Асқар Құдайбергенұлы Жұбанов, филология ғылымдарының докторы, профессор, математик.

Асқар Құдайбергенұлы Жұбанов, филология ғылымдарының докторы, профессор, математик.

Көзi қарақты оқырман Ақтөбе өңiрiнен шыққан атақты Жұбановтар әулетi туралы жақсы бiледi. Құдайберген Жұбанов – қазақ тiл бiлiмiнiң негiзiн салушылардың бiрi, профессор, 18 тiл меңгерген қайраткер. Ал iнiсi Ахмет Жұбанов – әйгiлi композитор, дирижер, қазақ музыкасын зерттеген ғалым, профессор, академик. Ағайынды Жұбановтардан тараған ұрпақтары бүгiнде елiмiздiң өнер, ғылым саласында iз қалдырған, еңбегi сiңген жандар. Бiз бүгiн асылдың сынығы, әке жолын жалғастырған лингвист ғалым, А.Байтұрсынұлы атындағы Тiл бiлiмi институтының бас ғылыми қызметкерi Асқар Құдайбергенұлымен сұқбаттастық.
– Асқар аға, өмiрбаяныңызға көз жүгiртсек, шыр етiп жарық дүниеге келгеннен-ақ өмiрдiң сынағына тап болған екенсiз. Дүниеге келгенiңiзге алты күн толғанда әкеңiздi «халық жауы» деген жаламен ұстап әкетедi. Жөргекте жатқан сәби Асқар мұны толық түсiнбесе де, әкесiз өсу оңай соқпаса керек-тi…
– Рас, мен 1937 жылдың 13 қарашасында өмiрге келiппiн де, әкемдi 19 қараша күнi ұстап әкетiптi. Әкем менi перзентханадан шығарып әкелгенiмен, құмары қанып иiскеп, бауырына басып үлгермептi. Тiптi, менiң атымның Асқар екенiн бiлмей кеткен көрiнедi. Әкем Құдайберген Қуанұлы сол ұсталып кеткеннен қайта отбасына оралмады. 1938 жылы 38 жасқа жаңа толған шағында атылып кетедi. Арада 20 жыл өткен соң ғана, 1957 жылы ақталып, азаматтық құқығы қалпына келтiрiлдi.
Сол жылдары «халық жауы» деп танылып, зәбiр көрген, басына iс түскен зиялының ұрпақтарына да мұның салқыны тигенi ақиқат. Бұл кедергi бозбала Асқардан айналып өтпедi, мектеп бiтiрген жылы алдынан шықты. Ол 1955 жылы Петропавл қаласында онжылдық қазақ мектебiн бiтiрген соң Алматыдағы Тау-кен институтына құжат тапсырады. Ол уақытта бұл жоғары оқу орнында оқуды барлық бала армандайтын десе де болады. Жас түлектермен бiрге Асқар да қабылдау емтихандарын үздiк тапсырды, студенттер тiзiмiнде де тұрған едi. Бiрнеше күннен соң ректормен кездесу болып, «халық жауының» ұлы болғаны үшiн оқуға қабылданбайтынын естидi.
– Бұл хабарға мен қатты күйiндiм. Әкемнiң iнiсi Ахмет Жұбанов ағам ректормен сөйлессе де, нәтиже шықпады. Сосын «Қазақстан мұғалiмi» газетiнде қызмет iстейтiн өзiмнен үлкен ағам Есет Жұбанов КазПИ-дiң ректоры Мәлiк Ғабдуллинмен кездесуге ертiп барды. Әкемдi iрi ғалым ретiнде танитын Мәлiк ағай еш сөзге келместен менi физика-математика факультетiнiң студентi етiп қабылдады. 1960 жылы КазПИ-дi бiтiрiп, мұғалiм болып кеттiм.
