Ол 25 жасында миллионер атанған халықаралық деңгейдегi бизнес-тренер. Тұңғыш тренингтiк компания ашып, Роберт Киосаки, Стивен Кови сияқты тренерлердiң iзiн жалғастырушы. «Өзiңдi оят», «Өрлеу», «Кризистен шығудың жетi жолы», «Кәсiпкерлiк құпиясы», «Бизнестегi бес қару» атты мотивациялық кiтаптың авторы Аманжол Рысмендиев бүгiн бiзде қонақта.
— Аманжол мырза, әңгiмемiздi ең әуелi өткенге көз жүгiртуден бастасақ. Балалар үйiнде тәрбиеленген екенсiз…
– Балалар үйiнде тәрбиелендiм деп айта алмаймын. Рас, жарық дүниеге әкелген адам менi балалар үйiне өткiзiптi. Бiрақ, бiр жарым айдан соң биологиялық анамның туған ағасы мен жеңгесi менi бағып алған. Туған анаммен араласпаймын, ешқандай байланысым жоқ. Бағып алған ата-анам менi өсiрдi, тәрбиеледi. Мен 3 жасқа келгенде олар ажырасып кеттi. Содан қарындасым екеумiз нағашы әжемiздiң қолында өстiк. 2007 жылдан бастап анам қатерлi iсiк ауруымен ауырып, екi жылдан соң өмiрден өттi. Сол кезде ақшаның тапшылығы мен отбасымыздағы қиындық менiң тiрлiкке ерте араласуыма себеп болды.
– Бала Аманжолмен қазiргi Аманжолдың қандай айырмашылығы бар?
– Аса қатты айырмашылық жоқ. Әжесiнiң тәрбиесiн көрген еңбекқор бала әлi де еңбектенiп жүр. Ұстаздарым мен туыстарым үнемi: «Аманжол – намысшыл, елдiң алды болғысы келетiн», – деп жиi айтып отырады. Мен қазiр де елдiң алды болуға ұмтылып, намысымды үнемi қамшылап тұрамын. Аллаға шүкiр, өсiп, өркендеп жатырмын.
– Ал, өткенге өкiнiш бiлдiрген кезiңiз болды ма? Өткенге өкiнбес үшiн қандай кеңес айтасыз?
– Мен өткенге өкiнетiн адам емеспiн. Мен үшiн бұл өмiрде «қате» деген ұғым жоқ. Тек нәтиже мен тәжiрибе бар. Кейде қате болған жағдай болса, ол тек тәжiрибе. Аңыз бойынша, бiр миллионерден: «Сiз қалай миллионер болдыңыз? Тәжiрибеңiздiң молдығына не себеп?» — деп сұраған екен. Сонда ол: «Өмiрде жиi қателескендiктен де тәжiрибем мол», — деп жауап берiптi. Сол себептi адам ешқашан өзiнiң өткенi үшiн өкiнбеу керек. Әр нәрсенiң өз қайыры болады. Өмiрде «сәтсiздiк» деген жоқ, тек сабақ пен тәжiрибе бар.
– Қазiр дөңгелетiп отырған кәсiбi болмаса да, бизнес тренер болып, басқаларға сабақ берiп жүрген жастар бар. Бизнес тренер болу үшiн қандай бiлiм мен тәжiрибе қажет?
– Менiңше, кей адам табиғатынан практик, ендi бiрi теоретик немесе тренер. Мысалы, Гарвард университетiнiң ұстаздары қаншама кәсiпкердi тәрбиелеп шығарды. Ол ұстаздың барлығы кәсiпкер деген сөз емес. Бокста тренер болу үшiн чемпион болу мiндеттi деген заң жоқ. Сол сияқты бiреудiң методикалық қабiлетi жоғары болса, ендi бiрi өзi жүрiп өткен жолды басқаға түсiндiре алмайды. Ал педагог немесе бизнес тренер кәсiптi басқаға ұғындырады, жол сiлтейдi.
Бизнес тренер болу үшiн, ең бiрiншi, жоғары деңгейде талдау жасай алатын қабiлет қажет. Өзi жүрiп өткен жолды ұғындырып, жаңа әдiстi ойлап таба бiлуi керек.
Екiншiден, оның энергиясы мен харизмасы болуы шарт.
Үшiншiден, өмiрлiк тәжiрибесi болған абзал. Басы тау мен тасқа тиген, бизнестiң қатесiн көрген кәсiпкер ғана түзу жолды анық көрсете алады.
Төртiншiден, психология мен ораториканы меңгерген iлiмi болғаны жөн.
Бесiншiден, iзденiмпаздық пен жауапкершiлiк керек. Одан кейiн нәтиже басты рөл атқарады. Өзiнiң затын сата алмай жүрген адам қалай басқаның тауарын сатуға бейiмделедi? Мұның бәрi – маркетинг жоспар.
