Серiкбол Сайлаубек, әншi: Бандит емес, батырмын!

– Көптiң көкейiндегi сұрақты алдымен өзiңе қойып, жауабын бiлсек. Аты-жөнiң Серiкбол Сайлаубек деп ел аузында қатар айтылады. Есiмiң қайсысы?
– Есiмiм – Серiкбол. Сайлаубек – марқұм әкемнiң аты.
– Жақсы, Серiкбол, ендi аспаз жiгiттiң қалай әншi болғаны жайында айтып бересiң бе? Ел аузында сенiң аспаздығың туралы айтылып қалып жүр емес пе?
– Иә, ол сөздер бекер емес. Мен Талдықорған қаласында 9-сыныптан кейiн азпаздық оқуға түскен едiм. Шамамен 3 айдан соң аспазшылардың арасында ән байқауы өттi. Сонда топпен «АБК» тобының «Айсұлу» әнiн орындап, 1-орын алдық. Осы кезден бастап өнердiң жаныма жақын екенiн түсiндiм. Ол оқудан кетiп, қайта мектеп қабырғасына барып, 11-сыныпты аяқтадым. Алматы қаласына келдiм, бiрақ алғашқы жылы емес, екiншi жылы Ж.Елебеков атындағы эстрада және цирк колледжiне оқуға түстiм. Қазақстанның Халық әртiсi Лаки Кесоглудың шәкiртi болып, 3 жыл дәрiс алғаныма қуанамын. Одан кейiн екi жоғары бiлiм алдым, бiрi – экономика, екiншiсi – заң факультетi. Бiрақ, әншiлiкке түбегейлi бет бұрдым.
– Сiздi халық арасына кеңiнен танытқан хит әнiңiз «Ой, жеңгенi» көпшiлiк жеңгелерге арналған деп түсiнедi екен. Мәтiнiне мән берсем, сүйген жанға арналған ән екен ғой.
– Иә, әннiң аты әу баста «Ең сұлу» болатын. Халық өзiне ұнағанымен атап кеттi. Қазiр ол әннiң аты – «Ой, жеңге». Мейлi, солай болсын дедiк. Алайда,
Ең сұлу, ең сұлу,
Әлем кезiп iздегенiм сен сұлу.
… Барасың ба сен бiрге
Менiң туған өлкеме, – деген өлең сөздерiне мән берген адам жiгiттiң сүйген қызына қарата айтып тұрғанын бiледi.
Ал, екiншi шумақты өзiмнiң жеңгеме қарата айтамын:
Ой, жеңге, ой, жеңге,
Құда болу қамын ойлап қой, жеңге.
«Ой жеңге» сөзi хит нотаға сай келген соң солай аталып кеттi деп есептеймiн. Шүкiр, осы ән 3-4 жылдан берi хит болды. Бiр әнмен-ақ жағдайымызды түзеп, жақсы өмiр сүрiп жатырмыз.
– Осы әнмен жағдайымды жасадым деп қалдың, бұл ән әу баста саған қаншаға түсiп едi?
– Бұл өзiмнiң ғана емес, жаныма қосылған бiраз адамның жағдайын түзеуге көмектестi. Мен тек орындаушымын. Ал, әнi қырғыз халқынан алынды. Өңдеуге ғана 500 доллар жұмсадым. Алғашында мұны тек тойларда ғана айтамын ғой деген ой болды. Үлкен сахнаға шығып, танымал ән болады деп ойламаған едiм. Халықтың сұранысына ие болып, тойда да, концерттерде де орындап жүрмiн. Бағым осы әнмен жанды десем жөн болар. Бiр әнiң хит болса, артынша жаздырған әнiң де хит болатыны бар. Менiң сондай екiншi әнiм – «Достарым» болды.
– «Чики-чики» деген де әнiң бар. Бұл сөз не мағына бередi?
– Қазiр мағынасы жоқ әндер көбейiп кеттi ғой. Бiрi пиар үшiн, бiрi танымалдығын арттыру үшiн жазады. Бұл әнiмнiң шыққанына 2 жыл уақыт болды. Бiрде студияда отырып, «жазып көрейiкшi, халық қалай қабылдайды?» деп, тыңдарманның сұранысын анықтау үшiн жазған едiк.
