– «Ақ босаға» газетiнiң оқырмандарына өзiңiз жайында айтып берсеңiз…
– Балалық шағым осы таулы аймақта, Көлсай, Шарын шатқалы секiлдi кереметтерi бар өлкеде өттi. Кiшкентай күнiмнен ақиық ақын Мұқағали Мақатаевтiң өлеңдерiн жаттап өскен қазақпын. Мектепте әдебиетке және сурет өнерiне ерекше бейiм болдым. Суретшiлiк өнердi таңдауыма ең алдымен аяулы анам, содан кейiн әпкем себеп болды. Анам кезiнде актерлiк оқуды бiтiрген, театрда қызмет атқарған. Кейiннен, тұрмысқа шыққаннан кейiн, өнермен қош айтысты. Дегенмен, үйде құрақ көрпелер жасап, ою ояды, киiм тiгедi. Соның барлығын көрiп өскендiктен қызығушылығым ояна бастады. Ал әпкем Т. Жүргенов атындағы өнер академиясында «дизайн» мамандығын бiтiрген. Сондықтан, «Алматы қаласына келiп, өмiрдi көр, өнердiң ортасында жүр, адамдармен аралас, профессорлардан тәлiм ал» деп әпкелiк ақыл-кеңесiн айтты. Осылайша, 2009 жылы нағыз қайнаған өнерлi ортаға келiп, Т.Жүргенов атындағы өнер колледжiнде, содан соң академиясында бiлiм алдым. Ұстаздарым жайлы айта кетсем, өзiме сабақ берген кураторым, Қазақстан суретшiлер одағының президентi болып жақында сайланған Өмiрбек Жұбаниязов деген өте мықты лирик суретшiден тәлiм алғаныма қуанамын. Асылбек Құбашев есiмдi керемет кiсiден сабақ алдым. Қазақстандағы №1 суретшi Қанапия Тельжановтың батасын алдым.
– Сiз көбiне портрет жанрында сурет саласыз. Не себептi осы жанр сiзге жақын?
– Портрет – сурет өнерiнiң бiр жанры ғана. Мен классикаға ерекше қызығушылықпен қараймын. Осы өнердiң жiлiгiн шағып, майын iшкен шет елдiк Леонардо да Винчи, Бати Челли, Микеланджело сынды мықты өнер майталмандары туралы оқып, солардың түпнұсқа туындыларын көрiп, портрет өнерiне деген шабытым ашылды. Дегенмен, натюрморт, пейзаж, анималистика, жануарлар тақырыбында, жалпы, әр түрлi жанрларда суреттер сала беремiн. Елiмiз, жерiмiз кең байтақ әрi көркем ғой, табиғатты да саламын. Адамның бостандыққа, еркiндiкке деген ұмтылысынан туындаған композициялық туындылар болады. Соларды қағазға түсiрiп, сатамын, сыйлыққа да беремiн. Өзiм жылқының бейнесiн салғанды ерекше ұнатамын.
– Негiзi дiн тұрғысынан қарасақ, адамның бейнесiн салуға болмайды деп жатады. Бұған не дейсiз?
– Иә, көбiсi солай дейдi. Кейбiреуi сол үшiн суретшiлердi ұнатпай жатады. Дегенмен, хадистерден оқып, бiраз имамдардан сұрап көрдiм. Олар «сен суретке табынасың ба, мына суреттi салып алып, осыны жараттым деп ойлайсың ба» деген соң, олай еместiгiне көз жеткiзiп, сурет салудың еш әбестiгi жоқ екенiн түсiндiм. Мен портрет салу арқылы керiсiнше, адамдарға қуаныш сыйлаймын. Ол мәңгiлiк естелiк, тарих болып қалады. «Қолымнан келетiн iстi неге жасамасқа, менiң бағытым осы емес пе?» деген сансыз сауалдар, ойлар мазалайды.
– Бiр портретiңiздiң құны қанша?
