«ЖАРҚАНАТ» ЖІГІТТЕР
Әлем тарихында «көгілдірлердің» тамыры тереңде. Бұл індетке шалдыққандардың арасында атышулы суретшілер, сәулетшілер, патшалар да бар. Гейлер сол ұлыларға ұқсайтындарын айтып мақтанады, ал маған ақталатындай көрінеді. Сондықтан, азғындаған батыста гей дегендер жаңалық емес. Еуропаның Франция сынды мемлекеттерінде жігіттердің 50 пайызына дейін көгілдірлер деген ресми емес ақпараттар да бар. Гейлердің Амстердам сынды «астаналары» да бар. Қоғамның қарсылығына қарамастан, бүгінде әлемнің түкпір-түкпірінде гей-шерулер де жиі-жиі ұйымдастырылып жүр. Кейбіріне тіпті кала басшылары қолдау көрсететінін қайтесіз. Биыл 16 мамырда мұндай шеру Мәскеуде де өтіпті. Демек, азғындықтың ауылы Алматыдан да алыс емес. Ал, 2005 жылы Сан Паулуде өткен гей-шеруге 2 миллион адам қатысқан. Көп қорқытып, терең батырып жүрмесе игі еді деп ойлайсың осындайда.
Кезінде «шығысты жеңсең, қалай бағындырасың» деген сұраққа Гитлер: «Шығыстың жастарына кітап оқуға, ойлануға уақыт қалдырмай, ертеден-кешке дейін мағынасыз музыка тыңдата беру керек. Сонда олар рухани әлсірейді. Ал, рухани әлсіз адамдар қашанда өзін бақытты сезінеді. Шығысты осылай жаулауға болады» деген сөзі есіме түсті. Сол соғыста «Гитлер жеңіліс тапқанымен уақыт өте келе бәрібір идеясы жеңіске жетті-ау» деймін ішімнен.
Батырлар көшесіндегі «батырлар» үйі
Алып шахарда гей-клуб бар деп естігеніме біраз болды. Оңтүстік астанаға алғаш студент болып келгенде қалалық қыздардың қызығушылық танытып жүргенін құлағым шалып қалып, шүбә келтіргенім рас.
Дегенмен, соңғы кездері бұл жайында алып-қашпа әңгімелер көбейіп кетті. Жұмада аталған мекенді өз көзіммен көруге бет алдым. Мекен-жайын табу оңайға соқпады. Көпшілік естігенімен, нақ қай жерде орналасқанынан бейхабар. Интернеттен білгенім, бұрында мұндай клубтардың біреу емес, бірнешеу болғаны. Қаладағы қызыққұмарлар жорыққа шығатын кез – жұма мен сенбі. Мешітке бармаса да, олар ойын-сауық мекемелерінде ине шаншар жер қалдырмайды бұл күндері. Аяңдап, жақынырақ бардым. Темір торлы есіктің ар жағынан әлсіз жарық «көзін қысып қояды». Қолтықтасқан екі жігіт алдымды орап кетті. Арттарынан мен де ілесіп барамын. Күзетші шығып, ескі танысындай қуана қарсы алды әлгілерді. Жылдам басып мен де артынша тақап келдім.
– Сәлеметсіз бе? Кіруге бола ма? – Күзетші таңырқай қарады.
– Қайда келгеніңізді білесіз бе? – Сөзінің төркініне қарап «адаспағанымды» аңғардым. Дәлізде жұмсақ орындықтарға жайғасқан жұптар отыр.
– Бұл гей-клуб емес пе? – дедім сыбырлай. Ондағым «жігіттер» естіп, шамданар деп ойлағаным. Байқаймын, қабақ шытқан ешкім жоқ.
– …Иә, қыздарға 2500 теңге, жігіттерге 1000 теңге. Өте беріңіз. – Күзетші күлім қағады.
– (Жігіттерге дейді-ау!) Жо-о-қ, ертең жұмыс істейсіздер ме?
– Әрине, түнгі 11-ден таңғы 5-ке дейін.
– Онда ертеңге дейін.
Есік сырт етіп жабылды. Екі қараңғылықты еуропалық ақ есік қана бөліп тұр. Сілейген қалпы бұрылып, басқыштан түсіп барамын.
Ертеңіне гей-клубқа жалғыз кіруге бел будым.
Қос батырдың атындағы көшенің қиылысындағы «батырлар» үйі. Жүрегімнің дүрсілі жиілей түсті. Темір тордың ар жағындағы әйнекті тоқылдатып едім, ешкім көрінбеді. Қол ұстасқан екі жігіттің есікке тақап келуі мұң екен, күзетші бой көрсетті.
– Тимочка, дорогая, заходи, – деп әлгілер қол ұстасып кіріп барады.
– Жалғызсың ба? – деп таңырқай қарады күзетші маған. Жауабымды күтпестен:
– Сырт киіміңді өткіз де, ақшаңды сол жерге төле, – деді.
Есік кілттеніп жатыр. Қолым дірілдеп кетті. Сезік тудырмайын деп, дереу бойымды жинап алдым. Толықша келген орта жастағы орыс әйел киімдерді қабылдап жатыр.
