Аналарға ескерткiш орнатсақ

Аналарға ескерткiш орнатсақ

Қазақстанның экономикасы тұралаған 1990 жылдары қыз-кеiншектердiң көпшiлiгi ала қап арқалап, базарлар мен пойыздарды жағалап, саудаға араласты. Қыстың арқыраған аязы мен жаздың жан шыдатпас аптап ыстығында арқа етi арша, борбай етi борша болған Аналар өз отбасыларын, бала-шағасын ғана емес, Қазақстанды аман алып қалды. Бұны бүгiнгi күнi талай қоғам қайраткерлерi де айтып жүр. Экономикалық құлдырауды былай қойғанда, әлеуметтiк және саяси тұрақсыздықтан, тiптi мемлекет ретiнде күйреуден құтқарды дейдi. Шынымен де, солай.
Ал, оның арғы замандағы қазақ қызының даналығы мен ержүректiлiгi жайлы сөз қозғаудың өзi артық. Жалпы, аналар жайлы сөз еткенде небiр жылы лебiздер айтылып жатады, әртүрлi шығармалар жазылып, қойылымдар қойылуда, әндер шырқалып, өлең оқимыз. Бiрақ, осы бiр қызығы – осы мүсiн өнерiнде ғана аналар тақырыбы кеңiнен көрiнiс таппаған сыңайлы. Бұлай деуiмiзге себеп болып отырған жайт, елiмiздегi аналарға арналған ескерткiштердiң саусақпен санарлықтай екендiгi.
Жақында Алматы облысы Алакөл ауданының Бескөл атты ауылында Батыр аналар ескерткiшi мен аллеясы ашылды. Балаларына бата берiп отырған асыл ананың қоладан жасалған бейнесi дүйiм «Алтын алқалы» және «Күмiс алқалы» көп балалы аналардың құрметiне қойылыпты. Айта кетерлiк жайт, бұл мемориалдық кешен демеушiлердiң қаржысына салынған.
Осыдан төрт жыл бұрын Алматы-қаскелең тас жолының бойында баласын құшақтаған ана бейнесi сомдалған ескерткiш бой түзеген едi.
Ал, Қарағанды қаласында кеншi әйелдерге арналған ескерткiш жобасы әзiрленiп жатқан көрiнедi.
Жалпы, осындай бiрен-саран ескерткiштер болмаса, ауыз толтырып айтатын Алматы мен Астана сынды iрi қаланың бiрiнде де аналар ескерткiшiн көзiмiз шалған жоқ, өкiнiшке орай.
Бiздiңше, осы бiр олқылықтың орнын толтыратын кез жеттi. Мемлекеттiң өзi бас болып, аналарға тағзым ретiнде iрi құрылыс жұмысын бастап кетсе, демеушiлiкке батыр аналардың перзенттерi де атсалысары хақ. Жеке-дара бiр ата-бабасына ғана арнап ас берiп, мүсiнiн қашап, тақта орнатып жатқанша, осындай бүкiл ел тәу етiп барар бiр орынды ашуға бастамашы болар азаматтар қайда да табылады деп сенемiз.
Жаңадан шаңырақ көтерген жас жұбайлар үйлену тойында осындай жерге келiп гүл шоқтарын қойып жатса, қандай жарасымды.
Ескерткiш орнату – аналарға тағзым ғана емес, ол келешек ұрпаққа көрсетiлер үлгi-өнеге де. Бiр қолымен бесiк, бiр қолымен әлем тербеткен аналарды осылайша бiр ардақтасақ несi айып?
Шалқар Әбiлдаева.

2014 жыл

Сізге де ұнауы мүмкін

Балаңызбен байланысыңыз қандай?
БЕТАШАР ТУРАЛЫ ОЙ

Автор

Меню