Жас әке-аналар арасындағы әңгiме: Бала тәрбиесi – үш жастан соң тым кеш пе?
Айсәуле: Сiздермен ақылдасайын деп едiм. Бала бағу туралы көбiне әлi үйленбегендер ақыл айтады ғой. Ал баласы барлардың үндемей құтылатындығы мына ғасырда бала бағудың шынымен қиындығында шығар…үлкен кiсiлердiң бiразы: «қатаң болу керек, қатаңдықтан жаман болған жоқпыз», десе, ендi бiреулер белгiлi бiр жасқа дейiн еркiн жiберу керектiгiн алға тартады. Интернетте дарынды, өнертапқыш жандардың бәрi жасында еркiн, бұзық болғанын, қалағанын iстегенiн жазады. Американың балаға қатысты ақпараттарын шолсам, баланы еркелеткен сайын ми қыртысы жақсы дамиды дептi. Сiздер қалай тәрбиелеп жатырсыздар? Баланы ұру керек пе? Ұрсасыздар ма? 5 жасқа дейiн патшаңдай көр деген қаншалықты дұрыс?
Айдос: Масару Ибукидiң «После трех уже поздно» деген кiтабы бар. Сол кiтапта көп нәрсе жазылған.
Айсәуле: Ия, ол кiтапта 3 жасқа дейiн кәдiмгiдей отырып, дайындалу керек сияқты жазған. Маған қызығы, солардың бәрi бiздiң менталитетке келе ме? Тiптi, ұрыспау керек дейдi ғой.
Мөлдiр: Өз басым баламды қанша жерден жақсы көрсем де қатты еркелеткен жоқпын. Бес жасқа дейiн «Тәйт!» деп өсiрдiм. Алты жасында медресеге бердiм. Аллаһтың қолдауымен намазға жықтым. Әлхамдулиллаһ! Әлi күнге үй шаруасына жұмсаймын. Керегi боп қалар, әскерге барса жыртығын жамауды, iссапарда болса тамағын жасап жесiн деп үйреттiм.
Айдос: Исламда, бала жатырдан тәрбиеленуi керек деген ғой. Ислам мемлекеттерiн алмағанда Жапония, Кореяда жатырдан тәрбиелеу курстары, арнайы дәстүрi қалыптасқан. Бiрақ ол мемлекеттерде 5 жасқа дейiн бала тәрбиелемейдi деген стереотип қалыптасқан. Бiраз жасқа дейiн еркiн жiберу керек деген қате секiлдi. Балаға ұрыспай, көп нәрсенi үйретуге, тәрбиелеуге болады. Өзiм солай тәрбиелеп отырмын.
Нұрмұхамед: Менде қарсы сұрақ бар. Еврей, жапон, француз тәжiрибесiн үлгi етiп жатады. Алайда, жасы 2-ге толмаған екi бала екi жақтан айқайлап, жылағанда, сол шет елдiк тәрбие методологиясы iстей ме екен? Өз тәжiрибемде әлi нәтиже бермей жатыр.
Лаура: Соны айтамын мен де. Бiр ай, бiржарым жас, үш жастағы үш балаға қай елдiң әдiс-тәсiлiн қолдансам екен. Мен әлi бас қатырып жүрмiн. Үш бала жүйкемдi жүндей түткенде, өзiме тән методологияны iске қосамын.
Айдос: Бала барлық әлемде бiр бала. Екi жастағы балада дiн де, дәстүр де жоқ. Бiрақ, өзiндiк психикасы бiр. Өзге мемлекеттер мен ұлттардан жақсы тәжiрибелер алсақ, ұтамыз.
Айсәуле: Балаларымды өзiммен тең ұстағым келедi. Бiрақ 4-ке толған баланың есiнде тек ұрыс естiген кездерi қала бередi екен. «Өздерiң маған ұрыса бересiңдер!» дегенде, кәдiмгiдей жүрегiң ауырып қалады. Ал, 3 жасқа дейiнгi бәрiн тез ұмытады.
