп шештi. Шұлықты көпшiлiк болып тоқуды бiрiншi болып «Эйр Астана» АҚ Алматы қаласында ұйымдастырды. Шұлық тоқуға жиналған жиырма шақты қыздың iшiнде екi-үшеуi ғана қолына шалма бiз ұстап көрген екен. Өзгелерiн iзгiлiкке деген құштарлық жетелеп келген. Осы алғашқы акциядан қырық бес жұп шұлық жиналды. Мен ол шұлықтарды № 3 перзентханаға жеткiздiм. Сол жерде балаларға кигiзiп, суретiн түсiрiп әлеуметтiк желiлер арқылы жарнамаладық. Бұл бiр шетiнен жарнама болса, екiншi жағынан жақсылыққа жаны құштар жандардың еңбегiн паш ету мақсатында жасалған әрекет болатын», – дейдi игi шараны ұйымдастырушы.
Iле-шала бұл iске Казкомбанк қызметкерлерi де атсалысады. «Құс жолы» қайырымдылық қоры банк офисiне 25 адамнан құралған топты жинады. Осылайша шұлық тоқу iсi жалпықазақстандық шараға айнала бастады. Бұл акцияға Астана, Алматы, Павлодар, Петропавл, Атырау қалалары белсене араласып жатыр. Соның iшiнде Атырау қаласына ерекше тоқталып өтсек деймiз. Оның өз себебi де бар.
PRI (түрме реформасы) шақыртуы бойынша Карла УГ-157/11 түзету колониясындағы әйелдердiң шұлық тоқуын ұйымдастыру үшiн Атырау қаласына барып қайтты. «Әйелдермен бiрге балаларға 10 жұп шұлық, 2 бас киiм тоқыдық. Тоқылған заттарды Атырау қаласындағы перзентханаға өткiздiк. Бiрақ, бұл iсiмiз аналар тарапынан қарсылыққа ұшырады. Олар «қылмыскерлердiң қолымен тоқылған киiмдердi баламызға кигiзбеймiз» деген талап қойды.
Осыдан кейiн менi перзентхананың маңына да жолатпайтын шығар деп қауiптене бастадым. Тығырыққа тiрiлген соң Б.Каринге телефон шалып, Атыраудағы перзентхананың басшылығымен сөйлесудi өтiндiм. Әңгiме барысында перзентхана басшылығы үшiн шұлық кiмнiң қолынан шыққаны маңызды емес екенiн анықтадық. «Ең бастысы, балалардың дене температурасын бiр қалыпты ұстап тұру үшiн жүннен тоқылған киiмдердiң қолымызда болуы» – дедi Атырау облыстық перзентханасының бас дәрiгерi Ұлжан Ахметқызы Хасанова».
Игiлiктi iстiң кедергiге жолықпай, жақсылықпен аяқталғанына қуанған Карла сонда да болса аналардың көңiлiн алаңдатпау үшiн түрмеде отырған әйелдер тоқыған заттарды мешiтке апарып, дұға оқытып алуды жөн санады. Әрi келешекте де мешiтпен қарым-қатынасты үзбеудi ойластырып отырған жайы бар. «Түрмеде отыр, қылмыскер деген аты болмаса, олардың арасында қадамын шалыс басқандар мен жазықсыз жала жабылғандар да бар. Ондағылар бiздiң iсiмiзге қызу араласып, жан шуағын бөлiп отыр. Тоқылған шұлықтар балаларға жылу сыйласа, жаны жаралы әйелдерге қайғысын ұмытуға көмектеседi», – дейдi К.Нур.
Осылайша, Қазақстанның әр қаласында апта сайын дерлiк кездесу ұйымдастырып, жүннен киiм тоқитын қыз-келiншектер саны артып келедi. Әр кездесуде олардың жүзiнен есетiн iзгi ниет пен шапағат кiшкентай шақалақтардың өмiрiн сақтап қалу үшiн құдайдан тiлеген тiлекпен ұштасып жатады. «Әлемдi сұлулық құтқарады, тек ол мейiрiмдi болғанда ғана» деп Ф. Достаевский айтқандай, бiздiң отандастарымыз тоқыған шұлықтар мейiрiмдiлiкке оранып, қанша балаға өмiр, қанша анаға қуаныш сыйлап отырғанын сезiнгенде бiз де шаттанып қаламыз.
М. Дүйсекова.
2014 жыл