1937 жылы әкемiздi әкеткеннен бастап, ақталғанға дейiн анамыздың басына да осындай қауiп төнген соң, үлкенi 12 жаста, кенжесi 1 жастағы менi, барлығы 6 баласын ертiп, Алматыдан ата-бабамыздың туған жерi Ақтөбе облысына қоныс аударған екенбiз. Бiрақ «көлеңке» үлкен аға-апаларыма да әсер еттi. Есейiп, институт бiтiрiп, жұмысқа тұрғанмен, ел қатарлы коммунистiк партия қатарына қабылданбады.
Асқар ағаның математикадан дәрiс берiп жүрiп, тiл саласына бiртiндеп ден қоюы бекер емес едi. Қазақтың Мемлекеттiк ауылшаруашылық институтының Жоғары математика кафедрасында 7 жылдай жоғары математика пәнiнен дәрiс оқиды. Сол жылдары ғылым академиясының Тiл бiлiмi институтында қызмет iстейтiн ағасы Есет Жұбанов Мәскеуден келген белгiлi ғалымдардың тiл бiлiмiнiң жаңа саласы – математикалық лингвистикадан оқыған дәрiстерiне қатысуын сұрайды. Асқар Құдайбергенұлы сол дәрiстердi тыңдаған соң, математик мамандардың да тiл саласына ден қоюы керегiн жақсы түсiнедi. Жанашыр қазақтың ғалым ағалары жаңа саланы терең зерттеу үшiн, бiлiм жетiлдiру мақсатында аспирантурада оқуға жөн сiлтейдi. Сөйтiп, ол Минск қаласындағы Лингвистикалық университетте 3 жыл белгiлi ғалымдардың дәрiсiн тыңдау үшiн Белоруссияға аттанады.
– Аспирантурада оқып жүрiп, М.Әуезовтiң «Абай жолы» романындағы тiлдiк бiрлiктердiң статистикасын және олардың ықтималдықтар теориясының қандай заңдылықтарына бағынатындығын зерттеп, 1971 жылы кандидаттық диссертациямды үздiк қорғап шықтым. Осылайша ғылым жолына түсiп, зерттеулерге ден қойдым. Мен өзiмдi әкем – қазақ филологиясының тұңғыш профессоры Құдайберген Қуанұлы Жұбановтың тiл бiлiмiндегi ғылыми жолын жалғастырушы ұлымын деп бiлемiн. Бұл – зор жауапкершiлiк. Әке жолын таңдауыма себеп болған – оның тiл бiлiмiне орасан еңбек сiңiрiп, алайда, дүниеден ерте кеткендiгi әсер еткен болар. Оның үстiне әкем ғұмырының қысқа боларын сезгендей аз уақытта көп тiлдi үйренiп, артындағы ұрпаққа мол мұра қалдырып үлгердi. Тiл бiлiмiне бiржолата ауысып, тұрақтауымның тағы бiр себебi – «әкең өлсе де, әкеңдi көргендер өлмесiн» деген қазақ мақалы болар деп санаймын. Әкемдi көрмей өссем де, әкемдi көргендердiң, оны ғалым ретiнде жақсы бiлетiндердiң және әкем жайлы сөз болатын орта арасында қызмет етудi мақсат тұтсам керек. Мәселен, Тiл бiлiмi институтында ғылыми қызметкер мiндетiн атқарып жүрiп, әкемдi көздерi көрген институт директоры I.Кеңесбаевтың, әкемнiң шәкiрттерi филология ғылымдарының докторлары, профессорлар М.Балақаев, Ғ.Мұсабаев, әкемнiң өмiрi мен шығармашылығын зерттеген академик Р.Сыздықтармен бiр ұжымда қызмет iстегенiмдi мақтаныш етемiн. Осындай iрi ғалымдардың аузынан әкем жайлы жылы лебiздердi естiгенде әкемдi көргендей болатыным рас. Ғылыми кеңес кезiнде әкемнiң атын әр естiген сайын, өзiмнiң саналы өмiрiмдi қазақ тiл бiлiмiнiң қыры мен сырын зерттеуге арнап жүргенiме тек қана риза боламын. Математика саласын игерсем де, тiл бiлiмiне саналы түрде бет бұрдым деуге болады.
