Токио2020: Олимпиададағы киімдер

Төрт жылда бір рет өтетін, күллі әлем көз тігетін Олимпиада ойындары 2020 жылы өту керек еді. Алайда, әлемді жайлаған індеттің зардабынан кейінге ысырылған болатын. Міне, 2021 жылдың жазында спортшыларымыз Жапонияның Токио қаласында Олимпиада ойындарында ел намысы үшін сынға түсіп жатыр. Әлемдік ахуалға байланысты биыл жан-жақтан жанкүйерлердің жиналуына рұқсат берілмеді. Яғни стадион бос, ал жанкүйерлер теледидар арқылы тамашалауға мәжбүр.
Биыл көрермендердің қырағы көзі спортшылардың ойынына ғана емес, сырт киімдеріне түскен көрінеді. Бұқаралық ақпарат құралдары да жарыса жазып, аса мән беріп, талқылап жатыр. Мәселен, Қазақстан құрамасының биылғы формасы ең стильді киімдер қатарына кіріп, 8 мемлекеттің қатарынан көрінді. Олар Қазақстан, АҚШ, Ресей, Либерия, Чехия, Қытай, Оңтүстік Африка, Жапония. Айта кету керек, еліміздің спортшыларына бұл жолы танымал дизайнер Салтанат Баймұхамедова киім үлгісін дайындаған еді.
Ал ашылу салтанатында еліміздің көк туын желбірете ұстап шыққан жеңіл атлет Ольга Рыпакованың ұлттық қазақы киіміне көпшілік таңдай қақты. Төгілген ақ түсті ұлттық көйлегіне ашық түсті бетпердесі үйлесе кетіпті. «Олимпиада ойындарының ханшайымы», «Ешқашан олимпиада ойындарының мұндай әдемі киімін көрмедім» деген көрермен лебізін оқып, кеудемізді мақтаныш кернегені рас.
Ал Германия құрамасының төрт гимнастшы қызының жарысқа жабық киіммен қатысқанын Азаттық сайты жазды. Олар бұл әрекетімен спортты сексуалдандыруға қарсы екенін жеткізіпті.
Ресейлік жүзгіш Евгений Рылов та көпшіліктің қызығушылығын туғызды. Ойын кезінде ел алдына мысық (мүмкін жолбарыс) бейнесінде тігілген бетпердемен шығып ерекшеленді. Спортшының мұнымен нені меңзегісі келгені бізге құпия болып қалды. Ал алтын медаль жеңіп алған ол марапаттау сәтінде сүйікті бетпердесін киіп шығуға рұқсат бермегенін қынжыла жеткізіпті.

2021 жыл

Сізге де ұнауы мүмкін

Көктемір ару
Шатуновтың екінші анасы кiм?

Автор

Меню