Түс оңалмай, әсте іс оңалмас…

Түс оңалмай, әсте іс оңалмас…

Жер бетіндегі тірі пенденің барлығы түн ауа, көзі ұйқыға кеткенде «түс» деген әлемге саяхат жасайды. Бірі жақсы түс көрсе ұйқыдан сергек оянып, басталар күннен салауат күтеді. Енді бірі жағымсыз түс көрсе күні бойы есінен шығара алмай, қалың ойға батады. Расында, осы түс дегеніміз не? Бәлкім, күнделікті қауырт жұмыстан шаршап, үздіксіз жұмыс істеген ми құрылымы бірауық демалған тұста, барлық жайтты ұмытып, қиялға ерік беретін бір сәт шығар? Әлде, шынымен болашағымызды бағамдайтын өміріміздің бір бөлшегі ма? Қалай десекте, шырт ұйқыдан ояна сала көрген түсімізді үйдегі үлкен ата-әжелерімізге жорытып жатамыз. Негізі, түс көру – қиял процесінің ұйқы кезіндегі енжар бейнесі деп айтылады. Түс көруді физиологиялық тұрғыда түсіндірген академик П.Павловтың пікірі бойынша ұйқы кезінде ми клеткаларының қызметі толық тежелмейді, кейбір бөлімдері ояу қалпындағыдай жұмыс істей береді. Ми қыртысының осындай бөліктерін «күзетші пункт» деп атайды. Күзетші пункттерде адамның бұрынғы көрген, естіген, дәмін татқан нәрселердің бейнелері қайта тіріледі. Түсте ақылға сыймайтын бейнелердің туындауын мидағы сигнал жүйелерінің арасындағы байланыстың әлсіреп, бірінші сигнал жүйесінің іске қосылып, екінші сөздік сигналдардың толық тежелуімен түсіндіріледі. Әйтсе де, әлі күнге нақты бір тоқтамға келе алмай отыр. Сондықтан болар технологияның дамыған заманында ғалым да, ғұлама да зерттеп зерделей алмай келеді. Десе де, әлем ғалымдары «түс» төңірегінде бірнеше қызықты тұжырымдар жасаған екен. Айталық, психикасы бұзылған кейбір науқастардан басқа бүкіл адам түс көру қабілетіне ие. Кейде көрген түсіміздің көпке жуығын ұмытып үлгереді екенбіз. Дегенмен, ұйықтар алдында жастығының басына қалам мен қағазын қоюды ұмытпаған кей кісілердің жолы болыпт­ы. Мысалы, Вольтердің әйгілі «Генриадасы» үшін, Август Кекуленің «бензол» формуласы үшін ұйқыға қарыздар екенін екінің бірі біле бермес. Ал, егер бұрын көрмеген бейтаныс жандарды түсіңізде көрсеңіз, еш таң қалмай-ақ қойыңыз. Ғалымдардың дәлелдеуінше, ол кейіпкерлер – шынайы өмірде кездесіп, бірақ есіңізде сақталмаған адамдар. Түсіңізде кемпірқосақ көрсеңіз, қуануыңыздың жөні бар. Өйткені біздің ғаламшар тұрғындарының 12 пайызы іш пыстырарлық ақ-қара түстер ғана көреді. Айтпақшы, шылым шегуді қойғандардың түсі тіптен керемет. Басқалармен салыстырғанда, бояуы қанығырақ «сапалы» түстер соларды көп төңіректейді екен. Туа бітті зағип жандар түс көре ме деп ойлаған да боларсыз? Олардың түстері дыбыс, әуен, иіс секілді сезімдерден тұратын көрінеді. Ал кішкене сәби 3 жасқа дейін түсінде өзін көрмейді. Жапонның қорқынышты қуыршақтары жайлы фильм­дерден де сұмдық түстер кездеседі кейде. Ересектерден гөрі, 3-8 жас аралығындағы балаларды сондай түс жиі мазалайды деген тоқтамға келген. Сонымен қатар, ұйықтаған кездегі айналада болып жатқан кез келген құбылыс сіздің түс көруіңізге әсер етеді дейді, АҚШ елінде шығатын «Түс көру» атты журналының мамандары. Мәселен, адам ұйықтаған кезде иістің әсерінен оянбаса, иістің тітіркендіруі ұйқыдағы адамды түс шеңберіне алып кіреді. Адам ұйықтағанда, гүлдің хош иісі мұрнына барса, онда шырын түс көреді екен. Егер бір заттың шіріген немесе көмір газы секілді жағымсыз иістер барса, онда үрейлі түстен арылмайды екенсіз. Әсіресе, ұйқыдағы