Бақыт Тұрман, әншi, ұстаз, үш баланың анасы, «Әзiл әлемi» театрының әзiлкешi Қайрат Әдiлгерейдiң жары:
«Ерте келiн атандым»
Қайрат екеумiз шаңырақ көтергенде ол оқуды жаңа бiтiрген, ал мен 1-курсқа қабылданған жастар едiк. Алып ұшқан сезiм, ең маңыздысы – бiр-бiрiмiздi жақсы көремiз. Қол ұстасып бiрге жүргеннен басқа ешнәрсе бiзге маңызды көрiнген емес. Үй, көлiк, ақша секiлдi дүниелiк қажеттiлiктердi құндылық деп санамадық. Бiздi тек бiрге болу, өмiрдiң қызығын бiрге көру алға жетеледi. Уақыт өте балалы болдық. Өзге отбасыларға қарап, өмiрлiк қағидаларды түсiне бастадық.
…Ер адам әйелге алақан жаймауы керек деген түсiнiкпен өскен менi Алла өзiм қалағандай ер-азаматқа қосты. Бұған шүкiр айтып жүремiн. Ал әйел ретiнде мiндеттерiмдi жақсы бiлемiн. Қайрат ешқашан асүйге кiрiп, қазанның құлағын ұстаған емес. Тазалықты сақтау, үйде жайлы жағдай жасап, көтерiңкi көңiл-күйдi ұстауға барымды саламын. Екеумiздiң арамызда барлық әңгiме ашық жүредi. Ешқашан ақылдаспай, iс қылмаймыз. Бiр-бiрiмiзге айтпай, бiр нәрсенi бүлдiрiп, тапқан табысымызды жасырып, қалтамызға басып қалу деген болмайды. Адамгершiлiк тұрғысынан «ешкiмнiң ала жiбiн аттамаймыз, таспен ұрғанды аспен ұр» қағидасын ұстаймыз. Отбасы болған 14 жыл iшiнде бiздегi қалыптасқан тәртiп осындай.
Қайрат отбасында жалғыз ұл. Бiр әпкесi бар. Әкесi өмiрден ерте өтiптi. Анасы бiз үйленгенде ауырып жүрдi. Сол үшiн Қайраттың өмiр жолы оңай болды деп айта алмаймын. Ертерек отбасын құруға асыққанын да түсiнемiн. Анасына келiн әкелiп, немере сүйдiргiсi келдi. Үйленiп, той жасау да отбасына оңай тиген жоқ. Бiрақ естен кетпес әдемi той өттi. Ол уақытта Қайрат Сәбит Әбдiхалықовтың қарамағында топпен жұмыс iстеп, концерттерге, той-томалақтарға шығып жүрген едi. Шыны керек, Сәбит ағамыз Қайратты iнiсiндей қамқорына алып, қолдау көрсеттi. Тойымыз болғанда арнайы Атырауға ұшақпен барып, тойымызды өткiзiп, абыройын бiр көтерiп едi. Ол уақытта тойға әншi шақыру сирек кездеседi.
«Күйеуiм менi жылатқан»
Жаңа келiн боп түскен уақыттағы мына бiр қызық есiмнен шықпайды. Қайрат үйiнде анасымен ойнап, әзiлдесiп жүредi. Бiрде Қайраттың киiмдерiн жуып отыр едiм, «Мама, мына қыз менiң киiмдерiмдi жумаймын деп жатыр» деп анасы мен менiң реакциямызды бақылап жүр. Арғы жақтан анасының дауысы шықты: «қой, жумаймын дей ме? Таста онда, жумай-ақ қой» деп жатыр. Ал, мен «жаман ойлап қалатын болды» деп Қайратқа ренжiп мына жақтан жылап қалдым. Адам жасы келген сайын бала болады деушi едi, кейде қылықтарына күлiп алатынбыз. Ол кiсiнiң барынша көңiлiн табуға тырысып, тек қамын ойладық.
«Жолы болған келiнмiн»
Өкiнiшке орай, мен келiн ретiнде енеме ұзақ қызмет етiп үлгере алмадым. Жанында көп бола алмадық. Көп нәрсенiң байыбына бара бермейтiн студент едiм. Атырауға жылына екi рет демалыс уақытында бiр-екi айға барып келiп жүрдiк. Бiрақ сол аз уақытта енеме барынша күтiм жасадым. Тамақ-суын даярлап, киiмiн жуып, шомылдырамын. Мен түскен соң он жылдан кейiн өмiрден өттi. Бiрақ Қайраттың әпкелерi, туған-туысының алдындағы келiндiк мiндетiм тоқтаған емес. Кейде келiн болып қызмет жасасам, кейде қонақ болып барамын. Бiрақ ешқайсысынан ауыр сөз естiп, қағажу көргенiм жоқ. Келiн позициясы маған жеңiл өтiп жатыр, шүкiр деймiн.
«Ана деген атқа әлi лайық емеспiн»
Мен әлi де өзiмдi нағыз анамын деп айта алмаймын. Үш баламыз бар. Олардың тәрбиешiсi, қамқоршысымын. Ана деген атақ әйелге балалы болғанда берiледi. Бiрақ оған толық лайық деген сөз емес. Мен өзiмдi нағыз анамын деп айтатын уақыт алда деп ойлаймын. Балаларым тәртiптi, тәрбиелi азамат болып, жетiстiкке жетiп, елдiң ұл-қызы болғанда мен нағыз ана, балаларымды жақсы тәрбиелеген анамын дейтiн шығармын. Мен сол қуанышты сәттi асыға күтемiн. Өзiме әрдайым сын көзбен қарайтын, iс-әрекетiм мен сөзiме қатал қарайтын адам ретiнде осылай ойлаймын.
