Желіде танылған Оразбай: «Аяқасты аспаз болдым»

Оразбай Сәрсенбайұлы – желiде танылған жастардың бiрi. Түркiстан облысы, Мақтаарал ауданы, Ш.Дiлдабеков ауылдық округiнде туған. Жасы 24-те. Қазiр Астана қаласының тұрғыны. Аспаз-кондитер. Еңбек өтiлi 7 жыл. Қазақ Ұлттық Өнер университетiнiң түлегi. Киносыншы. Әуесқой әншi. Инстаграм әлеуметтiк желiсiнде парақшасын (@qqonyratt) ашып, өз жұмысынан видео түсiрiп жүктеп, бүгiнде 65 мыңға жуық жазылушыларына ас пiсiрудiң қыр-сырын көрсетiп, рецепт жазуымен қатар, ән салып, би билей жүрiп, әдемi көңiл-күй сыйлай бiледi. Айтпақшы, аспаз жiгiттiң ұстанымы – көңiлдi адамның қолынан дәмдi ас шығады. Бiз кондитер-киносыншының өзiмен тiлдескен едiк.

– Оразбай, қазiр әлеуметтiк желiдегi танымал жастардың бiрiсiң. Парақшаңның оқырманы да күн сайын артып келедi. Мұның бәрi қалай басталды?
– Өткен жылы инстаграмға ән айтып тұрған бiр видеомды жүктеген болатынмын. Сол сәтте-ақ оны көптеген танымал пабликтер өздерiне жариялап, сол арқылы таныла бастадым.
– Бiр күнде бiр жазбасымен-ақ танылғандар бар…
– Менiң танылуым бiртiндеп басталды. Алғашқы видеоның көпшiлiкке ұнап, қызығушылық танытқанын байқаған соң, артынша тағы да вайн түсiрiп, көпшiлiкке ұсындым. Қазiр оларды тек елiмiзде ғана емес, Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей елдерiндегi танымал топтар да жариялап жүр.
Осы танымалдылыққа қол жеткiзбей тұрған кезде жай ғана фото жүктеп қоюдан аспайтынмын. Ал, соңғы жарты жылда әлеуметтiк желiге ерекше қызығушылығым артқаны рас.
– Негiзгi мамандығың киносыншы екен. Қазiр аспаз-кондитерсiң. Бұл салаға қалай келгенiң бiздi қызықтырады…
– Мектеп бiтiрген жылы ЖОО-ға түсуге ҰБТ-дан жинаған балым жетпедi. Не де болса, тәуекел деп, жұмыс iздеп қазiргi Нұр-Сұлтан қаласына келдiм. Бұл 2012 жыл едi, ал, жасым 17-де. Әлбетте, менi мұнда жылы, жайлы, айлығы тәуiр жұмыс күтiп тұрған жоқ едi. Құрылыста таңғы сағат 8.00 мен 20.00 арасында әртүрлi жұмыстарды талғамай iстедiм. Құрылыс алаңындағы жұмыстардың денi ауыр. Пәтер жалдап тұрамын. Күнiне еңбегiме алатыным 3000 теңге. Бiрде қатты сырқаттанып, жұмысқа да шыға алмай қалдым. Уақыт өте жанашыр жандардың кеңесiмен ауыр жұмыстан бас тартып, наубайханашы апайдың жанына көмекшi болып жұмысқа орналастым. Шыны керек, қолымнан бал тамған аспаз емес едiм. Әртүрлi тамақтар жасап та көрмегенмiн. Басыма түскен соң бәрiн уақыт өте үйренiп, тәжiрибе жинаумен келдi. Жұмысты жылдам, тиянақты жасағанымның арқасында басшылық та менi жақсы қабылдады. Ұжымыммен жақсы тiл табыстым, ауызбiршiлiгiмiз жоғары.
– Қандай ас түрлерiн пiсiргендi жақсы көресiң?
– Менiң асханадағы негiзгi жұмысым –­­­ наубайшы. Сондықтан қамырмен көп жұмыс жасаймын. Сүйiп iстейтiн тағамым – пицца. Жасалуы өте оңай, әрi тез.
– Айтпақшы, Оразбай, парақшаңа жазылушылардың көзқарасы қалай? Құптай ма, әлде ерсi iс деп пiкiр жазушылар көп пе? «Суперпапа Серiктiң» де асүйде көп уақыт өткiзетiнiн алғашында жiгiттер жағы қабылдай қоймаған едi…
– Бұл жағынан жаман пiкiрлер жазғанын байқамадым. Көзқарастары оң. «Көше кезiп жүргенше адал еңбекпен ақша тауып жүрген баласың. Жарайсың!» деп қолдап жататындар өте көп. Оқырмандарымның басым бөлiгi менi өздерiнiң балаларына үлгi ететiндерiн айтып, жекеме хат жазып жатады. Мен оған қуанып қаламын.
– Экранның арғы жағынан көргенiмiздей, шынайы өмiрде де көңiлдi жiгiтсiң бе?
– Иә, дәл солай өмiрде де көңiлдi жүремiн.
– Арман-мақсаттарыңмен бөлiссең.
– Арман-мақсатым өте көп. Қазiргi мобилдiлiктi талап ететiн заманда өмiр сүрiп жатқандықтан бiр уақытта бiрнеше iспен айналыспасаң болмайды. Қолды бос жiберiп, «алма пiс, аузыма түс» деп отыра берсең, аш қаласың, тiптi қаңғып кетесiң. Әрекетте берекет бар! Қандай жағдай болмасын, қолыңнан келiп тұрған жұмыспен айналыса берген дұрыс екенiне көзiм жеттi. Жұмыс таңдап, атақ пен мансапты бiрден келе қояр деп отырсаң көштiң артында қаласың. Ең бастысы – наныңды адал жолмен тапсаң, соның өзi бақыт! Аллаға шүкiр, денсаулығым жақсы, жұмысым бар, көзiм ашық. Бұдан артық адамға не керек?! Ендi бiр тамаша жар болар бойжеткенмен болашағымды байланыстырғым келедi.
Лаура Қуандыққызы
2019 жыл

Сізге де ұнауы мүмкін

«ОРЫС БАТЫР»
Ватсаптағы шатасу

Автор

Меню