адам кез келген дауысқа сезімтал келеді. Сағаттың шықылдаған дауысы адамды от теңізінің ортасында жүргендей әсерімен мазасыздандырады. Ал теңіз толқынының жеңіл дауысы түсіңізге ләззат сыйлайды. Оянған соң, мойныңызға түскен бар салмақтан жеңілдеп қалғандай болады екенсіз. Сондықтан да, ғалымдар теңіз жағасына саяхаттауды демалыстың ең өнімді тәсілі деп қарайды екен. Ал, Имам Ңазалидың айтыуынша, ұйқы-сезімдер басылып, жүректің тыныштықтағы кезі. Ұйқы арқылы ой тазаланып, адам негізгі саф болмысына жақындағанда, Лаухы Махфузбен (Күллі Жаратылыстардың тағдыры жазылған Құдірет кітабы) екі арадағы перде түріледі. Соның нәтижесінже, ондағы кейбір мағлұматтар адам жүрегіне түсіп, таңбаланады да, түс арқылы көрініс береді дейді.
Бәлкім, рас та шығар. Өйткені, тарихқа сүйенсек, өзінен кейінгі ұрпағының ұсақталуын белгі қылатын А­былай хан түсінде арыстанды қуады, ол жолбарысқа айналады. Ол жолбарысты қуса, жолбарыс қасқырға, қасқыр түлкіге, түлкі құрт-құмырсқа, бақа-шаянға айналып кетеді. Мұны ханның көріпкелдері ұрпақтарына байланыстыра жорып, әулетінің, ұрпақтарының өзінен бастап арыстан, жолбарыс, қасқыр болатынын, одан кейін түлкі болып, төртінші ұрпағының ұсақталып, құрт-құмырсқа, бақа-шаянға айналатынын айтатын түсі, қайда барса, өз көрін қазғандарды көрген Қорқыттың түсі, Харұн Рашидтің Әзірейіл періштеден енді қанша өмірі қалғанын сұрағанда, оның бес саусағын көрсеткен түсін Әбу Ханифаның ғайыптың бес хабарын Аллаһ тағаладан басқа ешкім де білмейді деп жоруы, Шыңғыс ханның қайын атасы Дэй шешеннің түсі, Бабырдың Самарқанд қаласын алар алдындағы және оның өлімге бас байлағандағы көрген түсі, қазақ жерін орыстың басып алу қаупіне алаңдап: «Бұл арадан көшпесең, айтқаныма түспесең, орыс алар қалаңды, шулатар қатын-балаңды, осыны көрдім түсімде!» деген Асан Қайғы бабаларымыздың түсі әлі күнге дейін ұрпақтан-ұрпаққа ұмытылмай келе жатыр. Тіпті, саясат әлемінде де бұл белгілер өз «қолтаңбасын» қалдыруда. АҚШ президенті Авраам Линкольн дәм-тұзы таусылғанын түсінде сезген. Ақ үйдің төріне қойылған табытты көріп, жанындағы жауынгерден не болғанын сұраса, «Құрама Штаттардың президенті қасақана атылған оқтан қаза тапты» деген жауап алады. Айтқандай-ақ, алты аптадан соң Линкольнді Форд театрында атып кетеді. Осылайша, түс шындыққа айналған. Одан бөлек, атақты ғалым Д.И.Менделеев химиялық кестені түсінде көріп, өңінде оны есіне түсірген емес пе? Яғни, химиялық элементтердің орнын анықтаумен ұзақ жылдар айналысқан ғалым азапты ойдың тұтқынына түсіп, газ, металдың басын біріктіруші заңды жасай алмай қалжырап отырған орнында ұйқыға кетеді. Түсінде ол атақты Менделеев кестесін көреді. Содан, ұйқыдан ояна сала, түсінде көргенін қағазға түсірген екен. Түс жорудың маңыздылығын ғибрат ететін тағлымды жайттар тарихта да аз емес. Әйгілі Кир патшаның түсіне аяғының астына шуағын төгіп тұрған жарық күн енеді. Ол күнді үш рет ұстамақ болып, құшағына қысуға ұмтылғанымен, күн үш рет оның құшағынан сытылып шығып кетеді де, домалаған күйі алыстай береді. Көріпкелдер мұны: «Сіз отыз жыл патшалық құрасыз» деп жориды. Шынында да, Кир патша отыз жыл бойы әмірін жүргізген.  Дегенмен, осы ұйықтау, түс көру мәселесінде тарихта болған әйгілі адамдардың шындыққа айналған түстері туралы мысалдар жеткілікті. Қазақта «Жақсы – ісіне  сенеді, жаман – түсіне сенеді», «Түс оңалмай – іс оңал­майды» дегенде сірә осыны меңзеген болар. Түс көру адамның ырқынан тыс болғандықтан оны көрудің мағынасынан гөрі түсті жоруға көбірек көңіл бөлген. Түсті әрдайым жақсылыққа жорып, «Түс – балқыған қорғасын» оны жақсылыққа жорысаң – жақсы ниет қабыл болып жақсылыққа айналады, жамандыққа жорысаң – жамандыққа айналуы мүмкін деген ұғым бар.
