Баласынан безген әйел

(Болған оқиға ізімен)

Бiрде Әуестiң анасы Балапан: – Бiздiң үй жақта бiр қыз бар. Өте пысық қыз екен. Ернұрға алып берсеңдер қайтедi? – дедi. Амандық пен Әуес қызды көруге барады. Қыз ерлi-зайыптылардың көңiлiнен шықты. Ернұр – тұла бойы тұңғыштары. Ұлдарының аяқтануына екеуi де iшпей тiлеулес едi. Ернұрды ертiп барып, қызды көрсетедi. Қыз Ернұрдың да көңiлiнен шыққан сияқты. Ернұр қызбен он шақты күн сөйлесiп жүрiп, үйленуге ұсыныс жасайды. Қыз келiседi. Сөйтiп екеуi үйленедi.
Амандық пен Әуестiң қуаныштарында шек жоқ. Тұңғыштары шаңырақ көтердi. Келiндi болды. Үлкенi аяқтанса, қалғандары да ағаларының жолымен жүретiнi аян. «Алдыңғы арба қайда жүрсе, соңғы арба да сонда жүредi» деген.
Келiн Панар үш рет босанып, үшеуi де шетiнеп кеттi. Төртiншi немере туғанда шешесiнiң терезесiнен шығарып, ақысын берiп сатып алды. Әбунәсiр деп ат қойды. Әбунәсiрге үш ай толғанда бiр күнi Панар үштi-күйлi жоқ болды. Қайда баратынын да айтпаған. Бұлардың iздемеген жерi жоқ.
Бiрде Әуестiң сiңiлiсi Дәмегүл Алматыға барады. Бiр жерде Панарды көрiп қалып, артынан қуып барып жөн сұрайды. Панар сонда да жөнiн айтпайды. Оның мекен-жайын алады. Соңынан Ернұр барып алып келедi. Алты ай бойы қайда, не iстеп жүргенiн күйеуiнен де жасырады. Ернұр ата-анасына бөлек шыққылары келетiнiн айтып рұқсат сұрайды. «Талғарға барып жұмыс iстеймiн», – дейдi. Алдымен Ернұр мен Панар Талғарға барып пәтер тауып келедi. Сөйтiп бөлек шығады.
Амандық пен Әуес бiр айдай уақыт өткенде қалай тұрып жатқандарын бiлуге Талғарға баласының үйiне келедi. Ернұр Маралсай деген жерде құрылыста iстеп жүр екен. Ата-ана байқұс бұларға бiр табан жақындамақ боп Кегеннен Талғар ауданының ауылына көшiп келедi. Алты қараға үй салып алады. Әуес базарда шекiлдеуiк сатып, Амандық болса ержеткен балаларымен совхозда жұмыс iстейдi.
Бiрде шемiшке сатып отырса, қасына ақ жигули кеп тоқтайды. Әуес құдағиының сiңiлiсiнiң күйеуiн тани кетедi. Солармен бiрге үйге келсе, Әбунәсiр немересi отырады. Амандық та үйде болатын. «Ой, бiздiң кiшкентай қайдан жүр?» – деп немересiн көтерiп ап сүйгiштейдi. Сөйтсе әңгiме былай болыпты.
Бiрде Панар Әбунәсiрдi көршiсiнiкiне әкеп: «Базарға барып келейiн. Сiздердiкiнде отыра тұрсыншы», – деп тастап кетедi. Көршiсi баланы екi күн қарайды. Шешесi келмейдi. Панардың шешесiнiң сiңiлiсiн таниды екен. Ақыры соған апарып бередi. Шешесiнiң сiңiлiсi он күндей қарап, келмеген соң атасы мен әжесiне әкелген екен.
Ернұр жұмыстан шығып, үйге келдi. Олар ендi Алматы шетiндегi «Ұлжан» шағынауданына көшiп келiп үй салады.
***
«Дорожник» деген жердегi мектепке Әбунәсiр 1-сыныпқа барды. Директоры орыс екен. Қазақша судай ағады. Директор әуестi кабинетiне шақырып:
– Немереңiзге әлеуметтiк көмек аласыз ба? – дедi.
– Алмаймын.
– Ендеше былай етiңiз. Шешесiн iздеп табыңыз. Баласын ала ма, алмай ма. Алмаса қолхат берсiн. Төлқұжаттарының көшiрмесiн берсiн. – Бiр мұғалiм қызды Әуеске қосып бердi де: «Мына кiсiге құжат жасайтын жердi көрсет», – дедi.
