«Аманым – айбыным»
«Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейтін қазақ жақсыға ортақтасуға әрдайым асық. Әсіресе, сыртта жүрген қандасымыздың жақсы атын естісек, «қазағымыз» деп бөркімізді аспанға лақтырамыз. Сондай қазағымыздың бірі Ресейдің Кемеров облысын ұзақ жыл басқарып келе жатқан Аман Төлеев. Оның өз ісіне адалдығын туған әпкесі Бақтылы ТӨЛЕЕВА апамыз былай түсіндіреді:
– Амангелді інім – бала кезден ешкімнің ала жібін аттамайтын. Қарап тұрсам, бауырымыз екеуіміз де, әке жолымен адал қызмет етіп, өмір сүрген екенбіз. Әкеміз Молдағазы – көзі ашық, есепші, заңгер болып қызмет еткен жан. Біз де бар еңбегімізді, біліміміз бен ілімімізді, ақылымыз бен қажыр-қайратымызды көпшілік үшін сарп еттік, өйткені, адалдық – ол қанымызда бар қасиет, – дейді.
Иә, атамекенге көшіп келгеніне көп бола қоймаған Бақтылы апаның өзі де Түркменстанда жарты ғасыр бойы мұғалімдік қызмет етті. Нүкіс қаласындағы Т.Шевченко атындағы педагогикалық институттың түлегі саналатын оның сөз саптауынан-ақ жоғарғы санатты ұстаз екендігін аңғардық.
Бақтылы апамызбен таныстығымыз «Ақ босаға» газетінің жанашыры, аяулы ана, асыл жар Қалимаш Батманованың ақ дастарқаны басында басталған еді. Екеуі де Адайдың Балықшы руының қыздары. Кезінде (1991 жылы) Қалимаштың әкесі Бердібай ақсақал тағдырдың талайымен орыстың ортасында өсіп, өзін таныта білген Аман Төлеевті «үш жүзге ортақ ұл» деп қазақ жеріне қонақ етіп шақыртуға бас болған. Сөйтіп, аудан, ауыл басқарған азаматтың көрегенділігінің арқасында бауырлардың басы бір қосылған еді.
– Бақтылы апамыз да, Аман аға да орыс тілінде білім алған ғой, сол жолы кездесуде менің әкем қазақша тілектерді орыс тіліне аударып беріп отырыпты. Сонда Бақтылы апаның толқығаннан сөйлей алмай қысылғанын байқаған әкем: «Бақтылы, орысша сөйлей бер, ағытылып сөйле», – депті. Бұл жайында Аман ағаның өзі де кітабында баяндаған, – дейді Қалимаш Бердібайқызы. Інісі жайлы сөз бола қалса, Бақтылы апа қазір де тебіреніп отыратынын әңгіме барысында біз де байқадық.
Ал, тектінің ұрпағы Қалимаш Бердібайқызы «Бақтылы апа Түркмениядан көшіп келді» дегенді ести сала ізеттілік танытып, апасын іздеп барып, сәлем беріп, үйіне қонаққа шақырған екен.
– Бақтылы апаның бірінші мамандығы – ветеринар. Мал дәрігерлік училищені бітірген ару кейіннен бұл саланың қыз балаға қол еместігін түсініп, мұғалімдікке бет бұрған, – деген Қалимаш сіңлісі Бақтылы апаны тағы бір қырынан танытып өтті.
Үлгілі отбасының отанасы бола білген апамыздың аудандық кеңестің депутаты болып сайланған кездері де болыпты. Жұмысы бітпейтін, жауапкершілігі жоғары мұғалімдікті өмір бойы серік ету де оңай емес. Шәкірт тәрбиелеп, талай баланың болашағына нұрын шашты. Бүгінде өзімен теңдескен шәкірттерінің жетістігін көргенде көкірегінде мамандығына деген мақтаныш сезімі оянып, «еңбегім зая кетпеді» деп бір жасап қалады. Бақтылы апа мектептегі оқушылары мен өз балаларының тәрбиесінен бөлек, туыстарының ұл-қыздарына да қамқор бола біліпті. Бұл жайында Бақтылы апа өзі тіс жармаса да, жақсылығын ұмытпаған ұрпақ өкілдері ауыздарынан тастамайтын тәрізді.
– Мен де апаның бір қызымын, осы кісінің тәрбиесін көп көрдім. Әлі есімізде, Бақтылы апа келін болып түскенде шашы тілерсегінен түскен ұзын еді. Өзі әдемі. Партада отырған оқушылар сабақ тыңдаудан бұрын, мұғалиманың сұлулығына сүйсінумен 45 минутты өткізетін. Киімі де, көйлегіне сай келетін аяқ киімі де көп болатын. Баламыз ғой, өзі жоқта ұнатқан көйлегімізді алып киіп көретінбіз. Онымызды байқап қойса, ренжімей, керісінше, сол көйлекті бізге сыйлап жіберетін мәрттігі бар болатын, – деп еске алады қайынағасының қызы Тәрбие. – Ауылға келген комиссияның дені осы үйге түсетін. Сонда менің шешем (Бақтылы апаның үлкен абысыны) «ана «орыс келін» самаурын қоя алмай жатқан болар, барып көмектесіңдер», – деп жүгіртетін. Өйткені, жеңгеміз келін болып түскенде орысша сөйлейтін. Уақыт өте келе нағыз қазақ келіні болып шыға келді ғой, – дейді жеңгесіне қарап.