– Серiкбол, танымалдылық демекшi, қара пиарды жиi жасайсың ба? Анаң алаяқтарға алданып қапты дегендi естiдiк, бұл да пиар ма?
– Қара пиарға үйiр емеспiн. Бұл ешқандай қара пиар емес, шынында болған жағдай. Ол азамат қазiр ұсталып, iшкi iстер департаментiнде жатыр. Оқиға өткен соң 3 жылдан кейiн! Ол анамның бүкiл алтындарын, менiң бiраз киiмдерiмдi алдап әкеткен. Сөйтсем, ол бiздiң отбасын ғана емес, бүкiл Алматыны шарлап, талайды сан соқтырған болып шықты. Мұндай жағдайлардың талайы басымыздан өтiп жатыр ғой. Күлiп келгенге де, жылап келгенге де, бетiңе мақтағанға да сене беруге болмайды екен. Кей адамдардың ақшаға құныққаны сонша, дүниеге рухы ұрланған, жаны былғанған, қарыны үшiн құл болып, тектiлiгiн ұмытқан. Аузым көп күйген адам ретiнде көпшiлiкпен араласып, қалағанмен дос болғым келмейдi. Бұрын немқұрайлы қарап жүргендердiң кейбiрi атың шығып, ел алдында жүргеннен кейiн, астыңа тәуiр көлiк мiнгенiңдi байқап, үйiрiлiп жаныңнан шықпай қояды. Сенi пайдаланғысы келiп тұратынын бiлесiң. Менiң күнiм түссе бiреуiн таппай қаламын. Өнерде де сол. Бiр-бiрiн көреалмаушылық, аяқтан шалу, өсектеу. Не болды сонша, кең өмiрге сыймай?! Алла берген өнердi саудаға шығарады. Мықтымын дейтiндер қарапайым халыққа тегiн концерт берiп тұрсын.
– Тегiн концерт берiп жүргенiңнен хабардармыз…
– Осы күнге дейiн 120-дан аса тегiн концерт бердiм. Ал, ықшамаудандарда, балалар үйiне қойғандарымды қоса санасам, 300-ден асып кетер едi. Халықтың ақшасын емес, осылайша батасын жинадым. Негiзi, кiшiпейiлдiлiкпен барлығына «иә» деп, тегiн шаба берсең, басыңа шығып кетедi екен. Ендi мұның бәрiн тоқтатайын деп жатырмын. Ақылы болады. Тегiн кезде бағалай алмағандарды көремiз.
– Сонда тегiн концерттi өзiң барып қоя бересiң бе?
– Алғашқы жылдары өзiм барып қойып жүрдiм. Қазiр өздерi шақырады. «Бұл өмiрге бiр келетiнiң бар, бiр кететiнiң бар. Iштiм, жедiм, көрдiм, кеттiм деген болмайды. Елге, жерге, артыңдағы ұрпаққа үлгi болатындай iс iстеген абзал деген ұранды ту етiп ұстаймын. Дүние жимай, рухани баюды мақсат тұтамын.
– Ал, тойға ақылы шығатын боларсың?
– Иә, байлардың тойына ақылы шығамын. Ал, одан түскен пайданы ауылдарға концерт қоюға жұмсаймын. Барып-келу жолың бар, тегiн концерт берудi оңай деп кiм айтты?
– Байлардың тойына қаншаға барасың?
– 3000-4000 доллар. Менде қатып қалған баға жоқ. Жағдайы келмейтiндерге тегiн де бара беремiн.
– «Серiкбол Сайлаубектiң бандиттермен қатысы бар екен» деген қауесет қайдан шығып жүр? Дұшпаныңыз бар ма?