Панардан қолхат алу үшiн Әуес оны iздеуге шығады. Ұзынқұлақтан бiр ауруханада iстейтiнiн естiген. Аурухананың бiразын сүзiп шығады. Бiр танысы Панарды облыстық ауруханадан көрдiк деген соң сонда барады. Кадрлар бөлiмiнiң бастығына барып, келiнiн iздеп жүргенiн айтады. Архивтi үш күн ақтарып, әзер табады. Нұрлан деген жiгiтке күйеуге шығыпты. Ол да осы ауруханада құрылыста iстейдi екен. Кадрлар бөлiмiнiң бастығы әлгi жiгiттi шақырып бередi. Жiгiтке Әуес: Панардың күйеуi бар. Оған қалай үйлендiң? – дейдi. Анау: «Ажырастым деген» деп қарап тұр. «Өзiң бұрын үйленбеп пе едiң?» – «Үйленгенмiн. Екi қызбен ажырастық». – Е-е, «әпкеме жездем сай» демекшi, бiрiңдi-бiрiң тапқан екенсiңдер ғой. Менi үйiңе баста. Әйелiңмен сөйлесуiм керек, – дейдi. Жiгiт Әуестi үйiне ертiп барып, өзi кетiп қалады. Панар төсекте баласын емiзiп отыр екен. Әуестi көргенде түрi құп-қу боп, тiлi байланып қалғандай бiр ауыз тiлге келе алмады.
Әуестiң бiр аяғы iште, бiр аяғы сыртта.
– Панар, неге үндемейсiң? Ернұр қайтыс болған. Әбунәсiрдi өзiң аласың ба? Соны бiлейiн деп келдiм.
Әйел не я, не жоқ деместен отыра бердi.
– Егер маған қалдырсаң, қолхат бер. Паспорттың көшiрмесiн бер. Мен сенiң ошағыңды ойрандайын деп келгем жоқ. Тастай қашқан балаңды мектепке берiп, құжаттарын түгендеумен жүрмiн.
Бiрақ, ол күнi ештеңе бiтiре алмайды. Төлқұжаттың көшiрмесiн сұрап 4 ай сенделедi. Ең соңында кадрлар бөлiмiнiң бастығына келiп, әлгi Нұрлан деген жiгiттi шақырып беруiн өтiнедi. Шақырып бередi. Ашуға булыққан Әуес: «Менi осынша қаңғыртқандарың үшiн мен де аямаймын сендердi. Сенi жұмыстан шығартамын. Әйелiңдi аналық құқығынан айыртамын. Ол баламмен ажыраспай тұрып-ақ сенiмен үйленiп алған. Туған баласын тастап кеткен», – дейдi. «Апатай, осы жұмысқа әзер орналасып едiм. Қолхатты мен алып беремiн», – деп жалынғандай кейiп танытты. «Он күннен кейiн келемiн, қолхатты алып дайындап қой», – деп кеттi. Айтылған мерзiмде үйлерiне барады.
Панар 180 %-қа өзгерген. «Апа, келiңiз, жоғары шығыңыз», – деп бәйек болады. Қызылдап шай құйды. Iшкiсi келмеген. Бiрақ асты қорлау – күпiлдiк. Әбунәсiрдi ерте барған. Бiрақ, бетiнен сүйген де жоқ. «Ә-ә, Әбунәсiр ме?» – дедi де қойды.
– Қазiр сол Панардың бiр ұл, бiр қызы бар екен. Қызы биыл 19-ға келiптi. Параличпен ауырады екен. Еш кiнәсi жоқ қаршадай сәбидiң көз жасына қарамай тастап кеткен тасжүрек шешенiң зардабы баласына тиген шығар деп ойладым, – дейдi Әуес. – Кезiнде Ернұр ұлыма: «қайта үйленсеңшi, қашанға жүре бересiң?» – дегенiмде: «Үйленбеймiн. Өзiнен тумаған балаға бөтен әйел қараушы ма едi. Балама ешкiмге шапалақ салдырмаймын», – деген едi. Өзi бiр жылдан кейiн дүние салды.
Сөйткен Әбунәсiрi әжесiнiң жетелеуiмен мектептi жақсы бiтiрдi. Университетке түсiп, оны да ойдағыдай тәмамдады. Былтыр 2019 жылы отбасын құрды. Қазiр әжесiнiң қамқоршысы. Өкiнiшке орай, Әбунәсiрдiң қызығын атасы Амандық көре алмады.
(Кейiпкерлердiң аттары өзгертiлiп алынды).
Тұрсынхан Шәлдибекқызы

Сізге де ұнауы мүмкін

Жүрегi жылылық пен ұлылыққа толы
«Ақ көйлек кимедiм»

Автор

Меню