Түс жорып көрейік:
Егер адам түсінде биікке немесе тауға шықса, үлкен дәрежеге жетеді.
Түсінде Меккеге барған мұратына жетеді.
Түсінде Адам Атаны көрсе, ұлы адам болады.
Өзінің өліп қалғанын көрсе —  онда өңінде ұзақ жасайды.
Кісі  әйелдің қойнында жатса —  онда өңінде оның дәулеті артады.
Тыржалаңаш жүрсе — өңінде барлық қайғы-мұқтажынан арылады.
Басына тәж кисе — онда ол өңінде байлыққа ие болады.
Сүйікті адамдарыңның бірін құшақтау — бақытты болудың нышаны.
Жылаған болса – өңінде қуанады.
Аспанда тұрған айды көрсе — өте жақсы белгі, мұратына жетеді.
Күнді көрсе — мерейі өңінде дұшпандарынан үстем болып, дәулеті тасиды.
Жұлдыздарды көрсе — балаларының дәрежесі жоғары болады.
Өзен көрсе —  кісі өңінде үлкен олжаға, пайдаға кезігеді.
Баққа кіріп, оны аралау — жақсылықтың белгісі.
Қызыл гүл көрсе — онда өңінде бай болады.
Айды көрсе адам ойлаған мақсатына жетеді.
Күнді көрсе мерейі үстем болады.
Өзен көрген олжаға батады.
Асыл тас көрсе, байлыққа ие болады.
Егер біреуді сабаса, дұшпаны бас иеді.
Азық-түлік көрсе, тоқшылық болады.
Үйіне түскен ұрыны көрсе —  онда ол өңінде табыс табады.
Шашын алдыратын болса —  онда ол өңінде кедейленеді.
Керісінше шашы өсіп кететін болса, онда ол өңінде байиды.
Үйленген болса — тілеп жүргеніне  жетеді.
Алтын көретін болса — онда оған өңінде дәулетті кісілер демеу береді.
Жағымсыз иіс — өңдегі жайсыз істің нышанын білдіреді.
Қолын жуса — өңдегі мазасыздықтан арылу.
Көпірден өткен кісі —  өңінде өзінің жақсы қызметін қалдырып, одан да жақсы қызмет істейді.
Әлдекімді ұрып-соқса — онда дұшпанын кекетеді.
Ақ, жасыл түсті затты немесе суды көрсе — жақсы нышан.
Қара, қарақошқыл түсті затты немесе түтінді отты көрсе – жаман.
Тісін сындырып алу — өңде досын жоғалтып алу.
Ақ түсті киім кисе —  онда ол екі иеде де сый-құрметке бөленеді деген сөз.
Сары түсті киім кисе —  онда ол өңінде өз ісіне қарай бірде жақсы, бірде жаман жағдайда болады.
Қызыл түсті киім кисе — онда ол өңінде ел билеген болады.
Қара түсті киім кисе — өңінде қайғыға ұшырайды.
Құс ұстап алатын болса — онда ол өңінде үйленеді.
Кісінің басына құс қонатын болса, онда ол өңінде бір қызмет атқарады.
Қыранды көрсе — дәрежеге ие болады.
Көгершінді көрсе —  өңінде оның ісі оңғарылады.
Ақ қоян енсе — онда қыс қатты болады.
Егер кісінің түсіне қара қоян енсе — онда қыс жайлы болады.
Ит қабатын болса — өңінде бір қатыгез адамның жаласына ұшырайды.
Түсінде кісі ерттеулі атқа мініп жүрсе, ол өңінде тілегіне жетеді.
Егер кісі түсінде атқа мініп көкпар тартса, онда ол өңінде болыс болады.
Егер кісі түсінде ас ішсе, онда ол-өңінде мол дәулетке ие болады.
Егер кісі түсінде піскен ет жесе, онда ол өңінде ішіп-жемінің көбейгенін көреді
Балық ұстап немесе жеп жүрсе — өңінде дәулеті артады.
Жылан қуса —  әйелдердің арбауына түседі.
Сақалы ағарса — ауруға ұшырайды.
Үйі құлағанын көрсе —  ұрыс-керіс болады.
Пышақ қайраса — қауіп-қатер болады.
Аттан құлап қалса -қатерге кездеседі.

