БАҚЫТТЫ БОЛАТЫН ӨМIР

«Астана – Алматы» пойызымен жол жүру Кәрiм үшiн үйреншiктi iс болып кеттi. Қайта осындай сапарларда демалып қалады. Пойыздағы өз орнына ол тынығуға келген жандай жайғасты. Жарты жылын жанын күтумен, жарты жылын ыңырсумен өткiзетiн әйелi екi қызын сылтау етiп Алматыдан шықпай қойды. Отбасы деген аты бар, әйтеуiр… Кәрiм Астанаға алғашқы көшпен келгендердiң бiрi едi, әйтсе де, осы қалаға сiңiсiп кете алмады. Қолын байлап отырған қызметi де жалықтырды. Бәрiнен де «дворцовый интригалар» жүйкесiн жұқартты. Бастық ауысқан сайын коллективтiк хал-ахуал да құбылады, соған байланысты айналадағы адамдар да құбылады. «Асфальттi қазақ» мiнезiмен жүздiк-рулық, құдалық-жекжаттық сияқты астыртын ойындардың айла-амалының төркiнiн түсiнудi бiлмейтiн Кәрiм бiлiктi де бiлiмдi кадр болса да қызметiнен не өспедi, не өшпедi. Астанаға келгенде қырықтағы қылшылдаған жас жiгiт едi, ендi елудi еңсерген шал жiгiт болды. Басы толған идея, кеудесi толған көп арман едi. Бәрi iзiм-ғайым жоғалды. Қолы жеткенi – бiр пәтер. Ендi Алматыға қайту мәселесiн ойластыру қажет. Әйелi де, қыздары да жел гуiлдеген суық қалаға келгiсi жоқ. Кәрiм үшiн бүгiнгi қызметi – тек күнкөрiс көзi. Ал, басында ол өзiн ел игiлiгi үшiн тау қопырып, тас көтеруге келген жанкештi патриот сезiнетiн. Кәдiмгi ұлы халық – қазақтың ер баласындай… Өкiнiшке орай, бұл тұрлаусыз тiрлiкке асыл мұрат қажетсiз екен…
Пойыз қозғала бастағанда купеге бiр жiгiт жүгiрiп кiрдi.. Жас жiгiт… Өзi сондай бойшаң екен. «Қазiргi қазақтың ұлдары бәрi дерлiк ұзынсирақты, бiрақ та, сүйектерi ұсақ. Кең иықты, қапсағай денелi қазекемнiң ұрпақтары қайда кеткен?» – деп ойлаған Кәрiм өз ойынан өзi мырс еттi. Жiгiт те жайдары жүзбен: – Кешiгiп қала жаздадым… – деп ақтала сөйледi.
– Жо-жоқ, мен өзiмше күлгенiм ғой. Студент боларсың?
– Оқуды бiтiргенмiн. Командировка…
– Әлi бала сияқтысың. Сонда қандай командировка?
– Бiр бизнестi бекiту керек едi. Вообщем, там свои интересы…
– Сонда бизнесмен екенсiң ғой.
– Нет, я занимаюсь проектами. Сiзге ол қызық емес.
– Вообщем, түсiнбейсiң дейсiң ғой.
– Солай, ағай..
– Ренжiме, балам. Ағаң жәй қызықтап сұрап отыр. Есiмiң кiм?
– Марат.
– Ал, мен Кәрiм деген қазақпын. Астанада тұрамын. Алматыда қыздарым бар. Екеуi де университетте оқиды. Соларға бара жатырмын.
Кәрiм баланың жүзiне сынай қарады. Қызы бар әкенiң арманы жақсы күйеубала ғой. Мына жiгiт сүйкiмдi екен. Айқабақты, ашаң жүздi, жылы райлы. Ал оң көзiнiң астында титтей меңi бар. Кәрiм қолымен өзiнiң оң көзiнiң астын қалай сипағанын байқамай да қалды. Иә, оның да сол жерде меңi бар. Қандай ұқсастық! Сондай таныс пiшiн… қысқа қиылған шашы тiкiрейiп өзiне жарасымды асаулықты байқатады. Сыпайы көрiнгенмен келбетiнен бекзат тәкаппарлық байқалады. «Қазiргi жастар молодец! Өздерiн сондай тәуелсiз, еркiн ұстайды. Және олар өздерiне не керек екенiн нақты бiледi, бiз сияқты көнiлшек, көнбiс, жалтақ емес. Жаңа ұрпақ… Құлдық санадан құтылған жаңа ұрпақ». Кәрiм баланың жүзiне қызығушылықпен қарады. Марат онысын жақтырмады ма тұрып кеттi. «Бөтен балаға сонша шұқшиып үркiтiп жiбердiм — ау», – деп Кәрiм қысылып қалды.