– Тимочка, красавица, как дела? – деп ескі таныстар шүйіркелесе кетті. Екеуі майыса басып, жоғары көтеріліп барады. Нәзік саусақтарымен бір-бірін сабалап қойып, әңгіме айтады-ау. Арттарынан ілестім. Басқышпен екінші қабатқа көтеріліп барамыз. Ұзындығы 10 метрдей, ені 5-6 метрдей кең алаңша. Кіре беріс қабырғаға жақын жерде бөлменің сол жақ бұрышына қарай бар орын тепкен. Сопақша пішінде. Ортасында қызмет көрсетіп жиырма бестер шамасындағы қыз бала тұр. Айнала қоршай 5-6 жігіт сүйеніп отыр. Араларында екі қыз бар. Екеуі де бойшаң. Бірінің бұйралана келген сары шашы беліне жеткен. Кигені – ақ көйлек, тыртысқан қара шалбар. Екіншісінің қысқа қара шашы иығына сәл жетіңкіремейді. Пердесі түрілген сахнадай шашының бір жағын құлағының артына қыстырып қойыпты. Үстінде құлын мүсінін менмұндалап көрсеткен жылтыр қара көйлек. Жақынырақ барып, бос орындыққа мен де жайғастым. Бажайласам, жаңағы қыз дегендерім қызға ұқсамайды. Әңгімелеріне құлақ түрдім.
– Мила-я-я!!! Сенің қасың қа-андай әдемі!
– Жұлу, керек, дорогая, жұлу керек!
– Бәсе, мен онда қырып жүрмін ғой.
– Әрине, сосын орман боп өсіп кетеді. Үйреніңдер менен. – Қыз бейнесіндегі екі жігіт «жүрек қылын шерткен» сырларын емен-жарқын бөлісіп отыр.
Түн ортасынан асып барады. Келушілер көбейе бастады. Әр жерде – бір-бір жұп. Бір-біріне тас кенедей жабысқан жігіттер. Бірін-бірі аймалап, елжіреп барады. Еденге жата қап арпалысып жүргендер қаншама?.. Солай да солай, көргенге көз, айтуға ауыз ұялады. Бүйткен зерттеуі құрсын. Теріс айналдым. Жанарым көкпеңбек көздермен түйісіп қалды.Тесіле қараған ақ жейделі арықша келген орыс жігіті жымиғандай болды. Өзгелерге ұқсамайды. Көзқарасы, түр-сипаты да бөлектеу. Не де болса, әңгімеге тартуды ұйғардым. Алдымен бардағы қыздан бір стакан сусын сұратайын. АҚШ-тың қара лайдай болған Коласын сыздықтата еріксіз ұрттап отырмын. Әлгі жігіт қасымнан кетер емес. Кілт бұрылдым.
– Алмас, деген жігітті танымайсыз ба?
– Іздеп жүрсіз бе?
– Иә, кішкентайдан бірге өскен досым еді. Қалаға оқуға бірге келгенбіз. Жуырда ғана гей екенін айтып, ұшты-күйлі жоғалып кетті. Ата-анасы алаңдап, екі көзі төрт болып отыр. Бәлкім, осы жерден табармын деп келіп едім.
Өтірік қарша борады. Арасында қабағымды түйіп, жыламсырап қоямын. Бірақ, онсыз да жылаудың аз-ақ алдында отырмын.
Сергей әңгімешіл болып шықты.
Самарадан Алматыда тұратын әпкесіне қыдырып келгеніне бір апта болған. Гей клубқа төртінші рет келіп отыр. Ресейлік теңіз әскери флотында оқыған. Оқуын бітірмей тастап кеткен сыңайлы. Бәлкім шығып қалған да болар. Айтуы бойынша «көгілдірлерге» ешқандай қатысы жоқ. Балалық шағында журналист болуды армандаған. Әр нәрсені өз көзімен көріп, танып білгенге әуес. Бұл жерге де ертіп келген сол қызығушылық көрінеді. Бұған тағы біраз себептерді қосуға болады.
