НЕКЕ КЕЛІСІМ-ШАРТПЕН ҚҰРЫЛСА…

Сауалнама
«Ерлi-зайыптылардың өзара келiсiм жасасып, белгiлi бiр қағида бекiтiп алғаны жөн бе? Әлде сыйластық болуы үшiн ережеге бағынудың қажетi жоқ па?».
Мұндай сұрақты есiмi елге танылған, отбасылық тәжiрибесi мол жандарға қоюымыздың да себебi бар. Қазiр кей жас жұбайлар отбасын құрмастан-ақ өзара келiсiм жасап алып, соның шеңберiнен шықпауға тырысады. Барлығы болмаса да, бұндайлардың қатарының артып келе жатқанын көз көрiп, естiп те жүрмiз. Ал, екi жас арасындағы келiсiмдерiнiң ұзын-ырғасы мынадай: бiр-бiрiнiң телефонын, қалтасын ақтарып, тексермеу, ер адам әйелiне есеп бермейдi, әйелi телефон шалып, қайда жүргенiн сұрап, ешқашан тергемейдi. Отбасының қаржысын тек ер адам ұстауы керек. Ренжiссе, белгiлi уақыттан аспай, әйел кешiрiм сұрауы керек, т.б.
Сонымен, әлгiндей келiсiмдер отбасының бiрлiгiн сақтауға әсер ете ме? Пiкiрлерге кезек берелiк.

Жеңiс Ысқақова, әншi, Қазақстанның еңбек сiңiрген қайраткерi:
– Менiң түсiнiгiмде, мұндай келiсiм болуы мүмкiн емес. Өйткенi, ерлi-зайыптылардың арасында сыйластық, махаббат болғанда ғана қарым-қатынас жақсы болады. Келiсiм шарт жасасып алатындай, неке – мекеме басшысы мен оған бағынушы жұмыскердiң қарым-қатынасы емес қой. Жұмыс орны емес, бұл – отбасы. Әрине, әр шаңырақтың өз жазылмаған заңы, дәстүрi болады. Бiрақ «мен былай, сен олай жасауың керек» деп санасудың қажетi жоқ. Мен мұны бiр-бiрiңе жасаған қамқорлығың мен жақсылығыңды санасу деп түсiнемiн. Үйленбей тұрып шарт құрып алу деген менiң миыма сыймайды. Мұның отбасының бiрлiгiн сақтауға ешқандай да әсерi жоқ. Керiсiнше, екi жас осындай келiсiм жасап үйленер болса, олар ешуақытта бiрiкпейдi. Ата-ана деген бiр сөз, болашақта олар бiреудiң ата-анасы болады. Санасып отырған жанұяда қайдағы ауызбiршiлiк болсын?!

Өмiрқұл Айниязов, әншi:
– Өзiмнiң 20 жылға жуық отбасылық өмiрiммен байланыстырып айтып көрейiн. Менiңше, белгiлi бiр қағидаларды қоюдың қажетi жоқ деп ойлаймын. Жұбайыммен қаншама жыл бiрге өмiр сүрсем де, ешқашан «мен келген кезде мынадай болсын» деп шарт қойған емеспiн. Бұл әркiмнiң санасына, тәрбиесiне, әйелiне не күйеуiне деген көзқарасына байланысты шығар. Аллаға шүкiр, қазiр бiр отбасы болып бiраз жылды артқа тастадық. Үйленгеннен берi жұбайымның атын атап, Фарида деп көрген емеспiн. Еркелетiп, Фея, кейде Фәке деп әртүрлi атайтынымды жасырмай-ақ қояйын. Ол да өзiне ұнайтын Сұлтаным, т.б. есiмдер қойып, менiң де атымды Өмiрқұл деп айтып көрген емес. Бұл өзiмiздiң көңiл қалауымыз. Ақша мәселесiнде де келiспеушiлiк жоқ. Екi адамның бiрi ғана ұстайды деген жоқ. Қайда қанша қаржы қажет екенiн айтады, ақылдасып отырып, жұмсаймыз. Жұбайым талай жылдан берi жұмыс iстейдi. Оның қанша жалақы алатынын да бiлмейдi екенмiн. Қатып қалған қағидамен өмiр сүрудiң қажетi жоқ шығар. Бiрде болмаса бiрде екеудiң бiреуi атылуы мүмкiн ғой. Сыйластық үшiн басқа да дүниелер бар, оны мiндеттеп, келiспей-ақ орындай бередi. Ол адамның отбасында алған тәрбиесiнен келедi. Үлкендi сыйлап, ата-енеңдi құметтеу, қайнысы мен қайынсiңлiлерiн сыйлау, қонақ келсе дастарханын жайып, төсегiн салып беру деген сияқты қазақтың жазылмаған ережелерi бар. Мұндай дүниенi жазып, келiсудiң қажетi болмас, келiсiмсiз-ақ жақсы жанұя құруға болады.

