Таңғы елес

Нәзік нәзік десе нәзік еді. Дене құрылысы да, талап-талғамы да нәзік. Өзі сұмдық қиялшыл қыз болатын. Бүгін де айдың аяғына қарай «балалар әлемі» деген дүкеніне келді. Жаңадан зат әкелетін кезі келгенін есептеп жүрген. Өзіне көйлек, күртешені осыннан алатын. Тек аяқ киім жағы қиын. Мұндағылар балаға арналған жайпақ өкше. Ал Нәзік болса құрбылары киген біз өкшелі туфлиге құмар. Бірақ бүгін оның бәрі естен шықты. Себебі Олжасты көрді. Көрген жерде жүрегі дүрсілдеп ауызына тығылды. Аяғы дірілдеп құлай жаздады. Артынан тұра қуды. Өзінше жігітке сездірмей келемін деп ойлаған. Ойлаған…
Олжасты өкшелеп екі-үш көше артынан қуып барғанмен тілдеспеді. Қайдан. Не деп тоқтатады. Өзі де түсініп тұр. Бұл Нәзіктің сүйген Олжасы емес! Емес!
Себебі… ол Олжас өзінің ұстазы. Отбасы, екі баласы бар сақа жігіт. Бірақ Нәзік әуелі ұстазын құрмет тұтты. Сосын онысы ағайына деген ынтызарлыққа айналды. Ал ағайы сезді ме? Өз ойынша сезген сияқты. Көп жұмсайтын. Көзінен таса қылмайтын. Көп тапсырма беретін. Соның бәрін Нәзік ағайының өзіне деген сезімі деп ұқса керек. Идеал етіп алған-ау, шамасы мына құрбы қыздарының түсіндіруінше.
Ал мынау сол ағайдан аумайтын жас жігіт. Студент болуы керек. Қап, неге айқайлап тоқтатпадым? Неге бір ауыз тілдеспедім? Неге…
Жатақханасына келді де бүркеніп бүк түсті. Жылап жатып ұйықтап кетті. Түсінде сол Олжасты көрді. Жо, ағайын емес. Бүгін супермаркетте кездестірген, өзіне мойын бұрып қарамай қойған Олжасты. Бұл биік шыңның басында тұр екенмін дейді. Олжас етекте. Құшағын кең жайып өзін кел-кел деп шақырады екен. Нәзік әуелгіде қорқақтап шегінеді. Сосын бейне бір құс екенмін деп ойлап, жігіттің алақанына қарай құздан құлап бара жатады.
Қуанып оянды.
Түсіндегі Олжас өзін шақырды ғой. Кешегідей қашып кеткен жоқ қой.
Осылайша Нәзік өз әлемінде, өз қиялында жігітпен кездесіп, сөйлесіп, қол ұстасып бірге қыдырып жүрді. Оны айтасың өз қиялы мен түсі тұтасып кетті. Тіпті құрбылары жігіттер туралы сөз еткенде Нәзік те өз Олжасы туралы айтатын болды. Оның әңгімесінде Олжас керемет өжет, асқан ақылды һәм қамқор. Жігіт біткеннің сұлтаны.
Ақыры бір күні екеуі кездесті. Оқиғаның оқыстан болғаны сондай, Нәзік топ-томпақ қоңыр көздерін жігіт бетінен тайдыра алмай қалды. Білегін сындырардай қайратты қол тырп еткізбеді. Нәзік қолының сырқырап ауырғанын да сезер емес.
– Неге сен қыз менің артымнан аңдып жүрсің? – деп, ызалана-ызбарлана сұрады. Ауырсыну, ұят, намыс қоса қабат қысқан қыз өрттей қызарып төмен қарады.
– Мен сені танымаймын! Танығым да келмейді! Менің артымнан жүгіргеніңді қой! Әйтпесе, айтпадың деме, бір бұрышта қорлап кетемін!
Жігіттің дәл төбесінен шыққан ыстық деміне басы айналып, бауырына тартса, қарсылық та көрсете алмай, құлай кеткелі тұрған Нәзік шатқаяқтап, тәлтіректеп кетті. Сұмдық-ай! Не дейді? Соны айтып тұрған өзі өлердей ғашық Олжасы ма? Мына дүние не болып кетті? Есеңгірегені соншалық өмірінің құны көк тиын болмай қалды. Нәзік кейін шегінді. Көзі түк көрер емес. Кірпігін де қаға алмайды.
Жазық маңдай, қыр мұрын. Қап-қара қайратты шашы суси төгіледі. Дөң қабақтың астында ызғар шашқан шүңірек көз. Олжас ағайдың қоңыр көздері үнемі күлімдеп, нұр шашып тұратын. Ойбай-ау, түк те ұқсамайды екен!
Таңғы көл бетін көлбей ұшқан қалың тұман дүрк көтерілгендей ме? Әншейін балалықты сағынған, мөлдір махаббатты аңсай күткен сәби көңілі екен ғой. Қандай ұқсастықты тауып жүрсің, Нәзік? Жи есіңді. Өмірің енді басталды, Нәзік. Рас, ағайың жас кезінде тап осындай болса болған шығар.
Екеуінің суретін ойша салыстырған Нәзік сыртқы ұқсастықта тұрған ештеңе жоқ шығар деп шешті. Елес-естелікті жанынан қуып, шын жігіттерге қарау дұрыс деп шешті.
Таңғы елес қанша тәтті болғанымен ол тек елес қана.
Маркиза.

Сізге де ұнауы мүмкін

Жалғыз ұл
Ол екеуі

Автор

Меню