Жақсы әйел – отбасының ұйытқысы

Бүгінгі әңгімеміз шәкіртінің жүрегіне жол тапқан ұстаз, отбасында алтын қазықты ана, талайға үлгі көрсеткен тәлімгер – Маңғыстау облысы, Мұнайлы ауданы, Батыр ауылындағы N10 орта мектеп директоры Қ.Ш.НҰРМАНОВА туралы болмақ.

1986 жылы туып-өскен жерi Түркіменстанда жүріп қазақтың, соның ішінде руы Адай, Елемес атты жігітімен көңіл жарастырып, отбасын құрады. Тұрмысқа ерте шығып өмірдің қиындықтарын көп көрген Құралай мойымастан арман қуып 1990 жылы Алматы қаласындағы Абай атындағы Еңбек Қызыл Ту орденді Қазақ педагогикалық институтына (қазіргі Абай атындағы Ұлттық педагогика университеті) оқуға түсіп, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі маман-дығын алып шығады. Студенттік шақта да студент Құралай белсенділiгiмен көзге түседi, қоғамдық мәдени іс шаралардың басы-қасында жүрді. Қазақ ақындарының өлеңдерін жатқа айтып, көпті тәнті ете білді. Содан сол білім ордасын үздік аяқтап 1990-1998 жж. Маңғыстау облысы, Жаңаөзен қаласы No1 орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәнi мұғалімі болып қызметке орналасады. Жас маманның жігерінің мықтылығын байқаған мектеп басшылығы үнемі Құралайды назардан тыс қалдырмаған. Мұнайшылар қаласында біраз еңбек еткен соң Құралай Шараубайқызы 1998 жылы облыс орталығы Ақтау қаласындағы No14 орта мектептің тәрбие ісі жөніндегі орынбасары қызметіне ауысып, сол мектепте қосымша қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі болып 2003 жылға дейін абыройлы еңбек етеді. 2003 жылдан 2008 жылға дейін Ақтау қаласындағы білім беру орындарында жұмыс жасап, өзінің тәжірбиесін шыңдайды.

– Менің өмірге деген құлшынысым өзгеше болды. Жастай тұрмыс құрып, студент кезімде екі қызды болдым. Ләззат және Арухан атты екі балапаныммен білімді де алып жүрдім, отбасымды да ұмытпай, қыздарыма да қарап тәрбиеледім. Негізі тұрмысқа ерте шыққан әйел кез келген қиындыққа мойымайды екен, соны аңғардым. Жолдасым Елемес менің  жағдайымды түсініп оқуымды бітіріп, ана атануыма да, білікті маман атануымда да ерен еңбек етті. Мен әлі күнге дейін  Елемеске басымды иемін. Өйткені, адам жанын түсінетін жақсы қасиеттері басым еді. Мен жұмыстан шаршап келсем қашанда көңіл-күйімді сұрап, қыздарымды өзі қарап, қанатының астына алып отыратын. Екі қыздан соң артынан тағы екі қыз ерді. Ұлпан, Жұлдыз деген. Балаларымның бақыты саналатын отбасының ұйытқысы мен тірегі Елемес екеуміз отбасы тәрбиесі, соның ішінде бала тәрбиесіне қатты мән бердік, – дейді Құралай Шараубайқызы.

Қалалық жерден ауылдық жерге барып ауыл балаларына білім беріп олардың тәлім-тәрбиесіне назар аударуды қолға алған Құралай Шараубайқызы 2008 жылы Мұнайлы ауданы, Баянды ауылындағы No3 орта мектептің директоры болады. «Ауыл – қазақтың алтын бесігі» демекші, ауылдағы өмірдің қайнап жатқан қазанына түскен Құралай Шараубайқызы білім орданың болашағы үшін еңбек етеді. 2013 жылдан бастап осы аудандағы ең үлкен ауылы саналатын Батыр ауылының «No10 жалпы білім беретін орта мектеп» КММ-сінің мектеп директоры қызметіне ауысады.