Динара Мыңжасар, журналист, «Түркiстан» газетi бас редакторының орынбасары:
– Отбасы – шағын мемлекет дегендi құлаққа құйып өскен ұрпақпыз ғой. Бала кезiмде шаңырақ көтерiп, отбасы құрған жас жұбайлар қайта ажырамастай боп көрiнетiн. Бәлкiм, бұған жастардың үлкен кiсiлердiң ақыл-кеңесiне құлақ асуы да септiгiн тигiзген шығар, кiм бiлсiн? Ал, қазiр үйленгенiне бiр, екi жыл, тiптi, бес-он жыл болған жұптардың шаңырағы шайқалып жатқанына таңқалмайсың. Неге? Менiңше, отбасын сақтайтын жалғыз махаббат емес. Тiптi, өзара келiсiм жасасып, белгiлi бiр қағида бекiту де отбасын мызғымастай берiк ете алмайды. Себебi, әу баста отбасы құрған ерлi-зайыпты махаббат деген аяулы сезiмдi жүректерiнде тербеп қана жүредi. Өмiрдiң ащысы мен тұщысы да кейiн басталады. Мұндай кезде алдын ала бекiтiлген қағиданың да жүзеге асуы неғайбыл. Өмiрдiң өз заңдылығы бар, алда ненiң күтiп тұрғаны беймәлiм. Жұбайлар бiрiн бiрi қас-қабақтан ұғуы керек. Бұдан артық қандай ереже керек?! Иә, қазiр жастар үйленбестен бұрын бiр-бiрiне шарт қойып жатады. Оның көбi – ақшаға келiп тiрелетiнi белгiлi.
Өмiрге бала келген соң, талап та, тәртiп те басқаша өрбидi. Екеуара махаббат сәбиге ауады. Бұл кезде отбасыны өзара сыйластық пен түсiнiстiк қана сақтайды.
Отбасын құрып, шаңырақ көтергенiмiзге – 17 жыл. Үш баламыз бар. Отбасы болған соң, түрлi келiспеушiлiк болмай тұрмайды. Соған қарамастан, сабырлы болуға тырыстым. Бұған өз отбасымда алған тәрбиенiң де көмекке келетiнiн iштей сеземiн. Сондықтан бiзде отбасы болған алғашқы күннен бастап бiр ғана қағида бар, ол – бiр-бiрiмiзге деген сенiмдiлiктi жоғалтпау. Басқасы өмiрдiң өз ағысымен, өз жолымен келедi.
Ешкiмге құпия емес шығар, жалпы ер азаматтар мақтау сүйетiн қауым ғой. Оларды қашан да мақтап отыру керек. Мақтауға малынған еркек алға жылжиды. Сол себептi әйелдердiң күн сайын (олай болса да, болмаса да): «Сен әлемдегi ең керемет күйеусiң!», «әлемдегi барлық әйелдiң күйеуi сен сияқты болса, ешкiм де бақытсыз болмас едi!», «Сенсiз өмiр сүре алмайтындаймын» деген сөздердi айтып тұрғаны жақсы екен.

Меруерт Асылханова, профессор, психолог:
– Мұның бәрi бұрын болса да, қазiр де дұрыс емес. Азаматтық некеде тұратындар бұлайша бiр-бiрiне қарым-қатынас жасай алмайды. Ал, заңды некеде тұратын еркектердiң де бұлай айтуға хақысы жоқ. Өзiнiң баласын туып берiп, ата-анасын бағып отырған жан-жарын қалай бұлайша қорлайды? Еркектер деп бастап отырғаным, өйткенi көп жағдайда мұндай келiсiмдi ұсынатын еркектер болып келедi. Үйдегi басымдық ер адамда, үйленген күннен бастап мiндеттердi бөлiсетiндер бар. Ата-анасынан, достарынан, араласатын айналасындағылардан көрiп, әсер етуi мүмкiн. Әйелдiң психикасы сол – ата-анасынан, күйеуiнен қысым көрсе, басылып қалады. Менiң жұмыс тәжiрибемде осыдан бес жыл бұрын мынадай жағдай болған. Қабылдауыма жындануға сәл ғана қалған әйелдi алып келдi. «Дәрiгер мен тәуiптен көмек болмады. Психологиялық тұрғыда көмегiңiздi берiңiзшi» дедi. Жындануына себеп – күйеуiн күтiп әбден зарыққан. Ал, күйеуi түнде үйiне қонбайды. Казино аралап, құмар ойынға салынған. Қолында бар барлық мүлiктi сатып тауысуға айналған. Қазiр олардың қарым-қатынасы жақсы. Некелерiн сақтап қала алды. Күйеуi де түзелiп кеттi. Сол кезде мен күйеуiне: «осының барлығы сiздiң әрекетiңiзден болып отыр. Тез арада түзетiңiз. Әйтпесе заңды тұрғыда ата-анасының да, балалардың да құқы бар. Заң алдыңда жауап бересiз» дедiм.
Адам үйленген соң, сенсе, сүйсе, мұндай қадамға бармайды. Ер адамның жүрген ортасы жақсы болса, ол жақсы адам. Ер адамды асыра дәрiптеудiң қажетi жоқ. Қазiр ерлер әйел адамдарға өте басымдық көрсетедi. Алдыма талай адамдар келдi, әлi де келедi. Күйеуiнен зәбiр көретiн әйелдер Алматыда өте көп. Сондықтан, мұндай келiсiм, талаптар отбасының бiрлiгiн сақтауға әсер ете алмайды, керiсiнше шегiне жетедi.
2018 жыл

фото Жұлдыз Жолбарыстан алынды

Сізге де ұнауы мүмкін

Бала психикасына кiм жауапты?
Өмiр жолы

Автор

Меню