– Мiне, көрдiңiз бе? Адамның ойы таза болса, өзге туралы да таза ойлар едi. Ойы да, бойы да лас адам өзгенi өз деңгейiнде ғана бағалайды. Бандит деген не ұғым ол? Сұмдық қой?! Бандит – ұрлайды, атады, зорлайды, заң бұзады, адам баласына қиянаты өткендер. Ол өсек әңгiменi кiм шығарғанын бiлмеймiн. Көреалмаушылық болар. Мен ондай адам емеспiн. Маған сенбейтiндерге айтарым, арнайы құрылымдар бар, арыздансын, тексерсiн, көрсiн. Мен бiреуге қол көтерiп, қиянат жасаған адам емеспiн. Бiрi – соқыр дедi. Екiншiсi – бандит дедi. Бұл да – сынақ. Батыр мен бандиттi шатастырмаңдар дегiм келедi.
– Сiздiң және тағы бiр жiгiттiң суретi базарлардың кiре берiс жерiнде iлiнiп тұрады. Соған қарап кәсiпкерлiгi бар ма деген ойға қалдық
– Кәсiпкер емеспiн. Суретте жанымдағы жiгiт iнiм болады. Адам көп жүретiн жерлерге арнайы iлдiк. Мен оны не үшiн iстедiм? Осы сұрақты қойсын деген едiм. Кейбiреулердiң ұяттары оянсын деп идея тастадым. Мысалы, Абай даңғылының бойына Абайдың қара сөздерiн жазып iлiп қойса жарасымды емес пе? Бiрақ сыра, темекi, iш киiмдер, Дженифер Лопес пен Бритни Спирстiң суреттерiн iлiп қойған. Бұл – Қазақстан. Бұл – Алматы. Абай Құнанбаевтың атындағы даңғыл. Елiм, жерiм дейтiн мықтылар неге осындай игi iстердi қолға алмасқа?! Серiкбол Сайлаубектiң суретi тұрған екен, iштарлықтан көре алмай қалыпты. Бұл ата-бабамның жерi, өз елiмде жүрмiн. Караокеге барсаң да өңкей шетелдiк жұлдыздардың суреттерi қабырғада қаптап тұрады. Өз елiмiздiң эстрада жұлдыздарын iлсе несi кетедi? Бiр күнi маған телефон шалып: жарнамаңыз үшiн салық төлеңiз, – дейдi.
Қай шетелдiк жұлдыз елiмiздегi iлiнген суретi үшiн бiзге салық төлептi. Қазақ бауырыңның iлiнген суретi үшiн көре алмаушылықтарыңды бiлдiрiп отырсыңдар. Бiр-бiрiмiздi көтерейiкшi!
– Қатты ренжулiсiң бе? Көңiлiң толмайтын жағдайлар жететiн сияқты ғой?
– Жоқ, мен шынайымын. Денi сау бола тұра, iстеп жүрген тiрлiктерiне қарным ашады. Мен туа бiттi мүгедекпiн. Бiр көзiм көрмейдi. Екiншi көзiм –5, нашар көредi. Ал, әлгiндейлердi аяймын.
– Мынадай көзбен көлiктi қалай өзiңiз жүргiзесiз? Сiз менi көрiп тұрсыз ба қазiр?
– Иә, мына көзiлдiрiктiң арқасында көремiн. (Ол көзiлдiрiгiн шешiп, көзiн көрсеттi) Күндiз болған соң өте тығыз кездерi жүргiземiн. Негiзi шопырым бар.
– Серiкбол, әлгiнде әкем марқұм болып кеттi деген едiң. Әңгiмемiздiң тақырыбын отбасыңа қарай бұрсақ.
– Аллаға шүкiр, бiр көз бермесе де халықтың сүйiспеншiлiгiн бердi. «Елiм, жерiм» деп емiренетiн сезiм бердi. Анам үш қыз туғанда, әкем Алладан: «ей, Алла, бiр көзi соқыр болса да ұл бершi» деп жалынған екен. Мен 5 келi 200 грамм болып өмiрге келген екенмiн. Көзiмдi ашқанымда анам «соқыр ұл тудым-ау» деп шошып кетiптi. Сонда жасы 90-ға таяған бiр қария апа: «әй, Жәмилә, неге жылайсың? Қайта қуанбайсың ба, бұл бала қазақ елi танитын нағыз батыр, азамат болады» деп айтып кеткен екен. Анам сонда: «Алматыға жете алмай отырып, қалай мұны бүкiл ел таниды» деп ойлағанын жасырмайды. Ол кезде ауылда тұратын едiк. Сөйтiп, балалық шағым қиын өттi. Менiмен ешкiм ойнамайтын. Соқыр деп кемсiтiп, араласпады. Сонда анама: бұл өмiрге неге келдiм? – деп жылаушы едiм. «Ең бастысы – адам болшы. Кiшiпейiлдiлiгiңдi, қарапайымдылығыңды ұмытпа, сен сонда бәрiнен озасың» деп жұбатады. Мiне! Марқұм әкем бiр көзi көрмейтiн ұлым әншi болса, эстрада жұлдызы болса екен қатты армандаған едi. Әкем арманына жеттi. Бiрақ көрмей, өмiрден ерте кеттi. Қазiр қолымнан келетiн жақсылықты анама жасағым келедi. Анамның 60 жасқа толғанына үлкен той жасап бердiм. Өйткенi өзiм үйленгенде жағдайымыз болмай, той жасамаған едiк.
