Көздегенiң көз жасым ба едi?…
Алғаш сенiң бетiңдi қайтарғанымда, сен үн-түнсiз жоғалып кеткен едiң. Мен де елегiзiп iздей қоймадым. Араға айлар салып, тағы да келдiң. Ол кезде де жарытып жауап бермедiм. Тағы да уақыт… Соңғы кездерi жаным жабырқап, жалғызсырап жүргесiн бе, сенi ойлай беретiн болдым. Саған хабарласқым келдi. Бiрақ, нөмiрiң жоқ, өшiрiп тастаған едiм. Әлеуметтiк желiден сенi iздеп, халiңдi сұрап, хат жаздым. Дәл сол күнi кешқұрым сен хабарластың. Бiрақ, желiдегi хатты оқымапсың. Не деген сәйкестiк?!
Қытымыр қыстың күйбеңi шаршатты ма, әлде сенi шынымен сағынғаным ба, кiм бiлсiн?! Бар түсiнгенiм сенiң хаттарың, сенiң сөздерiң жабырқау көңiлiме сая болды. Өзге жанмен көңiл қосқаныңды, бiрақ, дос болып араласқың келетiнiн айттың. Алғашында мән бере қоймағаныммен, кейiннен бойымды бiр түрлi қызғаныш биледi. Бiр шетiнен сене қоймадым да. Күнде өзiңмен тiлдесудi асыға күтемiн. Жазған хаттарыңды мың қайтара оқып шығамын. Оқып отырып ессiз адамдай күлемiн. Сен менiмен кездескiң келетiнiн айтқанда менiң қуанышымда шек болмады. Мен театрға барғым келетiнiн айттым.
Қойылымнан шыққан соң, «Жаныма хабарласайыншы», – деп қызыңа телефон соқтың. Ал, мен… Жанымды қоярға жер таппай кеттiм. Маған айтатын жылы сөздерiң ендi өзге жанға арналмақ. Көлiктен түсiп, жалғыз кеткiм келдi. Олай етсем, ақымақ болып көрiнетiнiм анық едi. Өзiмдi-өзiм зорға қолға алдым.
Қызың бар екенiне көзiмдi жеткiзсем де, сенiң хабарласқаныңды асыға күтетiнмiн. Бiрде маған сүйетiнiңдi айтып хат жаздың. Мен не күлерiмдi, не жыларымды бiлмедiм. Қой, бiз доспыз дей бердiм.
– Сүйiп тұрып, дос болған қиын екен. Бұдан былай не жүрейiк, не айырылысайық. Мен шыдай алмаймын, – дедiң хатыңда.
– Ал, қызың не болмақ? – дедiм.
– Ол бәрiн де бiледi, түсiнедi, – дедiң сендiре.
Мен бiр шетiнен қуанып та тұрмын, бiр шетiнен әлгi қызды аяп кеттiм де. Бiрақ, бiреу өлмей, бiреуге күн жоқ. Өзгенiң бақыты үшiн өз бақытымнан бас тарта алмаймын ғой! Не де болса, нар тәуекел деп, келiстiм. Жанымда сен болмасаң да, бойымды белгiсiз сезiм биледi. Оны сөзбен айтып жеткiзу мүмкiн емес. Бұрын-соңды жiгiтпен шынайы жүрмегесiн бе, кiм бiлсiн?! Бiр түрлi бойыма жат, өзгеше сезiм. Ол – менiң де ендi арқа сүйерiм бар, мен де теңiмдi таптым деген сезiм болар. Әзiрге бұл сезiмге теңеу, ат қойып үлгермедiм. Бiрер минуттан соң хат келiп тұр. «Бiр нәрсе айтсам ренжiмейсiң бе? Жаңағы сөздерiм ойын болатын», – деп. Төбемнен бiреу мұздай су құйып жiбергендей болды. Есiмдi жия алмай, ұзақ жауап бермесем керек, сен телефон соқтың.
