Гүлмира Әбiқай, Жылдың үздiк тележүргiзушiсi, журналист:
«…Бiз сырға берiкпiз»
– Гүлмира, «Халықтың сүйiктiсi – 2019» ұлттық сыйлығына дауыс беру аяқталып, кеше ғана «Жылдың үздiк тележүргiзушiсi» атандыңыз. Құттықтаймыз!
– Ресми түрде алғаш құттықтап отырған Сiздерге рахмет! Бұл сыйлық туралы бұрын естiп-бiлгенiммен, осы жылы өзiм ұсыныламын деп ойламадым. Тiптi үмiткер екенiмдi кездейсоқ естiп қалдым. Қазылар алқасы жабық жиын өткiзiп, ақылдасады екен. Тiзiмде барлығы 10 журналист болыпты. Ылғи «сен тұр, мен атайын» дейтiн сайдың тасындай әрiптестерiм Ирина Советжанқызы, Айгүл Мүкей, Дина Төлепберген, т.б. үмiткер болған екен. Ақырында iрiктелiп, 4 тележүргiзушiге дауыс беру басталды. Төртеудiң қатарында мен де бармын. Шыным сол, жеңiстен дәмелi болған жоқпын. «Менi мұнда кiм қосты екен?» деген ой кетiп, қазылар алқасында кiм бар екен деп қарап едiм, ел танитын тұлғалар Ирак Елекеев ағамыз, Динара Сәтжан, т.б. есiмiн көрдiм. Бiрақ олардың ешқайсымен бетпе-бет жүздесiп, сұхбаттасып көрмеген екенмiн. Жеңiске жеткенiмдi естiген алыс-жақын шетелдегi қандастарымызға дейiн хабарласып, дауыс бергендерiн айтып, жеңiсiммен құттықтады. Барлық көрерменiме шын жүрегiммен ризашылығымды бiлдiргiм келедi. Мiне, 2019 жылдың үздiк тележүргiзушiсi ретiнде алғаш рет сiзге сұқбат берiп отырмын.
– Сiздi халыққа кеңiнен танытқан «Дау-дамайсыз» бағдарламасы. Халық iздеп көретiн бағдарламаны ашу идеясы қалай келдi?
– Телевизия саласында жүргенiме 16 жыл толды. Ұлттық арнадан соң КТК-ға келiп, 4 жыл жаңалықтар бөлiмiнде жұмыс iстедiм. Сараптамалық бағдарламада шыңдалдым. 2007 жылдан «Кейiпкер» бағдарламасында 3 жыл бойы қарапайым еңбек адамдарының ерекше қырын танытуды мақсат етiп, жұмыс iстедiм. «Япырай» таңғы бағдарламасында қолтаңбам бар. Жалпы менiң жанрым – журналистiк зерттеу дер едiм. Менiң қалауым – болған оқиғаның орнында болып, көзбен көрiп, қолмен ұстап, халыққа боямасыз жеткiзу. Жаңалықтар мен шоу-бизнес тақырыбынан соң «Дау-дамайсыз» бағдарламасы дүниеге келдi. «Халыққа керек, олардың мұң-мұқтажын боямасыз көрсетiп, зерттеп, шешiмiн көрсетiп беретiн бағдарлама болса» деген ойыма арна басшылығы қолдау көрсеттi. Алғаш 2017 жылдың күзiнде көрерменге жол тартқан едi. Мiне, 3 маусымда да көрерменмен бiргемiз. «Дау-дамайсыздың» мақсаты – дауды жасау емес, шешу. Заңға сүйене отырып, барлық құзырлы орындардың тиiстi жұмыстарын көрсету.
– Көмек сұрап хабарласатын адам қарасы көп болар? Олар қандай мәселелер бойынша сiздерге хат жазып, қоңырау шалады?
