Жас кезiмде (жас дегенiм сол 30 жасқа дейiн ғой) бәсекелестiк, қызғаныш тек абысындардың, әрiптестердiң, құрбылардың арасында ғана болады деп ойлайтын едiм. Сөйтсем, бұл тiзiмге ерлi-зайыптылардың бәсекелестiгiн де қосып қою керек екен. Бастан өтпеген соң қайдан бiлейiн. Күйеуiм екеумiздiң бiр мектепте мұғалiм болып жұмыс iстеп келе жатқанымызға 20 жылға жуық уақыт бопты. Мектепке бiрге барып, бiрге келемiз. Жұбымыз жазылған емес. Балаларымызды таңертең жетектеп өзiмiзбен мектепке әкелемiз, сабағымызды өткiзiп, жиналыстарға қатысып, бiрге тiзiлiп үйiмiзге қайтамыз. Ұжымдық кештерге де екеумiз бiрге барамыз. Бiрақ қызметтегi бәсекелестiктiң болатынын кейiнгi кездерi байқап қалып жүрмiн. Онда да күйеуiмнiң тарапынан. Жақында облыстық бiлiм басқармасы еңбегiме алғыс айту мақсатында арнайы шақырып, грамота тапсырып, ақшалай сыйлығы тағы бар, құшағым гүлге толып үйге қайттым. Балаларым қуанып, мәз болып жаттық. Ұжымдағы жақын араласатын мұғалiмдер кешкiсiн бiздiң үйге жиналып, атап өттiк. Бiрақ, күйеуiм бiлдiрмегенсiп жүргенiмен, қабағы жазыла қоймады. «Құттықтаймын, еңбегiң жана берсiн» деген жылы лебiзiн күткен едiм. Ол сөздер айтылмады. Бiрнеше рет басылым беттерiнде атым аталып, мақтау жазылғанда да, оқыса да, өзiме ештеңе дей қоймады. Одан гөрi көптеу жалақы алатыным тағы бар. Осының бәрi қосылып, өзiн қор сезiнiп жүр ме екен?! Мен оның қағаздарын терiп, жарыстарға қатысатын кездерi көрнекiлiк құралдарын зыр жүгiрiп дайындап, шығарып саламын. Жиналыста сөйлейтiн сөздерiн жазу да – менiң жұмысым. Жетiстiкке жетсе, қуанып, туған-туыстан сүйiншi сұрап, балаларды жинап, тосынсый жасап жiберемiн. «Ол менiң жетiстiгiме қуана алмайтын сонша iшi тар ма едi» деп, iштей қапа болып жүргенiм бар едi. Ешкiмге айта алмай, өзiмнiң ойыммен оңаша қалудан аспаймын.
Ерi мен әйелiнiң арасындағы бәсекеге қарағанда әрiптестер, құрбылар мен абысындар арасындағы бәсекелестiк жеңiлдеу ме деп қаламын. Өйткенi, тәулiк бойы дем алмайды екенсiң, шыны керек. Жұмыста да, үйдегi қазан-ошақ билiгiнде де сол жүйкенi тоздырып тұратын қарсыласың көз алдыңда жүредi. Бiрде алты баланың анасы, кәсiпкер келiншек Құралайдың пайымдауын оқып қалдым. Сөзiнiң жаны бар. Еркек үйiне келгенде әйелiн емес, ақша тауып, кәсiптi дөңгелетiп жүретiн өзiнiң бәсекелесiн көрiп, кiрпiдей жиырылатын көрiнедi. Қыз-келiншектерге қиын-ау. Ол күйеуiн қызғандырайын деген оймен жетiстiкке жетпейдi ғой. Күйеуiңнен асып кетсең де бәлеге қаласың. Зерек болсаң да, зеректiгiңдi жасырып, артық табыс тапсаң да, сыртқа ләм-мим деп жақ ашпай, әкiмнiң қолынан қағаз алсаң да, «менiң әкiмiм – өзiңсiң» деп, майысып-күлiп, жалпақтап жүруiң керек. Мұндайда әйелде айла болмаса, өмiрiң өмiр болмайтын түрi бар.
Г. Аязбаева, орта мектеп мұғалiмi.
Алматы облысы.