– Досым, саған не болған? Бiз жәй ғана дос боламыз деп келiспеп пе едiк? Ойын түсiнбейтiн болыпсың ғой! – дедiң менi сынай. Өлердей ұялдым. Не дерiмдi, қандай көзқарас танытарымды бiлмедiм.
– Ой, осылай да адам ойнай ма екен?! – дедiм наздана, еркелеген күйi. Маған бәрiбiр деген сыңай танытқым-ақ келiп тұр. Мүмкiн дауысымнан сезiлген де болар, бiрақ iшiм алай-дүлей. «Ренжiме, ренжiме» дей бердiң.
Өзiмдi сондай бейшара сезiндiм. Осы қылығың үшiн сөйлеспей кеткiм-ақ келдi, бiрақ өзiмдi қор етiп көрсеткiм жоқ. Өзiң де түсiнген боларсың, менi аяғандай қайта-қайта хабарласып, Медеуге шақырдың. Мың сылтау айтып баққаныммен келiспеуге шамам келмедi, ақыры көндiрдiң.
Мен құрбыммен шықсам, сен досың мен қызыңды ертiп келiпсiң. Не дерiмдi бiлмей абдырап қалдым. «Не үшiн шықтым? Iздегенiм осы ма едi?» — деп өзiмдi iштей жазғырып келемiн. Сенiң көзiң менде. Қайтер екен дегенiң бе?.. Түк болмағандай кейiп танытып, барынша көңiлдi жүруге тырысып келемiн. Қырсық болғанда тiптi күле де алмаймын, жымиысым да сондай жасанды. Тезiрек кеткiм келдi ол жерден. Сендер қол ұстасып сырғанақ тептiңдер, мен… мейiлiнше сендерден алыс жүруге тырыстым. Көзiме көрiнбеулерiңдi тiледiм. Кейiн, үйге жеткесiн… жыладым… иә, жыладым. Сенiң көздегенiң осы ма едi? Дегенiңе жеттiң! Бiрақ, сенiң алдыңда емес!
Хош…
Қажыған көңiл сенi күте-күте сарғаюға айналды. Мазам жоқ… Үйде отырғым келмейдi. Әлдекiмдi тосқан, ала көңiл адамға ұқсаймын. Бiрақ сен келмейсiң! Соншалықты жiпсiз байлайтындай не құдiретiң бар екен?!
Алғаш көргенiмде өзiңе осынша көңiлiм ауып, сезiмiм тым тереңдеп кетерiн белсемшi… Онда сен жүрген жерлерге мүлде аяқ баспай, сен жазған хаттарға мән бермей, бәрiн санамнан өшiрiп отырар ма едiм? Әттең… Ол мүмкiн емес. Бәлкiм, менiң жүрегiмдегi махаббат дертiнiң меңдей түсуiне өзiң себепкер шығарсың?! Күнделiктi хабарласып, хал-жайымды, көңiл-күйiмдi сұрап, хат та жазып, телефон да соғып тұратын ең. Қазiр соның бiрi болмағандай, тек менiң қиялымда болған секiлдi. Тiптi, өзiм де сенбеймiн.
Кейiн хабарсыз кеттiң. Ара-тұра бiр жазсаң төбем көкке жеткендей қуанатынды шығардым. Күндiз-түнi сенен хат күтiп телефоныма үңiлумен боламын. Кейде ақыры хабарласпай қойсаң өзiм iздеп, өзiм жазатын ем. Саған бәрiбiр секiлдi, кейде соншалықты суық жауап бергенiң жаныма аяздай бататын. Әр сөздi мың қайтара оқып, астар iздеп, жоқ жерден таусылып, түңiлiп жатқаның. Кей сәттерде менiмен сондай жылы, махаббатпен сөйлескенiңде әне-мiне, бүгiн-ертең менi iздеп келетiндей көрiнетiнсiң. Бiрақ бұл әдемi әсердiң ұзаққа созылған күнi болған емес. Бiр аптадан соң бұрынғы қалпыңа қайта енесiң. Бұл ойын ба, ысып-суынған сезiм бе?
