КЕЛІННІҢ КҮНДЕЛІГІНЕН

Қараша. 2002 жыл.
Мен үйдiң үлкен келiнiмiн. Ауырдың астымен, жеңiлдiң үстiмен жүретiн қыздарға бұл жақсы мүмкiндiк. Қазақ кенже баласына оны кiшкентайынан миына «бiздi бағасың, қара шаңырақтың иесiсiң» деп құйып, өсiрiп, үйлендiрiп, алып қалады емес пе?! Үлкен ұл мен келiндi еншiсiн берiп, бөлек шығарады. Бiздi де, кенже ұл үйлендiрместен, еншi бермей-ақ, үйдiң тарлығына және адам санының көбеюiне байланысты пәтерге шығарды. Қазiр еркiндiкке шыққан келiндей болып жүргенiммен, үлкен келiн болудың да өзiндiк жауапкершiлiгi бар, негiзi. Әзiрге менiң басыма түсе қойған жоқ. Арбаның алдыңғы дөңгелегi артқысын тартып, өз iзiмен жүргiзедi емес пе? Алайда, оның бәрi әлi алда…

Қаңтар. 2003 жыл.
Осы уақытқа дейiн жұмыс iстеп, сыртта жүрiп қалған басым үйге сияр емес. Өзiмдi құдды бiр көштен қалған әйелдей сезiнiп жүрмiн. Бiр бөлменi жинау мен бiр балаға қарау – маған аздық ете бастады. Уақытым көп. Ұйқым да қанық. Таңертең жұмысқа кеткен күйеуiм кешкiсiн бiр-ақ оралады. Ғаламторға кiремiн, теледидар қараймын, ақырында сериал қарап кетемiн. Бәрiбiр байыз таппай жүрмiн. Әлден жұмысқа шығамын десем, балама обал-ау, күйеуiм не дейдi екен?

Ақпан. 2003 жыл.
Ойланып-ойланып, жақсы ермек тауып алдым. Бiр емес, бiрнешеу өзi. Шетел авторларының соңғы жылдары шыққан, жаңа заманға лайықталып жазылған кеңестерiн, кәсiп игерудегi тәжiрибелерi туралы жазылған, жеке басынан өткен оқиғалары туралы жазылған кiтаптар оқи бастадым. Кiтап дүкенiне барып келдiм, ғаламтордағы кiтап сайттарынан кейбiрiн тегiн жүктеп алдым. Мұның маған бiр пайдалы тұсы – орыс тiлiн де қоса үйрену болмақ. Екiншi ермегiм – қолөнермен айналысу. Мәселен, тоқыма тоқу мен әшекейлер жасауды бастадым. Тоқыманың пайдасы өте жақсы деп оқыдым. Мәселен, тоқыған өнiмiңдi алушы да бақытты, оны жасаған өзiңе деген сенiмiң артады екен. Стресстен емделуде орасан пайдасы бар, жүйке жүйеңдi демалдырып, жағымсыз ойлардан арылады екенсiң.

Наурыз. 2003 жыл.
Бүгiн аулаға шығып, серуендеп, баламды ойнаттым. Күн жылынып, қар ери бастаған. Қыстай көп қабатты үйге қамалған қаланың адамдары рахаттана демалып жүр. Көршi үйде тұратын үнемi немересiн ойнатып жүретiн бiр ата бар едi. Бүгiн сол кiсiнi тағы кездестiрiп қалдым. Қызық кiсi. Көре қалса, тоқтатып алып, ананы-мынаны сұрап, әңгiмеге тартып, уақыт өткiзедi. Үйiнде iшi пысатын болуы керек. Сол атаның мына бiр әдетi ұнап қалды. Ол менiң жолдасымды да таниды. Менiмен әңгiмелескенде күйеуiмдi маған әбден мақтайды. Риза болып, өз күйеуiмдi өзiм танымай, е-е-е, расында солай екен ғой деп, үйiме қомпаңдап, көтерiлiп қайтамын. Кешкiсiн шәй үстiнде жұмыстан келген күйеуiме айтып күлiп отырсам, ол қосыла күледi. Сөйтсем, оны да ұстап алып, әңгiмелесiп, менiң мақтауымды асырып жiберетiн көрiнедi. Былай қарап отырсам, өзiңдi өзiңе мақтамайды, екi адамның арасын жақындастырып, сыйласуға мүмкiндiк жасайтын жақсы әдiс екен.
Алуа Кемел.

Сізге де ұнауы мүмкін

«Ақ босағаның» анкетасы ақын Олжас Отарда
Бас неонатолог, жоғары санатты дәрiгер Сұлушаш Нұрмағанбетқызы Сасаевамен сұқбат

Автор

Меню