– Қарапайым халықтың қалтасы көтеретiн баға қоямын. Мысалы, 10-15 мың теңге дегендей… Ал материалдық деңгейi орташа адамдарға 100 доллар, танымал әрi қалталы азаматтарға 5-10 мың доллар көлемiндегi бағаны айтамын.
– Танымал адамдардан тапсырыстар жиi түсе ме?
– Жиi түседi деп айта алмаймын. Дегенмен, сұраныс бар. Өткен жолы «Қайрат Нұртас өзiнiң портретiне тапсырыс берiптi» деген қауесеттер тарап, бiраз сенсация жасалған едi. Негiзiнде әншiнiң портретiн бiр шенеунiк кiсiлер жоғары жақтан «Қайрат баламызға сыйласақ» деген мақсатпен маған ұсыныс жасаған. Демек, ол мемлекеттiк тапсырыс болып саналады. Ал тiлшiлер сол кезде Қайраттың анасына хабарласып, ұшықтырып, ол мәселенi басқа арнаға бұрып жiберген.
– Осы уақытқа дейiн салынған неше туындыңыз бар?
– Жыл сайын, ай сайын көбейiп отырады. Арасында кiшкентай «А-4» форматтағы суреттер де бар. Мен әр туындымды жақсы көремiн. Мейлi ол қандай материал болсын, қандай деңгейде болсын, барлығын есепке алуға тиiспiн. Мыңдаған туындыларым қазiр өзiмде жоқ. Олар өнердi бағалайтын, қадiрлейтiн мықты адамдардың үйiнде, жұмысында, студияларында iлiнiп тұр. Ол туындыларды «жас суретшi Мәулен Көпбаев салып берген» деп айтып, жарнама жасап жүредi. Соған ерекше қуанамын.
– Бiр картинаны салып бiтiруге қанша уақыт кетедi?
– Қарапайым қара қарындашпен салынатын портреттердi 1-2 күнде немесе 2 сағатта-ақ салып бiтiруге болады. Ал майлы бояумен салынатын суретке тапсырыстың уақытына, тапсырыс берушiнiң ниетiне байланысты әрқалай боп келедi. Тiптi, 6 ай көлемiнде салынатын жұмыстар бар. Кейде, арнаулы туындылар болады. Мысалы, мен Бауыржан Момышұлының портретiн салдым. Оның өмiрбаянын, кiтаптарын оқып, әбден зерттедiм. Сурет салу барысында бiр жерiн ұқсата алмай қалсам, ол кiсi маған ренжiп тұрғандай көрiнетiн. Кейде сурет кейiпкерi түсiме енiп, өз-өзiммен арпалысып, ауырып, содан кейiн ғана салып бiтiрiп жатамын. Ал кейбiр жұмыстарым бар, бағасы жақсы, салғанда көңiл-күйiң де керемет болады. Бiрақ тапсырыс берушiнiң саған деген ықыласы дұрыс болмай жатады. «Мен сiзге ақша төледiм, сiз неге мына жерiн өзгертпейсiз, мынаны басқаша салмайсыз» деп қыңырлық танытып, биiк талғаммен қарап, суретшiлердi түсiнбей жатады. Бiрде, керiсiнше, қарапайым бiр сурет салып берсең, қатты ұнатып, «мынау не деген дарын» деп таң қалып, жоғары бағасын берiп жатады. Жалпы, сынды да қабылдаймын, мақтауды да көтере бiлемiн. Суреттi 10 шақты бояудың түрiмен сала беремiн.
– Өз жұмыстарыңызды көрсету мақсатында шетелдiк көрмелерге шығып тұрасыз ба?
