Ажар қырықтан асып бара жатқан ұлын көп уайымдайтын. Немере көрсем дегеннен гөрi, «қалқайып жанында отырып шай құяр, қара тұтар келiнiм болса» деп армандайтын-ды. Ажар күйеуiнен жас айырылды, жол апатына түскен кезде жолдасы ұлын аман сақтап қалғысы келiп, терезеден баласын лақтырған екен. Еш жерiне зақым келмесе де қорқыныштан ақыл-есiн жоғалтқан бала анасының қуанышына ма, әлде күйiгiне орай ма, аман-есен ержеттi. Ұлының «делiқұлы» екенiн мойындағысы келмеген Ажар ұлын қасынан бiр елi алысқа жiбермедi. Ауылдағы мектептi мектеп басшылығының кеңпейiлдiлiгiнiң арқасында iлiнiп-салынып бiтiрдi. Ұлының жанында болу үшiн мектеп қарауылдығына өзi сұранып кiрген Ажар ендi баласын да қасына жұмысқа кiргiзiп алды. Ұлы Жандостың зейнетақасы бар, жұмыстан алатын айлығы бар, екеуiне артылып жететiн. Келiн алып қалсам деген үмiтпен жинаған қаржысы бүгiнде банкте әжептеуiр қомақты болған.
Таңғы асқа ендi отыра бергенде есiк ашылып көршiсi Бәтима кiрдi.
– Кел, кел, таңғы асқа үстiнен түстiң, – дедi жадырай түскен Ажар. Жандоспен мардымды әңгiме де болмағандықтан осындай шүйiркелесiп отыратын жанды да сағынады екен. Бәтима кiргенде Ажар сол себептi қуанған-ды.
– Қыз-ау, жақсы жаңалығым бар, – дедi ентiге сырылдаған Бәтима.
– Иә аузыңа май.
Орнынан тұрып, шәйдi қайта демдеп жатқан Ажардың көңiлi алабұртып-ақ тұр.
– Бiздiң қыздың тиген жерiн өзiң бiлесiң, сол қайынжұрты жақта бiр қыз оң жақта отырып аяғы ауырлапты дейдi. Масқара десейшi, әлгi жiгiтi уқит-суқит жоқ болып кеткен. Ендi әкесi мен ағалары қызды өлтiремiз деп кiжiнiп жатқан көрiнедi. Шешесi «делiқұлы болса да қызыма бiр бай табылмады-ау» деп жылап отырған көрiнедi. Несi бар Жандосжан сәл есi жоқ демесең бiр үйдi асырап отырған еркек қой, жарасып кетер мүмкiн.
Аузына тандыр нанмен сары майды бұралай тыққан Бәтима шайнап отырып жеткiзгенi осы болды.
– Бiрiншi көрейiк те, өткен жолғы қыз сияқты болып жүрмесiн.
Алдыңғы қыз дегенi, оң қолынан станокта жүргенде айырылған Хадиша деген қыз. Хадишаға бәрi түсiндiрiлiп ол зорға келiсiп үйге келiп отырғанда Жандос әлек шығарды. «Қолы жоқ қой» деп. Хадишаны қатты ұнатып қалған Ажардың жаны шықты, бiрақ Жанос бес жастағы баладай қырсығып көнбей қойды. Ақырында көнiп отырған Хадишаның қарсылығына қарамай ағалары әкетiп тынды ғой. Қазiр өзi сияқты мүгедек бiр жанға, қол арбада отырған жiгiтке тұрмысқа шығыпты деп естидi.
– Жоқ-е, өлгенше бiр байды құшақтап отырсын деген шешесiнiң жан айқайымен келiп отырмын ғой саған. Ол қыз өмiрден түңiлiп кеткен дейдi. Екi рет қораға асылып қалмақ болған жерiнен аман алып қалған деседi. Өмiрден баз кешкенi ғой әрi тұрмысы нашарлау көрiнедi. Туған ағасының бес бала-шағасымен бiр үйге симай отырған ұқсайды. Ертең-ақ қуып шығады оны жеңгесi. Сондықтан да, мына байлықты көрсе, ойбай, қыздың өзi кетпес.
Ажар негiзi пысық әйел, үйiн екi қабатты етiп салып алған. Келген келiндi ең болмаса үймен болса да қызықтырайын деген ойда жоқ емес. Банктегi қомақты қаржы тағы бiр үй салуға жетер едi.
– Жарайды, бара көрермiз.