Бiрақ, қандай таныс пiшiн… Жүрегiне жақын, ыстық бейне. Танымайтын бiреудi өмiр бойы бiлетiндей, тiптi жаныңның жартысындай көретiн жағдаяттар болады дегендi естiген-дi. Сондай тылсым құбылыс… әдемi басталған танысу бiр ыңғайсыз арнаға түскендей екеуi үнсiз қалды. Бала тым секемшiл екен. Кәрiмге барлай қарады. Жақтырмай қарады. Көз қарасы, қабағы, жымқырған ернi… Сондай ұқсастық. Оң көзiнiң астындағы мең… Бұл балада бiр гәп бар. Иә, иә, бiр гәп бар… Маған өте жақын жан сияқты. Тiптi дауыс ырғағынан таныс дыбыстар естiледi. Әлде туыстығымыз бар шығар… Сұрай қалсаң қазақтың жүзден бiрi ағайын болып шығады. Әйтсе де, Кәрiм жөн сұраудың ебiн таппады. Ұялы телефонымен сөйлесiп жатқан баланың сөздерiне құлақ түрдi. Түсiнгенi оны мамасы екiншi вокзалдан қарсы алуға келедi екен. Содан кейiн достарымен сөйлестi. Ағылшынша. Сөйлеу мәнерi мәдениеттi, тiлi жетiк. Сөйтiп сөз тыңдап жатып, Кәрiм пойыздың тербетуiмен қалай ұйықтағанын да бiлмей қалды.
Сол түнi Кәрiм керемет күй кештi. Түс сияқты емес. Кәдiмгi өзiнiң өмiрi сияқты. Мистика… «Адам өмiрге бiрнеше рет келедi және сол тылсым сырдың суреттерi ми қатпарларында, есте сақтау нервтерiнде сақталады екен-мыс. Оны сезу – керемет те қауiптi құбылыс» деген теорияны бiр ғылыми еңбектен оқып едi. «Мүмкiн мен де сондай құбылысты сезiнген болармын». Кәрiм математик болғандықтан, барлық жәйттарға шарттылықпен қарайтын адам. Бiрақ кешелi берi түсiнiксiз күй кешiп кеттi. Танымайтын мына бала, түндегi түсi… Бәрi-бәрi өз өмiрiнен алынған суреттер, жанына жылы естелiктер, ұмытылған тәттi әсерлер, сарғайып кеткен сағыныштар… Таң әлi қылаң бере қоймаған мезгiлде оянып кеткен Кәрiм өзiн бақытты да бақытсыз да сезiнiп көп жатты. Түсi оған өте бiр маңызды информацияны жеткiзгiсi келген сияқты… Санада сақталған құпия сыр ма, әлде қиял-арман ба? Алайда, осы жұмбақ түс оған бiр ақиқатты сездiрiп отыр: Кәрiмнiң бақытты болған өмiрi бар екен, бiрақ, ол өмiр бүгiнгi тiрлiгiне еш қатысы жоқ басқа өмiр… Жоғалып кеткен, естен шыққан елес өмiр…
Таңғы пойыз Алматыға жақындаған сайын көңiлi өрекпи бердi. Қасындағы бала Кәрiмнен көңiл-күйiн сұрады. Кешегiдей емес, бүгiн ересек жiгiт, сөздерi iлтипатты, өзi салмақты. Бiрақ та, әлi бала. Сондай сүйкiмдi бала… әр қимылында, сөзiнде, күлкiсiнде еркелiк пен еркiндiктiң лебi есiп тұр. «Әке-шешең алақанында аялап, бабымен, адалымен тәрбиелеген бақытты бала боларсың», – деп ойлаған Кәрiм оның жүзiне сүйсiне көз салды. Оң көзiнiң астындағы титтей мең өзiне қалай жарасымды. Тiкiрейген шашы, қысықтау өткiр көзi, жымқырған ернi… Таныс пiшiн. «Түнде