Баланы ойын өсiрер

Баланы ойын өсiрер

Дүкенен қажеттi заттарымды алайын деп сыртқа шыққан едiм. Жол бойындағы үймелеп тұрған балалар тобын көрдiм. Жақындай келе олардың асық ойнап жатқанын аңдадым. Ауыл балаларының асық ойнап жатқаны, шыны керек, көңiлiме қуаныш әкелдi. Асықпен бiрге өткен ғасырдың мейiрiмдi балаларын көргендей сезiмде бiраз тұрып қалдым. Бүгiнде ұмытылып бара жатқан асық ойнынында тұрған не бар дерсiз, алайда, асықтың бiр өзiнiң «Ханталапай», «Үйiрмекiл», «Сасыр», «Қақпақыл», «Үштабан», «Бес асық», т.б. түрлерi бар екендiгiн ересектердiң өзi бiлмеуi мүмкiн. Бұл дегенiмiз ата-бабамыздың өткенiн бiлмеу деген сөз емес пе.
Жаһанданып кеткен мына заманда балаларды қандай тәрбиемен ұстау керек? Бұл турасында әркiм әрқалай пiкiрлер айтады. Тарих қойнауына үңiлсек, ата-бабаларымыз бала тәрбиесiне келгенде аса мұқият болған. Бала дүниеге келiсiмен шiлдеханасынан бастап ержеткенге дейiн ұлттық болмысымыздың шежiрелерiн бала санасына ертегiлермен, қала бердi, әр түрлi ойындар ойнатып сiңiрiп отырған. Десе де, қазақтың ежелгi ойындарының бүгiнде әр баланың санасын жаулаған ғаламтордағы, компьютердегi, қала бердi қолдарындағы ұялы телефондағы ойындардан артық екендiгiн барлығымыз бiлемiз, бiле тұра мойындағымыз келмейдi.
Қазақ жерiнде ұлттық ойындар б.з.б. 1 мыңжылдықта қалыптасыпты. Жазушы Ахмет Жүнiсовтың айтуынша («Фәниден бақиға дейiн» кiтабы – Алматы: «Қайнар», 1994), «Өзге халықтар сияқты қазақтың да ертеден қалыптасқан, атадан балаға мұра болып жалғасып келе жатқан ұлттық ойын-сауық түрлерi бар. Зер салып байқап отырсақ, ол ойын-сауықтар қазақтың ұлттық ерекшелiгiне, күнделiктi тұрмыс-тiршiлiгiне тығыз байланысты туған екен және адамға жастайынан дене тәрбиесiн беруге, оны батылдыққа, ептiлiкке, тапқырлыққа, күштiлiкке, төзiмдiлiкке, т.б. әдемi адамгершiлiк қасиеттерге баулуға бағытталған екен». Яғни бала тәрбиесiнiң басты құралы ретiнде ұлттық ойынды орайластырып, дамытып отырған. Қазақтың ұлттық ойындары бес түрге бөлiнедi. Олар: аңға байланысты, малға байланысты, түрлi заттармен ойналатын, зеректiктi, ептiлiктi қажет ететiн ойындар. Сол ойындардың негiзгiлерiнiң өзi жүзден астам. Бiр қарағанда, бүгiнде кейбiр ойындардың қазiргi кезде беделi жоқ. Мәселен, аң аулауды қызықтай қоятындары некен-саяқ, ауыл баласының өзi жабайы аңдарды хайуанаттар паркiнен көредi, демек, аң аулау немесе одан қорғануға бағыталатын ойын түрлерiнiң қажетi де шамалы.
Отыз күн ойын, қырық күн тойын жасаған халықпыз, көкпар, күрес, айтыс өнерлерiнсiз ежелгi қазақ тойын елестету қиын. Ел қорғайтын батыр болар ұланды, қара қылды қақ жарар шешен болар ұрпағын осындай дүйiм жұрт жиналған үлкен ас, жиын, тойда барысында танитын едi. Осыны жастай көрiп өскен бала ертеңгi балуан, аузынан мәйегi ағып тұрған шешен болуға талпынбай ма…
Өмiрге алғаш аяқ басқанда, қалай десек те, баланы – ойын өсiредi. Ойынға қатыспаған бала әлжуаз, қорқақ, өз күшiне сенiмсiз, бос кеуде, жiгерсiз болып өседi. Ұлттық ойында тәрбиелiк мәнге ие ұлттық көптеген этнопедагогикалық элементтерi жетерлiк. Қазiр де ойын түрiмен бала тәрбиелеу деген өте күлкiлi естiлер едi. Бiрақ, тағы да қайталай кетейiк, баланы ойын өсiредi. Ойын арқылы бала қоршаған ортаны өз бетiнше зерделейдi, өзiнiң өмiрден байқағандарын iске асырып, қоршаған адамдардың iс-әрекетiне елiктейдi.
Ойын тек адамның дене күш-қуатын молайтып, оны шапшаңдыққа, дәлдiкке т.б. тәрбиелеп қана қоймай, адамның ақыл – ойының толысуына, есейiп өсуiне де көп пайдасын тигiзедi. Әрине, бүгiнде алтыбақан теуiп, арқан тартып жатқан жастар жоқ. Бiрақ, ұлттық ойынымыздың iшiндегi кейбiр ойын түрлерiн бұқаралық ақпарат құралдарында кеңiнен насихатталса қазiрде қолдануға болар едi. Тiптi әлгiндей айтылғандай, жиын-тойларда мәнсiз, мағынасыз, жеңiл күлкi үшiн ойнатылар ойыннан гөрi ұлттық ойындар ойнатылар болса, бұл да сiздiң ұлттық құндылықты дамытуға қосқан, жас ұрпақты тәрбиелеуге қосқан азғантай болсын үлесiңiз болар едi.
Аида Кожмамбетова.
2014 жыл

Сізге де ұнауы мүмкін

ТАҒЫ ДА МЕКТЕП ЖАЙЫ…
КЕЛІН ТҮСІРУДІҢ ӘЛЕГІ

Автор

Меню