Мен АҚШ-та бизнес жайлы бiлiм алу мақсатында Энтони Робинстың, Стивен Ковидiң трансформациялық семинар-тренингтерiне қатыстым. Сондай-ақ, Мәскеу қаласында экономика-қаржы курстарын тәмәмдадым. Әлемдiк деңгейдегi бизнес-тренерлердiң сабағына жиi қатысып тұрамын.
– «Бiздiң заман – ақшаның, бизнестiң жарысы. Бұл жарыста кiтаптарды оқымай, тренингтерге қатыспай ұзаққа шаба алмайсыз», – депсiз бiр сұқбатыңызда. Бизнеспен айналысқысы келетiн жастар қандай кiтап оқып, фильм көргенi дұрыс?
– Иә, олай айтқаным рас. «Бiлiмсiз кәсiп ашсаң да, бiлiмсiз оны дамыта алмайсың», – дейдi Джек Ма. Бiлiмнiң қайнар көзi – тренинг пен кiтап. Жетiстiкке жеткен адамнан ақыл-кеңес сұраған дұрыс. Кәсiп бастаймын деген жанға Энтони Роббинс, Стивен Кови, Александр Взводский, Андрей Парабеллум, Игорь Манн, Гарвард мектебiнiң кiтаптары пайдасын бередi.
– «Сапалы адам, сапалы зат, сапалы өмiр» — бұл да сiздiң бiр ұстанымыңыздан алынған тiркестер. Сонда адамды таңдап араласасыз ба?
– Сапалы адам мен сапалы зат менiң ұғымым. Өмiр бiзге бiр рет ғана берiледi. Сол себептi өмiрдi мәндi де, сәндi өткiзу керек. Сапалы өмiр дегенiм — сапалы адаммен араласу. Сапалы адам дегенiм – бiлiмi мен тәжiрибесiн жүзеге асырып жүрген азамат. «Жақсымен жүрсең жетесiң мұратқа, жаманмен жүрсең қаласың ұятқа» деген нақыл сөз бар. Өз тiрлiгiн дамыта алмайтын, уәдесiн орындамайтын адаммен араласқаннан пайда көрiп жүрсiң бе? Iскер адаммен аралассаң, iскер боласың. Жалқаумен аралассаң, жалқау боласың. Адам өз стандартына әрқашан берiк болуы шарт. Бiреудiң жаман ойы мен негатив пiкiрi менiң мотивацияма әсер етедi. Мен адам менсiнбейтiн жан емеспiн. Бiрақ, адамды таңдап қарым-қатынас жасайтыным рас. «Он қоянның арасында жүрген арыстан уақыт өте қоян болады, он арыстанның ортасында жүрген бiр қоян арыстанша ақырады», – дейдi Досхан Жолжақсынов атамыз. Дұрыс өмiр сүргiңiз келсе, қарым-қатынас жасап араласып жүрген адамыңызға мән берiңiз.
– Бизнес бастауға ыңғайлы деп белгiлi бiр жас мөлшерiн атай аласыз ба? Мысалы: 30 -ға дейiнгi жас жiгiт 50-дегi ер азаматтан гөрi тәуекелшiл. Бизнесте бұл да әсер ететiн болар?
– Қолайлы уақыт деп нақты жас мөлшерiн айта алмаймын. Рас, көбiне адам жас кезiнде тәуекелшiл болады. Адамның жасы есейген сайын ақыл мен ойға ерiк берiп, терең ойланады. Қорқыныш пен үрей басым болады. Ал кәсiпкерге екеуi де қажет. Ол жетi рет өлшеп, бiр рет кесе алатын қасиетке ие болуы керек. Статистикаға сүйенетiн болсақ, 30 жасқа дейiн кәсiп бастаған адам өседi, өркендейдi. Дегенмен, «Менiң уақытым өтiп кетiптi» деп тәуекелге бармай қою да дұрыс емес. Тiрлiк iстеймiн деген адамға жас мөлшерi еш кедергi емес. Ең бастысы, тәуекел, талпыныс, iзденiс, еңбекқорлық, жауапкершiлiк қажет.
– Кейбiреулер қолы жүрiп кеткен бизнесмендi «сауда жасау қанында бар» деп жатады. Бизнесте бұндай факторлар қаншалықты рөл ойнайды деп ойлайсыз?
– Кәсiп арқылы кез келген адам жанын баға алады. Ал, миллиардер болу тек қабiлетке байланысты. Мысалы, бiреудiң әнге, биге, есепке немесе кәсiпке қабiлетi бар. Төрт темпераментке байланысты кәсiпкердiң де мiнезi әртүрлi болады. Сондықтан сауда жасау қанында бар демей-ақ, қабiлетiне байланысты дегенiм дұрыс шығар. Кез келген салада жеңiске жету оңай емес. Әрқайсысының өз қиындығы бар. Адамның бойындағы қабiлет пен талантты талпыныс арқылы дамытуға болады.
