Ватсаптағы шатасу

Ватсаптағы қыздар группасында қызу талқылау. Бүгiнгi әңгiме тақырыбы – бiр құрбымыздың қайынатасының «шатасуы».
– Өлә, қыздар, мен бүгiн бiр қызық айтайын. Бүкiл әулет мүшелерi тiркелген тобымызға таңғы 7 жарымда «Жаным, сүйемiн, бүгiн бара алмаймын» деген хабарлама келiп түстi. Хабарламаны жазған – қайынатам. Кемпiрiне жазбағаны анық. Бiрақ, қайта өшiру функциясын бiлмесе керек, бала-шаға түгел оқығанша тұра бередi. Не керек, енем ғана емес, бәрiмiз мән-жайды бiрден ұқтық. Ендi ата-енемiздiң бетiне қалай қараймыз деп келiндерi бiз ұялып отырмыз, – деп әңгiме бастады.
Сол-ақ екен, топтағы қыз-қырқындар да шу ете қалды.
– Атаң неше жаста? Кемпiрi қаншада? Ендi не болады?
– Қайынатаң кезiнде серi жiгiт болған ғой…
– Жетпiстегi шалда қайбiр көңiлдес дейсiң. Қызмет еткен, қалтасы қалың шалды пайдаланып жүрген бiр шүйкебас табылады ғой қашан да.
– Е, жоға, еркек шiркiндер мәңгiлiк жас боп қала беретiн сияқты.
– Ең бастысы – махаббат! Қатырады шалдар. «Жаным» деп несi бар десеңшi.
– Апамызға обал болған екен.
– Осы ватсап дегеннiң бiр жаман жерi осы. Админ кiм едi? Бiрден группаны таратып жiберсе, ешкiм ештеңе бiлмей қалатын едi.
– Ендi жетпiске келгенде шал-кемпiр ажыраспайтын шығар.
– Ажыраспайды ғой, тек бала-шаға алдында абыройдан айырылғаны болмаса. Көзi дұрыс көрмей, шатасып жiберген.
– Аташка өзiн-өзi ұстап берiптi. Смс жазғанша звондай салмады ма екен? Ол шалдарың дәрi iшiп қуаттанып алады. Сосын жас қыз iздеп кетедi.
– Шыдамай кеткен ғой, әйтпесе, таң атпай хат жаза ма оған…
– Барлық еркек қыдырады. Әйтеуiр, әйелiне бiлдiрмей, отбасын тастамаса болды да. Тастап кетiп жатқандар да бар.
– Тастамайды. Керiсiнше, қос-қостан жасырын ұстау сәндi сияқты қазiр.
– Егер күйеуiң саған себепсiз тиiсiп, әшейiнде iшiп жүрген тамағыңды аяқасты ұнатпай, үстiңе кигенiңдi жақтырмай, әйтеуiр, тырнақ астынан кiр iздей бастаса, бiреуi бар деп ойлай бер.
– Жасырын жүрiстен бала саны да, адам саны да көбейедi екен де.
– Абысындарым күйеулерiне сенбей, бiр бағдарлама орнатып алыпты ұялы телефондарына. Күйеулерiнiң қайда жүргендерiн, кiммен не жайында сөйлескендерiн бiлiп отырады. Бiрақ, солардың бәрi күйеулерiнiң хабарламаларын оқыған соң шеттерiнен жүйкелерi тозып, аурухана төсегiнен бiр-ақ шығып жатыр.
– Иә, менiң де бiр абысыным ауруханада неврологияда жатыр. Күйеуi көңiлдесiне үй алып берiптi, бiр ұлы бар екен. Ендi бiлген.
– Бiздiң бiр танысымыз 70 жасында кемпiрiмен заңды түрде ажырасып, 26 жастағы қызды алыпты.
– Екi әйел алудың сыры еркектiң денсаулығына байланысты. Еркек әлсiз болса, сырттан қатын iздемейдi. Демек, ақшадан басқа денсаулық та бар деген сөз.
– Бiздiң атамыз да сол, аттай боп, қылтылдап тұр.
– Еркектер оңбаған, и-и. Қанша жасқа келсе де, қақпастықтарын қоймайды. Көбiсiнiң денсаулық жағдайы болмай қалады. Әйтпесе, өлгенше құтырады бұлар.
– Баяғыда тұрмысқа шыққан келiншек бiраз уақыттан кейiн «әйел ретiнде мен мынаған шыдас бере алмаймын, екiншi әйел әперуге келiсемiн», – дептi. Екiншi әйелi де бiраз уақыттан кейiн сол сөздi айтып, «үшiншiсiн әперейiк» дептi. Сонда енесi: «аяғын жұқартыңдар, табанынан сыз өтсе, еркек те, әйел де әлсiрей бастайды» деген екен. Сол айтпақшы, атаңның денсаулығына разы боп отырмын. Ол кiсiге екiншi әйел әперулерiң керек әрбiрден кейiн.
– Ой, шалдарың қайбiр жатады дейсiң. Ақшасы болған соң қыздар жабыса бередi. Жас иiстiң қасында жатқанына мәз. Ал, қыздар шалдың қалтасын қаққанға мәз.
– Жалға бiр күнге пәтер берiп жүрген қызбен сөйлескенiм бар едi. Естiгенiм, бiр шал аптасына бiр рет мiндеттi түрде әртүрлi қызбен қонады екен.
– Ал, мен жасы 50-ден асқан соң дәрi iшiп күндерiн көрiп жүрген еркектердi бiлемiн.
– Бiздiң ауылда бiр еркек 60-тан асып үйленiп, екi бала таптырған. Әркiмде әрқалай шығар ендi. Қалта қалың болса, денсаулық та зың болатын заман ғой қазiр…
Күнi бойы әңгiмеге арқау болған осы бiр тақырып ықылым заманнан жалғасып келе жатқаны жасырын емес. Көбiне еркек әйелiнiң көзiне шөп салады. Көп әйел оған көз жұма қарап, кешiредi. Өйткенi, ақ некесi былғанса да, бұзылмағанын қалайды. Ал, егер әйел шөп салса, еркек ше? Әй, кешiре қоймайды… Еркек түгiлi әйелдiң өзi өз қателiгiн кешiре алар ма екен? Бiрақ, «бес саусақ бiрдей емес». Күйеуiн жазғырып, көңiл хошын iздеп жүрген келiншектер де баршылық. Бұл жайында әңгiме басқа.
Шалқар

Сізге де ұнауы мүмкін

Желіде танылған Оразбай: «Аяқасты аспаз болдым»
Айгүл Тәти, «Астана Балет» театрының қоюшы-балетмейстерi, ҚР Еңбек сiңiрген қайраткерi: «… Әртістер сахна таңдамайтын»

Автор

Меню