– Қазiргi орындалмай жатқан мақсаттарымның бiрi бұл. Әзiрге шет елге шыға қойған жоқпын. Бiрнеше мүмкiндiктер болған, отбасылық себептермен бара алмай қалдым. Бiрақ, Аллаға шүкiр деп айтайын, менiң жұмыстарым әлемнiң ондаған елiне таралып кеттi десем артық айтқаным емес. Ресей, Қытай, Түркия елдерiне, тiптi, Англиядан да қарапайым портреттiң өзiне ұсыныстар түскен. Ғаламтор арқылы, не болмаса шет елге оқуға кеткен өзiмiздiң отандастарымыз бен өнер адамдарының тапсырыстары арқылы көптеген жұмыстарым шет елдерге кеттi. Түркияда өткен бiр көрмеге қол өнер туындыларым барды. Яғни, мен тек сурет қана салып қоймай, қол өнермен де айналысамын. 25-ке жуық ағаштан жасалған бұйымдарым бар. Шырағдан, қобдиша сынды дүниелер жасап, анама, өзiмнiң жақындарыма сыйладым. қолмен жасалған жұмыстарымды жоғары бағалаймын. «Жiгiтке жетi өнер де аз» демекшi, жан-жақты болғанды жақсы көремiн. Өзiм оқыған академияда үздiк студенттердiң жұмыстарынан құралған «академиялық фонд» бар. Сол жерде жұмыстарымның бiразы сақталған. Оны шаралар кезiнде, көрмелерде көрсетiп жатады.
– Қандай марапаттарға ие болдыңыз?
– Облыстық, республикалық, қалалық жарыстарда лауреат атандым. Былтыр Алматы облысы бойынша өткен жарыста 3-орынды жеңiп алдым. Негiзi, бас жүлде алып тұрғам. «Сенiң болашағың зор екен, артыңда iзiңдi қуып келе жатқан екi iнiң тұр, соларға орныңды бер» деген соң, онда тұрған ештеңе жоқ, қазақтың жiгiттерi ғой деп орнымды бердiм. Тиесiлi сый-сыяпатымды алдым. қазiргi таңда, әкiмшiлiктен, ауданнан құрметтi ұсыныстар түсiп жатыр. Бiрақ, ол құрметке де лайықты болу керек қой деп iштей ойланамын.
– Шығармашылық кредоңыз қандай? Жұмыстарыңыз арқылы халыққа не бергiңiз келедi немесе не айтқыңыз келедi?
– Маған «өзiңдi танымал миллионер суретшi ретiнде жарнамалап, бай болуды көздейсiң бе» деп көп сын айтып жатады. Жалпы, 5 мың долларға мемлекеттiк тапсырыс алсам, демек менде миллион бар деген сөз. Бiрақ, ол миллионермiн деген мағынаны бiлдiрмейдi. Бұл — креативтi амалдың бiр түрi. Себебi, «қарапайым суретшi» деп жазып қойсаң ешкiм сенi оқымайды. қазiргi таңда, көрген жерде «о, танымал миллионер суретшi келе жатыр» деп қарсы алып жатады. Яғни, мен сол сөз арқылы халықтың есiнде қаламын. Бай болуға одан әрi талпынамын. әзiрге, миллионер бола қоймасам да, бiраз жастардың алдында көш бойы озық келе жатырмын деп ойлаймын. Бауырларыма, отбасыма да көмектесiп тұрамын. Адал еңбегiммен табыс тауып, қайтадан өнерге салып жатырмын. Егер мен өнердi емес, тек қана табысты ойласам, онда баяғыда байып кетер ме едiм, мүмкiн. Менiң мақсатым ең алдымен, адам болып қалыптасу. Екiншiден, осы кәсiби өнердi түбегейлi зерттеп, бiр биiгiне жету. үшiншiден, жас буынға, халыққа өзiмнiң өнерiмдi дәлелдеп, бiр дара жол салып, үлгi боларлықтай iз қалдырып кету. Халық та жасаған еңбегiме сай бағалап, менi құрметтесе екен деймiн.
– Бiзде суретшiлер аса бай емес. Шет елдерде олар әлдеқайда жақсы өмiр сүредi. Бұл не себептi деп ойлайсыз?
