Қандай әкесiз?

Бала тәрбиесi ерлi-зайыптылардың екеуiне ортақ десек те, кейде екеудiң бiрi басымдық танытып, екiншiсi салғырт қарайды. Мамандар бала тәрбиесiндегi әкенiң орны ерекше екенiн айтумен келедi. Ал, сiз бауыр етi балаңыздың өмiрiнде қандай бейнеде екенiңiздi ойлап көрдiңiз бе?

«Қонақ» әке
Бұл топқа көбiне жұмысбасты еркектер жатады. Отбасын асырауды ғана бiрiншi сатыға қояды олар. Кiшкентайының маңдайынан бiр иiскеп, шашынан сипағаннан арыға бармайтын ер-азаматтар бала тәрбиесiне мән берiп жарытпайды. Тiптi кейде кештетiп келiп, жастыққа басы тиедi де, ертеңмен қайта жұмысқа асығып, ұл-қызымен сөйлеспек түгiлi, түрiн көруге шамасы бола бермейдi. Ал, демалыс күндерi «мен де демалайын да», – деп тыныштықты қалап, оңашада болуды жаны сүйедi. Әрине, ақша тауып, отбасын асырау еркектiң бiр мiндетi екендiгiне дау жоқ. Десе де, уақыт тауып, отбасына көңiл аударған да абзал. Өйткенi, отбасы мүшелерiне көңiл болмаған ер-азамат жақындарынан бiрте-бiрте қалай алшақтағанын өзi де сезбейдi. Күндердiң күнi ұл-қызымен әңгiмелескiсi келгенде, бәрi кеш болуы мүмкiн. Олар ержетiп, бойжеткен соң әкенiң көп әңгiмесiн жүре тыңдайды. Ал, әйелi бала-шағаның ың-жыңын бiлдiрмей жүрiп, отбасы мәселелерiн шешуде әкеге деген сенiмсiздiктi туындатады.
Ақыры балақай тек шешеге бауыр басып өседi. Балабақшадан қайтарда өз қатарластарын әкелерi алып кетiп жатқанын көрген балдырған iштей әкесiн аңсайды. Сол сағыныш оның жүрегiнде көпке дейiн сақталатын болады. Өсе келе анасының жай-күйiн әкесiнен бұрын түсiнiп, қас-қабағынан бәрiн ұға қояды. Шешесiн ренжiткiсi келмей, жасөспiрiм шақта туындаған түйткiлдерiн айтуға да асықпайды. Болашағы тағы да шеше тәрбиесiне келiп тiреледi: егер баласына әкесiнiң абыройын асқақтатып отырса, онда балаңызға үлгi бола аласыз. Ал, егер басқалай болса, онда ұлыңыздың ынжық болып өсуiне, қызыңыздың махаббатта жолы болмауына бiр себепшi өзiңiз дей берiңiз.

Мiнсiз әке
Бұндай ер-азамат қашанда отбасын ойлайды, отбасы үшiн отбасында өмiр сүредi. Балабақшадан да, мектептен де баланы алып кетудi ар көрмейдi. Тәрбиешiлер мен мұғалiмдер де оқушысының мәселесiн тек шешесiмен емес, әкесiмен де талқылай алатынын бiледi. Мiнсiз еркекке әйелi мен баласына қажеттiнiң бәрiн түсiне қоятындарды жатқызады мамандар. Барлық ой-пiкiрiн iште сақтамай, отбасымен бөлiсiп, түйiнiн бiрге шешуге тырысады. Мiнсiз әке тек қана мейiрiмдi, қамқор жан емес, сонымен қатар, талапқойғыш, әдiл келедi. Ол баланы шектен тыс еркелетпейдi, тәрбиелейдi. Үй шаруасына да көмек қолын созуға даярлығын байқата отырып, ұл-қызын еңбексүйгiштiкке баулиды. Оны балалар да жақсы көредi. Құпиялары мен жаңалықтарын анасына емес, әкесiне бiрiншi айтқысы келiп тұрады. Бұндай отбасында өскен ұландар өздерiн бiр топтың мүшесi сезiнгендiктен, ашықжарқын, көпшiл келедi. Жасөспiрiм шақта бiр-бiрiне жәрдем беруге даяр тұрса, өмiрден өз орындарын тапқан соң да бауырмалдығын жоймайды. Олар қандай қиындық болса да, артында қолдап-қоршайтын сүйеуi – отбасы барын анық бiледi де, бойкүйездiкке салына бермейдi. Өз отбасын да сәттi құру мүмкiндiгi мол.

