Кербездiк сыры неде?

Кербез келiншек болу үшiн не iстеу керек? Ол үшiн төмендегi ережелердi ұстансаңыз жеткiлiктi.
1. Кейбiр әйелдер әдетте ұсақ-түйектi қалай бермейдi. Анығын айтқанда сiздiң сандықтағы көп көйлегiңiз бен пәленбай сырға-сақинаңыздың болғанынан пайда аз. Өйткенi, оның бәрiн бiр мезгiлде киiп, тағып жүре алмайсыз. Сондықтан, арзанқол дүниеге қызықпай, сән қуып керексiз заттарды сатып алмай-ақ қойыңыз. Бағалы деген бiрнеше әшекейiңiз болса жеткiлiктi.
2. Әрдайым басыңызды тiк, иығыңызды түзу ұстаңыз. Сiз ханшайымдардың бүкiрейiп жүргенiн көрiп пе едiңiз? Жоқ. Ешқашан. Иықты салбыратып жүру тек аяныш тудырады.
3. Қолыңызды күтiңiз. Әйелдiң қолы мен аяғы таза, қаншалықты күтiлген болса, соншалықты ұқыпты екендiгiнен хабар бередi. Тырнақтағы бояуыңыз кете бастаса, түгелiмен өшiрiп тастаңыз. Тырнақтың тазалығы, терiнiң жұмсақтығы – сiздiң кербездiгiңiздiң көрiнiсi.
4. Дұрыс бояна бiлу. Кербез келiншектер баттастырып бояу жақпас болар. Көзге оғаш көрiнетiн түстерден өзiңiздi алшақ ұстаңыз. Жасыңызға сай, бет әлпетiңiздегi кемшiлiктердi жасыратындай ғана бояу пайдалансаңыз жетiп жатыр.
5. Дене бiтiмiңiздi қабылдай бiлiңiз. Теледидардан көретiн жарнамадағы қыздар мен әншi арулардың сымбатына қызығып, сондай болсам деп аласұрып, диета ұстап, пластикалық ота жасатып, пышаққа түсудiң қажетi жоқ. Артық салмақтан арылудың ең тиiмдi жолы – дене еңбегi, спортпен шұғылдану.
6. Iшкен-жегенiңiзге мән берiңiз. Кербез келiншектер көшеде фаст-фуд жеп, қолына сыра бөтелкесiн ұстап ап жүрмейдi. Қоғамдық тамақтану орындарына барғанда да, үйде де тек табиғи өнiмдердi тұтынуға талпыныңыз. Күнделiктi тағамның өзiн түрлендiрiп беруге болады. Асүйдiң қыр-сырын үйренуден жалықпаңыз.
7. Бiздiң аузымыздан шыққан әр сөз – атылған оқ болуы мүмкiн. Сөздiң мағынасына да, оны жеткiзу мәнерiңiзге де мән берiңiз. Айғайлап, қатты дауыстап сөйлеу де, мұрын астынан мiңгiрлеу де абыройыңызды асырмайды. Өзiңiзге қажеттiнi нық айтыңыз. Және боқтық сөздерден, қарғыс айтудан ада болғайсыз.
8. Iс-қимылыңыз да жарасымды болсын. Жанталасып жүгiрiп жүру әйелге жарасымсыз. Қанша жерден асығып тұрсаңыз да әр адымды асықпай басыңыз, қадамыңыздың арасы аса алшақ болмасын, бойыңызды тiк ұстаңыз. Үлгермеймiн десеңiз, уақытты қадағалап үйренуден бастаңыз. Ертерек жиналыңыз, ертерек жолға шықсаңыз, дер кезiнде барар жерiңiзге де жетiп, қолға алған iсiңiздi уақытылы орындарсыз.
9. Тыныс алуыңызды бақылаңыз. Иә, иә, демiңiздi iшке тартып, қайта шығарудың да өз жолдары бар екен. Көшеде, қоғамдық ортада терең тыныстай бiлу – өз өмiрiңдi өзгертудiң бiр жолы дейдi психологтар. Есте ұстаңыз: жүрiп бара жатқанда демiңiздi жиi алмаңыз. Ол үшiн қарапайым жаттығудан бастау керек екен: төртке дейiн санап демiңiздi iшке тартыңыз, сосын қайтадан төртке дейiн санап, демдi шығарыңыз. Ең дұрысы минутына 2 рет терең дем алып, 2 рет шығару болып есептеледi екен. Алғашында бұл қиын көрiнуi мүмкiн. Бiрақ, әйел алмайтын қамал бар ма? Қолға алсаңыз, үйренiп кетесiз.
10. Егер бiреуге уәде берген болсаңыз, орындаңыз. «Уәде – құдай сөзi» деген қазақ. Ер азаматтар ғана сөзiне берiк болмауы керек, нәзiк жыныстылар да антына адал, уәдеге берiк болған ләзiм. Өйткенi, бұл сiздiң абыройыңыз. Ал, егер болмай жатса, алдын ала ескертiп қойғанның айыбы жоқ. Сiз туралы «сөзi не, өзi не» деген пiкiр қалыптаспауы керек.
11. Уақытпен жүруге дағдыланыңыз. «Патшаның сыпайылығы – дәлдiгiнде» деген сөз бар. Кез келген қонақтыққа, кездесуге кешiкпей бару сiздiң мәдениеттiлiгiңiздi аңғартады.
12. 35-40-тан асқан соң бренд заттардың атауы қате жазылған көшiрмелерiн пайдаланудан қашыңыз. Әсiресе, көзге көрiнiп тұратын жазуы бар футболка, сөмке, аяқ киiм тәрiздi заттарды аларда сақ болыңыз.
13. Киiмiңiзге мән берiңiз. «Адам көркi – шүберек» деген, талғам мен жарасымдылық жайында әңгiме өз алдына бiр төбе. Қымбат киiм алғанмен, ол сiзге жараспай тұрса, көйлектiң құны ғана емес, өз бағаңыз да сырт көзге көрiнбейтiн болады.
14. Оқудан, кiтап, газет оқудан жалықпаңыз. Бос уақытыңыз бола қалса, телефонға үңiлiп, елдiң инстаграм парақшасын ақтарғанша, өз миыңызды жұмыс iстетiп тұрғаныңыз әлдеқайда абзал.
15. Өзiңiзге сын көзбен қарай бiлiңiз. Мiнезiңiздегi кемшiлiктi байқасаңыз, оны жоюға тырысыңыз. Мiнсiз адам болмайды, тек жiберген қателiгiн түзетуге асығатындар мен ақымақтық танытып қателiктi асыратындар ғана бар. Кешiрiм сұрауды да ар көрмеңiз.
Ақ жеңеше.

Сізге де ұнауы мүмкін

Жапония: зейнетақы жүйесi және қартаймаудың 7 амалы
Үйдi салқындатудың оңтайлы әдiстерi

Автор

Меню