Жапонияның Тоухоку аймағының ертегiсi
Ертеде Чиоубеэ деген шаруа болыпты. Сэнгари деген жазыққа қызғалдақ өсiредi екен. Қызғалдақтар гүлдеген кездегi сұлулықты айтсаңшы. Қызыл, ақ, күлгiн түстi гүлдер желмен бiрге тербелiп, сол гүлдерге күн нұрын төккенде ғаламат көрiнiс пайда болатын. Бiр күнi Чиоубеэ қызғалдақ даласын аралап жүргенде құлағына әдемi бiр әуен естiледi. «Мереке кезiндегi оркестр сазы сияқты, өмiрiмде бұндай әуендi естiген емен» деп таң-тамаша қалып тұрғанда, төңiрек хош иiске бөленiп, бес түстi шұғыла шашқан, құс тәрiздi нәрсе, көктен қалықтай түсiп келедi екен. «Бұл не болды?» деп бажайлап қараса, Аспан қызы екен.
Аспан қызы көбелектен де жеңiл ме дерсiң. Ұшып келiп қызғалдақ үстiнде қалықтай биледi де, бiр гүлге өрнектi киiмiн iлiп тастап, өзi маужырап ұйқыға кеттi. Чиоубеэ дәп бiр түс көргендей күй кештi. Ұйқыдағы Аспан қызына жақынырақ барып, ойлана көз жiбердi. Сұлулық деген осындай болар. Бұл сұлудың қасында шығып тұрған күннiң өзi бұлт көлегейлегендей бұлыңғыр тартып кетедi. Чиоубеэ ғажап сұлуды қалыңдық етiп алғысы келдi. Ол жылдамдатып бойжеткеннiң өрнектi киiмiн гүлдердiң арасына жасырып, өзi ештеңе бiлмейтiн адамдай тұра бердi.
Түн шымылдығын түсiруге таяу қалғанда Аспан қызы көзiн ашты. Көкке қайтайын десе, гүлге iлiп қойған көйлегi жоқ. Аң-таң болған қыз Сэнгари гүлдерiнiң арасынан көйлегiн әрi-берi iздеп жүргенде түн де қоюланып кеттi. Чиоубеэ:
— Қарындас, не iздедiңiз? — деп сұрады. Аспан қызы өрнектi көйлегiн жоғалтып алғанын, Аспанға оралмаса болмайтындығын айтты.
— Жаңа ғана инелiктiң қанатындай мөлдiр нәрсенi гүлдердiң ортасынан жел көтерiп әкеткен. Сол сiздiң көйлегiңiз болар бәлкiм. Ендi оны Сэнгари даласының қай жағынан iздесек де табылмас. Гүлдер түсiп, егiн түгел жиналғанға дейiн тосу керек. Бәрiбiр көкке қайта алмайсың, одан да жүр, менiң үйiме аялдай тұр, — деп, Аспан қызын үйiне әкелдi. Сөйтiп, Аспан қызы Чиоубеэнiң қалыңдығы болды.
Арада бiраз уақыт өтiп, қызғалдақтың күлтелерi түсе бастағанда қыз «өрнектi көйлегiмдi iздеймiн» деп қыңқылдай бастады. Чиоубеэ Аспан қызынан айырылғысы келмегендiктен, ағаш жапырақтарының әлi жасыл екендiгiн айтып, өрнектi көйлектi iздеуге рұқсат етпедi.
Жапырақтар қурайтын мезгiл келдi. Аспан қызы күндiз де, түнде де «өрнектi көйлек, өрнектi көйлек» дей берген соң Чиоубеэ Сэнгари даласын аралап, Аспан қызының қымбат киiмiн iздедi. Ақыры тапты-ау. Тапқанын қайтейiк, өрнектi көйлек жаңбыр тиiп, жел қағып, өңiнен өң қалмапты. Сол сәттегi Аспан қызының мұңданғаны Чиоубеэнiң жанына батып, ол шындықты айтуға мәжбүр болды:
— Шынымды айтсам, саған үйлену үшiн осыны iстеп едiм. Бұдан кейiн не қаласаң соның бәрiн орындаймын.
— Олай болса, мың тал лотос гүлiн терiңiз. Өрнек өремiн.
Чиоубеэ аспан қызының қалағанын тауып бердi. Қыз болса лотос сабақтарынан бұл дүниеде болмаған өрнек өрiп, көздiң жауын алатын көйлек тоқыды. Ол көйлек тоқыған отыз жетi күннiң жиырма бiрiншi күнiнде ұл бала дүниеге келдi. Аспан қызы Чиоубеэге айтты:
— Менiң көкке қайтатын күнiм келдi. Мына сәби сүт ембей өсетiн Көктiң ұлы. Егер қоректендiру қажет болса, далаға апарып, қызғалдаққа тұнған таңғы шықты сорғызыңыз. Аспан қызы Чиоубеэмен мұңая қоштасқан соң, өрнектi киiмiне оранып, Аспанға қалықтай көтерiлдi.
Чиоубеэ әйелi есiне түскенде баласын қызғалдақ даласына апарады екен. Сол кезде Көкте әдемi әуен қалықтап, жоғарыдан күйеуi мен ұлын шақырған үн естiледi дейдi.
Жапон тiлiнен аударған Шарафат Жылқыбаева