Айдос: Айсәуле, сол үшiн 3 жас өте маңызды.
Айнұр: Бала өскен сайын қиын екен. Ұрсу тұрмақ, ақыл айта алмайсың. Өзiңе үйретедi. Бiлмегенiн сұрайды, мен дұрыс жауап беруге тырысамын. Көбiнде өзiне жауапкершiлiк артамын. «Оқысаң оқы, оқымасаң қой. Оқымасаң да адам боласың. Бiрақ ақшасыз, бiлiмсiз, төмен адам боласың» деп айтып қоямын. Сөйте тұра армандары сұмдық. «Бес қызметшiм болады. Өзiм аспалы төсекте тербелiп жатамын» дейтiнiн қайтесiң. Әзiрге осы. Қазiр алдымен өзiмдi тәрбиелеуге тырысамын.
Айсәуле: Кей ақпараттар көп мотивация беруге үндейдi: «сен мықтысың. Сен! Сен!» деген сыңайда. Ал басқа бiр жерде бұл тәсiл баланың өзiндiк менiн өсiрiп жiбередi де, кейiн сырттан ондай баға болмаса дискомфортқа түсiредi дейдi.
Айнұр Т: Өзiмiздiң балалық шақты еске алайықшы. Менi үлкендердiң бiреуiнiң ұрғаны есiмде жоқ. Ал мен өте тентек болдым. Бәлкiм, бiз қазiр өзiмiзге көп мақсат қойып, қажып, жүйкемiз жұқарып жүр ме деп ойлаймын. Бiрақ, бiздiң балалық шақ та оңай кезеңде өтпедi ғой. Кеңес өкiметi құлап жатты. Мұғалiмдер жарты жылдап айлық ала алмай жүретiн. Жарық өшiп қала беретiн. Осының бәрi неге бiздiң әке-шешемiздiң жүйкесiн жұқартпаған? Менiңше, бала өзi қызығатын нәрсеге қолы жетпейiнше мазасыз бола бередi. Одан соң үлкендердiң назарында болғанды ұнататын балалар да бар. Олар сен басқа нәрсеге, тiрлiкке назар аударып кетсең, мiндеттi түрде бiр нәрсенi бүлдiредi. Солай өзiне назар аудартады. Ал бүлдiргенi үшiн бiз жазасын беруге асығып жатамыз. Баланың үш жастағы дағдарысы туралы анамнан сұқбат алып (ол балалар психологы), жазып едiм. Оның айтуынша, сол кезеңдi әке-ана жауапкершiлiкпен өткерсе, ол келiсiмге келуге, айтқан тiлдi алуға дағдылана бастайды.
Лаура: Кеше бiр жерден мынаны оқып, әбден күлдiм: «Қазақтар ғана жылаған баланы ұрып тыныштандырады». Iшкi ойым еркелетiп өсiруге қарсы. Өйткенi, айналамдағы ерке өскен бiрнеше бауырларымның бүгiнгi халi қиын. Еркелiк есiртiп жiбердi ме деп ойлаймын. Ақылды тентектер емес қой бәрi.
Айнұр Т: Қазақ та баласын еркiн тәрбиелеген. Әсiресе, шал мен кемпiрдiң баласы еркiн өскен. Егер үйде екi бала болып, ол екеуi бiр ойыншыққа таласып, бiрiнiң iсiне бiрiнiң көңiлi толмай, қиқарлық танытса, оған қуану керек. Әрине, оңай емес. Бiрақ ол екеуiнiң де өзiндiк көзқарасы бар деген сөз. Бiрiнiң ығына бiрi жығылмайды. Ал өсе келе үлкенi кiшiсiн сыйлауы тиiс екенiн түсiндiруге болады.
