Сынып – сынақ алаңы емес, балдырғанды болдыртпай оқытқан оң

Сынып – сынақ алаңы емес,
балдырғанды болдыртпай оқытқан оң

Ұрпағының мектепте саналы білім алып, денсаулығының да кінәратсыз болуын үнемі қадағалап жүретін ата-ана жалпы білім беретін ортада олқы тұстардың баршылығын жақсы түсінеді. Әсіресе, төменгі сыныптарда берілетін қосымша пәндердің аса қажеттілігіне кәдігіміз бар.
Байқасақ, басы артық сабақтар көп. Бұл аздай-ақ кей мамандар шет тілі мен информатиканы ендіруді ұсынады. Мұның бәрі сайып келгенде кабинеттерде отырып, мектеп қабырғасынан дап-дайын «вундеркинд» шығаруды қиялдайтын оқымыстылардың ойлап тапқандары демеске лаж жоқ.
Бұл кезде бүлдіршіндердің өз беттерінше әрекет етіп, мектепке өздерінше келіп, қайта алмайтыны себепті, көптеген аналар жұмыстан босап, бала тәрбиесімен үйде айналысады.
Меніңше, бастауыш сыныпта (1-5) оқылатын пәндердің саны жалпы үш-төрт сабақтан аспауы керек. Музыка, бейнелеу, спорт, еңбек пәндері қалың кітап болғанымен толық игеріліп, өз дәрежесінде оқытылмайды. Арнаулы жұмыс дәптері, хрестоматиясына дейін бар осы оқулықтар салынған портфельдің салмағы 5 кг. Оның балаға қаншалықты ауыр жүк екенін зерттеп жүрген бір маман жоқ.
Қабілет-дарынын ашып, белгілі кәсіпке, не өнер мен спорт түрлеріне бейімін анықтай отырып, балаларды сабақтан тыс уақытта қатысуға мүмкіндік жасап, мектепте сол пәндерден босатқан жөн. Ән сабағы мен бейнелеу сабағы да аптасына бір рет өткізілсе жеткілікті. Бұл үшін әр мектеп, гимназия, лицей жанынан балалар үшін қолайлы шағын комплекті мектептен тыс мекемелер ашу – өмірлік қажеттілік. Тілге де қатысты айтарым бар. Еліміздің облыс орталықтарындағы кез-келген қазақ мектебі, гимназия, лицейге бас сұғып, үзілісте назар аударып көріңіз. Отбасында, балабақшада тілі орысша шыққан көпшілік шәкірттердің бір-бірімен ана тілінде шүйіркелесіп тұрғанын сирек кездестіресіз. Демек, орыс тілі мен шет тілін бесінші сыныптан бастап оқытса да жетеді. Балалар да, ата-аналар да әлемде кең тараған ағылшын тілін оқуға ықылас танытады. Қаншама құмар болғанымен мектеп қабырғасында шет ел тілінен алған білім деңгейі қалыптаспағандықтан еркін сөйлеп, сауатты жазып кетуге кепілдік бермейді. Кез келген тұрғын күнде шет елге барып жатқан жоқ. Сауда, кәсіпкерлікпен айналысатындар ресми құжаттарды рәсімдеуге аудармашылар жалдайды. Мұндай мамандарды даярлау ісін атқаратын арнаулы жоғары оқу орындары бар.
Негізгі пән – қазақ тілі оқулықтарындағы жаттығуды шығару, тәсілдерді орындау, математикадағы өрнекті амалдарды шығару тәсілдері біркелкі. Баланы жалықтырып жібереді. Сондықтан, есепті, суретті сканворд, криптограмма, анограмма, сөзжұмбақ секілді қызықты, тартымды тәсілдерді оқулықтарға көптеп ендірген жөн деп ойлаймын. Кей бала әдебиет, тілге бейімділік танытқанымен математикаға қабілеті төмендеу болады. Демек, үй тапсырмасынан бөлек көп есеп шығарып үйренуге тура келеді. Немесе керісінше әдебиет, тіл деп қосымша мәтіндерді оқып игеруді міндеттілік етеді. Мектептен тыс мекемелердегі спорт және басқа үйірмелеріне қатысатын бала аптасына үш күн таңертеңгі 9-дан кешкі 18-ге дейінгі аралықта үй бетін көрмейді. Кешкі астан кейін ертеңгі сабақ тапсырмаларына түнгі сағат 22-ге дейін әзірленетін күндері бар. Шындығын айтсақ, балалардың телевизор көруге, ойнауға, қосымша көркем әдебиет секілді кітаптар оқуына уақыты жоқ. Демек, бастауыш сыныптағы балаларды оқытудың әлі де талай кең отырып әңгімелесетін, ортақ шешімін табатын мәселелері көп.
Гүлсім БАТЫРБЕКОВА,
журналист, бастауыш сынып оқушысының анасы.
Қарағанды қаласы.
(№5(167) Мамыр 2004 жыл)

Сізге де ұнауы мүмкін

«АҚШ БІР ЖЕТІМІН СЫРТҚА ЖІБЕРМЕГЕН»
КӨБЕЙ, ҚАЗАҚ!

Автор

Меню