…Осы уақытқа дейiн менiң атымнан жазылған мақалалар өзiмнiң немесе жанымдағы құрбыларымның басынан өткергендерi едi. Кейiпкерлерiмнiң iштегi жан айқайларын, ренiшiн, өкiнiшiн барынша жеткiзуге тырысып бақтым. «Балам, мен аяғаныммен өмiр аямайды ғой», деп анам әрдайым айтатын. Сол кезде осы сөздiң мағынасын жетiк түсiне алмаған екем. Қазiр қарап отырсам, расымен, үйде жүргенде қиындықтың не екенiн бiлмеппiз. Ендi осы мақала арқылы өзiмнiң көңiлiм толмайтын дүниелер мен ауылға деген сағынышымды жеткiзгiм келдi.
Менiң қатты таң қалатыным: ауылдан келген қыздардың көбiсi өздерiн бұрыннан қала тұрғындары сияқты ұстайтыны. Жiгiтпен танысса ауылдан екенiн жасырып, ауыл тiрлiгiн аузына алмай, барынша қала қызына ұқсап тырысып бағатындары. Неге? Ауылдан келгенiңде тұрған не бар? Ешкiм аспаннан түскен жоқ қой? Ендеше, айтайын, сен қанша тырысып баққанмен қаланың ақ саусақ қызы сияқты бола алмайсың!
Шындап келсек, сол ауылға жететiн не бар? Нағыз қазақи тәрбие, салт-дәстүр, үлкен-кiшiнi сыйлап құрметтеу, инабаттылық, жақсылық атаулының бәрi сол ауылда емес пе? Көшеде кетiп бара жатқан үлкен кiсiнi көргенде танысақ та, танымасақ та бiз айқайлап сәлем беретiн едiк. Көршi-қолаңның үйiнде той болса, мiндеттi түрде ыдыс жуысуға көмекке баруды айтсаңшы. Той кезiнде ұзыннан тiгiлген палатка астында ұзыннан үстел қойып, орындықтарды тiзiп қойып шығатынбыз. Жетпей жатса, ауыл аралап кететiн кезiмiз де болды емес пе? Ыдыстарға дейiн сұрап алып, сол ыдыста салынған белгiлерiмен қайтадан иесiне қайтарып беретiн едiк. Ыдысты қайтарар кезде «бос қайтаруға болмайды» деп, анамыздың ыдыс iшiне тәттiлердi салып жатқанын көзiм талай шалған болатын. Осындай қарым-қатынас пен ұстанымдардың арқасында санамызға ұлттық құндылықтар сiңе бергенiн бүгiнде бағамдап жүрмiн.
Жуылған қойдың жүнiн тазалап, оны түтудiң өзiндiк бiр сыры бар едi. «Түйдектемей дұрыс түтiп, әрi түтiлген жүннiң биiктiгiн мұрныңа дейiн жеткiзсең мұрныңнан моншақ шашылады» деп, апам марқұм бiздi талай отырғызып қоятын едi. Соған сенiп жарысып жүн түтетiн едiк. Осындай талап арқылы бiздiң төзiмдiлiгiмiз бен еңбекқорлығымызды дамытқан екен. Ал, жүн сол шамаға жеткенде, қалай екенi белгiсiз, астынан шынымен де түрлi-түстi моншақ «шығатын»-ды. Оны тапқан бiз ерекше мәз болатынбыз. Бұл кезде бiр қойдың жүнi түтiлiп те бiтетiн.
Таңнан тұрып сиырды өрiске, бұзауды кезекке қосу, есiк алдындағы гүлдерге су құю, тауықтарға жем шашу – мiндеттi түрде күнде орындайтын жұмысымыздың бiрi болатын. Одан сауылған сүттi анамыз сүт машинасымен тартып, кiлегей айырады. Ағалы-қарындасты болып анамызды жағалап күтiп отырамыз. Сондағысы, кiлегей айналып түсетiн дөңгелек ыдыстарына жабысып қалған кiлегейдi жалау болатын. Қандай дәмдi едi…
Жаздың кезiнде ауыл деген тiптен тамаша ғой. Жайқалып өскен шөп, жусанның иiсi. Кешкiсiн қоңыр салқын жел, тiптi құрылдаған бақа мен шырылдаған шегiрткенiң дауысын айтсаңшы?! Көршi-қолаңның балаларымен бiр топ болып көбелек қуып, одан қалса ойынға шығып, «ақ серек пен көк серек», жапырақтан жасалған ләңгi тебу, т.б. ойындарын бiрiнен соң бiрiн ойнап кеш батқанша тарамайтын едiк.
