Аты жаман аурудан да заты жаман дәрiгерлер қауiптi

Алла тағаланың адам баласына өлшеп берген ғұмырын шорт қиюға ешкiмге өкiлеттiлiк берiлмеген. Алайда, адам пақыр пенде болғасын жаны үшiн неден болса да тартынбаған. Бiреу соңғы малын жанына садақа етсе, бай-бағыландар емшi-домшыларға сұрағанын бередi. Ал, шынтуайтында, отандық медицина жемқорлыққа белшеден батқан. «Ауырып ем iздегенше, ауырмайтын жол iзде» қағидасы бүгiнде қазекемдерге қажеттi шарт. Әйтпесе, барыңнан айырылып, ол болмаса жаныңнан айырылуың сөзсiз.
Табиғаттың тым керi өзгерiстерге ұшырауы адамзат өмiрiне үлкен қатер төндiруде. Мұнай өндiру, зауыттар, экологиялық апаттар бәрi адам баласының табиғи балансынан ауытқып ауруға ұшырауына жол ашып жатыр. Иен даланың иесi қазакем жаз жайлауда биесiн байлап, қымызын iшiп, бағылан етiн жеп масайрап жүрген заман көзден бұл-бұл ұшты. Табиғатпен үндестiкте өмiр сүрген көшпендiлер ұрпағы өз кiндiгiнен ажырап, аты да, заты да жаман ауру тауып, құнарсыз тағамдармен уланып өмiр сүру жасы тым қысқарып барады. Жастарда қан аздық, ұйқышылдық, йод жетiспеушiлiгi тәрiздi аурулардан бөлек, стресске түсу, суицидке бой алдыру тәрiздi психологиялық әлжуаздық дерттер жайылып барады. Бiздiң отандық телеарналар медицинаның, экономиканың қарыштап дамуын тiлге тиек етiп, жұртты уандырғанымен, шынайы өмiрдегi жағдай мүлдем өзгеше.
Келтiрiлген статистикалық мәлiметтерге назар бұрғанда аңғарғанымыз, мамандар жылма-жыл қауiптi iндет қанатын кеңге жайып келе жатқанына дабыл қағып, төмендегiдей дәйектер келтiрiп отыр: «Елiмiзде онкологиялық патологиялардан туындайтын өлiм көрсеткiшi жалпы өлiм арасында екiншi дәрежелiк орынды алады. Қазақстан Республикасында жылда қатерлi iсiк ауруынан орта есеппен алғанда 17 мың адам көз жұмады, оның 42% еңбек жасындағы тұлғалар. Осы әлеуметтiк топтың арасында қатерлi iсiктермен ауру 2006 жылы 28573 оқиғаны құраса, ал, олардың кездесуi 2016 жылы 36438 оқиғаға дейiн өстi. Қатерлi iсiктен болған аурушаңдық науқастар арасында жыл сайын 5%-ға артуда. Қатерлi iсiктерден болған өлiм көрсеткiшi соңғы он жылда 2006 жылы 100 мың халыққа шаққанда 113,7 оқиғаны құраса, 2016 жылы 101,6 оқиғаны түзедi. Басқаша айтқанда, өлiмнiң деңгейi 11,9 % төмендедi. Ал бұл көрсеткiштердiң төмендеуi – басты кезекте бұл ауруларды диагностикалаудың жақсаруына, анықталған қатерлi патологиялардың бiрiншi сатысында емдеудiң тиiмдiлiгiне байланысты. Осыған қарамай өлiм көрсеткiшiнiң төмендеуi осы күнге дейiн дамыған мемлекеттердiң көрсеткiштерiне жетпей отыр. Себебi онкологиялық патологияларды оның соңғы кезеңдерiнде анықтау оқиғаларының басымдығына байланысты өлiм көрсеткiшi iс жүзiнде жоғары деңгейде қалып отыр».
Иә, дерттi дендетпей, дер кезiнде емделсе, құлан-таза айығып кетуi мүмкiн. Ал, егер аурудың алғашқы сатыларынан өтiп кеткен болса, жағдай ауыр-ақ. Химиялық терапиядан соң аман қалу жүз адамның жиырмасына ғана бұйыруы ықтимал. Себебi, ауруды тым асқындырып барып ем алғанның ешбiр нәтижесi болмауы мүмкiн. Онколог дәрiгерлердiң тiптi өлiм аузында жүрген адамнан ақша сұраған жағдайлары болғаны көп айтылып жүр. Бұл олардың (ақ халатты арсыздар-А.Ж.) тұрмыс жағдайының төмендiгi немесе жалақысының аздығынан ғана емес, Заң тегеурiнiнiң осалдығынан да туындаған жағдаяттар.
Жемқорлық iндетi бiр ғана медицина саласының ғана емес, жалпы қоғам құрлысының тiнiне түскен жегi құрт. Өзiңiз бiлесiз, кез келген iстiң өз май шелпегi болады. Iсiң түссе кез келген шағын ұйымның есiгiнде отырғаннан күзетшiден төрiнде қонжиған басшыға дейiн пайда табуды көздейтiнi ақиқат. Ол үшiн таныс-тамырлық, жең ұшынан жалғастық, т.с.с. керағар құбылыстарға жол ашылады.