Бақтылы апаның өзі орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болса, жары Назар физика-математика пәнінен сабақ берген. Ұстаздар отбасында өскен балалардың мұғалімдікті таңдауы да кездейсоқ болмаса керек-ті. Мектептің тұтқасы саналатын мамандықты жандарына серік еткен үш қызы: Маржан, Ұлбосын мен Баян да үш үйдің отын жағып, түтінін түтетіп отыр. Бір қызығы, үлкені өз отбасымен Түркменстанда, екіншісі Өзбекстанда, ал үшінші қызы ғана Қазақстанда. Қазір, енді, қасына ең жақыны да осы қызы – Баян. Қайынжұртымен Түркмен жерінен бұл жаққа көшіп келіп, қоныстанғанына да алты жылдың жүзі болып қалыпты. Енді қазір анасы мен інісіне қарайласып, екі қызын жазғы демалыста әжесіне қолғабыс етсін деп жіберіп тұрады.
– Біз, ұлымыз екеуіміз 2013 жылдың 31-мамырында елге көшіп келдік, – дейді Бақтылы апа нақтылап. – Інім Аман екеуіміз де Түркменстанда туылғанбыз. Түркмендер де – қазақтар тәрізді көңілі кең, қолы ашық халық. Сол жерде өсіп, нанын жеп, суын іштік. Қызмет еттік, балалы-шағалы болдық, өсіп-өндік, зейнетке шықтық. Үлкен ұлым мезгілсіз қайтыс болды, ал кенжемізді әлі аяқтандырған жоқпыз. Тума-туыстардың барлығы оны атамекенімізде орнықтырып барып үйлендіруді жөн көрді. Әйтпесе, көшіп келе алмай қалатындай болдық, – деп шынын жайып салған апамыз келін іздеп жүргенін де қалжыңдай отырып жеткізді.
«Елім» деп келген отбасы өз еңбектеріне ғана сенеді, «қандай еңбек болса да адалынан болса, несібе сонда ғана артады» деп отыратын әже туыс-туғандарының қолдауы мен көршілердің ықыласына да риза. Тіпті «көп ұлтты елді басқару да оңай емес, Нұрсұлтандай жолбасшыға да рахмет», – деп елге келгендегі қуанышын жасыра алмады. Өсіп-өнген жері туралы да жақсы естеліктер айтылды.
Ұлы Серік жеке куәлігін жақында алса, Бақтылы апа өзінің асықпайтындығын алға тартып, құжатының енді қолына тиетіндігін айтып қалды. Тек, өкінішке орай, осы бір жеке куәліктің қолда болмауының кесірінен кеше ғана жолға шыға алмай қалғанынан сөз арасында хабардар болдық. Ақтөбе облысының Ойыл ауданында бабалары Төлеуге ағайындары жиналып, ас беріп жатыр екен. Әкелері Молдағазының 100 жылдық торқалы тойы қоса бар. Бақтылы апа бара алмайтындығына іштей қамықса да, сырт көзге білдірмеуге тырысқандай. «Басқалар барады ғой, шүкір, туысқандарымыз жетерлік», – деп, қанағат етіп, сырттай тілеулес болып отыр.
Інісі Аманның да ол жаққа бұл жолы ат басын бұрар-бұрмасы белгісіз болғанмен, елде өтетін үлкен жиындарға өзі келе алмаса да, өзі басқарып отырған облыстан делегация жіберетіндігін талай рет баспасөз беттерінен оқыған едік.
Бауырымен болған әр кездесуді есіне алған апамыз оның жіберген құттықтау ашықхаттары мен лебіздерін қолына алып, бізге көрсетті. Інісінің жазған кітаптарын да көзінің қарашығындай сақтап, кітапсөресінің төрінен орын беріпті. Тек бұл үйге келген қайбір қонақтар ырымдап па, әлде басқа себеппен бе, кім білсін, кітаптардың кейбіреуін қойындарына қыстыра кетіп, Бақтылы апаны сан соқтырыпты.
Әңгіме барысында 1994 жылы күйеубаласы екеуі ат арылтып, Кемеров қаласына барып қайтқан сапарымен бөлісті.
