Елiме, жұртыма қызмет етем деп ұмтылған жас – елi мен жұртына қызмет етiп жүрген жандардан үлгi алады, ұстаз тұтады. Бала шағында болашақта «кiм болам?» деп толғанғанда алдында жөн көрсетер аға-апалары болған өркеннiң өмiрде де жолы болады. Аудандық «Коммунизм туы» газетiне алғашқы туындыларымды алып барғанда көңiлдерiн бөлiп, кеңестерiн айтқан ақын Т.Жаңабаев, бас редактор I.Нұрқасымов ағаларым ұлағатты
азаматтар едi. Газет iсiнiң қыр-сырын сол кiсiлерден үйрендiм. Журфак-қа түскенде екi жылдық тәжiрибем кеудемдi асқақтатып, «жұлдыз ауруының» шалығын баса алмай, өзiмдi тәрбиелеумен алысып жүрiппiн… Неге екенiн қайдам, сол кездерi «Ақын болу мiндет емес, азамат болу – абырой» деген сөз девиз болып болып кеткен-тiн. Көп айтылатын. Құлаққа сiңiстi, көңiлге жұғымды естiлетiн. Өлең әлемiне ендеп кiре алмай, шабытпен шалқып та жүре алмай iштей азапқа түсiп жүрген талай ақынжанды қыздарды осы сөз сабаға түсiргенi кәмiл!
Сөйтiп, ақындықпен бiржола қоштасып, қайтсем қоғамға пайдалы азамат болам деп жүргенде өмiр менi ұлтшыл, қайсар, көреген де шешен Апалармен таныстырды! Олар бұл өмiрден өткен Ақан Бәйменова (2006), Әмина Нұғыман (2007) және олардан кейiн көз жұмған Үкән Ақылбаева, Шаһадат Нұғыманқызы апаларым едi. Пейiште нұры шалқығай асыл аналардың!
Бұлармен қатар бiрi биолог, бiрi филолог, этнограф ретiнде еңбек етiп жүрген Баян Ахметова, Ғалия Қайдауылова, Қалимаш Батманова секiлдi замандастарым да көзкөрген ретiнде мен үшiн аяулы жандар. Бүгiн оларды ерекше еске алуымның мәнi зор. Биыл ақпан айында «Ақ босағаның» жарыққа шыққанына 29 жыл толып отыр! Газетiмiздiң алғашқы санын орталарына әкелiп, көзайым көрсеткенiмде шашу шашқандардың қатарында қаламгер Зейнеп Ахметова да болған. Қазақтың тiлi, өнерi мен мәдениетiн насихаттауда еңбектерi сiңген, бiрақ мемлекет тарапынан атақ-марапат дәме ету ойларына келмеген осы апалардың жанкештiлiгiне тәнтiмiн! Газетiмiздi о бастан алдырып оқитын жандар болса тарихымызды бiледi. Ал, Қазақстан Мұсылман әйелдерi одағын (1990-2003) құрып, идеясын тарату үшiн газет шығарайық деп, менi шақырған Әмина Нұғыман апам едi.
Содан бергi бiрi кем отыз жыл бойы шағын ұжым ұлтымыздың мәдениетi, өнерi, салт-дәстүрi мен бала тәрбиесi турасындағы қағидаттарын насихаттап келемiз. Бұл жолда қол жеткен тәжiрибемiз бар. Қалыптасқан авторлар қауымы мен көпшiлiк оқырманымыз бар. Жүздеген балауса қалам иелерi тәжiрбиеден өттi. Ондаған журналист қыздар түлеп ұшып, газет-журналдар ашып алды.
Зейнет жасына жетсе де газетiмiзге арнап мақалалар жазып, жұрттың жазылып алдыруын насихаттап жүретiн Тұрсынхан Шәлдибекқызы, Маркиза Базарбайқызы атты аналарды бiздер сағынып күтемiз.
2020 жыл