Осыдан бiраз бұрын «Ақ босаға» бетiнде «Несие несiбеден айырмасын» (№7(284) шiлде 2014 жыл) деген тақырыппен мақала жарияланған едi. Бұқараға кенедей жабысқан несиенiң кесiрi жайлы жыр бүгiн таусылмайтын шығар-ау…
Нанды да несиеге алады…
Кез-келген несие алған адам «осыдан құтылсам, ендi несие деген пәлеге жоламаспын» деп ойлайды. Бiрақ, несиеден құтылған соң да дүкеннен әлдебiр затты ұната қалса, соны қарызға алғысы келiп тұрады. Қысқасы, несие алу дегенiңiз әдетке айналып кете барады.
Осы күнi шай үстiндегi әңгiменiң аяғы ақшаға барып тiрелетiн болды. «Несиемен отырмыз», – деп мұң шағады жұрт бiр-бiрiне. Жиен бауырым өткенде апайы мен жездесi туралы әңгiме айтып отыр: «Олар несиесiз отыра алмайды. Нанды да несиеге алады», – деп.
Бұл несие дегенiңiз кiмдерге құт болғанын құдайым бiлсiн, бiрақ көпшiлiкке жұт болып тигенi жасырын емес. Несиесiн жаба алмағандықтан өз-өзiне қол жұмсағандарды да, соның кесiрiнен отбасынан айырылғандарды да көрдiк. Мәселен, бiрде қаламызда мынадай оқиға болды. Жанат атты жiгiт бiрнеше банктен жағалай несие алып, төлей алмаған. Банктер жан-жақтан қысқан соң, жаңадан тағы бiр несие рәсiмдемек болады. Оған ешбiр банктiң жаңа несие бермесi анық, сондықтан жолдасы Думанға қолқа салады. «Әйелiңе айтпай несие алып бершi, сол ақшамен бұрынғы қарыздарды жауып тастайын. «Волга» автокөлiгiмдi әне-мiне сатқалы тұрмын, өте салысымен сол ақшамен сенiң атыңа алынған несие жабылады», – дейдi ол. Досының көңiлiн жыққысы келмеген Думан оған қыруар ақша алып бередi. Қырсық бiр айналдырса шыр айналдырады емес пе, бiрнеше күннен соң жолда келе жатып Жанат «Волгасымен» бiр көлiктi қағып кетедi. «Волгасы» сатуға жарамай қалғаны былай тұрсын, ендi әлгi соққан көлiгiн жөндеу қажет болды. Осының бәрiнен жүйкесiне салмақ түскен Жанат ақыры асылып қайтыс болды. Ал Думан оған несиенi әйелiне ескертпестен әперген едi. Қарыз жабылмай жатқандықтан банк қызметкерлерi үйге қоңырау шалып, несие туралы хабар әйелiне жеткенде үлкен айғай болып, Думан мен әйелi ажырасып кете жаздап әрең тоқтады.
Негiзi, несие мәселесiнде қазақ халқына тән бiр аңқаулық бар. Ол – өз атына рәсiмдеп туған-туысына несие алып берiп, аузы күю. Талай адамдар осындай жайттардың салдарынан бiрiн-бiрi көрместей болып кеттi. Несие көп туыстарды бiр-бiрiнен суытып жiбердi.
Қайрат деген ауылдасымды бiрде көшеден кездестiрдiм. Көршiлес кентте тұратын едi. «Бiр жолдасым үйге келiп жалынып тұрып алған соң, несие әперiп едiм. Төлемей қойыпты. Жазып берген мекен-жайына iздеп келсем, онда тұрмайтын болып шықты. Ендi не iстерiмдi де бiлмеймiн. Еңбекақымнан қарызды шытырлатып ұстап жатыр. Өз ақшам өзiме тимей, балаларымды да киiндiре алмай қалдым», – дедi налып. Байқасаңыз, осылайша, мекен-жайы белгiсiз адамдарға да несие әперетiндер бар екен-ау.
Бiрде лауазымды қызметте iстейтiн бiр ағамыз: «Бiздiң айналамыздағы адамдарда елдiк рух, отансүйгiштiк, ұлтжандылық неге жоқ осы?» – деп, ренiш бiлдiрдi. «Сiз қарыздан көз ашпайтын, несие қамытын киген жұрттан қандай отансүйгiштiк iздейсiз? Үнемi өз қарызын уайымдап жүретiн адам басқаны ойлай алушы ма едi?» – дедiм.
…Бүгiнде техника, жиһаз, т.б. сататын iрi дүкендерге барсаңыз, алдыңыздан жылтыңдап банк қызметкерлерi шыға келедi. Олар да адамды сайтан секiлдi арбап алатын болған. Қалай несие рәсiмдеп жiбергенiңдi бiлмей қаласың.