Дәу қара араны ұстап сiрiңкенiң қорабына салып сыртынан байлап қоямыз да ары-берi сiлкiлеймiз кеп. Iшiндегi араның дыңылдаған дыбысын құлағымызға тосып, телефон деп қабылдап, ойнаған да едiк. Жусан терiп, жалбыз жинаймыз. Оны жинайтын себебiмiз: жалбыз шөбiнiң емдiк қасиетi көп. Ауырғанда қайнатып iшемiз. Бұл да ересектерден көргенiмiз едi. Алма ағашынан көк алманы жұлып алып тұзға батырып жеудi ұмытып бара жатырмын. Қой сойғанда сирақтарын ағашқа қадап кiшкентайлар отты жағалап отырып жүнiн үйiтемiз. Қазанға ет салынып ол пiскенше мiндеттi түрде қойдың өкпе-бауырынан қуырдақ жасалынады. Қуырдақ пiскенше көк бауыр iшiне май түйреп оны отқа қақтап жейтiнбiз. Анамыздың үлкен қазанға жауып пiсiретiн қазан жаппай, тандыр нандарына сары майды жағып жiберсең ерiп түседi. Керемет бутерброд! Қолымызға қысып ұстап далаға қайта жүгiрiп кететiн едiк.
Осы жерде өз басымнан өткен қызық оқиғаны айтып өткiм келедi. Екi дорба қатық жиналып қалғанда анам оны екi үлкен ыдысқа аударып, тұзын салып берiп, өзi бiр шаруаларымен басқа жаққа кетедi. «Мен жұмыстан келгенше осы құртты жасап, өреге жайып және самаурын қойып қой», – деп тапсырып кетедi. Басында ерiнбей түрлi пiшiнге салып жасайсың. Бала емеспiн бе, бiр ыдыстағыны бiтiрген соң шаршай бастаймын. Екiншi тегенеге көшкенде жалыға бастадым. Қасымда маған қарап үш итiм отырған. Солардың әрқайсысына бiр-бiр уыстан кезектеп қатықты лақтырап берем де, төртiншiсiнде қайта құрт жасаймын. Сөйтiп отырып екiншi ыдыстағы құртты бiтiретiнмiн. Шынымды айтсам, осы қылығымды анам жақында ғана бiлдi.
Одан самаурынмен алысу басталады. Суды құйып алып, отын тұтандыра алмай қор болатын едiм. Кернейдiң ұстайтын жерi ысып кетедi. Оны қысқышпен әурелеп жатып жерге әзер түсiрiп алып, ағашты салып, қайта жапқанымша iшiндегi ағашы жанып үлгередi. Әйтеуiр, анам келгенше қайнайтын. Бiзде ауылда қаладағыдай үйдiң iшiнде суық су бөлек, жылы су бөлек ағып тұрмайды. Суық судың өзi белгiлi бiр уақытта ағады да, сосын қайтадан тоқтап қалатын. Оның өзi үйден қашық жерде. Судың келгенiн күтемiз. Сосын көршiнiң ұл-қыздарымен флягты тәшкiмен сүйреп салдырлап құдық басына барамыз. Екi «рейс» жасамасақ тағы болмайды, ертеңге дейiн су жетпей қалуы мүмкiн. Сонда қараңыз, пәленбай литрлiк флягқа су толғанда бiраз салмақ болады емес пе. Ал, оны ой-шұңқыры көп тас жолмен сүйреп келу нағыз фитнестiң өзi. Тағы бiр жайт есiме түскенi. Қазiр үйдегi кiлемдердi арнайы көлiк жуу орнына апарып ақшасын төлеп тастап, кепкен соң алып кетемiз. Қыздарымыз еш қиналмайды. Ал, бұрын ше? Кiлемдердi күн ысығанда арық жағасына көтерiп апарып, шелекпен су шашып, кiр сабынды екiге бөлiп алып, жартысын кесенiң iшiне саламыз да, оны төңкерiп алып, кiлемдi ысқылап жуамыз. Кiр жуудың өзi бiзде қолмен iске асатын едi. Бiз бастан өткен осы бiр кезеңдi «жоқ заман» деп мен еш айта алмаймын. Керiсiнше бiздi еңбекке үйреттi, жалқаулықтан алшақ болдық. Соның арқасында қазiр келiн болсақ та, ана болсақ та еш қиындық көрмеймiз. Бiз қала үйiндегi тiрлiктi бiр қолмен-ақ әрi ойнап-күлiп жүрiп iстеймiз.