– Сондай-ақ, сiз әйел тақырыбында жиi онлайн тренинг өткiзесiз. Әйел қауымына арналған арнайы «+», «-» деген формулаңыз да бар. Феминизм ұстанымы дамыған уақытта бұл әдiсiңiз қаншалықты дұрыс?
– Отан отбасынан басталады. Отбасыны берiк ұстап, үйдiң ұйытқысы болатын – әйел. Үйдегi бақыт пен берекенi қалыптастыратын да – әйел. Мемлекетiмiздiң мықты болуын армандап, жақсы ұрпақ тәрбиелеу — мiндетiмiз. Саналы ұрпақ тәрбиелеу үшiн әр ана өз мiндетiн сезiнiп қана қоймай, оны дұрыс атқаруы керек. Мен отбасы, бақыт пен береке психологиясын зерттеген адаммын. Дiн мен дәстүрден алшақтамай, үнемi әйел қауымына ақыл-кеңес айтып отырамын. Әйел жақсы болса, әлем жақсы. Ер адамның артында мықты әйел болса ғана, ол мықты болады. Ана жақсы болса, бала да жақсы.
– Сонда еркектi ер ететiн қандай әйел?
– Жаман еркектi ер ететiн де, жақсы еркектi жер ететiн де – әйел. Ер азаматтың ұлы тұлға болуы әйелге байланысты. Ең әуелi анасының тәрбиесi, одан кейiн алған жарына тiкелей байланысты. Әйелi азаматын жарым деп сыйлап, сiз деп құрметтесе, сөз таластырмай, күлiмдеп асын әзiрлесе, мұндай әйелден ер адам мотивация алады. Сонда ғана ер адамның бәсекеге қабiлетi артып, өмiр сүруге құлшынысы болады. Кез келген жеңiмпаз ер адамның артында оны сыйлап, құрметтейтiн, оның алдында иiлiп тұратын әйел тұрады.
– «Жетiстiкке жеткен ер адамның әйелi – «ақымақ» деп жиi айтасыз. Бұның астарында басқа мағына жатқан сияқты?..
– Жетiстiкке жеткен еркектiң әйелi «ақымақтау» деп әзiлдеймiн. Ер мен әйелдiң арасында бiраз айырмашылық бар. Әйел – эмоцияның адамы. Үнемi соған бейiм болады. Еркек – логиканың адамы. «Әйелдiң шашы ұзын, ақылы қысқа» деген сөз бекер айтылмаған. Әйел қанша мықты болуға ұмтылса да, ер адам сияқты ойлана алмайды. Фактiмен сөйлеп, нақты анализ жасамайды. Жетiстiкке жеткен ер азаматтың әйелi болып жатқан мәселеге басын ауыртпайды. «Ақымақтау» деп әзiлдеуiм де соған байланысты. «Әйел еркелесе жеңедi, ерегiссе жеңiледi» деген сөз бекер айтылмаса керек.
– Көпшiлiкке танылған Аманжолдың артында да бiр мықты әйел тұрғаны анық. Жан-жарыңыз, балаларыңыз туралы айтып өтесiз бе?
– Төрт баланың әкесiмiн. Керемет келiншегiм бар. Менiң де кәсiпте өрлеп, мақсатыма жетуiме себепкер – үйде отырған жарым. «Сенен келiп қуат алдым жеңiлсем», – дейдi ақиық ақын Мұқағали Мақатаев. Мен де шаршап, жабырқап, күш-қуатым таусылып, жiгерiм жүн, құлшынысым құм болған сәтте мотивацияны әйелiмнен iздеймiн. Менi үнемi қолдап-түсiнуi, «сiз» деп құрметтеуi, күн-түн демей үйге келген қонақты күлiмдеп күтуi оның ақылдылығының көрiнiсi. Отбасы құрғанымызға 8 жыл уақыт болып қалды. Сол уақыттан берi барлығын бiрге бастан өткерiп келемiз. Бастысы, араласатын ортамызда абыройымыз бар. Келген қонақ кеткiсi келмейтiн, Аманжолдың үйiне қонаққа барсақ деп тұратын отбасының қатарындамыз.
Омар Жәлел айтады: «әйелдiң ең үлкен көрсеткiшi – келген мейманын күте бiлуiнде». Үйдегi кiсiнiң есiмi – Роза. Ол үйге келген қонағын күлiмдеп күтiп, маған үнемi қолдау көрсетiп, мотивация берiп отырады. Ол туралы айтуға сөзiм де жетпейтiн шығар.
Сымбат Айдархан
2020 жыл