Той жарысқа айналды

Той жарысқа айналды

«Тойдың болғанынан боладысы қызық» дейдi халқымыз. Расында, той дегенде бар жиған-тергенiн шашатын қазақ халқы үшiн оның әсерлi әрi дүркiреп өткендiгi маңызды. Сол себептi, бүгiнгi тойдың жаңа трендтерiмен таныс болғыңыз келсе, қызықты ақпараттарға назар аударыңыз.
Бұрынғыны еске түсiрсек, көз алдымызға сәукеле киген қалыңдық пен сол кездегi жар-жар, сыңсу еске түсетiнi анық. Ал, қазiр ақ көйлек, лимузин, мейрамхана, тойбастар, асаба, әншi, бишiсiз тойды елестету мүмкiн емес, әрине. Дегенмен, одан бөлек қаншама ұсақ-түйектiң барын ескерсек, тойымыз үлкен думанға айналып кеткендiгiне көзiңiз жетедi. Ендеше, олардың әрқайсысына тоқталып өтсек.
Бiрiншi, тойдың басты иелерi күйеужiгiт пен қалыңдықты таситын көлiк. Әдетте, қалталы азаматтар ол үшiн лимузин, хаммер, гелендваген секiлдi қымбат маркалы автокөлiктердi жалдайды. Жастар арасында «қазiргi жас келiндер «гелендвагенмен» ғана келедi» деген қалжың да тарап үлгерген.
Екiншiсi, той дәмi. «Той сарқытсыз болмайды» деп, бүгiнгi күнi оның өзiн заманауи қорапшаларға салып, той иелерiнiң есiмдерiн жазып арнайы дайындайтын болған. Осылайша, кешке шақырылған қонақтың әрқайсысы тәттi дәмнен құр қалмайды.
Үшiншi кезекте тойды ерекше өткiземiн деген оймен жасалатын шашудың түрлерi. Бұрын ұсақ тиындар мен кәмпиттер шашатын болса, ендi раушан гүлi мен жылтырақ ұнтақтардың кезi келген.
Төртiншi, той үстiнде түнгi клубтардағыдай жасанды бу жiберiп, отшашулар жасап, шамдар жағып, екi жастың махаббат вальсiн тамашалайтын әдет пайда болыпты.
Бесiншi, тойбастардың жаңаша түрленуi. Елiмiздегi тойлардың бiрiнде оны көлiкпен таратып халықты таң қалдырған екен.
Қанша жерден той керемет өтсе де, оның артынан сөз айтылады. Жұртшылық талқылап, оң не терiс бағасын бередi. Сондай пiкiрлердiң барын ескерсек, бiрi бұл «ысырап етушiлiк» десе, екiншiлерi «қалталы азаматтар не iстесе де өздерi бiледi» деген ойда. Бiрақ, халық арасында тойды несие алу арқылы да жасайтындар табылады. Осы тұста көпшiлiктiң арасында бәсекелестiктiң орын алғанын байқайсыз. «Қайтсем де тойды керемет өткiзуiм керек» деп шыр-пыр болған адам өз амалын жасайды ғой. Дегенмен, шаңырақ көтергелi отырған екi жастың бақыты бiр тойдың дүркiреп өтуiне ғана байланысты еместiгiн де түсiнген жөн. Сонымен қатар, тойымыздың мәдениетiн түсiрiп, шектен шықпау керектiгiн де ескерген абзал. Сөзiмiздi түйiндей келе, қазақы тойдың сәнiн кетiрмей, керiсiнше салт-дәстүрлерiмiздiң жаңғыруына үлес қоссақ деген тiлегiмiз бар.

Шаттық Ашықбаева.
2014 жыл қазан

Сізге де ұнауы мүмкін

Аида Жантiлеуова: «Өзгенің қуанышына шын қуану керек»
Тойбастар: қыз етегiн түргенi несi?

Автор

Меню