Әлемдi әлдилейтiн бiр ғана халық бар. Жандары нәзiк,
жүректерi жұмсақ, ойлары дана. Жүздерi мейiрiм, күлкiлерi әшекей, кейiптерi көркем. Құмыра бойлары жақұты асыл тастармен безендiрiлгендей. Ол иманынан қасиеттiлер, тазалығынан тектiлер, адалдығынан тәрбиелiлер тарайтын әйел қауымы.
Жаратушы Алла шеберлiгiмен әйел адамзатын еркектiң қабырғасынан жаратты. Алайда, бар құдiретiн әйелге төккен екен. Яғни жаратылысында әу бастан әйел заты күш-қуаттың көзi болып қаланған. Бiр отбасыдағы әйелi мен еркегi уақыт өте келе бiртұтас адамға айналса да, бәрiбiр екеуi екi қилы әлем. Өйткенi, еркек оттың, әйел ошақтың иесi. Бiреуi түздiң, бiреуi үйдiң адамы. Дегенмен, бүгiнгi таңмен таразылап, әсiресе бiздiң қазiргi қазақ әйелдерiн елден ерекше құрметке лайықты жандар дер едiм. Себебi, қоғамды сүттей ұйытып отырған осы өзiмiздiң әйелдерiмiз. Өйткенi, бiлiмнiң сан қилы түрлерiн игерiп алып, iскер де шеберлер, бiлiктiлер атануда. Мемлекетiмiздiң жарты қызметiн атқаруды да үлгерiп, отандық кәсiптi де ширатуда. Халыққа қажеттi жұмыс орындарын да ашып, кәсiпкерлiктi де дамытуда. Қызмет таңдамай-ақ, талғамай-ақ өнеркәсiп, алпауыт зауыттар мен кәсiпорындарда жұмысшылар қатарын құруда. Үйiнiң тiрлiгiн де пысықтайды, атасы мен енесiне де қызметiн аямайды, шиеттей бала-шағаны өмiрге әкеледi де, оларды әрi тәрбиелейдi де. Күйеуi дүниеден озса, орнын жоқтатпайды, отағасы орнына жатпай-тұрмай отының түтiнiн түтетедi. Қыс демейдi, жаз демейдi, күндiз базарда, түндiз түнгi жұмыста. Тағдыры мен тұрмысына көндiккеннен, шаңырағын шайқалтпай, мейлi әлжуаз, тiптi сырттап кеткен, iшiмдiкке үйiр жарларына да шыдап бағуда. Ұрпағының әкесi ретiнде сыйлап төрiн, жары ретiнде жылы шырайын берiп, iшер асына дейiн тауып берiп жатса, кейбiрi толықтай асырап та отыр. Осындай құмырсқа тiрлiгiн күйттеген өзiмiздiң көнбiс әйелдерiмiздi неге құрметтемеске, сыйламасқа, аяламасқа?!
Жаратушы Алла Тағала әйел жанын еңбекте қажырлы, қиындықта төзiмдi, тауқыметте мықты етiп жаратқан. Бiр сөзбен әйел қырық жанды дегендей. Ал, қырық айласы осы дүниеде еш таптырмайтын қару. Құрығанда, жеңiлгенсiп жеңедi. Еркектiң бағын жағатын да, сағын жығатын да әйел!
Сонау дәуiрлердегi Жәңгiр ханның жары Бәтима өз дәуiрiнiң хас сұлуы, бес тiлдi игерген ақылды да көрiктi, әуендi аспапта ойнаған, шыр көбелекше бимен шұғылданған өнерлi әйел болған деседi. Мiнезiнде маңғаздық болса да, жапан түзге келiн болып түсiп, қазақтың дәстүрiне именген. Ал, Кенесары ханның Күнiмжаны күн келбетiн тектiлiгiне жарастырған ел анасы атанған. Әбiлқайыр ханның Бопай ханымы ел басқару iсiнде сенiмдi ақылшы, ерiнiң де, елiнiң де сый-құрметiне бөленген әйел болғаны анық. Азияда тұңғыш мемлекет құрған қолбасшы, «әлем менiкi» деп дүниеге жар салған әйгiлi Шыңғысхан, француздың Наполеоны да, Римдiк әскер қолбасшысы Цезарь сынды хас жауынгерлер әйелдерiнiң қас-қабағымен жауларын еңсерудi, ақылдарына жүгiнiп, тұтқиылдан соққы берудi игерген. Ғұламалар мұндайды «табысқа жеткен ердiң артында дана әйел тұрады» деп түйiндейдi. Тiптi, әйелдер керек болса, атқа қонып, жауға да қарсы тұра алады. Аламан бәйгеде озып, атын да оздыра алады. Әрине, жұмсақ мiнезiн, нәзiктiгiн қайшылайтын қасапшы, зират қазу, жер асты кенiштерi, адам тағдырына үкiм кесетiн қызметтерден алыс болғаны жөн. Өйткенi, ондай әйелдiң ырысы ер iсiнен кеми түседi. Себебi, табиғатына сай киiм киiп, затына лайықты iстермен шұғылданса, нәзiктiгi мен мейiрiмдiлiгiн жоғалтпайды.
