Ене мен келiн хикаясы
Жапон аңыз-ертегiлерi
(Кюсю аймағынан)
Баяғыда жетпiстегi кемпiрдiң жалғыз ұлы мен келiнi, жетi жасар немересi бар екен. Кемпiр байқұсқа келiнi күн көрсетпептi. Бiр күнi «қолынан түк келмейтiн кемпiрдi бағып не қыламыз. Бәрiбiр пайдасы жоқ. Одан да тауға апарып тастайық» дейдi күйеуiне. Олар қарт ананы жәшiкке салып алып, үйден шығады. Жетi жасар немересi «мен де барамын» деп қыңқылдап қоймаған соң оны да ертiп алыпты. Кемпiр тауға жеткенше жол бойындағы қураған бұтақтарды тере берiптi. Немересi «әже, бұны не қыласыз?» деп сұраса, кемпiр: «Таудың төбесiне шығуын шығасыңдар-ау. Бiрақ қайтар жолды таба алмай қаласыңдар ма деп қорқамын. Үйге жетулерiң үшiн белгi ретiнде жинадым», – деп, жәшiктегi қураған бұтақтарды тау жолына бiр-бiрлеп, тастап отырыпты.
Келiнi мен баласы таудың басына шығып, кемпiр отырған жәшiктi қойып, қайтуға оқталады. Бала айтады:
– Әжем осында қала ма?
– Қалады.
– Неге?
– Кәрi кемпiрдiң бiзге не қажетi бар? Қолынан ештеңе келмейдi.
Бала әжесiн салып әкелген жәшiктi алып кетемiн дейдi.
– Оның саған не керегi бар? —деп сұрайды шешесi.
– Әкем екеуiң жетпiске келгенде әжем сияқты масыл боласыңдар ғой. Сол кезде осы жәшiкке салып тауға апарып тастау үшiн керек, – деп жауап бередi бала.
Баладан осындай сөздi естiген екеуi дереу кемпiрдi алып үйге қайтуды ұйғарады.
Сол жылы үлкен жұт болып, аштық басталады. Аштан өлгендердiң арасында кемпiр мен оның қатыгез келiнi бар екен. Ана дүниеге барған соң келiн бiрден тозаққа жiберiледi. Жындар оны балғамен ұрып-ұрып, етiн сылып, сүйегiн қайнап жатқан қан көлiне тастапты.
Ал, кемпiр жұмаққа барыпты. Алдына әлемнiң тәттi-дәмдiсi толтырылған жетi түрлi дастарқан жайылыпты. Айналасы мәуелеген бақ. Бiрде кемпiр тозақта не болып жатыр екен деп төменге сығалаған ғой. Қараса өзiнiң келiнi жан даусы шыға ышқынып, тулап жатыр екен. Шыдай алмаған кемпiр келiнiн құтқарғысы келедi. Ол жындардан келiнiн босатуды өтiнiптi. Жындар айтады:
– Бұл өте жаман пенде. Қандай амал қолдансаңыз да оның тiршiлiкте жасаған күнәлары ешқашан кешiрiлмейдi. Бiрақ, жарайды сiздiң жасыңызды сыйлап, оған жұмақты бiр көруге рұқсат етейiк, – дептi. Келiн жұмаққа әкелiнедi. Кемпiр келiнiн жұмақтың тауына серуендеуге шақырады. Сөйтiп, екеуi тау баурайына келгенде бiр бастауды көредi. Келiн енесiнен бұрын жүгiрiп келiп, бастаудағы тұнық суға аяғын малып жуа бастапты. Енесi:
– Ел iшетiн суға аяғыңды неге маласың?– десе,
– Таудың суын қалай пайдалансам да өз еркiм, менен кейiнгiлер не болса да маған бәрiбiр емес пе? – деп, жауап берiптi келiнi. Келiннiң кесiрлi әрекетi туралы хабар дереу жындарға жетедi. Олар кесiрлi әйелдiң дал-далын шығарып тозаққа сүйреп апарады. Зұлымның рухы ана дүниеде де түзелмейдi деген осы болса керек.
Шарафат.
2014 жыл шілде