Жалғыз қызым жатқа кетпесiн деп…

Жалғыз қызым жатқа кетпесiн деп…

Әртiнде шет елге шығу бақыты некен-саяқ адамға ғана бұйырды. Елiмiз тәуелсiздiк алғалы «темiр шымылдық» түрiлiп, алыс-жақын елдермен мидай араласа бастадық. Бiреулер оқу iздеп не қызмет бабымен мұхит асса, ендi бiреулер саяхаттап қайтуды үрдiске айналдырды. Сыртқа шығушылар ғана емес, сырттан келушiлер қарасы да мол. «Түсi игiден түңiлме» дейтiн қазақ атажұртымызға табаны тиген шетелдiктердi жатсынбай, есiктен төрге оздырып жатыр. Әйтсе де, әңгiме бұл жайында емес. Көңiлге алаң кiргiзiп, мазалап жүрген мәселе – қаракөз қыздарымыздың жат жұрттықтар етегiнен ұстауының жиiлеп кетуi.
Астанада қыз ұзату тойының қонағы болып қайттым. Қалыңдық түрiк жiгiтiмен көңiл жарастырған екен, жүзi қуаныштан бал-бұл жанады. Шешесi той үстiндегi әр нәрсенiң тiгiсiн жатқызып, iштегiсiн сыртқа сездiрмей жүргенiмен, әкесiнiң қабағы түсiп кеткен. Еркелетiп өсiрген қызының таңдауына наразы екенi байқалып тұр. Күйеу бала елiмiздiң бас шаһарында бизнеспен шұғылданатынын естiдiк. Түркиядан екi-үш құда келiптi. Не қазақша, не орысша бiлмейдi. Түсiнiсу қиын болатынын бiлгендiктен, түрiк тiлiн бiлетiн асабаны қыруар ақшаға Алматыдан алдырыпты. Жас жұбайлардың кейiнгi тағдыры қалай өрiлетiнiн болжау қиын, қонақтар арасында гу-гу әңгiме, сан алуан пiкiр. Бiреулер «қазақ қызының дiлi басқа, тiлi басқа өзге ұлтқа тұрмысқа шығуы тегiмiздi бүлдiредi» деп күйiнсе, ендi бiреулер «Мұндай үрдiс төрткүл дүниеге тән құбылыс, бiз де соған көнемiз» деп, аралас некенi өрескел санамайтынын бiлдiрдi. Шетелдiктiң түтiнiн түтетiп, ұрпағын өсiрудi қалаған қазақ қыздарының қылығына төрелiк айту бiздiң ойымызда жоқ, әйтсе де немiс, ағылшын, араб, кәрiс, тағы тағылармен құда болу қалыпты жайтқа айналуы әрбiр ата-ананы «Осы бiз қызымызға тәлiмдi тәрбие бере алдық па?» деп толғандыруы тиiс.
Оңтүстiк Кореяға оқуға кеткен қызы кәрiс жiгiтiне тиiп, екi жиен сүйген қазақ отбасында болғаным бар. Сүп-сүйкiмдi кiшкентай ұл мен қыз нағашы атасына кезек-кезек жүгiрiп келiп, әлдененi кәрiсше айтып әлек. Атасы жиендерiнiң айтқанын түсiнбей бiр аңырса, екiншi жағынан бөтен көзден қысылып, қипақтады да отырды. Бiр түрлi аянышты көрiндi.
Айтпақшы, таяуда тағы да Астанаға жолым түстi. Концерттен шыққан соң такси ұстадым. Рөлдегi жас жiгiт ашық екен. Дiттеген жерге жеткенше бiраз әңгiме айтылды. Үш жыл бұрын Қытайдың Шәуешек қаласынан қоныс аударыпты.
– Шәуешек – қазағы қалың қала. Қазақ мектептерi көп едi, бiрер жыл болды сабақ қытайшаға көшiрiлiп жатыр. Бiр заманда осындағы қазақ баласын орысша оқытуға мәжбүр болғанын естушi едiк, ендi сол сұрқылтай қытайдағы қазақтың басына туды. Қытай тiлiнде бiлiм алған баланың тiлi ғана емес, жан дүниесi, ойлауы, пайымдауы да өзгерiп, қазақы қалыптан айрылады. Жалғыз қызым бар. Ертеңгi күнi қытайға тиiп сорым қайнап жүрмесiне кiм кепiл? Есiм барда, елiмдi табайын, қызымды үйiрiне қосайын, әкелiк парызым ғой деп атамекенге келдiм.

Өзiн Ғұбайдолла деп таныстырған жас жiгiттiң бұл сөзi белiнен шыққан ұл-қызының келешегiне бей-жай қарап, жегенiне тоқ, iшкенiне мас болып, той қуып тойынған мұндағы қазақтың құлағына жетсiн, санасына сiңсiн деп осы мақаланы жаздық. Басқа алып-қосарымыз жоқ.
Ж.Сәдуақас, Екiбастұз қаласы.

2014 жыл қыркүйек

Сізге де ұнауы мүмкін

Дiнi бөлек әпкем
Үйретушiнiң үлесi қандай?

Автор

Меню