– Мен мұнда жаңадан келдім. Бетім ашылмаған соң бәрі менің көңілімді табуға тырысады. Сыра дегеніңіз тегін. Бірімен-бірі таласып жүріп әкеледі. (Оны өзім де байқадым) Бәрі маған қызмет етеді. Қызық. Өзімді қыз секілді сезінемін, сенесің бе? Алдында ыдыс жуатын жігіт маған ғашық болып қалыпты. Кеше бір «америкос» шап беріп ұстап алғанда, шыңғырып жібере жаздадым. Сұмдық. Барлық жағдайыңды жасап беремін, пәтеріңді жалдаймын, астыңа көлік беремін, тек менімен бірге тұршы деп жалынғандар қаншама? Қазір де сенімен бірге отырғанымды қызғанып жатыр бәрі. Қыздарды иттің етінен жек көреді. Оларды «Селедка» деп атайды. Сасық деп жиіркенгені ғой. Дегенмен, отызға тақап қалғанда көгілдірлердің көпшілігі үйленіп, бала сүйеді. Бірақ, гей-досымен қарым-қатынасын үзбейді. Біраздан соң әлі лесбианкалар келеді. Шетінен ірі, етжеңді. Негізінен олардың күні – дүйсенбі. Байқа, саған көз салып қалуы мүмкін. Сұрап жатса, «қызым бар» дей сал. Ал, саған жабысқан гейлерге «жігіттер» қызықтырмайды» дегейсің. Сенің қауіпсіздігің үшін айтып жатқаным ғой. Зуылдап, әңгімесін айтып тауысар емес. Бір жігіт қайта-қайта қасына келіп, биге шақырып қоймады. Құлағына сыбырлап әлденені айтып кетеді. Сергей арасында барып билеп келеді. Мен де өтірігім шығып қалмасын дегендей, аракідік Алмасты еске алып қоямын…
Клубтағы қазақтар немесе 50/50 саясаты
Ортадағы алаңшада «жігіттер» мың бұралып билеп жүр. Әне, ұзын бойлы келген бір «сұлу» селк-селк етіп, оқыс бұрылып лақша ойнақтап, басын оңға-солға айналдырып, ирелеңдеп барып кілт тоқтады. Арасында айнала тұрған «жігіттерге» қасынған тайыншадай сүйкеніп қояды. Қара шалбар оқтаудай түзу аяғын паш етіп тұр. Үстіндегі ақ жейдесі де денесіне жабысыпты-ақ. Бел тұсы ашық-шашық. Қолын ербеңдеткен сайын кіндігі үңірейіп, еріксіз көзге шалынады. Бойшаң сыптай болған бұл жігіт сән әлеміндегі кез келген аруды шаң қаптырады. Дегенмен, анау тұрған орташа бойлы жігітке жетпейді. Түріне қарасаң, ешқандай ерекшелік аңғармайсың. Бірақ, қозғалуы мұң екен «көгілдірлер» үйінің тұрақты клиенті екендігіне шүбә келтірмессіз. Бөксесін ары-бері қимылдатып, сазға елтіген әбжыландай жоғары-төмен ирелеңдейді. Алда-жалда әуен тоқтап қалса, бетіңе шапшып келіп атылатындай. Әр «жігіттің» қасына бір барып, көңілдерін аулап жүр. Орта бойлы, қабырғасын санайтындай арық емес, десе де семіз деп те айта алмайсың. Дәл осы тұрқы оның «көзіріндей». Менің таңырқап отырғанымды Сергей де байқады-ау, шамасы. Терлеп-тепшіп барға оралды.
– Оған мұндағылардың біразы ғашық. Қарамайсың ба, қалай «сындырып» жүргенін. Керемет қимылдайды, ә-ә? – деді Сергей әлгі жігітті нұсқап. Анасы кезінде Қазақстанға танымал балет бишісі болған екен. Үйленген, әйелі, бір баласы бар. Гейлердің көпшілігінің мамандығы стилист, шаштараз, маникюр, педикюр жасайтындар. Араларында педагогтар да бар, сенесің бе? (Шықылықтай келіп күледі) Олар қарым-қатынаста актив, пассив болып бөлінеді. Алғашқысы жігіттің, соңғысы қыздың рөлінде дегенім ғой. – Сергей сыздықтатып отырған түтікті шетке ысырып қойып, шөлмектің аузынан іше бастады.
– Гейлер түтікпен ішеді. Қойшы, тәйірі, жалығып кеттім, – деді ыржыңдап.
– Қазақтар көп пе?
– 50 пайыздан кем емес.
Елу де елу саясаты бұл жаққа да жетіпті-ау. Сергей қателескен сыңайлы. Қазақтар сөзсіз басымдық танытып тұр. Бардың ар жақ бетінде жалғызсырап әне екі-үшеуі отыр. Олар «ғашықтарға» қызыға қарап, сыраларынан ұрттап қояды. Күнделікті өмірде кезіктірсем, гей деп ойламас едім. Сергей сәлден соң шоу-бағдарламалар, қойылымдар көрсетілетінін айтып жатыр. Ақырындап ұялы телефонымның сағатына қарадым. Түнгі бір жарым. Сергейге қайтатынымды айтсам, еріп шыға ма деп сезіктендім. «Сәл дамылдап алайын, бір-екі минуттан кейін қайтып ораламын», – дедім де, асыға басып бірінші қабатқа түстім. Асығып-үсігіп күртешемді алдым. Жұмсақ орындықтардағы отыздар шамасындағы екі-үш жігіт: «Қыршын кеттіңіз ғой», – деп қағытып салды. Сыр білдірмеуге тырысып, аяңдап басып келемін. Ішкі есікке тақап, ашпақ боламын. Қозғалатын түрі жоқ. Кіретін із бар, шығатын із жоқ ертегідегі үңгірлер есіме түсті. Қым-қуыт ойларға шырмалып тұрғанда, қол ұстасқан екі жігіт көтеріңкі көңіл-күймен есікті өздеріне қарай тартып, оп-оңай аша салды. Асыға басып арттарынан ілестім…
Нүркен ТОҚАЕВ.
(№6(240) Маусым 2010 жыл)