– Менiң бiр телефоным тек жұмыс бабымен сөйлесуге арналған. Мiне, ватсапты қараңыз. (әрiптесiм телефонды қолына алды. – ред.) 3 жылдан берi +999 деген белгiмен тұрады. 46 минутта 78 қоңырау түсiптi. Күнiне 500-700 хат келсе, оның барлығын оқып, жауап берiп отыруға уақыт тапшы. Күнiне 15-20 хатты оқып, кезек күттiрмейтiн, қыл үстiнде тұрған адам тағдырын бiрiншi орынға қоямыз. Жағдайды зерттеп, заңгермен ақылдасып, оқиға орнына баруға жолға шығамыз. Сондықтан, хат жазып, қоңырау шалған көрерменнiң бiздi сөкпей, сабырмен күтуiн сұраймын. Даудың жақсысы жоқ, дегенмен, кей мәселенi екiншi орынға ысыруға тура келедi. Әдiлетсiздiк, жемқорлық, сондай-ақ, еркектiң басқа әйелмен кетiп қалуы, әкенiң немесе ананың 6-7 баланы қараусыз тастап кетуi, т.б. мыңдаған тағдырлар осы қара телефонда сақтаулы. Бiз сырға берiкпiз. Хабарласқан көрерменнiң аты-жөнiн құпия ұстаймыз. Эфирге беруге тиiстiнi ғана көрсетемiз.
– Сiз үшiн бағдарламаның әр кейiпкерi естен кете қоймас. Десе де, жаға ұстайтын оқиға қандай едi?
– Бiзге таяуда Түркiстан облысынан бiр апа хабарласты. Өзiнiң 40 жасқа келген еңгезердей ұлы ұрып-соғып, бұрышқа тығып, аяқ-қолын байлап тастайды екен. Мен кейуанаға барып араша түскiм келiп отыр. Оны да аяймын. Басқаның баласы ата-анасын әлпештеп отырғанда, қартайған кейуана неге перзентiнен мейiрiм көре алмай отыр? Осының себебiн iздегiм келедi.
Ата-ананың жауапкершiлiгiне қатысты бiр мысал. Бiр жiгiт ағасы 2 ай бұрын хабарласқан едi. Жетi баласының үлкенi 15-те, кiшiсi 3 жаста. Әйелi балаларын тастап, өзiнен бiр мүшелге кiшi жас жiгiтпен қол ұстасып кетiп қалған. 18 жыл отасқан әйел ендi күйеуiмен тұрғысы келмейтiн көрiнедi. Бiз бұл ерлi-зайыптылардың арасына түспес едiк. Сорақысы – әйел балалар үшiн ай сайын мемлекеттен алатын 140 мың теңге жәрдемақыны алып, сайран салып жүр. Банк картасын да алып кеткен. Полиция арқылы әйелдi таптық. Нәтижесiнде ол әйел ана құқынан айырылды. Осы арада айта кетер жайт, өте өкiнiштiсi – әр екi апта сайын бiр әйел аналық құқынан айырылып жатыр.
Есiмнен кетпейтiн, жүректi жарардай, жаға ұстататын оқиға: Оған 2018 жылдың наурыз айында куә болдық. Бұл Өзбекстаннан көшiп келген отбасынының басынан өтiп жатыр. 16 жасар Сайера есiмдi бойжеткен 9 жасынан бастап өгей әкесiне зорланып келген. Мұны қыздың туған анасы бiледi. Бiрақ, қаншама жыл бұл сұмдықты жасырып, өз қызын күйеуiнiң қойнына итерiп келген. Бұл дәл осы ғасырда, айдалада емес, Алматының Шаңырақ ауданында болған. 10 жастағы қыз 40 жастағы өгей әкенiң қойнында жатқанда туған шешесi полицияға тiс жармастан, шағымданбай, бiр шаңырақ астында өмiр сүредi. Тiптi дастархан басында ас iшiп отырып-ақ өгей әке өрiмдей қызды алдына отырғызып, ойына келгенiн жасайды. Ал, шешесi шәй құйып берiп отырады. Бiрнеше рет қашуға әрекеттенiп, полицияға барған қыз әрекетiнен түк шықпайды. Кәмелетке толмаған оған «ата-анаңды ертiп кел» деп қайтарады. Өгей әке, туған шеше полиция алдына барып, қылмысын мойындай ма? Жоқ! Ақыры, сәтi түсiп, жәбiр көрген қыз бiздiң бағдарламаға қоңырау шалып, үлкен iс қозғалды. Әбден тайраңдаған азғын еркек «Дау-дамайсыз» бағдарламасының араласуымен 17 жылға сотталды. Қыз қазiр колледжде оқиды. Анасынан бөлек тұрады. Оны кешiретiн ойы жоқ. Ал, туған анасы сотқа да келген жоқ.