– Үйде, отбасы ошақ қасында алты баланың анасы, жеті немеренің аяулы әжесімін. Атап айтқанда, үлкен қызым Әлия – мұнай саласының білікті маманы. Екінші қызым он саусағынан өнер тамған шебер – Ләззат. Бүгінгі таңда Арухан қызым мұнай саласындағы ірі компанияда бір бөлімінің іскер де білікті басшысы. Ал, Ұлпан Нұрманованы көпшілік «Қазақ аруы – 2014» байқауының жеңімпазы деп біледі, ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтың 200-ге жуық өлеңiн жатқа білетін ерекше дарын иесі, білікті дәрігер. Ал кенже қызым Жұлдыз – осы ауылда жекеменшік балабақша басшысы. Арпа ішінде бір бидай ұлым Алмас даналар сөзін үш тілде жетік меңгерген. Алла тағала осындай отбасы беріп, жанымды түсінетін ардақты жар бергені үшін ризамын, – дейді Құралай ханым. Ал, Құралай Шараубайқызының жетістіктері өз алдына бір төбе. 2011 жылы ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Құрмет грамотасын», 2013 жылы «Маңғыстау облысына 40 жыл» толуына орай төсбелгісін алып, құрметке бөленсе, 2014 жылы ҚР Президентінің қол қоюымен «Құрмет» орденін иеленді. 2014 жылы тәуелсіздік мерекесіне орай «Қосай» атаның 500 жылдық төсбелгісін, 2017 жылы Білім және ғылым министрлігінің «ЫБЫРАЙ АЛТЫНСАРИН» төсбелгісін, 2017 жылы «Мұнайлы ауданына 10 жыл» мерейтойлық төсбелгісін кеудесіне тақты. Бірнеше рет аудан, облыс көлеміндегі басшылықтан «Алғыс хаттар» мен Құрмет грамоталарына ие болды. Барлығы тер төгіп еткен еңбегінің жемісі.

Ұстаз Құралай жаңалық енгізуге жаны құмар жандардың бірі. 2014 жылы ҚР Президентінің «Жасыл ел» бағдарламасын іске асыру мақсатында мектепте «Табиғатпен үндес мектеп» жобасын қолға алды. Жобаның негізгі ұстанымы –жас ұрпақтың бойына экологиялық білім қалыптастыру; аймақ, ауыл, мектепті абаттандыру, көгалдандыру, көркейту; жылыжайлар салу. Міне, осындай батыл қадамдар мен оқушылардың қол еңбегінің арқасында үш қабатты мектептің әр қабатында, фойелерде, сынып кабинеттерінде, баспалдақтардың әр жиегінде 4 мыңнан аса гүл жайқалып өсіп тұр. Ол аздай, оқушылар өсімдіктердің қыры мен сырын тереңірек түсініп зерттеу, тәжірибе жүргізу үшін 2017 жылдың қаңтар айында мектеп жанынан жылыжай ашады. Оқушыларды бақша өсімдіктері мен көкөністерді өз қолдарымен өсіріп, өнімді еңбекке баулуды көздеген ұстаздың бастамасы бұл ғана емес.

Қазір «Батыр» ауылында «Мың ағаш» жобасын жүзеге асыруда. Ондағы мақсат – табиғаты тәкәппар Маңғыстаудың жер иінін қандырып, абаттандыру, жасыл желек мекенге айналдыру. Ал, «Мың кітап» акциясы барысында оқырмандар кітапханаға кітап сыйлау арқылы кітапхана қорын молайтып, бір-біріне рухани тәрбие мен білім негіздерін қалауға септесуде.

– 2017 жылы заманымыздың кемеңгер жазушысы Әбіш Кекілбаевтың шығармашылығымен тереңінен танысу, көркемсөздің қадірін, туған жерінің қасиетті мекен екенін ұғындыру, жазушының шығармалары арқылы шығармашыл шәкірттерді тәрбиелеу мақсатындағы Әбіш Кекілбаев кабинетін жасақтадық. Халқымыздың мәдени рухани мұрасының, салт-дәстүрінің озық үлгілерін ұрпақ бойына дарыту үшін «Асық» алаңы және «Тоғызқұмалақ» алаңы жұмыс жасайды. Мен әркез өз мектебімнің дарынды шәкірттерімен, ұлықты ұстаздарымен мақтанамын.

Адам баласы өмірлік мақсатына жету үшін ең біріншіден еңбекке ерте араласып, барынша жұмыс жасауы қажет. Ар алдында басын иіп қызмет жасауы керек, – дейді Құралай ханым.

Сізге де ұнауы мүмкін

Тик-токтағы әжейлер
Дабыл: Сақтан! Сақтан!

Автор

Меню