Қызық дерек:

– Гонконг Университеті ғалымдарының айтуынша, адамның ұйықтаған кезде түс көруі оның төсекте қандай күйде жатқандығымен тығыз байланысты. Үнемі қорқынышы әрі түсініксіз түс көретін адамдар төсекте етбетімен жатып ұйықтайтын көрінеді. Әдейі етбетімен ұйықтау мен түс көрудің бір-бірімен тығыз байланыстылығын зерттеу үшін ғалымдар 600 студенттің қатысуымен сараптамалық жұмысқа бел шеше кірісіп кетті. Сараптама негізінде студенттер арасында сауалнама жүргізілді. Олардан үнемі төсекте қандай күйде ұйықтайдығы және қандай түсті жиі көретіндігі сұралды. Нәтижесінде ғалымдар өздерінің жобасының негізсіз еместігіне көз жеткізді. Расында да, адамдар етбетімен жатып ұйықтағанда миға симайтын қорқынышты түстерді көреді екен. Мұны мамандар етбетімен жатқанда оттегінің жетіспей қалатындығымен түсіндіреді. Ауа жетпеген кезде адамдардың осындай түстерді көруіне тура келеді.

– Жапон ғалымдары томография көмегімен және компьютерлік зерттеу арқылы адамның түс көрген кезде не көретінін, көз алдында қандай көріністер болатынын анықтапты. Science Express журналында ғалымдардың түс әлеміне енуі туралы жазылыпты. Нейрофизиологтар адамның ұйқы кезінде көз қимылдарын бақылау арқылы дәл осындай сенсациялық тұжырым жасап отыр. Сонымен қатар, ғалымдар адамның көрген түсін не себепті ұмытып қалатынын да анықтауға күш жұмсаған. Жапонияның Нара қаласында ғылым және технология институтында жұмыс жасайтын Томоясу Хорикава есімді ғалым мен оның әріптестері түс көрген кезде көрінетін визуалды образдар мен ұйқыдағы адам миының магниттік-резонанстық томогорафия қызметі арқылы анықтаған екен. Зерттеуге қатысқан 3 адамның көз қимылы белсенді күйге түскен кезде оларды оятып не көргендерін сұраған. Қатысушылар айтып берген сөздерді олардың ми қызметінің қаншалықты жылдам жұмыс істеуімен салыстыратын томографиялық аппаратқа салған. Осы арқылы ғалымдар адамның қандай түс көргенін 70 пайызға дейін дұрыс анықтауға болатынын дәлелдеген.

– Жақында ғалымдар мынадай тәжірибе жүргізген: ұйықтап жатқан адамдарды әр ұйқы фазасының басында оятып тұрған, алайда тиісті 8 сағат ұйықтауға берген. Осылайша бұл адамдар ешбір түс көре алмаған. Үш күннен кейін олардың бәрінде бас ауыруы, ойының шашыраңқылығы, ашу-ыза, яғни психоздың алғашқы белгілері байқала бастаған. Келесі күні, оларға ұйықтап, түс көруге мүмкіндік бергенде, бұл белгілер кеткен. Яғни түс — миымызды демалтуға мүмкіндік береді.

А.ҰЛБАЗАРҚЫЗЫ

2014  жыл сәуір

Tags: , ,

Сізге де ұнауы мүмкін

Ұшқан бақ
Анаға атақ емес, ақша керек

Автор

Меню