Далада пешке от жағып нан жабу, май шайқау, құрт қайнату, бақшадағы жемiс-жидектердiң арам шөптерiн жұлу, көкөнiс жапырақтарына түскен құрттарды теру, қой сойғанда iшек-қарын аршу, малдарды өрiске қосқан соң қиын таптау, т.б. – бiз үшiн ұятты жұмыс болған жоқ. Мiндетiмiздiң бiрi, өзiмiздiң азығымыз деп бiлдiк. Ал, ең негiзгiсi – үлкен спорт десек болады екен-ау. Себебi, үнемi қозғалыстасың, толыспай қайта шымырланып өсесiң. Бүгiнгi қала жастарына соны айтсақ, жиiркенiп түрлерi бұзылады. Есесiне бiз нағыз табиғи таза өнiмдi, жемiс-жидектi жеп өстiк.
Мен ауылда туғаныма, ауыл тiрлiгiн көрiп өскенiме еш намыстанбаймын, керiсiнше мақтан тұтамын. Соның арқасында менiң бойыма төзiмдiлiк, адамгершiлiк, еңбекқорлық, т.б. жақсы қасиеттерi сiңдi. Кез-келген жанды жатсынбауым – ол ауылда жасы үлкендерге жымиып амандасуымнан, кiшiге – iзет, үлкенге құрмет көрсетуiм – ол ауылымның тәрбиесiнен сiңiп қалған әдет деп бiлемiн. Қазiргi жастарға не үйретерiңiз бар? – Интернет, телефон, в контакте, инстаграм? Екi жастағы бала телефонды блоктан ашып, керек видеосын ютубтан тауып алады. Бiз оны баламыз iштен бiлiп туды, ақылды деп мәз боламыз. Қателесемiз!!! Бiз екi жасымызда құм мен топырақты ажырата бiлдiк пе, әй, қайдам… Баланы жалқаулыққа, дайынға үйретiп жатырмыз. Оның болашағын, денсаулығын ойламаймыз. Пайдасыз, атыс-шабыс, бiр-бiрiн аяу дегендi бiлмейтiн бейнежазбалар баламызды өркөкiректiк, қатыгездiк мiнезге баулып жатқан жоқ па? Қазiргiлер бiз сияқты үлкендi сыйлау, жүгiрiп ойнау дегеннен тым алыс. Телефонды алып жата қалады, содан семiру басталады. «Үлкендермен бiрге сөз таластырма», «қонақ отырғанда дастарқан басына келе берме», «сөздi бөлме» дейтiн бiзге. Ал, ендi қазiргi жасөспiрiмдердi бiзбен салыстырыңыз да өзiңiз ойланыңыз!
Қыздар, сiздерге айтарым, ауылдан екендерiңе намыстанбаңдар! Нағыз тәрбие мына бiздiң бойымызда, қанымызда. Айта кететiн тағы бiр құпия, қала жiгiттерiнiң өздерiне аналары: «ауылдың қызын алатын бол, олар үй тiрлiгiне мықты» деп отырады. Яғни, әр ана баласының тәрбиелi, еңбекқор қызды жолықтырғанын қалайды. Отбасының берiк болуы көп жағдайда әйел адамға байланысты. Оның ұяңдығы, тәрбиелiгi, төзiмдiлiгi, ақылдылығы – оны кез келген қиын жағдайдан алып шығады. Ал, бұған отбасыңда көрген тәрбиең әсер етедi. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны iлерсiң» деп бекер айтпаған болар.
Лаула Ченемисова.