«Шаңырақ шаттығы таусылмас үшiн»
Әр шаңырақта ер адам мен әйелдiң орны, жауапкершiлiгi әртүрлi болады. Мен ешқандай психологтың әңгiмесiн тыңдамай-ақ, ғаламтордан тренинг көрмей-ақ жан-жағыма қарап көп нәрсенi ұғынып, сабақ алып жүремiн. Кей отбасында әйелдер күйеуiнiң алдында жүредi. Табыс табады, үйдiң iшкi-сыртқы бүкiл жауапкершiлiгiн өзiнiң мойнына қалай алғанын байқамай қалады. Әйелге сол ыңғайлы болып кетедi. Күйеуiн қасына жүргiзушi қылып алады немесе үйiнiң қарауылы болып қалады. Әйелдiң күш-қуаты тасып, бiр орнында отыра алмайды. Күйеуiнiң қимылы сондай сылбыр, бiр қалыпты. Жасы келгенде әйелдiң баяғы қуаты сарқылып, шаршайды. Жан-жағына қарайды. Күйеуi жатыпiшер жалқау бопты. Ендi көзiне күйiк бола бастайды. Мұндай ерлi-зайыптылар қазiр көп. Ақылды әйел ерiн алға салып жүретiнiн байқаймын. Отбасын ер азамат алға сүйреуi керек. Бiрақ бұл әйел басылып, тек бала туып, үйде отырсын деген сөз емес. Әйел өзiнiң қызығушылығынан бас тартпаса өзiне жақсы. Кей әйелдер тiптi дүкенге де шықпайды. Киiм-кешек, азық-түлiк алу да күйеуiнiң құзырында. Мұндайда ерi мен әйелiнiң арасындағы байланыс ажырайтындай болады. Әйел ештеңеге қызықпайтын, сыртқы әлеммен байланысын үзген, күйеуiне қызықсыз әйел бола бастайды. Күйеуiне ықпал ете отырып, оны алға шығарып, бiрақ өзiң де iлесiп отыру өнерiн меңгеру керек. Ерлi-зайыптылардың екеуi де белсендi болса ол шаңырақтың шаттығы таусыла қоймас.
«Еркектi де еркелетiп отыру қажет»
Қайрат ел алдында жүрген азамат. Оның белсендiлiгiн бiлесiздер. Мен де белсендi әйелдердiң бiрiмiн. Мен жұмысты үйде отырмау үшiн iстемеймiн, қоғамға пайдалы бiр iс қылсам деп ойлаймын. Әйел өз бетiнше де өмiр сүруге, табыс табуға қабiлеттi болғаны жөн. Өйткенi өмiрiңнiң соңына дейiн күйеуiңнiң жаныңда болатынына кепiлдiк жоқ. Еркектi де еркелетiп, мақтап отыру қажет. Жiгiттер өмiр бойына әйелдiң махаббатына мұқтаж. Анасының жанынан кетiп, сенiң қасыңа келген соң бұл мiндеттi өзiң мiнсiз жалғастыруың қажет.
«Сiңлiлерге сыр: сенi сүйген жiгiттiң қолынан ұста»
Ер мен әйелдiң барлығы мiнсiз тұлға емес. Отбасында алған тәрбиесi, адами болмысы, тегi ықпалын тигiзедi. Зәулiм сарайда тұратын, бiрақ берекесi қашқан отбасылар бар. Ал, бiр бөлмеде тұратын берекелi отбасының үйiне кiрсең шыққың келмейтiн кездер болады. Шағын ғана бөлмесi тап-таза, балалары мәз мейрам, нан мен май ғана жеп отырса да көңiлдерi тоқ.
Қазiр басымызда баспанамыз бар. Кезiнде бiз де өзгелер секiлдi жалдамалы пәтерлерде тұрдық. Бiреудiң пәтерiнде уақытша тұрып жатқанымды бiлсем де өз үйiмдей қарадым. Қабырғасын ақтап, бояп, жөндеу жұмыстарын жүргiзетiнмiн. Сол iсiме Қайрат әлi таң қалады. «Ол менiң сол уақыттағы берекем, шаңырағым. Уақыт қайта оралмайды, сол сәттi мен жайлы баспанада өткiзгiм келедi» деймiн. Тұрмыс тауқыметiмен қатты қиналдым деп өкпе артпаймын. Сабырмен көп қиындықты жеңуге болады.
Қыздарға айтар кеңесiм, тұрмысқа шығарда ең бастысы сенi сүйетiн ер адамның қолынан ұстау керек. Ол жан сенi алақанында ұстай алады. Бiреудiң тепкiсiне бермейдi.
«Әр сағатымды санап жүремiн»
Мен уақытпен жүретiн адаммын. Күнделiктi жұмыстарымды сағатпен, минутымен ойша жоспарлап жүремiн. Бұл – қажеттiлiк. Өзiм оқу орнында студенттермен жұмыс iстеймiн. Балаларым мектепке, балабақшаға барады. Оларды сылтау айтып алып қалмаймын. Соның барлығына үлгеру үшiн әр минутымды есептеп жүремiн. Белгiлi бiр уақытта осындай қатаң тәртiптен өзiмдi босатып, демалыс жариялаймын. Яғни, қыдыруға, демалуға уақыт арнаймын. Бiрақ бұл демалысқа жету үшiн өзiмдi үнемi қамшылап, бiр нәтижеге қол жеткiзуiм қажет. Демалып, сән салондарына бару үшiн де отбасыма, қоғамға, елге пайдалы, әйтеуiр, бiр қызмет қылу керексiң деп есептейдi iшкi ойым. Кез келген жағдайда тепе-теңдiк болғанын қалаймын.
Лаура Қуандыққызы
2020 жыл