Бiлiм саласы, құқық қорғау, кеден, мемлекеттiк сатып алу қызметтерi жемқорлар армиясын дайындайтын маңызды объектiлерге айналып бара жатқан сияқты. Әкiмдiктердегi қызметкерлер мен лауазым иелерi мемлекеттiк қызметкер болғанымен, төменгi жалақы алатын мекемелердiң бiрi. Алайда, олардың қарамағындағы көптеген нысандар бармағын батырып бал жейтiн балшелекке айналған. Тiптi кезiнде банктерде жемқорлық нысанына айналуға шақ қалды. Жаппай несиелендiру науқанында қолы iрi соммадағы несиеге жетпей жүрген тұлға «шәпкiсiн» беру арқылы ақшаға қол жеткiзу тәрiздi құйтырқұлықтар орын алғанын екiнiң бiрi бiледi. Елбасының соңғы кездерi қатал қолға ала бастаған сыбайлас жемқорлықпен күрес шарасы бiраз былықтарға тұсау салғанымен, әлi де болса да бетi бүркемеленiп, қордаланып қалған проблемалар жетiп артылады. Билiк тiзгiнiнде отырғандардың арасында оқпанынан жаңылып, үлкен қаражаттар тасқынына көмiлiп қалғандар жетерлiк. Бұл мемлекеттiк сындарлы саясаты мен экономикалық дәуiрлеуiне келтiрiлген орасан зор нұқсан деп санауға әбден болады. «Тендер ойыны» кез келген қатысушының айын оңынан туғыза беретiн тәмсiл емес. Бұл тұрғыда бақталастық, бақастық адым аштырмай, таныс-тамырлықтың тар шеңберiне түскендер үшiн тым ауыр.

Бүгiнгi проблема ертеңгi тақырып. Айтылғанымен бүгiнгiлер үшiн қалыпты өмiр қағидасы тәрiздi болып, ертеңгi алыс болашақ үшiн таңданыс туғызар тың тақырыпқа айналары сөзсiз. «Қазақстандық үлгi» деген бейбiт һәм тыныштық символы ғана емес, ұрлап-жымқыру, талан-таражға салудың солғын көрiнiстерi де бар үлгi. Ендiгi үмiт көзiқарақты көкiрегi ояу, ел үшiн аянбай, бiлiм шыңына шығуға талпынған жастарда. Ел ертеңi қалай болары солардың қолында. Сенiм бiзде, серт соларда.
А.Жусанбаев.
2018 жыл

Сізге де ұнауы мүмкін

29 ақпан — орфанды аурулармен күрес күні
Әзiл-шыны аралас

Автор

Меню