Гүлшат: Бала тәрбиесi туралы ойланып-ойланып, балабақшаға бермеудi шештiк. 3 ай барды: 1. Ашуланшақ. 2. Жалтақ. 3. Орысша араластырып, шала сөйлейтiн болды. Мысалы, «Мама, мен красавицамын, иә!» т.б. Теледидарды уақытпен көрсетемiз, интернетке рұқсатпен отырады, қателессе әңгiмелесiп түсiндiремiз. Түсiнбесе түсiндiруге тырысамыз. Мақсатымыз: диалог құрып, ойланып, сөйлеу методикасын үйрету. Байқағаным, алғашында түсiнбейдi, қырсығады, алайда келесi жолы сонысын қайталамайды.
Раушан: Мен өте қатал анамын. Алайда, таңдау жасағанда көбiне өз ерiктерiне беремiн. Ақылдасамын. Мысалы, ойыншық сатып аларда не үшiн оны таңдағанын сұраймын. Зияны мен пайдасын түсiндiрiп, бас тартатын кездер болады. Ақшам жетпесе, оны да айтамын. Мамандық таңдауды да өз еркiне берген дұрыс деп есептеймiн. Психологияда «тепе-теңдiктiң бұзылуы» деген ұғым бар. Бала балалығын жасайды, әке-ана өз орнында болуы керек. Бала ақыл айтқыш немесе әке-анасын келемеждеп отырса, орындары ауысып кетсе, онда баланс мәнiн жоғалтады. Соңы жақсылыққа апармайды. Әке балажан, жұмсақ болса, ана мығым болғаны жөн. Бала тәрбиесiнде баланс болуы керек.
Әсел: Әлемдегi бала тәрбиесiндегi ең мiнсiз тәрбие – Пайғамбарымыздың (с.ғ.с) тәрбиесi. Оның асыл өнегесiнен үлгi алсаңыздар, Аллаһтың да разылығын аласыздар. Баланың екi дүниеде де болашағы бақытты. «Баланың иiсi – Жұмақтың иiсi» деп, Пайғамбар (с.ғ.с.) балаға мейiрiммен қарауды өнеге еткен.
Айнұр: Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) намаз оқығанда қос немересi жағаласып ойнағанда да намазын бұзбай жалғастыра беретiнiн оқып едiм. Ал жылаған баланың дауысын естiгенде, намазын тезiрек аяқтаған деп жазады. «Жылағанды жұбатсаң – сауап» екен.
Айнұр: Өз басымдағы нақты жағдайларға келер болсам, кiшкентайым бұзық. Өз айтқанының орындалғанын қалайды. Ал үлкенiм оны қатты жақсы көредi. Сондықтан, онымен ойыншыққа таласудың қажетi жоқ екенiн түсiнедi. «Сен ағасың. Ол iнiң. Сол үшiн ойыншықты оған бер» дей салғанмен, тұңғышым махаббаттан ада қалмаса деймiн.
… Сен мықтысың, сен кереметсiң деген мотивацияның дұрыс емес жағы да бар. Оны мен биыл ғана түсiндiм. Менi солай өсiрген. Есесiне мен тым тәкаппарланып кетiппiн. Сөйтiп, талай досымды жоғалтыппын. Өзiңнен бiр мықты шыға қалса, көре алмай күндеп, мiнеп шыға келетiндер де өзiн «мен мықтымын» деп ойлайтындардан шығады. Сондықтан, мен балама «сен мықтысың, алайда сенен де мықтылар бар» деп айтатын шығармын.
Ақбота: «Баланы емес, өзiңдi тәрбиеле, себебi бала саған қарап өседi» деген сөздiң жаны бар. Бiр сәтке сәл еркiнсiп, демалып кетсең, бала үйде жалғыз қалғандай ойына келгенiн iстегiсi келедi. Сол мезеттi байқап, дер кезiнде арнаны басқаға бұрып үлгерсеңiз жақсы. Әйтпесе шек қою қиынға соғады. Осы жерде дауыс көтеру, майлы жерiнен салып жiберу секiлдi жағымсыз әрекеттердi қолдануға мәжбүр боласың. Анам «үлкеннен тәртiп кетсе, баладан да тәртiп кетедi», «бала тәрбиесi – зергерлiкпен пара-пар» дейтiнi бар. Ең қиыны – адамның өзiн-өзi тәрбиелеуi. Бар гәп осында.
