ХVІІІ ғасырда өмір сүріп, аты аңызға айналған батыр қызымыз Са­пура Мәтенқызы туралы мағлұмат-деректерді жи­нақ­тап, бір тұжырымға тоқталатын уақыт жеткен сияқты.
Сонымен, Көктемір атанған бұл ару кім? Ол туралы бүгінгі жұртшылық толық хабардар ма?

Өзгеше өмірбаян
Тарихи деректерге жүгінсек, Cапура Мәтенқызы киелі Қобда өзені жағасында 1753 жылы дүние есігін ашқан. Батыр қыз өмірін зерттеушілердің бірі – көрнекті қаламгер Әнес Сарайдың пайым­дауын­ша, Сапура он жеті жасында тұр­мыс­­қа шыққан. Күйеуі 1771 жылғы Еділ қалмақ­та­рының қанды жорығында ерлікпен қаза табады. Одан кейін артында қалған Сапура қа­зақ­тың әмеңгерлік жолымен қайнысы Жан­балтаға қосылады. Бірақ, іште қайнаған кек, жүректегі жара жазылмайды. Жауда кеткен есесін қайтару, ел намысын таптатпау туралы ой оған маза бермейді.
1775 жылы Е.Пуга­чев бүлігі жаныштал­ға­нымен, оның ықпалы, жалын-өрті жан-жаққа кеңінен жайылады. Патша өкіметінде осыған байланысты үлкен қорқыныш туын­дайды. Болжамдалған зор апаттың ал­дын алу мақсатында Жайық бойындағы ка­зак-орыстарды, жан-жақтағы басқа да ұлт өкілдерімен қатар, Кіші жүз аймағындағы қазақ руларын да қысымға ала бастайды. Осы мақсатты орындау үшін атақты қолбасшы Суворовтың өзі атқа мінеді. Кіші жүздің ішіндегі табын, тама, байбақты, жағалбайлы, шекті, кердері, т.б. рулар шамалары келгенше топтасып, бір жағы жазалаушыларға қарсылық білдіру үшін жинала бастайды.
1775 жылдың қыркүйек айында Ел­ек, Қобда сағасында отырған қазақтар жазалаушы­ларға қарсы шығады. Бұл қозғалыс тарихта Көктемір көтерілісі деген атқа ие болады. Жа­сақ саны күннен күнге ұлғайып, мыңдаған сарбаз бас құрады.
Осы көтерілістің басында жүрген Сапура Мәтенқызы 1776 жылдың көктемінен бастап өз бетінше әрекетке кірісті. Аңызға бергісіз алапат оқиғалар осы кезден басталады.
Сапура Мәтенқызы – 1775-1776 жылдары Пугачев көтерілісінен кейін Елек-Қобда өзен­де­рі­нің бойында қарулы қарсылықтарды жалғастырған тарихи тұлға. Архивтік дерек­тер­ге қарағанда, ол Пугачев күресі басылған бір жылдай уақыттан кейін халықты қайтадан патшаға қарсы күреске шақырып, орыс шебіне бірнеше жорықтардың жасалуына ұйытқы болған. Ел ішіндегі әңгімелер мен сол замандағы куәгерлердің айтуынша, Сапура Мәтенқызы белгілі бір тылсым қасиеттерге де ие болған. «Көрінбес», «Көктемір» немесе әулие атанған сырт күштермен байланысқа түсіп, халыққа оның үндеулерін жеткізіп отырған. Сапардың (деректе осылай аталады) үндеулері нәтижесінде қасына 1500 адамдық қарулы жасақ та жиналған.
Өлке басшылығы «Көрінбес» қозғалысын басу үшін шаралар қолданған. 1776 жылдың жазында Сапура Мәтенқызы Қиыл өзенінің бойына қоныс аударған.
Сапура Мәтенқызы Отан тари­хын­дағы ең бір жұмбақ тұлғалардың бірі болып қалып отыр. Оның тағдыры мен күресін толыққанды баяндау қосымша деректерді іздестіруді қажет етеді.

Сапура қыз туралы аңыздар не дейді?
Аңызда оның халықтың көзіне көрінбейтін жан екені айтылады, бірақ төрт аяқты адам ретінде сипатталады. «Адамша сөйлейді», – дейді. Орда тұрады екен де, кейде одан шығып, екі-үш тәуліктей сапарлап кететінге ұқсайды. Бірақ қайда барады, қайдан келеді, оны ешкім білмейді. Оның бар екені күркіреп жүргенінен ғана білінеді, айбарлы дабылы болады екен. Алайда, ешкімге көрінбейді.
Аңыз адам өзін «моншақты өгізбін» дейтін көрінеді, басы адамның басы секілді, құлақшын киген, бірақ өгіздікіндей мүйіздері бар. Арқасы темірмен қапталғандықтан Көктемір аталып кеткен дейді.
Бұл аңыздың түп негізі – көзге көрінбей­тін батыр жаудың мысын басып, тынысын та­рылтады, олардың арасында үрей-қорқыныш тудырады.
Екінші бір аңызда Сапура «бөрі пірі» ретінде бейнеленсе, тағы бірінде «темір қыз», «шу асаудың перісі» деген атаулармен аңыз кейіпкері ретінде кейіптеледі. «Шу асау перісі» аталуының мәні – батыр қыз жарақ жылқыны тай күнінде таныған. Бұғалық тимеген асаудың өзі Сапураны көргенде денесі дір-дір етіп, жуасып сала береді екен. Ал ол шу асаудың жалы мен шоқтығынан тартып тұрып жадағай мініп кете берген. Ал «бөрі пірі» ұғымы – қасқырды жала­ңаш қолымен ұстайтын қайратына қатысты айтылған. Қасқыр аулауға шыққанда абадан көкжалдар далаға безіп қашса, ұрғашылары апандарына тығылған.
Сапура қаншық қас­қыр­ларды тірідей жалаңаш қолмен суырып алып шығатын болған. Содан бөрінің пірі атанған.
Белгілі жазушы Жақау Дәуренбековтің «Көктемір» атты роман-хикаясы – батыр қыздың көркем әдебиеттегі бейнесін айқын көрсеткен толымды туындылардың бірі. Қалам­гер тарихта «Көктемір», «Көрінбейтін адам» есімімен мәлім болған Сапура Мәтен­қызының күрес жолын өзінің көлемді еңбегіне арқау еткен.
Ғалым Н.Бекмаханова «Көрінбейтін адам туралы аңыз» еңбегінде бұл лақап есімнің артында Табын тайпасының өкілі Мәтеннің 22 жастағы Сапар (Сапура) атты қызы тұрғандығын атап өтеді.
Қарапайым халық «көрінбейтін адамды» теңдесі жоқ күштің иесі, ерекше таңғаларлық қасиеттері бар адам ретінде елестетті. Жақау Дәуренбековтың хикаясында Сапура тарихи тұлғадан көркем образ дәрежесіне көтеріледі. Жазушы Сапураның ұлт-азаттық қозғалыстың үлкен бір күшіне айналуын саралап суреттейді. Нұралы ханның тапсырмасымен келген інісі Ералының алдында Сапура хан қаһарынан қорықпайтынын білдіріп, сұлтанмен тең дәрежеде сөйлесіп, тайсалмай жауап береді. Алған бетінен таймайтынын, жолынан қайт­пайтынын білдіреді. Міне, бұл – Сапураның нағыз бейнесі.
Исламғали БІТІК,
тарихшы

Сізге де ұнауы мүмкін

Шақырылмаған «қонақ»
Токио2020: Олимпиададағы киімдер

Автор

Меню