– Мұндай айтуға ауыз бармайтын оқиғалар елiмiздiң барлық түкпiрiнде болып жатады. Телевидениеге хабарласатындардың басым көбi қай аймақтан?
– Алғашқы орында Түркiстан облысы тұр. Одан соң Жамбыл, Қызылорда, Алматы облысы. Анда-санда Қарағанды, Семей, Өскемен, Петропавл тұрғындары көмекке мұқтаж екендерiн бiлдiредi. Ал Қостанай, Ақмола облысының ар жақ-бер жағынан бiрде-бiр рет хабарласпапты. Соған қарап-ақ заңсыздықтың 80 пайызы қай өңiрде екенiн байқауға болады.
Әлi күнге әйелге зорлық-зомбылық көрсетуден алдымызға жан салмаймыз екен. Өзгелер тұрмыс-тiрлiгiн жолға қойып, техникалық тұрғыдан дамып, аспанға ұшатын көлiк, жанармайсыз жүретiн көлiк шығарып, дамып бара жатыр. Әйел, ана ретiнде жүрегiм ауырады. Ресми дерек бойынша, 2019 жылы 500 әйел өз күйеуiнiң қолынан қаза тапқан. Ал, жария болмағаны қаншама?! Бұл – қоғамдық iндет. Мұны ұсақ-түйек деп санауға болмайды. Мен ана мен бала тақырыбынан ешқашан ажырамаймын. Болашақта партия құруым да мүмкiн.
– Сөзiңiз аузыңызда, менiң де сұрарым осы едi. Сiздi, демек, болашақта партия лидерi, депутат ретiнде көремiз ғой?
– Мүмкiн. Алдымен кiтап жазу ойымда бар. Кiтаптың жобасын жасап та қойдым. Жалпы, бақыттың, байлықтың өлшемi әрқалай. Зәулiм сарайда молшылықта өмiр сүретiн әйел жастық құшақтап, көз жасы құрғамай, құса боп өмiр сүруi мүмкiн. Лашықта тұратын отбасына аяушылықпен қарағаныңмен, шат-шадыман күй кешiп жатады. Тағдыр әр алуан. «Неге?» деген сұраққа жауап iздеп, тек әйел тағдыры жайлы кiтап жазғым келедi. Қазiр маған оқушы қыздар да хат жазады. Әке-шешесiнiң жағдайын айтады. Жас келiндер хабарласады. Тiкелей өзiне қатысы болмаса да, бай қайынжұртының әдiлетсiздiктерiн айтады. Ақырын болса да азаматтық қоғамның көзi ашылып келе жатыр. Адамдардың өзгере бастағаны қуантады.
Ұйым демекшi, жаныма бiр заңгер алып, неге ұйым құрмасқа? Басына iс түскен адамның көбi дағдарып қалады. Кiмнен көмек сұрап, қай есiктi қағуды бiлмейтiндер бар. Өз құқын қорғай алмай, талай тағдыр тәлкек болды. Қолымнан келгенше мұқтаждарға жол сiлтегiм келедi. Қалың көрерменнiң, халықтың қолдайтынына сенемiн. Олай дейтiнiм, биыл рамазан айында «Оразада 10 сауап» деп 10 отбасына көмектесудi қолға алған едiм. Көпшiлiк iлiп әкеттi. Жағдайы төмен отбасыларға қаржылай және азық-түлiкпен, заттай көмектестiк. Бұл бастаманы Орал, Ақтау, Атыраудың жұртшылығы да өз аймақтарында жалғастырды. Алла қаласа, жаңа жылға дейiн «Ана жылуы» деген атпен шешелерi қызық қуып кеткен 10 отбасына көмек берсек деген ойым бар. Жалғызiлiктi еркектерге де көмектесу көптен ойымда жүр.