«Тәуелдi» әке
Өздерi әлi бала сынды. Бiр шаңырақтың қожайыны екендiгiн түсiнгiсi келмейдi. Олар «билеушi-әйелдiң» жетегiнде өскен немесе отбасында шектен тыс еркелеп өскен ұлдардан шығады. Отағасы атанып отырғанына қарамастан, өз шешесiнiң айтқанымен жүредi. Ол аздай, өзi шешiм шығарудан қашып, жауапкершiлiктi әйелiне арта салады. Ал, әйел уақыт өте келе мойнына артылған жауапкершiлiктен шаршайды да, ерлi-зайыптылар бiр-бiрiнен суына бастайды.
Кiшкентай кезiнде балалары уақытын әкесiмен өткiзгенге мәз болады. Өйткенi, ойынды жаны сүйетiн ересекпен ойнау да қызықты. Ал, есейе келе сыйлауды ұмытады. Бала бәрiн көрiп, бiлiп, iшкi түйсiгiмен сезiп өседi. Әкенiң отбасындағы орны төмен екендiгiн бiлген соң шешесiнен естiген айыптау, даттау сөздердi әкесiне қарша боратады. Ал, ақша сұрайтындай қажет кезде мақтауын асырады. Ақыл тоқтатқан соң әкелерiн аяуға көшедi. Көңiлдi, бетiнен қақпайтын, тек әлсiз әкелерiне түсiнiстiкпен қарауға тырысады. Бұндай отбасында өскен жеткiншектердiң бойында көбiне әке-шешелерiне деген қарама-қайшы мiнез қалыптасып, кейiн өздерi мiнсiз ата-ана атанады екен.

«Көрермен» әке
Бұл еркектi бiр қарағанда нағыз отағасы деуге болар, отбасында соңғы сөздi сол айтады. Билiк өз қолында. Ақылды, түрi де келiстi, қаржылық жағдайы да тұрақты. Әйелi бар шаруаны бiтiрiп отырса да, ерiнiң аузына қарайды. Өйткенi, бұндай еркектер жар таңдағанда өзiне аузын ашып, көзiн жұмып тамсанып қарап отыратын, мансапқұмарлықтан ада қыз-келiншектердi таңдайды. Үйi жинаулы, кiрi жуулы, балалары тоқ, ерiне адал. Еркекке одан өзге не керек? Ал, отағасы баласын тентектiгi үшiн жазалауды, оқуын қадағалауды ұмытпайды. Анда-санда болсын қыдыртып тұрады. Сырттай қарағанда бақытты отбасы. Тек әйелiнiң ғана көңiлiнде қаяу болуы мүмкiн.
Ал, балақайлары әйел мен еркектiң қарым-қабiлетiн айыра бiлетiн боп өседi. Қызы әкесiмен мақтанады. Болашақта дәл әкесiндей серiк iздейтiн болады. Ал, ұлдар әкесiнiң қалауынан шығуға талпынады. Мысалы: «Мен домбыра тарта алмадым, ұлым үйренсiн», – деп, өз қалауын iстетедi. Ұлының талғамын сұрап жатпайды, шешесi де үндемей қалады. Сөйтiп, баласы амалсыз әке тiлегiн орындау үшiн ғана өмiр сүредi. Әйткенмен, ержеткен соң әкесiнiң құрығынан құтылып, өз дегенiн iстеуi мүмкiн.

«Билеушi» әке
Олар тек қамшысын ала жүгiретiн қатал әкелер емес. Бұлардың қатарына мiнезi қатқыл, өз дегенiнен қайтпайтын, дұрыс-бұрыстығын бағамдап жатпастан, тек «еркектiкi жөн» деген ұстанымды нық ұстайтын ерлердi жатқызады психологтар. Олар қатаң тәртiптi сүйедi. Тiптi махаббаттың өзiн ережеге бағындырғысы келедi. «Некелестiк, ендi сен менiкiсiң, маған лайықты бол», – деп шарт қояды. Бұған төзбейтiн әйел баласын алып, ажырасып жатады. Тәртiпсүйгiш әке сонда да бала тәрбиесiне аралысқысы келедi. Өйткенi, өзiнiкi ғой. Бұндай жағдайда ортадағы бала «арқан тартыс» ойынындағы арқанның кебiн киедi, кiм күштi, соның тәрбиесiн бойға сiңiредi.
Ал, ендi бiр шаңырақ астында тұрып жатса, «дұрыс қарамадың» деп әйелiнiң миын жегенiмен, балаларының перiште күйiн көрiп, оларға ыстық ықыласпен қарайды. Ал, әлемдi тани бастағанда өз тұяғымен бiрге қыдырып, көп нәрсе көрсеткiсi келедi.
Әкенiң бұндай бiржақты тәрбиесiн көрген құлыншақтар өскенде өмiрге де басқаша көзбен қарайды. Әр нәрседен күдiктенiп, «былай тұрған жоқ, не болды екен?» деген тәрiздi сұрақтардың жетегiнде болады. Жүйкесi жұқаруы да ғажап емес. Ақырында кейбiрi жалғыздықтан жапа шексе, ендi бiрi бүлiкшiл болады, ендi бiр тобы әкенiң айтқанына бағынам деп жүрiп жылмақай, жағымпаз болып қалыптасады.
Ойланып көрiңiзшi, сiз қайсысына жатасыз? Артыңыздан ерген ұрпағыңыз бақытты болсын десеңiз, тәрбие беруде қателiк жiбермеуге тырысыңыз.
Шалқар.
2015 жыл

Сізге де ұнауы мүмкін

Махаббатты аңсау
Әншi Қарақат Әбiлдина: «Өзім екі жаққа бірдеймін»

Автор

Меню