– Тұрмыс жағдайын көзбен көрдім, жеке баспанасы да жоқ, шахтерлар тұратын төрт қабатты үйдің екінші қабатында тұратын еді, – дейді Бақтылы апа, – ірі кен орны орналасқан аймақ болғандықтан, әртүрлі жағдайлар болады. Кен орнында жарылыс болып жатса, «әкім екенмін» деп кеңседе қарап отырмайды, жұмысшылармен бірге жер астына түсіп, болған жайтты көзбен көріп, бірге жүргені. Көкірегіндегі бар жақсы ілтипатын жұртына арнаған азамат екенін дәлелдеп келеді, – деген апаның сөзіне қарап, інісінің әр ісінен де хабардар болып отыратынын сездік. Бүкіл ұлты мақтан тұтқан ұланды әпкесі қалай мақтан етпесін.
– Сол жолы қайтарда өзі көлігімен аэропортқа жеткізіп, трапқа дейін шығарып салып, ұшаққа отырғызып жіберді. Бірге келе жатқан жолаушылардың ішінен бір әйел қасымызға келіп: «мынау сіздің ініңіз бе?» деп сұрады. Мен «иә, інім», – дедім. «Ал, ол сізге ұқсайтын болуы керек?» – деп бетіме сұраулы жүзбен қарады. «Ұқсайды», – деймін мен. Сөйтті де, «О-о, оны біз сондай жақсы көреміз», – дегені. Бұл сөзді естігенде толқып кеттім. Бірақ, әлгі әйел тоқтайтын емес: «Менің шалым – оның көлігін жүргізеді. Төлеевтің қарапайымдылығы сонша, кейде «демал» деп үйге жіберіп, өзі жұмысқа жаяу қатынайды. Сонда шалым үйде отырып, дегбірі қашады. «Біреулер қастандық жасап жүрмесе екен» деп, тілеуін тілеп отырғанымыз», – деп інімнің іскерлігін былай қойып, адами қасиетін де асқақтатып жіберді. Демек, көпшілік те тілеуін тілеп жатса, онда ол да сол құрметке лайық болғаны да, – деді Бақтылы апа тебіреніп. Бауыры көз алдына келгендей жанары жарқ ете қалды. Өзіне артылған жауапкершілікті мінсіз атқару – кез-келгеннің қолынан келе бермесі анық. Бірақ, адалдықты пір тұтқан жанның аяғын шалыс басуы екіталай емес пе, Аман аға да жетпіске толса да көптің сенімін арқалап келеді. Басқарып отырған аймақтың өсіп-өркендеуіне тікелей себепкер болып отырған азаматты жұрты да қайдан жібергісі келсін. Қайта-қайта аттай қалап, дауыс беріп сайлап алуда. Кейбір деректерге жүгінсек, Аман Төлеевтің абыройы Кемеров облысында ел президентінен де асқақ көрінеді. Оған дәлел: 2000 жылғы Ресей президенттігіне сайлау кезіндегі Кемеров облысынан берілген халық даусы. Дәл осы облыстың тұрғындары ел басшылығына Аман Төлеевті құп көріпті. Енді ше, оның бойындағы бар ізгі қасиетті олардан артық кім білсін. Жақсылығын жыр ғып айтып тауыса алмайтын тұрғындар мемлекет тұтқасын да осы азамат ұстаса деген.
– Ініме разымын. «Ана жерден ішіп-жеп қалайын», «қарпып қалайын» деген арамдық оның ойы түгілі түсіне кіріп шықпас, оған сенімдімін. Екеуіміз де орыс тілінде білім алып, мектеп бітірдік. Асқар таудай болған жалғыз інім ғой, арқа сүйерім, қайда жүрсе де аман болғай, – деп тағы бір емірінген әпкелік жүректің сағынышын баса алар ма екенбіз деп: «Аман ағаның жұбайы, сіздің келініңіз жайлы да айтып берсеңіз», – деп қолқаладық.
– Ер адамға әйел тірек болмаса, кім біледі, қалай боларын. Келінімнің ұлты орыс болса да, қазақ келіндеріндей инабатты. Барған сайын жылы шырай танытып қарсы алады, – деп Эльвира жеңгеміздің мақтауын асырды. Аман аға екеуінің екі ұлдан үш немере сүйіп отырғанын айтты. Үлкен ұлы Дмитрийдің де әке жолын қуып, транспорт саласының маманы болғанын, ал кіші ұлы Андрейдің Ташкентте жол көлік апатынан қаза тапқанын да баяндады. Дегенмен, «орнында бар оңалар» деген, артынан тұяқ қалды, соған ұзақ ғұмыр тілейді.
Ал, біз еңселі азаматтың әпкесі, жетпістің алтауына шыққан ұстаз, аяулы ана Бақтылы апамыздың тілеуі қабыл боларына сеніп, өзі аман-есен болып, кенжесін аяқтандырып, арманына жетсін дейміз.
Әңгімелескен Шалқар.
2014 тамыз
фото ғаламтордан алынды.