Омар (р.а) патшалық құрған кезеңде бiр әйел келiп, күйеуiнен ажыратуын өтiндi. Ойлануға уақыт сұраған Омар (р.а) әйелдiң ерiн iздетiп, таптыртады. Алдына алып келген сахабаның үстi мен кейпi реңсiз, тозыңқы көрiнедi. Жуындырып, әдемi киiмдердi кигiзедi, хош иiстендiрiп, құзырына отырғыздырады да, әйелдi алдыртады. Сонда әлгi әйел өз күйеуiн өзi танымай қалып, ақырында ажырасу райынан қайтады. Шариғат шартымен ажырасуды «Талақ» дейдi. Ал, осы үкiмдi Алла Тағала ерлерге не үшiн бердi, осыны бiле ме ерлер? Әлбетте, әйелiнiң әркез сұрағанын тауып беру, талабын орындау ер-азамат үшiн әдетке айналғаны жөн-ақ. Алайда, талақ сұраған кезде, әдетке айналған тiрлiгi құсатып, әйелiне талақ бере салуы керек пе? Әрине, жоқ! Талақ үкiмiнiң ер-азаматта болудың хикметi сөзiне iсi лайықты еркек жұбайын талаққа дейiн жеткiзбеуде. Ұлылардың жарына ажал жеткенде, жаназасында «риза бол» деп әйелiмен қош айтысу әдебi бар. Мiне, сол ризаласуды әйелi дүниеден өткенде емес, көзi тiрiсiнде жасай бiлгенi ер-азамат үшiн абзал ұлы мiндет.
Қазақтың өжет ұлы, жауын қабағымен басқарған, дуалы ауызды Шаң тимес (Бауыржан Момышұлы) ағамыздың: «әйелдi қорлаған еркектi өмiр өкiнiшсiз жiбермейдi. Өйткенi, әйел-өмiрдiң анасы, ал асыл перзент анасын ешкiмге де қорлатпайды. Өйткенi, әйел-киелi халық. Оның киесi өзiн қорлаған еркектi бiр атпай кетпейдi» дегенi бар.
Өкiнiштiсi сол, гүлдей жаратқан әйелдi құлдай көретiн қазақтың ерлерi бар бүгiнде. Қалам ұстағаны да, күрек ұстағаны да әйелдерiне екi түрлi емес, бiр түрмен қарайды. Яғни көзiнде де, сөзiнде де «Сен әйелсiң, мiндеттiсiң. Мен еркекпiн!» деген қате ұғым тұрады. Сондағысы әйелдi өзiне теңегендей. Сәл артық қимылдап қалса, қырғи қабақ шыту, ұрыс-керiс, дау-жанжал, қол көтерiп, өмiрiн бұзу, денсаулығын кемтар етумен аяқтап жатады. Бұл нағыз қиянат. Бiлсеңiздер, жыл сайын бес жүзден аса әйел тұрмыстық зорлық-зомбылықтан көз жұмады екен. Егер де, ер-азамат ар-ұжданы мен шынайы иманына мықты болса, аманатындағы әйелiн ақылмен қызғыштай қорып, жүздерiне сенiмдiлiк ұялатуы тиiс. Ал, iшкен-жегенiн, тапқан-таянғанын санамалап, асырап-баққанын мiндет қылып, сатып берген киiм-кешегiн тiзбектесе, Алла алдындағы барша сауабынан, адам алдындағы еркектiк намысынан жұрдай болады. Мұндай iстердi кiтаптарда құсқан құсығын жегенге теңейдi. Ал, надандық пен зұлымдықтың бастауы болған қол көтеру яғни қандай жағдай басына туса да, ұрып-соғуды өз әйелiне қолдануы – ол оның әлсiздiгi, намыссыздығы, рухани құлазығандығы. Үмбетi болып саналған бiздердiң үлгi тұтар Пайғамбарымыз (с.ғ.с) ешқашан әйелдерiне қол көтермеген! Сахабалар да, ғұламалар да қай жағдайда болса да, әйелдiң көзiнен моншақ жас шығартпаған. Ал, бүгiнгi әйелдердiң көз жасын көрiп, түңiлiстегi көңiлдерiн сезгенде, қор болған өмiрлi оқиғаларын естiгенде, қазақтың ер-азаматтарынан имани қасиет кеттi ме деген ойда қаласың.
Әлем тынысын кiлт тоқтатын бiр ғана ұлы ақиқат бар. Ол күш кiмдi болмасын, төрт аяқты ағаш атпен қуып жетедi. Бiлгенге бұл ғибрат!
Алланың әмiрiмен өмiрiнiң қартайып жеткен соңғы сәтi,
ұрпағын дүниеге әкелердегi қысқан толғағы,
Күйеуiнен езгi көрiп, жаны қиянаттықпен зорлық-зомбылықпен өткiзген өмiрi. Мiне, осылар әйелдiң ажалы делiнедi.
Ал ер адамның:
Өлшеп берiлген өмiрiнiң талқаны таусылған соңғы сағаты,
Ер-азамат атына лайық iс iстемеуi,
Адамдарға қарыз болып, қашып жүруi. Бұл iстер өлiмге тең.
Расында, қазiргi қоғамның қалыптасуына елiмiздiң естi ер-азаматтары нендей үлес қосуда? Әйелдердiң терiс жолға түсуiне, рухани бұзылуына, көше дәретханаларында шала жансар ұрпағымыздың шашырауына себепкер осы өзiмiз емеспiз бе? Күнәнiң басым бөлiгiн, ауыр жағын әйелдерге итере салғаннан, өзiмiз жеңiлдедiк пе? Ойланайықшы, азаматтар, осы бiздер аманатқа қиянат жасап жүрген жоқпыз ба? Әйелдi қорламаған Мұхаммед (с.ғ.с) пайғамбарымыздың нұрлы жүзiне қияметте қалай қарамақпыз?!
Нұрлан қажы Байжiгiтұлы,
Дiнтанушы, имам.
2019 жыл