түсiмде… Япыр-ау, осы бала түнде түсiмде жүрдi ғой. Менiң қасымда… маған еркелеп, мойныма асылып, қолымнан ұстап жүрген кiшкене ер бала, сүйкiмдi сәби… Сол сәби мына балаға ұқсай ма, қалай…». Түнгi түсi… әйтеуiр, жүрегiнде сақталған аса ыстық, қимас, қымбат сурет сынды өмiрiнiң бiр тәттi кезеңiн еске салғандай болды. Бiрақ та, Кәрiм реалист, прагматик, тiптi циник жан ретiнде өзiнiң бүгiнгi дүдәмал сезiмдерiн әлсiз жанның әуресiндей ұнатпады. Өзiн-өзi жазғырды. «Жол үстiнде кезiккен мына бөтен бала-жiгiттiң маған қандай қатысы бар? Түс деген қияли ойлардан, орындалмаған арман мен қол жетпеген мақсаттан туындайтын адамның өтiрiк өмiрi. Сол өтiрiктi өзiмше шындыққа айналдырып, түйсiгiме сiңiргiм келедi. Яғни мен өз өмiрiме көңiлiм толмаған бақытсыз адам екенiмдi мойындап отырмын. Мүмкiн бұл жанымды қанжылатқан баяғы сол сорақы iстiң жаңғырығы болар… Әйелiм қаламаған, туғысы келмеген, жатырда жатып жоқ болған ұлымды жоқтауым болар… Ол жарық дүниеге келген болса қазiр он алты жастағы бекзада-бала болар едi… Түнгi түсiм – сол ащы өкiнiштiң, айықпас күйiнiштiң салдары», – деген оймен өзiнiң жанжарасын тағы мазалады.
Сол күйiнiш үшiн Кәрiм әлi күнге өзiн-өзi кiнәлайды. Ол билiксiз, беделсiз, ынжық еркек. Сол себептен де әйелi осындай сұмдық iске барды. «УЗИ» ұл деп көрсеткенде аяғына жығылған жанжарының жүрегiне қанжар сұққан әйелi оның ер-азаматтығын таптады. «Екi қыз тудым, саған сол да жетедi», – дедi. Кәрiм қыздарын ешқашан кем көрген жоқ, қайта төбесiне көтерiп жүрдi. Ерке де әсем екi қызына деген мейiрiмi де көл-көсiр. Әйтсе де, бар еркек iзiн басатын ұл баланы армандайды, ұлдан тараған ұрпақты ғана өмiрiнiң жалғасы деп қабылдайды. Әттең,әттең… Кәрiм iссапарда жүргенде әйелi түкке тұрмас өсек пен егес үшiн Кәрiмнен солай өш алды. Бар пәленi оған аударып, «стрестен болған түсiк» деп хабарлады, артынан бар шындықты бiлгенде ол асылып өлгiсi келдi. Аялап, аймалап жүрген әйелiне деген жақсы көру сезiмi сол күнде өлдi. Кәрiм өшiкпедi, өш те алмады, кетпедi де. Тек сол күннен төсек қызығын әйелiмен бөлiсуден бас тартты. Содан берi жаны жаралы, жаны жалғыз. Ендi, мiне, айдаладағы бөтен балаға көзiн сатып отырғаны… Бiрақ та, нелiктен, неге дәл осы бала жанына жақын, сондай жақын? Сондай таныс пiшiн…
Пойыз тоқтағанда Кәрiм жiгiттiң соңынан қалмай iлесе шықты. Бiр тосын ғажайыпты күткендей, жүрегiнiң жартысы кетiп бара жатқандай есеңгiреп шықты… «Маратик!» – деп баланы құшақтап жатқан әйелдi ол бiрден таныды. Иә, таныды. Ақлима! Өзгермеген, өзгерсе де өңiн бермеген, толысқан айдай аппақ ару Ақлима.