Жүрегi алабұртқан Ажар әлi сенгiсi келмейдi. Түстен кейiн Жандосты киiндiрiп алып қасына Бәтиманы алып, машинамен жолға шықты. Не болса да баланы көрсiн, ойлансын ертең үйге келiп әлек шығарғанша деп ойлады Ажар. Көршi ауданға жеткен соң Бәтима қызымен хабарласты. Олар ағасы мен әкесiнен қорқып, кездесу орны деп бiр кафенi айтыпты. Машинадан түскен Ажар кафенiң жаздық алаңында отырған Бәтиманың қызын көрдi. Анасы мен қызы әжетханаға кiрiп кетiптi. Бiраз отырған соң қастарына орта жастағы көзi ойнақшып қалған, қара торы келiншек пен аққұба, көзi қысықтау арық қыз келдi. Аяғы ауыр деп естiген Ажар бiрден iшiне қараған, дым бiлiнбейдi. Қысқа киiп сылаңдап тұрған қыз өзiмен өзi ұялы телефон шұқылап отырған Жандосқа көзiмен iшiп-жей қарады. Делiқұлы демесе бойы ұзын, аса келбеттi Жандосқа көпшiлiк бұрылып қарайтын-ды.
Таныстықтан соң көз жасына ерiк берген жаңа құдағи Жандосты айналып-толғанып есi шықты. «Ух, жүрегiм ай» деп қойып қызының бағы дәл осы жiгiт екенiн, жүрегi сезiп отырғанын да жасырмады. Үйге баруға әзiрге жолдасынан қорқатынын, негiзi қызды алып қашып кетiп, тойда бiр-ақ көрiссе де болатынын, әйтпесе ағасы көнбей жүруi мүмкiн екендiгiн жасырмады.
– Күнде жанжалдан шаршадым, мына Айжан болмағанда… құдай айдап сiздерге жолықтық, – деп қойды құдағисымақ.
– Әрине, әлi-ақ үйренiп кетедi ғой, қанша адамдар жүр ғой айналамызда делiқұлы болса да отбасын құрып, – деп қойды Бәтима да. Қабағы салыңқы Ажарға жаңа келiннiң ұсқыны ұнамай тұр. Сол уақытта құдағидың телефоны шырылдай қалып, сөйлесiп алмаққа аулаққа кеткен.
Келе көз жасына ерiк берген құдағи қыздың әкесiмен сөйлескен болып шықты.
– Қызың да, өзiң де құры деп, айқайлап жатыр. Ендi екi-үш күн iшiнде бiрден той жасап бастамасақ мен де, қыз да құримыз. Алла куә ғой, жалғыз қызым бiр ғана қателiктен өз әкесiнiң қолынан өледi ме, – деп сөзiн аяқтамай еңкiлдеп жiбердi.
– Болды қоя салшы, әлi-ақ Жандоспен бақытты болып кетедi. Ажар да жаман адам емес, – деп Бәтима да бастырмалата жөнелдi.
– Сорлы қар, сен үшiн көрмегендi көрiп, әкеңнен естiмеген сөздерiмдi естiп жатырмын. – Қызын қойып қалған құдағи ашуланып отыр. Селк ете түскенi қызы жерден көзiн алар емес. Жаны ашып кеткен Ажар қыздың басын сипады. Көз жасына ерiк берген жас қыз Ажарды құшақтап еңiреп қоя бердi. Ақырында Бәтиманың қызы үйiне, қалған бесеуi Ажардың үйiн бетке алды. Екi қабатты үйдi көргенде құдағидың көзi жайнап кеттi. Ас та-төк дастархан басында болашақ құдалық туралы сөз қозғап, әрең тарқасқан. Бiрақ қызы «үйге бармаймын» деп әлек салып қалып қойған. Амина жүзiктiң көзiнен өткен пысық болып шықты. Таң атпастан тұрып зыр жүгiредi. Адам жұмсап үйренбеген Ажар әлi үйренiсiп кете алмай қысылған.
Екi-үш күн өткен соң түсте ала шапқын болып келген құдағи «әкесi мен бiраз туыстарға кит алу қажеттiгiн, қалың малы мынша болу керек» деп саңқылдай жөнелген. «Асатпай жатып құлдық» дегiзiп, билеп-төстеп жатқанына жыны келсе де, болашақта баласының осындай пысық қызбен қалатынын ойлап, әрi Аминаға бауыр басып қалғандықтан Ажар келiстi. Банктен барып қомақты қаржы шешiлдi. Тым арық келiнiнен күдiктенген Ажар қалтарыста жұқалап жағдайын сұраған. Сөйтсе, iшiн бандажбен байлап алатын болып шықты. «Той өткенше осылай жүре тұрсам» деп өтiнген келiнге жоқ дей алмады. Қалыңға миллион болсын деген кезде шыдай алмаған Ажар: – Өздерiңiз келiп отырғандарыңызды ұмытпаңыздар, мәселе ақша да емес, ертең-ақ мына үй де, бар қаражат та Аминанiкi болады. Олардың бүкiл қаражатын желге шаша алмаймын, – дедi.
