Жақында Ақмола облысы Бестөбе ауылындағы «Қазақалтын» компаниясының кешені өз жұмысын тоқтатқаны туралы хабар тарады. Аталмыш компания еліміздегі алтын өндірiп өңдейтін ірі кәсіпорын болып есептеледі. Кезінде Елбасының өзі ашқан жұмыс орнын ауыл тұрғындары наразылықтарын бiлдiрiп уақытша болса да жаптырып отыр. Өйткені, кен өндірiсi тура ел іргесінде, яки ары кетсе 300 метр жерде орналасқан екен. Ал, бұл дегеніңіз аймақтағы экологиялық ахуалдың нашарлауына бірден-бір себепкер. Ауыл тұрғындары жиі шаңды боран соғып, тыныс алудың қиындағанын, тіпті малдардың да қырылып жатқанын айтып шағымданған. Бірнеше жыл арызданып жүріп биыл ғана дегендеріне жеткен ауылдастар істі аяғына дейін жеткізуге бекініп отыр.
Кейінгі жылдары Нұр-Сұлтан қаласының әлемдегі ауасы ластанған отыз қаланың қатарына енгені де көңілге кірбің ұялатады. Қазақтың жерiнде Менделеев кестесiндегi барлық элемент бар, баймыз десек те, оны өндіріп, өңдеуге келгенде экологиялық ахуалды ескермей жататынымыз өкінішті.
Статистикалық мәліметтерге жүгінсек, жыл сайын атмосфераға түрлі стационарлық көздерден 2,5 миллион тоннадай, ал бір ғана көліктердің улы газдарынан 1 миллион тоннадан асатын зиянды заттар бөлінеді екен. Елде өнеркәсіп пен өңдеуші кәсіпорындар, жылу-энергия орталықтары мен көлік түрлерінің саны артқан сайын ауа ластанып, ауруға шалдыққандар саны артып келетіні жасырын емес. Ауаның ластануы өкпе ісігі, инсульт, астма секілді аурудың асқынуына себеп болады дейдi дәрiгерлер.
«EnergyProm» агенттігінің мәліметінше (24.kz сайтынан алынды), елдегі атмосфералық ауаның ластануынан үш жыл ішінде қатерлі ісікпен ауыратындар саны 14%-ке өскен. Ал, аурудың алдын алу үшін тұрақты дәрігерлеік тексеруден өтіп тұратындардан гөрі өздігінен ем алып, ауруды асқындырып алатын жағдайлар жиі кездеседі екен.
Экология министрі Мағзұм Мырзағалиев жыл басында ОКҚ брифингінде есеп беріп, жаңа экологиялық кодекске Президенттің қол қойғандығын жеткізген болатын. Онда: «Ластаушы төлейді және қалпына келтіреді» қағидатының негізінде ластануды болдырмау және бақылау бойынша шаралар, сондай-ақ қоршаған ортаға келтірілген зиянның орнын толтыру үшін жауапкершілік көзделген. Экологиялық зиян орын алған жағдайда табиғат пайдаланушы қоршаған ортаны оның бастапқы ҚАЛПЫНА КЕЛТІРУГЕ МІНДЕТТІ» екендігін де атап көрсетті. Жаңа құжаттың мәтініне мән берсек, атмосфералық ауаның, судың, топырақтың ластану проблемасын шешу үшін өнеркәсіпте ең озық қолжетімді технологияларды енгізу көзделген.
Әрине, экологиялық проблема бір өнеркәсіпті жабумен шешіле салмайды. Экономикаға да, экологияға да зиян тигізбейтін ортақ шешім табу жолында әлі талай жұмыстар атқарылуы керек екені айдан-анық. Табиғаттың жанайқайына мән бермесек, адам ғұмырын қысқартуға апарары сөзсіз. Бір қуантарлығы, кейінгі уақытта табиғат қорғаушыларының даусы ескеріле бастады. Тіпті былтырғы жылдың аяғында табиғат қорғаушыларына арнайы «Елім-ай» сыйлығы 16 номинация бойынша табыс етілген еді. Осы үрдiс жалғасын тапса қане.
Бүгінгідей алмағайып заман ішкі туризмді дамытудың қажеттілігін де көрсетiп бердi. Оның үстіне адам денсаулығынан артық не бар дейсіз. Саф ауа, тұнық су, жасыл орманды, топырақтың құнарын, жер астының байлығын кейінгі ұрпаққа мұрат ету үшін де оны бүгін сақтай білуіміз керек.
Ш.Еркінқызы.