Анамның «тiлiмдi алмайтын болсаң, сенi балалар үйiне тапсырып, басқа тәртiптi қыз аламын» дейтiнi есiмде өте жақсы сақталыпты. Сол кездерi қатты жаныма бататын. Осындай сөздердi қолдануда абай болған жөн-ау.
Батыр: Баламды өте қатал ұстап, ендi соны ойланып жүрмiн. Тұйық болып қалды.
Ақбота: Бала тәрбиесiндегi тағы бiр амал: келiсiм. «Мама, мультик көрейiншi» дегенiне, «мен өшiр дегенде өшiресiң, жарай ма?» деп келiсiп, қол алысып алсаң, қақтығыстың алдын алуға болады. Жақсы көмектеседi.
Айсәуле: Солай келiсiммен басталады. Көбiне шегiн бiлмей қалады. Ойнаса да, мультик көрсе де, зорға тоқтайды.
Лаура: «Алдыңғы дөңгелек қалай жүрсе, артқы дөңгелек те жол жолмен жүредi». Тұңғышыңды дұрыс тәрбиелеуге күш салсаң, кейiнгiлерi содан көргенiн қайталайды екен. Өз тәжiрибемнен бiр мысал: тұңғышымызға әке, ана деп айтуды үйретiп едiк, қазiр бәрi солай атайды.
Ару: Тәрбиенiң методикасы көп. Ол әр баланың темпераментiне, жынысына байланысты. Мәселен, бiр үйде тәрбие көрiп отырған ұлым мен қызыма әртүрлi қарым-қатынас керек. Қызыма көзiмдi бақырайтып, дауысымды қатайтсам, басыла қалады. Ал ұлым ерегiсiп, өзiмдi ұрып жiбере жаздайды. Бұл – беделiңдi жоғалту. Сол үшiн ұлыма келгенде қулыққа, жұмсақтыққа баруға тура келедi. Түрлi методиканы қолданып көрiп жүрмiн. Қамал алынар емес…
Самат: «Әкең ұрсады» деген де жақсы методика. Қорқыту ретiнде емес, тәубеге түсiретiн тәсiл. Бәрiмiз сол сара жолдан өттiк. Одан әкеге махаббатымыз артпаса, кемiген жоқ. Жақында бiр сабақ бастадым. «Медианың балаға әсерi және бала психологиясы» деген. Алдағы уақытта бөлiсе жатармын.
* Бабаларымыз тоқсан ауыз сөздiң тобықтай түйiнiн бiр сөйлемге сыйдырған екен. «Балаңды бес жасқа дейiн патшаңдай күт. Бес жастан он бес жасқа дейiн құлыңдай жұмса. Он бес жастан соң досыңдай сырлас» деген. «Ерi әйелiн сыйламаса, балалары да анасын сыйламайды. Еркегiн сыйламаған үйде, ешкiм ешкiмдi сыйламайды» дептi қазiргiнiң ақын ағасы.
Қазiр заман басқа, Еуропамен етене араласып жатырмыз. Бұрынғы бабалардың тәрбиеге қатысты ұстанымдары бүгiн iске аса қояр ма екен? Күшiн жоймай ма? Жастардың ойынан осыны ұққандаймын. (Жастар деп, тақырыпты талқылап отырған 20-35 жас аралығындағыларды жазып отырмын). Қазiр тәрбиемiздiң дұрыс-бұрыстығын дөп басып айта алмаймыз. Әркiмнiң ұстанған методологиясы жемiсiн 15-20 жылдан соң берiп қалар?!
Дөңгелек үстелдi жазып алған
Лаура Қуандыққызы.
2015 жыл