Алла қаласа, үй салуға ниет етiп жүрмiн. Елiм, жерiм деп тегiн концерт берiп жүре берiппiн.
– Талабың оң болсын. Қазiр баспанаң жоқ па?
– Иә, үйiм де, жерiм де жоқ. Ендi ойланып, жан-жағыма қарап, жиналып жатырмын. Балаларым өсiп келе жатыр. Кезекке тұрып, үй алсам деп те қоямын. Менi кейбiреулер сыртымнан миллионер деп ойлайды. Мүмкiн, ол менiң көңiлiмнiң кеңдiгiнен, ниетiмнiң байлығынан шығар. Мен сияқты байлар да жүре алмайтын шығар?! Өйткенi, мен қазақтың жiгiтiмiн. Қазақтың жiгiтi ешкiмнен ештеңе сұрамайды, басын төмен салмайды. Кiшкентайымнан әртүрлi сынақтардан өткен соң шығар, рухым мықты азаматпын. Мейрам, не бiр себеп табылса мүгедектердiң қасында болғанды қалаймын. Өйткенi, олардың жан-дүниесi шынайы, былғанбаған. Оларға бару үшiн ақшаңның болуы мiндеттi емес, өйткенi ақша емес, мейiрiмге мұқтаж, рухани әңгiменi аңсайды. Өмiрге құштарлығын арттыру керек.
– Қазiр сахнада жүрген әншiлер жұбайларын, балаларын ел алдына алып шыға бастады. Бұл қазiр сәнге айналғандай. Сенi де алдағы уақытта отбасыңмен сахнадан көремiз бе?
– Жұбайым Альмирамен 19 жасымда бiр-бiрiмiздi ұнатып, қалап қосылған едiк. Қазiр келiншегiм екi ұл, екi қызымызды тәрбиелеп, бабын жасап, отбасының шырайын келтiрiп отыр. Қарапайым. Оның өзi ел алдына шығуды қаламайды. Осы өмiрi өзiне ұнайды.
– Жастардың бойына «елiм, жерiм» дейтiндей отаншылдық сезiмдi дарыту үшiн, бiр-бiрiн қолдап, бiр атаның балаларындай тату болу үшiн естi ән тыңдау да қажет. Патриоттық әндердi көбейту керек шығар?
– Келiсемiн. Мен «Ұлы дала» деген әнiмдi жарыққа шығарған кезде көбiсi менi түсiнбедi. Кейбiреулер: «ұлы дала деп айғайлай бергенше, оған ақша құртқанша, махаббат туралы айтпайсың ба» деп «ақыл» айтқан едi. Ол әндi үш жылдай «Қазақ радиосынан» бердiм. Осы кезден бастап Елбасымыз Қазақстан деген атауға Ұлы Дала елi деген атауды қосуды ұсынды емес пе?! Артынша-ақ ұлы дала баласы, ұлы дала дауысы т.б. атаулар қаптады. Сонда ғана маған: «сен бәрiн алдын-ала бiлгендей екенсiң ғой» деген едi.
Сұқбаттасқан Лаура Қуандыққызы
2017 жыл

Tags: ,

Сізге де ұнауы мүмкін

Ойыннан от шығар…
Еркек пе, ез бе?

Автор

Меню