Желiде сенiң әрбiр қимылыңды аңдып, телефоныма үңiлумен, жолыңды сағына күтумен жүргенiме, болымсыз сағым қуып, үмiттенгенiме бiр жылға да жуықтапты. Мен саған өкпелемеймiн. Керiсiнше алғысым шексiз, осындай сезiмдi басымнан өткерткенiң үшiн, нағыз махаббатты сезiнткенiң үшiн. Сенi кезiктiрмегенiмде жәй ғана ұнату мен шынайы сүюдiң не екенiн бiлмей өтер ме ем?! Сенiң де маған өкпең жоқ деп ойлаймын. Сенiмен бiрге болу үшiн қолымнан келгендi аянып қалмадым. Тiптi, алғашқы болып сезiмiмдi де бiлдiрдiм, кездесуге де шақырдым, iздедiм. Қыз бола тұра осындай қадамға бару мен үшiн қандай қиын болғанын бiлесiң бе? Сен үшiн ештеңеге татымайтын да шығар, бiрақ мен бұл қадамдарды өмiрiмде алғаш және соңғы рет жасадым.
Егер маған деген көңiлiң суық болса, сол кезде-ақ айтқаныңда ғой… Жоқ. Сен кейiнге ысырып, жылы жауып қойдың. Мүмкiн, ұнатқан адамың бар шығар… Мен екiншi кезектегi адам болармын сен үшiн. Не алыстатпайсың, не жақындатпайсың. Ұмытуға айналғанда қайта пайда боласың. Санамда жауабын таппаған сансыз «Негелер» самсап тұр. Жауабын беретiн – сен. Бiрақ қазiр ол маңызын жоғалтқан секiлдi.
Әрбiр басталған iстiң соңы болады. Ал, махаббаттың соңы жоқ, шексiз деп ойлайтын едiм. Бекер екен. Лаулап жанған махаббатың да сөнетiн кезi болатынын түсiндiм. Тек терең көңiл түкпiрiнде ғана болмашы шоқтар өткен күннiң белгiсi ретiнде қалып, кездескен кезде ғана өзiнiң бар екендiгiнен хабар берiп, қайта ғайып болады. Иә, елеусiз кемiтiлiп сезiм де сөнуге айналды. Осындай болымсыз үмiттiң өлеусiреп жанған шырағын медеу көрiп өткерген күндерiм артта қалды. Әманда келем деген бiреудi күтiп отырған адамша елегiзген күндер де өткен шақта.
Сен туралы әңгiме қозғалып жатыр, бiрақ неге екенiн бiлмеймiн, жүрегiм туламайды. «Айбар» деген жалғыз ауыз сөздi естiгенде өрекпи жөнелетiн көңiл шiркiн тып-тыныш. Ұмытып келем, дертiмнен айығып келем.
Сенi көрдiм. Бұрын iздегенде, сағынғанда мүлде жолымыз тоғыспайтын едi, өмiр неткен кереғар?! Ештеңе болмағандай, жәй ғана таныстарша сөйлестiң. Ойымдағы бiтпейтiн «Негелерге» жауап алғым келдi. Баяғы ұяңдықтың салқыны соқты ма, сұрай алмадым. Сұрайын дегенiм көңiлiмде кеттi…
Саған арналып басталған күнделiктiң соңғы бетi… сен деп соққан жүректiң соңғы тулауы, сен деп аққан жастың соңғы тамшысы… сен деп өрекпiген сезiмнiң соңғы демi… хош… Мен жаңа күнделiк бастамақпын. Саған деген сезiм де, сағыныш та, өкiнiш те, үмiт те өткен күнделiкте қалсын. Мен саған бақыт тiлеймiн!
Таңшолпан Ақмырза