Бәрi есiне түстi. Ол кезде Кәрiм жас аспирант едi. Ал, Ақлима оқуға жаңа түскен студент қыз. Екеуi бiр-бiрiн кездейсоқ кездестiрдi. Қара суық күз айында. Аялдамада автобус күтiп тұрған жап-жас қыздың киiмi тым жеңiл екен. Жел өтiнде қалтырап тұрған түрiн көрiп Кәрiмнiң шындап жаны ашып кеттi. Таксидi тоқтатып, «қарындас, отырыңыз», – дегенiнде ол басын шайқады. «Ақшам жоқ», – дедi. Жасқана үн қатты. «Қорықпаңыз, менiң де сiздей қарындасым бар. Әбден тоңып кетiпсiз…» – деген Кәрiм қызды қолынан ұстап таксиге отырғызып, жатақханасына дейiн шығарып салды. Солай танысқан едi. Содан кейiн iздеп барып тұрды. Аққу мойын, қолаң шаш, әппақ жүздi жап-жас қыз…
Ай-көркем едi. Кәрiм махаббатқа мас болып көрмеген жiгiт едi. Ол кезде де ғашық болдым деп айта алмайды. Алайда, Ақлиманы көрген сайын құмарлық деген ыстық қан тасып-қайнап кетушi едi. Бiр жылдай кездесiп тұрды. Екi рет үйiне де ертiп барды. Сонда әкесi «өте жас, әдемi екен, обалына қалып жүрме, балам» десе, шешесi «ауылдың қызы, тебе не пара» дегендей болды. Ал, Ақлима болса Кәрiмдi құлай сүйдi. Албырт, адал жүрегiмен сүйдi. Бар сөзiне сендi, Кәрiмдей жiгiт қасында жүргенiн, құшып-сүйгенiн бақыт деп қабылдады. Қызды алдау Кәрiмнiң ойында болған жоқ, «мен саған үйленем» деп уәде бергенiнде өзiне сенiмдi едi. Алайда, келесi жылдың күзiнде Кәрiмнiң жолы болып Мәскеу университетiнiң аспирантурасына ауысты. Жедел жетуi керек болды. Ақлимамен қоштасуға, жөнiн айтуға уақыт таппады. Одан кейiн оны Мәскеудiң зымыран тiрлiгi жұтып қойды. Тоғыз жыл уақыты сол қалада өттi. Диссертациясын қорғады, сол жақта өскен қазақ қызына үйлендi, сәбилерi дүниеге келдi. «СССР» деген алып мемлекет құлаған кезде Алматыға оралды. Сол кезде ол Ақлиманы есiне алды. Оған да себеп болған шешесi айтқан бiр әңгiме едi: «ұлым, есiңде ме, сен бiр жас қызды үйге ертiп келiп едiң ғой. Сол қыз сенi iздеп келдi. Өзi сондай жүдеу көрiндi. Мәскеуге кеткенiңдi естiгенде жылап жiбердi. Асты-үстiне түсiп, не болғанын сұрап едiм ештеңе айтпады. Жылаған күйi кетiп қалды». «Мама, сен сол кезде неге айтпадың?» – деген Кәрiмнiң сұрағына шешесi: – Сен ол қызға жөнiңдi айтпай кетсең, мен неге айтуым керек едi, – деп қатқыл жауап бердi.
Әне, ана мен бала қол ұстасып кетiп барады. Аққу мойын, қолаң шаш, аппақ ару-ана мен бекзада бала-жiгiт. Қандай әдемi сурет! Кәрiмнiң бақытты болатын өмiрi, жоғалған өмiрi кетiп барады. Кәрiм оң көзiнiң астындағы меңдi қолымен жұлып алып, жүрегiне басқысы келдi. «Менiң ұлым! Менiң ұлым!» – деп айқайлағысы келдi… Кеудесi күйiп бара жатқан сияқты. Көз ұшында ұзынсирақты бала-жiгiт ұзап барады. Ығы-жығы жолаушылардың арасынан жанталаса шыққан Кәрiм: – Менiң ұлым! Менiң ұлым! – деп жүгiре жөнелдi. Елес қуған ессiздей жүгiрдi…
Айгүл Асылбекова

Сізге де ұнауы мүмкін

Батик өнерiнiң шеберi Камила Жапалова
Балаға хат

Автор

Меню