Қыркүйек айының екiншi демалысы елiмiзде отбасы күнi болып тойланып жүрсе, ал, үшiншi демалысында 2012 жылдан берi аналар күнi аталып өтуде. Отбасы құндылықтарын дәрiптеп, аналардың абыройын асқақтата түсетiн бұндай мереке аясында жер-жерде әртүрлi iс-шаралар өткiзiлдi.
Соның бiрi – Алматы облысы қарасай ауданындағы «Анаға құрмет» мұражайында өткен мерекелiк жиын. Мұражай меңгерушiсi Аршагүл Серiкбайқызының айтуынша, бұл мереке мұражайда биыл үшiншi рет ұйымдастырылып отыр екен. «Алғаш бiз Қазақстандық Аналар күнiн 2019 жылы «Даланың дана арулары» деген атаумен халықаралық фестиваль деңгейiнде атап өттiк. Сол жылы менiң авторлығыммен «Даланың дана арулары» атты кiтабым қалың оқырманға жол тартты. Өкiнiшке қарай, соңғы екi жылда әлемде қалыптасқан пандемиялық жағдай аналар мерекесiн өз деңгейiнде өткiзуiмiзге мүмкiндiк бермей отыр. Десек те, бiздiң музей ана атауымен тiкелей байланысты болғандықтан бұл күндi аттап өте алмасымыз анық», – дейдi А.Серiкбайқызы.
Жиналған көпшiлiк мүсiншi Ғалым Ахметовтың «Дала аруы» атты туындының ашылу салтанатына куә болды. Мүсiнде табиғат аясында гүл терiп жүрген қазақ қызының бейнесi қашалған. Ал, музейдiң символына айналған ана мүсiнiн жас суретшiлер ақ қағазға түсiрiп, майы кеппеген суреттердi көрермен сынына қойды, iшiндегi ең үздiктерi арнайы марапатталды.
Ал, ақ жаулықты әжелер ұмытыла бастаған ұлттық тағам түрлерiн өз қолдарымен жасап, қалай әзiрлеудi жастарға көрсеттi.
«Музейге сый» акциясы аясында Социалистiк Еңбек ерi, Батыр Ана, күрiшшi Салима Жұмабекқызының балалары аналарының көзiндей болған киiмдерiн мұражай қорына табыс еттi. Қазақтың қай мерекесi ән мен жырсыз өткен дейсiз, мерекелiк шараны аудандық Мәдениет үйiнiң өнерпаздары әнмен әрлеп, көтерiңкi көңiл-күй сыйлағанын да атап өту керек.
2021 жыл