Асқар Құдайбергенұлының Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Тiл бiлiмi институтында бас ғылыми қызметкер болып, тiл саласындағы көптеген зерттеулерге қатысып, жаңа жобалар жасауға атсалысып келе жатқанына жарты ғасыр өтiптi. «Қолданбалы лингвистика» бөлiмiнiң меңгерушiсi Айман Жаңабекова бастаған қызметкерлердiң биылғы жылы атқарған ауқымды, әрi елiмiз үшiн жасалған маңызды шаруаларының бiрi – ұлттық пернетақта жасау.
– Қазақтың ұлттық латын әрiптi пернетақтасын жасау үшiн осы «қолданбалы лингвистика» бөлiмi жоспарлап, алдымен ғылыми зерттеу жұмысын жасады. Пернетақтаға әлiпбидi орналастыруда статистикалық заңдылыққа сүйендiк. Әрбiр тiлдiң өз заңдылығы бар. Ол үшiн қазақтың 5000-дай сөз қолданыстан тұратын мәтiндердi алып, әрiптердiң жиiлiк сөз тiркестерiн жасадық. Алдымызға қойған принципiмiз – барлық адам компьютерде еркiн жұмыс iстеп, мәтiн тергенде уақыт үнемдеуi қажет. Ол үшiн адамның саусақтары тез, оңай жететiн әрiптi оңтайлы жерге орналастыру. Жиi қолданатын белсендi А, Е әрiптерiн ортасына, тiркеске қатысты, ең жоғарғы жиiлiктегi ан, ар, ер тiркестерiн де осы белсендi бөлiкке қойдық. Сирек кездесетiн әрiптердi, әрiптер мен тыныс белгi, символдарды пернетақтаның шеткi жағына орналастыруды көздедiк. Бiздiң елiмiздiң бұған дейiнгi қолданып келген пернетақтасын орыстың, ағылшынның нұсқасының жоғары жақтағы сандардың үстiне қазақтың ғ, қ, i, т.б. әрiптерiн орналастырған едiк. Қазiр министрлiкте қаралып жатқан нұсқамыз болашақта қолданысқа енетiн болса, алғашқы ұлттық пернетақта болмақ. Ол кезде компьютер мен пернетақтаны ауыстырмай-ақ, компьютерге программасын енгiзiп, әрi қарай жұмыс iстей беруге болады.
– Асқар аға, қазақ тiлiнiң бай тiл екенiн жиi айтып, марқайып жүремiз. Тiл маманы ретiнде сөздiк қоржынымызда қазiр қанша сөз бар екенiн айта аласыз ба?
– Бұл сауалыңызға әзiрге нақты жауап беру мүмкiн емес, алайда шамамен айтып көрейiн. Мысалы, «Абай тiлi сөздiгiнде» Абайдың сөз байлығы 6 мыңдай дара сөз бен 1 мыңнан аса сөз тiркестерi бар екен. Екi томдық «қазақ тiлiнiң түсiндiрме сөздiгiнде» 18135 сөз, 3371 фразеологиялық тiркес қамтылған. Ал кейiнгi жылдары жарық көрген 15 томдық «қазақ әдеби тiлiнiң сөздiгiнде» кiрме сөздердi, көнерген сөздердi, жаңа сөздердi де қоса есептегенде 100 мыңға жуық сөз бен сөз тiркестерi жинақталған. Ал бiртомдық «қазақ сөздiгiнде» 106 мың сөз жинақталды. Қазақтың төл тiл байлығының 100 мыңнан асқаны қазақ тiлi үшiн – үлкен қазына.
