Қазақ телевизиясы өз жұмысын бастаған 1958 жылы дикторлыққа байқау жариялайды. Өлең жазып, аудармамен айналысатын, шығармашылыққа жаны жақын Зұлқия да барып көрмекке бекінеді. Ондағы ойы – диктор болу емес, балалар редакциясында редактор болып жұмыс істеп, жолдасына қолғабыс ету еді. Бірақ, тағдырдың өзі телеарнаға айдап апарғандай.
– Мен қарап тұрып телевидениеге қызығып кеттім. Қарасам, бір бұрышта теледидар тұр. Қарсы тұрсаң өзіңді көрсетеді екен. «Қалай көрінеді екенмін?» деген оймен теледидар алдына тұра қалғаным сол еді, үстіңгі қабаттағы пульттан «Сіз кім боласыз, фамилияңыз кім?» деген ер адамның даусы естілді. Мен еш саспастан сұрақтарына жауап беріп жатырмын. Өлең жазатынымды айтып едім, «Ендеше бір өлең оқып беріңізші» деді. Абайға арнаған өлеңімді оқыдым. Риза болған үнмен «орысшаңыз қалай?» деп сұрады. Мен болсам жаңағы өлеңімнің өзім аударған орысша нұсқасын жатқа оқып бердім. Кенет сәл үнсіздік орнады да, «сіз бірауыздан қабылдандыңыз» деді. Артынан білдім, менімен тілдескен атақты Шәкен Айманов екен. Қасыма келіп ризашылығын білдірді. Міне, осылайша, қазақ теледидарындағы тұңғыш диктор болу бақыты менің маңдайыма бұйырды, – деп еске алады Зұлқия апа.
Ол кезде З.Мұқанқызының жасы отыздан асқан еді. Бірақ, тілі жатық, сөзге шешен Зұлқия байқауға келген мыңға тарта сұлуларды сырт қалдырып, жұмысқа қабылданады. 1958 жылдың 8наурыз күні Алматы телестудиясы эфирде өз жұмысын бастағанда алғашқы дикторлардың алғашқы сөзі «Кеш жарық!» болыпты. Қазақша – Зұлқия Жұматова, орысша Нелли Омарова көрермендерді құттықтайды. Телевизияда 12 жыл жұмыс істейді. Қазіргідей емес, телевизияның мүмкіндігі шектеулі: таңнан кешке дейін барлық хабарларды тікелей эфирде өздері жүргізулеріне тура келеді. Суфлер деген де жоқ, бір парақ қағазға жазып алып шығып, оқиды. Бір ауыз сөзден қате кетсе сөгіс алып қалулары мүмкін. Оның үстіне көрермендердің көзі бұларда. Сондықтан да, жауапкершілік жүгі ауыр еді. «Сол қиын кезде жүріп жұмыста ысылдық», – дейді апа.
Дегенмен, Зұлқияны өмірдің өзі де әбден сынаған сияқты: ашаршылықты, қуғын-сүргінді, соғысты, жетімдік пен жесірлікті де көреді. Анасынан 15 жасында, артынша әкесінен айырылып, артынан ерген 7 бауырын жетілдіреді. Тұрмысқа шығып, бір ұл, бір қыз сүйіп, салауат айта бастағанда 8 жыл тұрған отағасы соғыс жылдары қайтыс болып, 25 жасында жесір қалады. Екінші рет тұрмыс құрып, жолдасының екі баласын бауырына басады. Мән бере қарасақ, Зұлқия апа сұқбаттарында «төрт балам бар» деп бөліп-жармай айтып келген екен.
Ал, екінші жары Әубәкір Жұматовты (Ауыл шаруашылығы институтында көп жыл ректор болған) апамыз аузынан тастамайды. Махаббаттың төресін көргенін, көп нәрсе үйренгенін жасырмайды. Олардың отбасылық өмірінен хабардар таныстары да екеуінің ғажап өмірі туралы жылы естелік айтады. Бұны былтырғы жылы З.Мұқанқызының 100 жылдығына орай түсірілген деректі фильмдерден байқауға болады.
Тағдырдың жазуы болар, Әубәкірінен де ерте айырылады. Ол аздай жалғыз ұлы да қапияда қарақшылар қолынан қаза табады. Туған әкесінен бір жасында айырылған ұлының ғұмыры ұзақ болса екен деуші еді. Өмірден баз кешіп кетпекші де болады.Бірақ, жан-жағындағы жақындары мен өнердегі қолдаушыларының арқасында аяғынан тік тұрады.
Есесіне баласына арнаған өлеңі халық арасына кеңінен тарады. Композитор Б.Байқадамов әуенін жазып, әнші Жамал Омарова орындаған «Бөбегім» атты әннің сөзі осы Зұлқия Жұматова апамыздыкі.
– Ең алдымен адам баласының жаны сұлу болуы керек. Ойы таза адамның өзі таза. Өзі таза кісінің сөзі таза. Өзі жақсы жанға жұрт та үйір келеді. Адал еңбек етіп, өз ісіңе адал болу керек, – дейді 101 жастағы апамыз ұзақ жасаудың құпиясымен бөлісіп. Қазір Зұлқия апа қызы Меруерттің қолында. Соңғы уақыттағы жаһанды жайлаған індетке байланысты апамыздың денсаулығына алаңдағандықтан тек телефон арқылы тілдесуге мүмкін болды. Аты аңызға айналған апамыздың деніне саулық тіледік.
Шалқар Әбілдаева.
2021 жыл