– А, жо-жоқ, құдағи, әкесiнiң ашуы басылсын деп жатырмын. Қалай болғанда да жалғыз қызы ғой. Күйеуге шықты дегендi естiгенде дұшпандардың iшi күйдi. Бар жерге шықты дегендi естiгенде тiптi жарылсын дегенiм едi. Әкесi көп ағайынды, барлығынан кезiнде кит кидiк, ендi бiздiң кезек дегендей. Той жасап солардың көкiрегiн бiр бассам деймiн.
– Әрине ертең той жасаймын. Жалғызыма той жасасам деген арманым әлi сөнген емес. Сiз құданы туыстарымен бiр күндi белгiлеп алып келiңiз.
– Иә тiзiмдi беремiн ғой.
Құдағидың жүргенiне үш-төрт күн өттi. Құдалардан тырс еткен дыбыс жоқ. «Кiмге қандай кит алу керегiн, құдалыққа келетiндердiң киiм өлшемi қандай екенiн мен бiлемiн» деп кит алуға құдағи өзi жүретiн болған. Бiр-бiрiне үйренiсе бастаған Жандос пен Амина үйде қалатын болған.
Таң азанмен Жандостың әкесiнiң қарындасы үшеулеп жолға шықты. Қалаға жетiсiмен бiрiншi алтын көруден бастаған. Жүз мыңға сырға-сақина алғызып алған құдағи сол жерде-ақ тағып алған. Түскi асты iшпекке үшеуi бiр кафеге кiрдi. Дастархан басында құдағидың талабы көбейiп бара жатқасын, қайынсiңлiсi Ажарды «әжетханаға барып келейiк» деп оңашаға шығарды. Жеңгесiне бiлген ақылын айтты. Қайтып келсе, құдағи орнында жоқ. Ол да әжетханаға кеткен болар деп отыра берген. Бiраз отырған соң секем алып үстел үстiне қойып кеткен сөмкесiнен әмиянын iздеп едi, таппай қалды. Алтыннан басқа китке деген, миллионға жуық қаржы бар едi, жоқ!
– Ойбу, көз жақсым, сорлаппыз ғой, шын айтыпсың, алаяққа жем болдық, – деп еңiреп қоя берген Ажарға қандай басу айтарын бiлмеген қайынсiңiлiсi дереу ұялы телефонмен Жандосқа хабарласты. Телефоны сөндiрулi болып шықты. Сосын қайынсiңлiсi күйеуiне хабарласып, жеңгесiнiң үйiне барып көрудi, «келiндi ұстай тұрыңдар, бұлар алаяқтар болып шықты», – деуге шамасы әзер жеттi.
Ауылға келгенде қайсар бар жiгiттi жұмылдырып, Аминаны жолда таксимен қашып бара жатқан жерiнен ұстап алыпты. Қолында екi сөмке үйдегi бағалы заттар көрiнедi. Бiрнеше жылды арқалаған алаяқ қыз iздеуде жүрген, атақты жезөкше болып шықты. Есiмi Баян, құдағидың да есiмi мүлдем бөлек. Ал құдағиды ұстай алмады, iздеуге бердi. Екi ортада Бәтима да, қызы да арандап қалып, жауапқа алынды. Кешiрiм берген Ажар бармағын тiстеп қала бердi. Ал Жандос ештеңе түсiнген жоқ, бар бiлерi: «екi қонақ кетiп қалды». Осылай деп жауап берген соң тәртiп сақшылары да қайта мазалай қоймады. Аузы күйген Ажардың ұлының ендi үйленiп, балалы болар деген үмiтi жоғалды. «Бекер болған екен, Жандосқа шын жаны ашыр бауыр туып бермеген екенмiн». Бүгiнде Ажарды осындай ой ғана мазалайды. Айтпақшы, Ажар кешiрiм берген соң Бәтиманың қолында соңғы үлгiдегi телефон пайда болды. Өмiр ғой…
Аида Қожмамбетова.