Ағымдағы жылдың 13 қарашасында 82 жасқа толғалы отырған, өз өмiрiн математикалық лингвистикаға арнаған ғалым ағамыз үнемi iзденiс үстiнде жүредi. Оқып-бiлуден, жазу-сызудан, шәкiрттерiне бiлгенiн үйретуден жалыққан емес. Заман мен мамандығының талабына сай компьютер, ғаламтормен жұмыс iстеудi де игергелi көп жылдар өтiптi.
«Ғылымда өшпес iз қалдырған Құдайберген Жұбановтай атамыздың ұрпақтары қазiр қай салада еңбек етiп жүр?» деген сауалымызға ағамыз:
– Жастай қосылған жұбайым Гүлшара апаларыңнан ерте айрылып қалдым. Ауырып, өмiрден мезгiлсiз кеттi. Үш қыз сүйген едiк. Тұңғыш қызым Айгүл отбасымен жол апатынан қаза болды. Бұл маған өте бiр ауыр тиген жағдай едi. Ләззат қызым да студент шағында бақилық болды. Назым деген қызым, шүкiр, бар. Ол кәсiбiн музыка саласынан тапты.
Орта жасқа келгенде жақындарымнан қатар-қатар айрылу ауыр соққы болды. Алланың сынағы ғой. Бiраз уақыттан соң қазiргi жұбайым Эльмирамен таныстым. Бұл апайың менiң бар жағдайымды жасап, қайтадан ғылымға бет бұруыма әсер еттi. Қолыма қаламымды ұстатты. Еңлiк қызымыз дүниеге келдi. Өмiрге қайта келгендей болдым.
Кенжем Еңлiк – студент. Заманның сұранысына сай компьютердi жақсы игермек мақсатында IT университетiне оқуға түстi. Атасы секiлдi тiлге де икемдi. Ағылшын мен жапон тiлiн жақсы бiледi. Ұлым Дархан Тоқмырзаев – программист. Ол да «қолданбалы лингвистика» бөлiмiнде жұмыс iстейдi.
Әкемнен тараған алты бала, яғни туған бауырларымның бәрi өнер мен ғылымнан алыс кеткен жоқ. Оқып, бiлiм алуымызға әкемнен 8 жас кiшi iнiсi, қазаққа әйгiлi музыкант Ахмет Жұбанов ағамыздың көмегi көп болды. Кезiнде Әкем Құдайберген iнiсi Ахметтi Мәскеудiң Ленинград қаласына апарып оқуға түсiрiп, жол көрсеткен екен. Әкемнiң көзi кеткен соң, бiзге – шешем мен бауырларыма да қауiп төнетiнiн сезген ағамыз Ақтөбеге қоныс аударуға кеңес берген екен. Сөйтiп, шешем балаларын ертiп, «Жаңатұрмыс» колхозына орналасып, сол жерде жұмыс iстеп, жан бақты. Бауырларым есейген соң Ахмет ағамыз бiртiндеп үлкен бауырларымды Алматыға алдырып, интернатта жатып оқуына жағдай жасап, бiлiм алуына көп көмек көрсеттi
Ел аузында әлi күнге Жұбановтар есiмi қатар айтылады. Қазақтың қос тұлғасының туған жерi Ақтөбенiң халқы дарынды перзенттерiн құрметтеп, мұраларын көзiнiң қарашығындай сақтап келедi. Биылғы жылдың желтоқсан айында бүгiнгi сұқбатымыздың кейiпкерi Асқар ағаның әкесi Құдайберген Жұбановтың туғанына 120 жыл толады. Оның құрметiне есiмi берiлген Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңiрлiк Мемлекеттiк Университетi бар. Оқу орнының алдындағы даңғылға ағайынды Жұбановтар деп ат бердi. Ағайынды Жұбановтар музейi, Құдайберген Жұбанов атындағы мектеп жұмыс iстейдi.
Лаура Қуандыққызы
2019 жыл

Сізге де ұнауы мүмкін

Сарқыт алудың себебi бар
«Түрiк тұмауы» деген не?

Автор

Меню