– Еуропада суретшiлердi төрге шығарып құрметтейдi, жоғары бағалайды. Өйткенi, олардың дiлi бөлек. Картиналарының құны да жоғары. Ал бiзде суретшiлер сақал-мұрттары мен шаштары өсiп, арбатта жүредi. Мен сол қалыптасып кеткен шеңбердi бұзуға тырысып жүрмiн. Суретшiлердiң еңбегiн халыққа дәлелдегiм келедi. Күндердiң күнiнде үлкен бiр жаңалық жасамақшымын. «қазақ сурет өнерiн насихаттаушы, миллионер суретшi Мәулен Көпбаев» атануды көздеймiн. Мен танымал болмасам, еңбегiмдi басқа бiреу пайдаланып кетедi. Сол үшiн ең алдымен өзiмдi жақсы мақсатта танытуым керек. Сiздердiң арқаларыңызда азғантай болса да, оқырмандарым, жанкүйерлерiм табылады деп ойлаймын.
– Өз шығармашылығыңызды дамыту үшiн қандай әдiстер қолданасыз?
– Адам өмiр бойы iзденiп өтуi керек. Кiтаптар оқимын. «Махаббат, қызық мол жылдар» кiтабын ерекше атап өтер едiм. Оқыған адамның көз алдына керемет картина елестейдi, сюжетi де мықты. «Абай жолын» әр қазақ мiндеттi түрде бiлуi тиiс. Жалпы, әлем әдебиетiн көбiрек оқуымыз керек, сонда ғана өркениет пен әлемдiк мәдениетке қол жеткiзе аламыз. Зерделеп, саралап, өзiмiзге қажеттi дүниенi ала бiлуiмiз қажет. Сонымен қатар, түрлi бизнес-тренингтерге қатысамын. Арт-бизнес деген нәрсенi үйренiп жүрмiн. Мысалы, «картинаңды 10 мың теңгеге сатқан жақсы ма, әлде 10 мың долларға ма» деген сияқты сауалдарға жауап iздеп, соның ара-жiгiн ажыратуға тырысып жатырмын. Пабло Пикассо, Сальвадор Дали сияқты креативтi тұлғалардың еңбектерiнен, ұлы Абайдан пайдалы бiр нәрсе алуға ұмтыламын.
– Суретшiлердiң жұмысы өте қажырлы еңбектi талап етедi. Өнерге деген құлшынысыңыз жоғалып, көңiл-күйiңiз болмаған кездерi өз-өзiңiздi қалай қамшылайсыз?
– Менiң өнерден бөлек тағы бiр сүйiктi iсiм бар, ол өз-өзiме есеп беру. Өзiм 9 жыл бойы үзбей күнделiк жазып келемiн. «Бұл өмiрде не бiтiрдiм, не iстеп жүрмiн? Уақытым не нәрсеге жұмсалуда, неге мен әлi күнге дейiн көтерiлмедiм? Неге өнерiм жақсы арнамен келе жатып, тоқтап қалды?» деген секiлдi сансыз сауалдарды өзiме жиi қоямын. Оңашада ойланып отырып, кейде көзiме ерiксiз жас та келедi. Ата-анамды, бауырларымды ойлаймын. Бiз өткен соң, тарихта қаламыз ба, жоқ па, оны да ойлаймын. Кейде ғаламторда отырып, «уақытым босқа кетiп жатқан жоқ па» деп те ойланамын. Солардың барлығын саралай келе, бiр шешiм шығарып, жоспар құрып, алға ұмтыламын.
– Алдағы жоспарларыңыз, мақсаттарыңыз жөнiнде айта кетсеңiз?
– Өнерге жанашыр азаматтармен әңгiмелесiп, сұхбаттасып, өзiмнiң өнердегi орнымды айқындау, қазақ халқына дәлелдеу. Кездейсоқ жүрген адам емес екенiмдi көрсету. Заман талабынан қалмау керек. Алдағы 10-20 жылдықта атағым аспандап, танымал болып жатсам, сiздер қуанасыздар деп ойлаймын. қиын-қыстау кезеңдерде де, шарықтау кездерiмде де сiздермен араласып, дос боламын деген үмiттемiн. Алла қаласа, «танымал миллионер суретшi» атағына сай болуға тырысамын.
Сұқбаттасқан Мадина Кегенбаева