– Гүлмира, хабарласқандардың мәселесiн шешем деп дау-дамайдың ортасында жүру отбасылық өмiрiңiзге қалай әсер етедi? Өзгенiң дауын шешу бiр бөлек, үй iшiндегi дауды шешу қаншалықты қиын?
– Әкем өмiрден өткенде мен ес бiлмеймiн. Әкем туралы тек анам мен бауырларымнан естелiк естiдiм. Әкемдей болған ағам тұрмысқа шығатынымды естiгенде: «Сен журналистсiң. Таңдаған адамың ертеңгi күнi жұмысыңа бөгет болмай, қолдай ма?» деп сұраған едi. Мiне, мен тұрмысқа шыққалы 15 жыл өттi. Үлкен әулетке келiн болдым. Жолдасым Ұлан – жанашырым, тiлекшiм. Түздегi жұмысыма еш кедергi болған емес. Екеумiз КТК арнасында танысып, үйлендiк. Екi қызымыз бар. Енемен тұратын келiнмiн. Бар бақыттың кiлтi осында. Әжелерi таңертең қыздарымның шашын өрiп, мектепке шығарып салады. Бiрлiгi жарасқан отбасымыз. Менiң сегiз әпкем де енелерiмен бiр шаңырақ астында тұрады. Кейбiрi енелерiн арулап жер қойнына тапсырды. Мен мұны анамыздың бiзге берген тәрбиесiнiң нәтижесi деп бiлемiн. Бала күнiмде анамнан әкем туралы сұрағанымда: «шәй деспей өмiр сүрдiк» деген-дi. Сол сөз менiң жүрегiмде сақталды. Маған «тектi жердiң қызы екенсiң» деген сөз басқа атақтың бәрiнен жоғары тұрады. Өйткенi тектiлiк қанмен келедi. Оны сатып ала алмайсың. Қыздарымның да тектi әулетке ұзатылып, жақсы, зиялы әулетпен құда болғанымызды тiлеймiн.
– Теперiш көрген жан көп. Қандай ой түйдiңiз?
– Мен қазiр не үшiн әдiлетсiздiкпен күресiп, шыр-пыр боп жүрмiн? Балаларымыз жақсы қоғамда өмiр сүргенiн қалаймын. Жоғарыда Өзбекстаннан келген отбасының оқиғасын мысал еттiм. Осы жерде тағы бiр мәселенiң шетi шығып тұр. Ол – сырттан келген қандастардың жағдайы. Олардың бәрiн эфирден көрсету мүмкiн емес. Өйткенi, адам шошитын жайттар көп. Бәрi құжатсыз, бiлiм алмаған, қара жұмыста жүрген, отбасылық жағдайлары мүшкiл. Ата-анасы құжатсыз жүрген соң дүниеге келген бала да құжатсыз. Кейбiрi солай құжатсыз өмiрден өтiп жатыр. Көшi-қон заңын реттеп, әрқайсына құжат ұстатса деймiн. Бұндай ортада отбасылық құндылық, тәрбие туралы айту тiптi артық. Iшiп кеп әйелiн ұратын еркек, қашып, қорқып өмiр сүрiп жатқан балалар.
Бiзде әркiм жалғанды жалпағынан басып, мықты әлсiзге күн көрсетпесе, заң не үшiн керек? Ата Заңды не үшiн қабылдады? Сондықтан, әр адам көшеде, қоғамдық орындарда болып жатқан келеңсiз жағдайларға бей-жай қарамаса екен деп тiлеймiн. Жылап жүрген жанға қорған бола бiлсек екен. Iшiп, өзгенiң мазасын алғанды да, көшеде қайыр сұрап отырған мектеп жасындағы баланың да жанынан өте шықпай, полицияға хабарласып, оң шешiм табуға әр азамат атсалысуы парыз. қоғам түзелсе, Қазақстан да аяғынан нық тұрар едi.
Сұқбаттасқан Лаура Қуандыққызы
2019 жыл