Осы несие дегенiңiз өзi 2000-шы жылдардан берi қарай белең алды емес пе. Оған дейiн «несие алдым» деген адамды естiмеп едiк. Бiреулер ипотека рәсiмдеп жатады, жарайды, ол дұрыс. Жалдамалы пәтер иесiне ақшаңды шығындағанша, тапқан-таянғаныңды өзiңе басыбайлы баспана алуға жұмсағаның жөн-ақ. Десе де, көп адамдар несиенi мақсатсыз ала бередi. Иә, адамдардың бәрiнiң бiрдей қаржы-экономикалық сауаты жоқ. Кiм несие алуға қауқарлы, кiмнiң қарызын төлеуге шамасы жетпейдi – бұл жағын негiзi банк қызметкерлерi анықтауы керек. Өкiнiшке қарай, банктегiлердiң көбiсi бұған мән берiп жатпайтын болған, басында бес несиесi бар адамға алтыншы несиенi шiмiрiкпестен беретiнiн талай көрдiк.
Бiр қызық оқиға айтайын. Нұртай атты сыныптасым бар едi. Өзi – қожанасырлау адам. Ауылда тұрғанда қызыл төлқұжатын жоғалтып алып, одан соң жеке куәлiк рәсiмдемей жүре берiптi. Кейiн қалаға келгенде құжатсыз-ақ әртүрлi жұмыстың басын шалып жүрдi.
Бiр күнi Нұртай сыныптастармен басқосуда: «әй, төлейтiн несиелерiң бар, қандай бақыттысыңдар!» – дедi. – «Банкке барып қарыз жабуым керек» деп алшаңдап бара жатқан адамдарға қатты қызығамын. Шiркiн, құжатым болмай тұр. Құжат ала салысымен жақсылап тұрып мен де бiр несие алармын-ау!». Екi жыл өткен соң Нұртайды қайта кезiктiрдiм: арманына жетiптi. Жарытып iстейтiн тұрақты жұмысы болмаса да, жеке куәлiк ала салысымен бiрден банкке бiр-ақ тартыпты. Және банктегiлер ойланбастан оның қолына бiрсыпыра ақша ұстатқан. Нұртай ол ақшаны айналдырған екi күннiң iшiнде сауық-сайранға жұмсап жiбердi. Не өзiне киiм, не балаларына тамақ алмады. Қазiр ол қияндағы бiр фермада мал бағады. Несие жайына қалған.
Қазiр кейбiр банктер теледидардан «несиенi бiр-ақ құжатпен рәсiмдеймiз», «кепiлсiз» деп жарнамалап, жұртты өздерiне қызықтыруда. Алушы адам жұмыс iстей ме, iстемей ме, отбасында неше адам бар, қарызын жабуға әлеуеттi ме – оған басын қатырмайды. Осындайда банктiң ненi көздеп отырғаны түсiнiксiз. Бiрақ ондай банктер жүргiзiп отырған саясат көптiң сағын сындырып, кейбiр азаматтарды жауапсыздыққа итермелеп жүргенi айқын.
Қоғамымызда аракiдiк болса да орын алатын бiреудiң атына несие рәсiмдеу сияқты алаяқтық оқиғалар да баршылық. Бөгде бiреудiң құжаттарын қолға түсiрген алаяқ ондайда банк қызметкерiмен ауыз жаласқан болуы да ықтимал. Бүгiнгi таңда банк қызметкерлерi несие рәсiмдеушiнiң фотосуретiн камераға түсiретiнi белгiлi. Ондайда алаяқ суреттегi адамға, яғни, қолындағы құжат иесiне ұқсас адамды iздейдi. Банк несие рәсiмдеушiден жұмыс телефонын және бiр-екi туысының телефон нөмiрлерiн де сұрайтынын бiлемiз. Алаяқ мұны да алдын ала ойластырып, өзi бiлетiн бiреулердi қоңырауға жауап беруге әзiрлеп қояды. Жалпы, алаяқтық әрекетке жол бермеу – банк қызметкерлерiнiң қолындағы жайт. Солай бола тұра, алаяқтық орын алып тұрады. Демек, мұндай келеңсiздiктерге банк менеджерлерiнiң өздерi де кiнәлi.
Тағы бiр атап өтерлiк жайт: адам баласының басынан түрлi жағдайлар өтедi. Бiреу қатты ауырып несиесiн төлей алмауы мүмкiн. Ендi бiреу жұмыссыз қалып, қаржы қиындығына тап болып жатады. Ондайда жағдайды түсiнiп, жеңiлдiктер ұсынатын немесе несие мерзiмiн уақытша тоқтататын банктер бар. Өкiнiшке қарай, барлық жайтқа көз жұма қарайтын банктер де жоқ емес. Олар әбден ашкөзденiп алғаны сонша, жағдайын айтып өтiнiш бiлдiргендерге: «Бiзде ешбiр жеңiлдiк қарастырылмаған» деп шорт кесiп жауап бередi. Былай қарасаңыз, мұндай бiрбеттiлiк Алланы мойындамағанмен бiрдей сияқты ғой.
Қысқасы, банктегi несие саясаты, ондағы несие алушыларға қойылатын талаптар түзелмей, халық еңсесiн көтере алмайды. Қарыз үстiне қарыз жамап, төленбеген несиесiнiң кесiрiнен күнi ертең азаматтарымыздың бәрi темiр тордың ар жағына кетуi ғажап емес. Осыдан соң еңсесi езiлген елден қандай рух, қандай отансүйгiштiк, қандай адамгершiлiк iздеп табарсың?!
Ж. Мырзақұл.
2014 жыл
фото ғаламтордан алынды