Құжатсыз жүрген қандай-ды

Сенiң кiм екендiгiңдi заң жүзiнде танитын жеке бас құжатсыз өмiр сүру мүмкiн емес. Алайда, әртүрлi жағдайлармен құжатсыз қалып, сергелдеңге түсiп жатқандар қаншама. Мiне, сондай жанның бiрi Эльвира атты бойжеткен бiзге Алматы облысынан үшбу хат жолдап, құжатының жоқтығын, заң орындарына барса, қайта-қайта қайтарып жiберiп, әбден қиналғанын айтып көмек сұрапты.
«Құрметтi редакция ұжымы. Мен Кенышпаева Эльвира Нұрасылқызы 1992 жылы Алматы облысы, Кербұлақ ауданы, ­ Қоғалы елдiмекенiнде дүниеге келдiм.­ Әкем Кенышпаев Нұрасыл (1997 жылы қайтыс­ болды) мен анам Елiкбаева Меруерт Қазақстанда дүниеге келген, ҚР азаматтары. Бiрақ, менiң әлi күнг­е жеке төлқұжатым жоқ. Себебi, бiздiң­ отбасылық қиын жағдайға байланысты дер кезiнде төлқұжат алмапты. Анам қарапайым жұмысшы, табысы төмен, әкем 5 жасы­мда қайтыс болды. Мен оқу бiтiрген кезде тiптi­ суретке түсуге қаражат таппай қалдық.­ Қазiр анам екеумiз Алматы қаласында пәте­р жалдап күн көремiз. Жеке құжатым жоқ­ болғандықтан жұмысқа алмайды. Өтiнiп­ сұрайтыным: жеке куәлiк алуға тиiстi мекемелер арқылы көмек­ берсеңiздер екен. Сiздерден үлкен үмiт күтемiн».
Осы хаттың жай-жапсарын анықтап, оң шешiмiн табуға жұмсаған тiлшiмiз Аида ҚОЖМАМБЕТОВА Алматы облысы iшкi саясат басқармасының белдi мамандарына жолығып, iстiң неғұрлым тез шешiлуiне мұрындық болды. Бұл iске облыстық «Жетiсу» арнасы да жанашырлық танытып, «Болмыс» ток шоуына хат иесiн кейiпкер ретiнде арнайы шақырып сөйлеттi.
Алматы облыстық көшi-қон полиция басқармасының инспекторы Бауыржан ҚОЖАБЕКОВ: – Заң бойынша төлқұжат алу үшiн бiрiншi туу туралы куәлiк болуы керек. Оған қосымша арыз берушi оқыған мектептен, ауылдық әкiмшiлiктен, жергiлiктi полициядан, т.б. анықтама алу керек. Содан кейiн бiр ай мерзiм iшiнде ҚР азаматы ретiнде танып, құжатын қолына беремiз.
«Болмыс» ток шоуының продюсерi Гүлжан ҚЫЗАЙБАЙ: – Бiздiң де бағдарламаға Эльвираның жағдайы сияқты көп хаттар түседi. Шамамыз жеткенше көмек көрсеткiмiз келедi. Егер бағдарлама нәтижесiнде жылаған жанның жұбанышы бола алсақ, еңбегiмiздiң ақталғаны деп бiлемiн.
Ток шоу жүргiзушiсi Асыл МАХМЕТОВ: – Бағдарлама түсiрмес бұрын Кербұлақ ауданының ХҚКО-сына, жергiлiктi көшi-қон полициясымен, Эльвира қарындасымыз туып өскен ауылға, мектепке, бәрiне хабарластық. Мектепте оқығандығын, ауылда тұрғандығын растайтын көрiнiстер түсiрiп алдық.
Элвира КЕНЫШПАЕВА: Мен жалғыз емес екенмiн, мен сияқты қаншама жандар бар төлқұжатсыз жүрген. Құжат алу мен үшiн алынбас қамалдай болып кетiп едi. Бармаған жерiм жоқ, шынымды айтсам, бiресе ана құжатты, бiресе мына құжатты түгендеп әкел дейдi, түгендеп апарсам, тағы бiрдеңесi шығады. Анықтаманың уақыты бiтедi екi ортада. Бiрақ, қиындықты жеңiп, редакцияның араласуымен, Жетiсу арнасының ток шоуына шығып бүгiнде барлық құжатымды рәсiмдеп алдым, айналасы бiр жарым айдың iшiнде. Жағдайымды сұрап тұрған көшi-қон басқармасы өкiлдерiне де, барлығына алғыстан басқа айтарым жоқ.
2017 жыл

Сізге де ұнауы мүмкін

Келiннiң күнделiгiнен
АНКЕТА ДӘПТЕРІ: МЫРЗА ЕРКІНБЕКОВ

Автор

Меню